Жаңалықтар

«ҚАЗАҚТЫҢ ШВЕЙЦАРИЯСЫ» КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚТЫҢ ШВЕЙЦАРИЯСЫ» КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

Оңтүстік Қазақстан облысында табиғаты сұлу, көркем жерлер көп. Облыстың оңтүстік-шығысындағы әкімшілік бөлік саналатын Төле би ауданы анадайдан көз тартады. Табиғаты тамаша бұл аудан облыс аумағындағы туризмге таптырмас ең қолайлы мекеннiң бiрi. Тау баурайындағы сұлулығы өзгеше өңiрдiң шекарасы көршiлес Өзбекстан және Қырғызстанмен түйiсiп жатыр. Шымкент қаласының iргесiндегi ауданның облыс орталығымен ауылы – аралас, қойы – қоралас қоныстануы да жергiлiктi тұрғындардың тұрмыс-тiршiлiгiн жандандыруына жақсы мүмкiндiк туғызуда.

Бүгінде ел-жұрт Төле би ауданын «Қазақстанның Швейцариясы» деп атайды. Ауданның тау жоталары Алатау мен Жабағылы, Балдыберек, Бұғылытау, одан Талас Алатауының батыс сілемдеріне ұштасқан. Оңтүстік өңірдің мақтанышына айналған ауданның іргесіндегі сұлулар таққан шолпыдай сыңғырлап ағып жатқан Қарасу мен Сайрамсу өзендері тұнық­тығымен ерекше. Жанына тыныштық іздеген кез келген адам керемет әсерге бөленіп, табиғаттың тылсым күшін тағы бір мойындамасына лажы жоқ. Ол ол ма, күллі әлемге белгілі Ақсу-Жабағылы қорығының басым бөлігі Төле би ауданының шекарасына кіреді. Әрі бұл жерде түрлі шипажайлар мен демалыс орындары жұмыс істеп, халыққа ем-шипа көрсетіп келеді. Төле би ауданында көпшiлiк тәу ететiн киелi мекендер көп. Сонау қола дәуiрi, сақ заманы, орта ғасырлардан қалған отыздан аса тарихи-археологиялық нысандар осы ауданның аумағынан табыл­ған. Халық арасында аты аңызға айнал­ған тарихи маңызы бар “Жылаған ата”, “Ғайып Ерен Қырық Шiл­тен”, “Нұр ата”, “Мыңшейiт” сынды әулиелi мекендерге елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен, тiптi шетелден келiп мiнәжат етушiлер жетерлік. 2003 жылдан берi жұмыс iстейтін “Алатау” тау шаңғы базасы аудан орталығы Ленгiр қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Батыс Тянь-Шань тауының етегiнде “Тау Самалы” шатқалында орналасқан. Тау шаңғысы жолының ұзындығы – 1300 метр. Бiр мезетте 1300 адамға қызмет көрсете алады. Турис­тер­дi негiзiнен ауданның табиғаты мен қазақтың салт-дәстүрi және қонақжайлылығы қатты қызықтырады. Алатаудың бөктерiндегi Қасқасу ауылындағы тасқасу тау шаңғысы” демалыс аймағын салу үшiн үкiмет арнайы қаулы қабылдап, құрылыс салуға 56,8 гектар жер бөлген. 2011 жылға республикалық бюджеттен 103 млн. 516 мың теңге бөлiнiп, “Арна Проект” ЖШС ар­қылы инженерлiк-коммуникациялық жүйелерi жүргiзiлiптi. 2012 жылғы инженерлiк-коммуникациялық жүйеге қосымша 3 миллиард 800 мың теңге қарастырылған екен. “Қасқасу тау шаңғысы” демалыс аймағының құрылысын жүргiзу әр кезең бойынша 2017 жылға дейiн жоспарланған. Осы жоба ойдағыдай iске асқан жағдайда оңтүстiк өңiрiнде тау шаңғысы туризмi дамып, қомақты кiрiс әкелмек. Туристерге ау­дан­ның көркем де көрiктi жер­лерiн көрсетiп, сапалы демалыс ұйымдастыру арқылы бюджеттi толықтырудың мүмкiншiлiгi ау­дан әкiмi Әуелхан Тұр­ғымбе­ковтың бастамасымен жан-жақты қарастырылуда. Туризм саласын дамыту мақсатында 2011 жылы аудан аумағында жалпы құны 2 миллиард 165 миллион теңгенi құрайтын 7 жоба iске асырылды. «Қасқасу шатқалында 40 демалушыға қызмет көрсе­тетiн «EkoVillaige Kaskasy» дейтiн демалыс орны ашылды. Онда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ақме­шiт шатқалындағы «Крас­ные скалы» демалыс орнында 20 адам жұмысқа кiрiстi. Нысанбек елдi мекенiндегi «Алатау» шаңғы базасы аумағында «Береке-А» корпора­ция­сы жеке қаражаты есебiнен «Тау самалы» демалыс аймағын iске қосты. Сондай-ақ, Сайрам-су шатқалындағы “Альтекс” демалыс аймағында «East West company Ltd» ЖШС жеке қаражаты есе­бiнен құны 1 млрд. 500 мың теңгелiк демалыс орнының құрылысын аяқтады. Бұл демалыс аймағына баратын 19 шақырым жолға күрделi жөндеу жұмыстары жүргi­зiлдi. Жолдың жөнделуi осы аумақта басқа да демалыс орнындарының тезiрек ашылуы­на ықпалын тигiзедi», – дейдi аудан әкiмi Ә. Тұрғымбеков. Биыл Төле би ауданында құны 1 миллиард 837 миллион теңгенi құрайтын 10 жоба iске асырылуда. Оның iшiнде 180 миллион тоба халық игiлiгiне шетiнен ұсынылып жатыр. Осы 10 жоба толық iске асқан кезде 202 адам жұмыспен қамтылмақ. Төле би ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбековтың айтуынша, өңірде туризм саласы бойынша заман талабына сай сервистік қызмет көрсететін ірі туристік демалыс аймақтарының саны 2009 жылдан төрт есеге артып, яғни 45-ке жеткен. «Бұл салада ашылған жұмыс орындарының саны бес есеге ұлғайды. Оған тартылған инвес­тиция көлемі 4,8 млрд. теңгені құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 4,4 млрд. теңгеге артты. Бұдан бюджетке түскен салық көлемі де қомақты. 14 млн. теңгені қазанына салған ауданның әлеуеті де жылдан-жылға жақсаруда. Ауданға алыс-жақын шетелден келуші туристер саны үш есеге артып, 1800 адамға жеткендігі де бізді қуантады», ­­­­– дейді аудан әкімі. Тау шатқалдарындағы “Алатау” тау шаңғысы базасы, “Тау самалы”, “Бiр­көлiк” демалыс аймағы, “Айна бұлақ”, “EkoVillaige Kaskasy”, “Красные скалы”, “Нұр­лы аймақ”, “Жерұйық”, “Байқоңыр” және “Ақ мешiт” деп аталатын демалыс аймақтары келешекте өңiрдiң әлеумет­тiк-экономикалық жағдайының жақсаруына жол ашатын басты құрылым болмақ. Демек, аудан бюдже­тiне қомақты қаржы түсiретiн негiзгi сала – туризмдi жан-жақты дамытуға мүмкiндiктер мол деген сөз. Төле би ауданы әкімі Әуелхан Тұрғымбековтың есебіне көз жүгіртсек, атқарылған жұмыстар шаш-етектен. Соңғы үш жыл ішінде аумақтық жалпы өнім көлемі 55 пайызға артып, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 15,5 млрд. теңгеге жетіпті. Жыл соңына дейін бұл межені 7 пайызға арттыру жоспарланған көрінеді. Ал Үкімет сенім артқан «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2010-2011 жылдары 1 млрд. 589 млн. теңгеге 3 жоба іске асып, 104 жұмыс орны ашылған. Биыл дәл осындай 4 жобаны өндіріске қосу жоспарда. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 4 жоба мақұлданып, 32 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Алла сәтін салса, жыл аяғына дейін тағы да 6 жобаға қол қойылады деп күтілуде. Ауданда білім саласында да ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, 2009-2011 жылдары 454 млн. теңгеге 24 мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, биыл 173,6 млн. теңгеге 5 мектеп қайта жаңғыртылады. Ал «Балапан» бағдарламасы бойынша, 2010 жылы 175 орындық 4 жаңа балабақша, 2011 жылы 5 балабақша ашылып, 275 бала мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелеріне бару мүмкіндігіне ие болды. Биыл 6 балабақша іске қосылып, оларға қосымша 580 баланы тарту көзделуде. Аудан халқының мәдени-рухани деңгейін арттыруға, салауатты өмір салтын ұстану мен бұқаралық спорттың дамуына жағдайлар жасауда әкімдіктің дербес бөлімдері өз қызметтерін тиісті салалық бағдарламалар мен қабылданған іс-шараларға сай жүзеге асырып жатқан көрінеді. Жергілікті халыққа қызмет көрсететін 67 денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайы да әкімдік назарында. Оның ішінде 4 мекеменің арнайы ғимаратының жоқтығы, 8 мекеменің ыңғайластырылған орында жұмыс істеуі, сондай-ақ 7 мекеме ғимараты талапқа сай еместігі де баса айтылды. Республикалық бюджеттен Ленгір қаласында 150 жатын орындық аурухана мен ауысымына 200 адам қабылдайтын емхана құрылысы жұмысын бастап кеткен. Оған биыл 252 млн. теңге көзделген. Бұдан біз ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жылдан-жылға дамып келе жатқанын аңғарамыз. Еліміздің оңтүстігінде томаға-тұйық жатқан аудан табиғатының тамаша екендігін біреу білсе, біреу білмес. Әрбірден соң отандық туризмді дамыту жайында сөз болғанда, көбінесе Төле би ауданын естен шығарып жатамыз. Бірақ бүгінде туризмді көркейтуге ауданның әлеуеті де, күші де жетеді.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ