Жаңалықтар

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҰЛЫҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қырғыз ұлтының мақтанышы, ұлы ақыны Байдылда Сарноғаевтың туғанына 80 жыл толды. 2013 жылдың 16 ақпанында Бішкек қаласының опера және балет театрында ақынның мерейтойы кеңінен аталып өтті.

Бар өмірін халқының өсіп-өркендеуіне арнаған, сол жолда ешбір қиындықтарға қарамай жыр маржандарын дүниеге әкелген шайыр елдің жүрегінен өшпестей орын алған. Оның: «Қырғыз болып тудым, қырғыз болып өлемін» деген қанатты сөзі халық арасында өте кең тарағанына Қазақстаннан барған біз және дәулескер күйші Секен Тұрысбеков куә болдық. Бұл сөзді әрбір қырғыз баласы жатқа айтады. Кеште 73 жасында «қырғызым – жалғызым» деп өмірден өткен Байдылда Сарноғаевтың өмірінен сыр шертетін қойылымдар мен ақынның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Кеш барысында «ЖЕТІМЕН» қоры ұйымдастырған халықаралық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Қордың төрағасы әрі құрылтайшысы Болатбек Есентайұлы Шерниязов. Тұңғыш рет бұл беделді сыйлыққа талантты ақын, қазіргі қазақ поэзиясының үздік туындысы болып саналатын «Қанды жұма» өлеңінің авторы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулетов ие болды. Айтулы ақынды еларалық сыйлықтың жеңімпазы болуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Сәдібек ТҮГЕЛ,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері