АТЫС ҚАРУЛАРЫ ЖИНАП АЛЫНУДА
АТЫС ҚАРУЛАРЫ ЖИНАП АЛЫНУДА
2011-2012 жылдары облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық жағдайының едәуір өскені байқалды (40%). Осыған байланысты облыс прокуратурасы жағдайды түзеуге бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.
Бірінші кезекте, жасөспірімдер арасындағы қылмыстылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу мақсатында құрылған мобильдік топтардың саны ұлғайтылды. Қазіргі таңда, бұрынғы 20 топтың орнына 123 топ қызмет атқаруға кірісті.
Облыста бұған дейін атқарылған өңірлік бағдарламаның әсері болмауына байланысты, жыл басында облыс прокуратурасының бастамасымен аталған бағдарламаға қосымша іс-шаралар әзірленіп, оның орындалуынан оңды нәтиже күтілуде.
Сонымен бірге, облыс мектептерінде ақша жинау фактілері анықталып, оның біреуі бойынша қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Қалғандары бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда. Бұл жерде, оқушылар арасында жасырын сауалнамалар жүргізудің, қылмыс болуы ықтимал деген бағытта ақпараттар алмасудың, мектеп директорларымен тығыз байланыс орнатудың ерекше әсер еткенін байқауға болады.
Халық арасында жүргізілген құқықтық түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, оқушылар мен олардың ата-аналары атыс қаруларын өз еркімен тапсыруды бастаған. Бұл да облыс прокуратурасының осы бағыттағы жұмыстарға тың серпін бергендігінің нәтижесі. Мысалы, жыл басынан бері тіркеуі жоқ осындай 15 дана қару тиісті орындарға өткізілген. Сонымен қатар, түнгі рейдтік іс-шараларды жүргізу барысында жасы кәмелетке толмаған 258 жасөспірімнің бейсауат жүргендігі анықталып, 225-нің ата-анасына немесе заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік іс өндірісі қозғалды.
Сейітхан ЗЕБЕРХАНҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының
БАҚ-пен жұмыс жөніндегі маманы