МУЗЫКА БӘЙТЕРЕГІ – МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВ
МУЗЫКА БӘЙТЕРЕГІ – МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВ
Мұқан Төлебаев – ұлттық композитор, КСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚазКСР-нің еңбегі сіңген өнер қайраткері, қазақтың белгілі музыка шебері. «Аманкелді» операсының, ҚазКСР Мемлекеттік гимнінің әуенінің авторы болған. Оның «Біржан мен Сара» операсы қазақтың опера музыкасында аса бағалы мұра ретінде ерекше орын алады.
Небәрі 47 жас жасаған сазгер қысқа ғана ғұмырында 100-ден аса музыкалық шығарма жазды. Оның «Ақмарал», «Кестелі орамал», «Тос мені, тос» әндерін халық әлі ұмытқан жоқ. Ол оркестрлік және камералық шығармалар, 50-ден астам өлеңдер, романстар, спектакльдер мен фильмдерге арнап музыка жазған, сонымен қатар халық әндерін өңдеген композитор.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2013 жылды «Мұқан Төлебаев жылы» деп жариялады. Бұл туралы шешім былтыр Уфада өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің басқосуында қабылданған. Тума таланттың құрметіне Түркияның бірнеше қаласында мәдени шаралар жоспарланып отыр. Солардың ең ірісі – қазақтың біртуар азаматының «Біржан-Сара» операсы. Қойылымға түріктің танымал дирижері жетекшілік етеді. Операны ТҮРКСОЙ ұйымы Түркияның театр репертуарларының қатарына енгізіп қойды. Бұл шараға Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжанның белгілі әншілері қатысады, деп күтілуде.
Композитордың 100 жылдығына орай биыл еліміздің барлық аумақтарында түрлі шаралар өтеді. 21 ақпан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Мұқан Төлебаевты еске алу кеші өтті. Кеш «Інжу-маржан» өнер клубының аясында ұйымдастырылды.
Кеш барысында М.Төлебаевтың жары Дариға апай, қарындасы Жамаш Төлебаева және музыка зерттеушісі Нұрғиян Кетегенова сазгер туралы ой-естеліктерімен бөлісті.
Кітапхана қорынан Мұқан Төлебаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ музыкасының бәйтерегі» атты көркемделген кітап көрмесі ұйымдастырылып, Ұлттық библиография қызметі дайындаған «Мұқан Төлебаев» атты ұсыныстық библиографиялық көрсеткіштің слайд-шоуы көрсетілді.
Кеште Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері Торғын Смайылова, Халықаралық конкурстардың лауреаты Нұржан Бажекенов және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті, Халықаралық және Республикалық конкурстардың лауреаты Қуаныш Мұхамедиев әйгілі композитордың әндерін орындады. Іс-шараға Мұқан Төлебаевтың туыстары, өнер адамдары, студенттер мен оқырмандар қатысты.
Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ