Жаңалықтар

ӘДІЛДЕН ҚАЛҒАН БІР КІТАП

ашық дереккөзі

ӘДІЛДЕН ҚАЛҒАН БІР КІТАП

Жақында Қазақстан Жазушылар одағында ақын Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты кітабының тұсаукесері өтті. 1997 жылы 27 жасында үйінен шығып, қайта оралмаған ақынның жинағын «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы және ақын Маралтай Райымбекұлы құрастырған. Жинақты былтыр «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев өз қаржысына шығарып беріпті.

Әділ Ботпанов Қызылорда өңірінің перзенті. 1990 жылы ҚазГУ-дің филология факультетіне түсіп, белгілі бір себептермен екі жылдан кейін оқудан шығып қалады. Студент кезінде «Жалын» баспасынан Әділ Ботпановтың кітабы шығарылуы тиіс еді. «Тағы бір қарап шығам» деп жүріп, қолжазбасын жоғалтып алыпты. Қайта қағазға түсіргенше де уақыт өтіп кетіп, кейін кітап жайына қалған. Жылдар өткеннен кейін, өз уақытында шықпаған «Өмірзая» бүгінде оқырманға жол тартты. Бауыржан Бабажанұлы: «Біз 1-курсқа түскенде жұрт «Әділ Ботпанов деген ақын келіпті, өлеңдері ұжымдық жинаққа енген. Жақында өлеңдер жинағы шықпақшы» деп шуылдап жүрді. Сол кітабын «Өмірзая» деп атамақшы еді. Мына кітапты құрастыруды мойныма алған соң, сол атауын қалдыруды жөн көрдім», – деді. Кітаптың алғашқы тұсаукесері 2012 жылдың желтоқсанында Қызылордада өткен.

Жыр кешіне Әділ Ботпановтың әкесі Әнуарбек ақсақал, ағасы Данабек, жары Гүлсім, қызы Меруерт және ұлы Ақназар қатысты. «Әкем жоғалып кеткенде мен 3, ал бауырым небәрі 1 жаста болатын. Үш жаста болсам да, мені қолында көтеріп жүргені есімде. Әкемнің көзін көрген, бірге араласқан достарын көріп қуанып отырмын», – деген Меруерттің сөзінен кейін көпшіліктің көзіне жас іркілді. Әкелері жыр төккен сахнада, 23 жыл өткен соң балалары өлең оқыды.

Ал «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев: «Қазақ әдебиетінің көгінде Әділ Ботпанов деген жұлдыз бар. Нағыз талант үшін жас – өлшем емес. Ұлы атану үшін де том-том кітап жазудың қажеті жоқ. Бұл кітап Әділ Ботпановтың қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар екендігінің айқын көрінісі. Алланың бойына дарытқан ақындық миссиясын Әділ толығымен орындады», – дегенді айтты.

Әділ Ботпановтың «Сәлеметсіз бе» және «Домбыра-жүрек» атты екі өлеңіне ән жазылған. «Сәлеметсіз бе» әнінің авторы, белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі: «Мені Қал-аға деп атайтын екі адамның бірі Әділ еді. Екеуміз бірнеше ән жазбақшы едік. Алғашында ол «неге керек?» деп, ән жазуға қарсы болатын. «Ән төменгі сатыда, поэзия одан жоғары тұрады» дейтін. Сонда мен «поэзияға қарағанда, бір ғана әнмен тез таныласың» деуші едім. Әділдің әскери билеті әлі күнге дейін менің үйімде. Суретіне қараған сайын ол қайтып келетін сияқты», – деп еске алады. «Үмітсіз шайтан» деген. Әлде «Өмірзая жұлдыз болып келем мен, Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем», – деп жырлаған ақын шындығында жұлдызға айналып кетті ме екен, кім білсін? Білетініміз, енді оның артында мәңгі өлмес мұрасы, «Өмірзаясы» қалды.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ