Қаһарлы жылдардағы Қожаберген жырау

Қаһарлы жылдардағы Қожаберген жырау

Қаһарлы жылдардағы Қожаберген жырау
ашық дереккөзі

Қазақстанның тәуелсіздік тарихы ақ парақтан бастау алмағаны бәрімізге белгілі. «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы»,–деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, кешегіміз ерлікке толы. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейді. Қазақ өз тарихында ұлт ретінде талай мәрте жойылып кете жаздап, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартты.

Тәуелсіздікке дейінгі аралықта халқы­мыз­дың сан ғасырлық аумалы-төкпелі тағдыры, арманы мен аңсары, арпалысқа толы күресі жатыр. Мұның бәрі – ұмытуға болмайтын төл тарихымыздың қастерлі беттері, қасіретті тағдыры. Тәуелсіз мемлекетімізді төрткүл дүние танып, тарихымызды түгендеп жатқан кезеңде еліміздің бостандығы мен береке-бірлігін әлімсақтан ойлаған баһадүр бабаларымыздың есімдері мен қадір-қасиетке толы өмір жолдарын бүгінгі жас буынның біліп өсуі парыз. Бұл орайда егемен еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынып, қыруар жұмыстар атқарылған,әлі де болса тағылымы мол жарқын істері күтіп тұрған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының маңызы ерекше. Ғасырлар бойы халқымыз арман еткен егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіздіктің туы тігілгелі еліміз ұлан-байтақ жердің толыққанды иесі атанып, ежелден қалған ұлы істердің, ұлағатты дәстүрлердің, іргелі мемлекеттің заңды мұрагері болып отырған шақта тарих қойнауында аты беймәлім болып қалып бара жатқан тұлғалардың есімдері әйгіленіп,тарихта алар орны зерттеліп, зерделенуде. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген Қожаберген жырау Толыбайұлының өмірі мен ерлік жолдарына толығырақ тоқталып, осы уақытқа дейін тек жыраулығымен ғана аты аталып келген бабамыздың басқа да қырларын ашып айтуды, «Қожаберген кім, оның Отан тарихындағы орны қандай?» деген сауалдарға жауап беруді мақсат еттік. Қожаберген – батыр, баһадүр, көрнекті мемлекет қайраткері, дауылпаз жырау, замана дүлдүлі. Қасиетті бабамыз қазаққа ғана қорған боп, қалмаққа қарсы шапқан көп батырдың бірі емес, әділ билігімен, хас батырлығымен алты алаштың айбыны болған ірі тарихи тұлға. Қожабергеннің жырларынан оған қымбат нәрсе жұрт қамы, жұрт ісі екенін аңғару қиынға соқпайды. «Ту ұстайтын болмасам, Ұрандап жауға тимейін, Майданда жауды жеңбесем, Қызық дәурен сүрмейін», –деуінің өзі оның бірінші кезекте ел үшін жанын пида ететін батырлық сипатын көрсетеді. Жүз жасаған бабамыз өмір сүрген XVIII ғасырдың басынан қазақ жеріне жан-жағынан көз алартып, қыспаққа алған қиын кезең басталды. «Қос бүйірден екіге бөлінген Жоңғар қалмақ Ресейдің, одан қалды Қытайдың айдауымен қазақ даласына 1607-1750 жылдар арасында үздіксіз ойран салды»,-деп жазады белгілі ғалым,Ұлттық ғылым академиясының академигіғ, марқұм Манаш Қозыбаев «Тарих зердесі» атты еңбегінде. Қожаберген жырау тап осы кезеңді: Торғауыт, жоңғар, ойрат бәрі қалмақ, Орыстар мен қытайлар қойған жалдап,–деп «Елім-ай» жырына қосса, тағы бір жерінде: Жолығып көп мылтықты дүлей күшке, Айналды жақсы тұрмыс көрген түске. Ресей, Қытай, Қалмақ ақылдасып, Алмақшы қазақ жерін бөліп үшке, – дейді. Ол: «Шабуылы жау қалмақтың күшті екен», Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің», – деп жұртты бірлікке шақырса, «Кеудеңде шыбын жаның болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын», – деп намысқа шақыра білген. Дауылпаз Қожаберген – дүлдүл тарихшы. Оны тарихшы деуге негіз де жоқ емес. Ол тек «Елім-ай» дастанында ғана бүкіл дәуірді суреттейді. Жоңғар империясының дәуірлеп күшею себептерін ашады. «Көрші екі ел көмек бермей түпке жетті, Қалмаққа мылтық сатып, күшті етті», – дейді. Сырттан келген жаудың орыстар мен қытайларға арқа сүйегенін баяндай отырып, бұл екі көршінің қазақ сарбаздарына қарсы соғыспағанын, олар үшін бұл істі халхилар атқарғанын да жыр жолдарында анық баяндайды. Әз Тәуке қанша достық ықылас танытқа­ны­мен қос империяның қазақтарға бүйрегі бұ­рылмағандығын, жоңғарлар қорғасын оқ борат­қан кезде оларға қарсы найза ұстап, садақ асып шыққандықтарын айтады. Жыраудың «Елім-ай» тарихи эпопеялық дастанында елін ерлікке үндеген қайсар жанның хас батырға айналуына сол тұстағы саяси ахуал, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі жау күшінің басымдығы, қос бүйірден қысқан екі алып империяның қысастығы, ата қоныстың бірінен соң бірінің жау қолында қалуы, есіл ердің намысын қайрап, соңынан ерген қалың қолды жеңіске шақыруына, қол бастап,елін азат етуіне себеп болғанын аңғарасың. Сол кездегі жағдайды Қожаберген: Жоңғарлар дәу мылтықты қолданған соң, Керейдің біраз жері қолдан кетті. Сан рет дәу мылтықтан атылды доп, Оған қайрат қыларлық бізде түк жоқ. Танытып сардарларға оң мен солын, Басқардым Керей-Уақ, татар қолын, – деп күйзеле суреттейді. Қайран қазаққа дәл Қожабергендей бағдарлама жасаған ел данасы сол кезде кемде-кем. Қожаберген баба тек жеңіс бағдарламасын жасап қоймады, «болды ғой аяқ асты Отанымыз» деп, «Ер емес жаудың туын құлатпаған» деп, халық намысын жанып, Ұлы Отан соғысын жариялады. Қазақ халқының басына қанша қиындық түссе де, қайсарлығынан тайынбай, дінін, тілін, ата салтын сақтай білгендігін де өзінің жырына қосады, «Қорқамын қалмақтың дәу мылтығынан, Үш жүздің бұза ма деп елдік қалпын»,–деп елінің бірлігіне де алаңдайтынын білдіреді. Қазақ халқы бабамыздың бұл ерлігін ешқашан ұмытуға тиіс емес. «Қожаберген бабамыз 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер!», – деп академик Манаш Қозыбаев баға берсе, ол жайлы Қожаберген жыраудың өзі: Басқарып Үш жүз қолын жиырма үш жыл, Орнымды Бөгенбайға бердім биыл, – дейді. Қожаберген бұл жерде Әз Тәуке ханға өзін ордабасылықтан босатып, орнына талай ұрыстарда ержүректігімен, батырлығымен көзге түскен Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлын ұсынып, сайлатқанын айтып отыр. Ол жайында Бұқар жыраудың да жырларында айтылады. Қожаберген ғадыл ер, Қадірін білген қалың ел. Бөгенбайдай батырға, Билігін берген ардагер. Қожа-екеме Бөгенбай Шәкірт болған жан еді, – дейді. Дауылпаз Қожаберген жырау – ұлы ұстаз. XVIII ғасырда қазақ елінің тәуелсіздігін қорғап қалған батырлардың барлығы дерлік Қожабергеннің, оның шәкірті Бөгенбайдың, Бұқар мен Бөгенбайдың шәкірті Абылай ханның мектебінен өткені хақ. Атақты Абылайдың өзі Қожаберген бабадан бата алуды мәртебе тұтқан. Алашқа ақындығымен аты әйгілі Бұқар жырау Қожабергеннің сүйікті шәкіртінің бірі: «Шәкіртім, қайда екен Бұқар жыршы? Ол Бұқар әрі ақын, әрі сыншы. Естісе жау тигенін аттан салар, Жырына оның, халқым, құлақ түрші! –деп Қожаберген ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде Бұқарды халыққа жырымен демеу беруге шақырса, халқын Бұқардың сөзін тыңдап, оның соңынан еруге үндеп, шәкіртінің даналығына сенеді. Бұқардың өзі де Қожабергенді ұстаз санаған. Оны әйгілі Бұқар жыраудың «Ұстазым» атты дастанындағы мына шумақтардан анық аңғаруға болады: Жалаулы найза, қобызды, Домбырасын қолға алған. Қамалға шабар алдында, Шығарып өлең толғаған. Қиын-қыстау кезеңде Намысын қозғап өлеңмен, Батыр, ақын ұстазым, Қалың қолға дем берген,–дейді. Әр ғасыр, әрбір дәуір қазаққа сыны мен сынағын қатар жіберуден танбады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында империялардың қыспағына түсіп, халқымыз ошағы мен Отанынан айырылып қалудың аз-ақ алдында қалған шақта жүдеп-жадаған ел тоз-тозы шығып, беті ауған жаққа босып кетті. Қазақ жері қан сасып жатты. Бұл жылдар ел өміріне ұзақ уақыт жазылмайтын жара салды. Жырау баба осы жойқын апатты басынан өткеріп, көзімен көрді. Қиын қыстау кезеңде басынан өткен қайғы-қасірет, шер-мұңды күйші, әнші әрі ақын бабамыз «Елім-ай» жыры арқылы сыртқа шығарады. Айбынды батыр, дарынды жазушы Бауыржан Момышұлы «Қожаберген жыраудай бұрын-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай» жыры-әскери дастан»! – десе, көрнекті ғылым қайраткері, профессор Ермұхан Бекмаханов: «Қожаберген ақынның «Елім-ай» дас­таны – тарихи эпопеялық жыр. Әрі сол «Елім-ай» ерлік хиссасының бірінші бөлімі – 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған ірі апаттың суретін ел көзіне елестеткен бірден-бір тарихи құжат!» – деп бағалаған. Ғалым, академик Манаш Қозыбаев жырау бабаның «Елім-ай» дастаны хақында: «Қожаберген бабамыздың «Елім-ай» даста­нының орны ерекше. Оны тек «дастан» деу аз сияқты. Оның арнасы кең – жырға ұлттың болу-болмауы, Отан тағдыры арқау болған. Бұл бір ғасырлық тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекет билеу жүйесін бағалап, жүздеген мемлекет, әскери, саяси қайраткерлерін жеке-жеке даралап, дүбірлеген оқиғалар болған жерді аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды. «Елім-ай» шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттың сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп, қайсар намысшыл қазақтың ұлт болмысын жаңғыртуға ұмтылысының шаншыла атқан қайнар жыры да сыры. «Елім-ай» ұлтымыздың Иллиада мен Одиссеясындай эпикалық өміршең трагедиясы» деген екен. Халқымыздың ұлтжанды да қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының, көрнекті ғылым қайраткері Ермұхан Бекмахановтың және академик ғалым Манаш Қозыбаевтың дастанға берген бағалары «Елім-ай» дастанының қазақ халқының тарихында алар орнын, өскелең ұрпақ үшін таптырмас құнды дерек екендігін айқындап беріп отыр, өйткені дастанның әр шумағы жас буын өкілдерін отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, әділдікке, бауырмалдыққа, адалдыққа, достыққа насихаттайды. «Елім-ай» әдеби тұрғыдан алғанда да теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Автор егіліп те, төгіліп те жырлайды, бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде бүгінгіге қайғырып, болашақты ойлайды, философиялық пайымдармен орағыта толғайды. Ендеше Қожаберген бабамызды қол бастаған батырдан өтіп, ғасырлар қойнауына мұра етіп алып келе жатқан «Елім-айдай» асылымыздың авторын – Дауылпаз жырау деп атау орынды», – дейді академик Манаш Қозыбаев. Осынау құнды «Елім-ай» тарихи дастаны­ның және оның авторы Дауылпаз баба Қожа­бер­геннің есімінің осы күнге дейін аталмай келуінің бірнеше себебі бар. Оларды Манаш Қозыбаев: «біріншіден, Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы шықты, оның «Елім-айы» да империяға қарсы туынды. Дас­танда ол көрші мемлекеттердің қалмақтарға қару сатқанын, жауды қолдағанын ашық айтты. Екінші себеп, жырау баба «Елім-айда» қазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсылығын білдірді. Үшіншіден, түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұқардың қазақ еліне деген қастандық саясатын, өзбек пен тәжіктің жаттығын әшкереледі. Төртіншіден, Әз Тәуке ханнан кейінгі тұста қазақ хандығында орын алған бақталастық, берекесіздіктің бет пердесін ашады»,-деп бірнеше кезеңге бөліп көрсетеді. Біздің небір өжет, батыр, дана бабаларымыз қол жеткізе алмай ғасырлар бойына аңсап кеткен тәуелсіздігімізді паш еткен шағымызда тарихтың тарлан бозы Манаш Қозыбаевтың Қожаберген жырауды «Дауылпаз жырау» деп атауына ешкімнің де қарсылығы жоқ. Өйткені шындықты айтып шырылдап, шыңырауда қалған Қожаберген бабаның ел тарихындағы алар орны мен тәуелсіздікті қан майданда қарсы тұрып қорғаған ерлігін және ел тарихын баян еткен «Елім-ай» жырын туған халқына паш етіп, әйгілеп, әспеттеп, өз тұғырына қондырар уақыт жетті. Қожаберген бабамыздың қаны бір халқымен қауышар сәті туды. Ендеше, сол тарихи дәлелденген тұлғаның қоғамдағы орнын дәлелдей отырып, бабамыздың есімінің ел есінде мәңгілік қалуы әрбір саналы азаматтың азаматтық келбетіне сын. Байтақ қазақ жері – Отанымыз, мемлекеттік дәстүріміз, салт-санамыз, сайын даланың сақшысы, жерінің құтын, тәуелсіздігін қорғаған қайраткерлер, дамыған әдебиетіміз, құлашын әлемге сермеген мәдениетіміз, тіліміз, дініміз – осының бәрі халық мұрасы, ата-бабамыздан бүгінгі күнге жеткен мұра. Ендеше, Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастаны да ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра. Ол жайлы: Ұрпаққа өзім өлсем атым қалсын, Жырыма барша жұртым құлақ салсын. «Бабамның Қожаберген дастаны» деп, Ұмытпай кейінгі жас есіне алсын! – деп Қожаберген жырау өзі өсиет етіп кеткен. Қожаберген батырлардың батыры, қолбасшы, Әз Тәукедей дананың оң қолы, қиын замандағы ел қорғаны. Ол Үргеніш медресесін бітірген, өз заманының білімді адамы. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білген. Сондықтан Әз Тәуке хан Қожаберген баһадүрді елшілік жүргізу ісіне де пайдаланған. Демек, ол дипломат, замана саясаткері. «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» сияқты тарихи конституциялық пәрмені бар құжаттардың орнына Тәуке хан тұсында ұлтымыздың мемлекеттік әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тәлім-тәрбие заңы «Жеті жарғы» дүниеге келді. «Жеті Жарғы» – елдің елдігін, халықтың бірлігін сақтап, азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жанкешті күреске үндейтін, арды шыңдап, намысты қайрайтын, Адалдық пен Әділетке бастайтын Дала Конституциясы еді» – деп баға берілген академик Салық Зиманов бас редакторлық еткен «Қазақтың Ата заңдары» көп томдық жинағында. Оны Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Әз Тәукенің бас биі Майлы би секілді ел билеудің, билік айтудың даңғыл жолынан өткен, сайын сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық әлеуметтік жағдайын жетік білетін, сұңғыла, білімдар билер жазған. Солардың құрамында Әз Тәукенің тапсырмасын орындап, «Жеті Жарғыны» ақ былғарыға жазып, ханға табыс еткен Қожаберген бабамыз да бар. Бұл жайлы Қожаберген жыраудың «Жеті Жарғы» өлеңіндегі мына жолдар дәлел бола алады: «Ақ былғарыға түсіріп, Мұқияттап хаттадым. Әз Тәукеге қызмет қып, жаздым «Жеті Жарғыны» – десе, тағы бір шумағында: «Жеті Жарғы» заң жазып, Билер мен ханды қуанттым. Тәлім беріп баршаға, Көңілін жұрттың жұбаттым, – дейді. Көтеш ақын Райұлының «Жиен жырау» дастанында: Ақылдасып үш бимен, «Жеті Жарғыны» жазған ер. «Кім» десеңіз ол бекті: Қожаберген кемеңгер», – деп жазуы Қожаберген жыраудың «Жеті Жарғыны» жазуға тікелей атсалысқанын растай түседі. Қазақ халқы ежелден «тектілікке» зор мән беріп, құдандалы болғанда да, бір-бірімен танысқанда да алдымен шыққан жерін, тегін сұрағаны баршамызға мәлім. Бұл тегін де емес, өйткені «тектілік» ұрпақтан-ұрпаққа қан арқылы берілетін асыл қасиет. Арғы тегін біле отырып, ол адамның өзіне баға берілген. Бұған данышпан Абай Құнанбаевтың «Сыйласарлық тектінің, Кім танымас нұсқасын», – деген сөзі де дәлел. Қожаберген жыраудың жеті атасынан бері жіліктеп шағар болсақ, сол жеті атаның ғажайып тарихының өзі бір көшке жүк болатыны анық. Осы ұлы әулеттен тараған өзі батыр, өзі сал Дәстем, Шақшақ би, Жанақ ақын, Жанкісі жырау, Салқара, Бахрам, Сегіз серілердің әрқайсысы алып тұлғалар. Жыраудың арғы бабасы Таузар, атасы Дәулен батыр, өз әкесі Толыбайсыншы да өз замандарында Үш жүздің әскербасылары және орта жүз қазақтарының ел билеушілері болған екен. Әкесі Толыбай өз тұсында қазақ хандығындағы аса ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі болуымен қатар, адамды да жан-жануар, қару-жарақ тағы басқаларды да сынай білгендіктен «сыншы» деген қадірменді атақ алған кісі. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, осындай қасиетті әулеттен тараған Қожаберген жырау да асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы жастайынан әке тәрбиесін алып, ақын, әнші, күйші, балгер-емші, сынықшы, ұсталық сияқты қасиеттерді бойына дарытқан сегіз қырлы, бір сырлы болған жан. Ендеше Қожаберген бабамыздай бекзаттың шыққан жерінің тектілігіне кім шек келтіре алады?! Сол әруақты бабаның туғанына биыл – 2013 жылы 350 жыл толады. Ал, халқымыз тарихының тұтас бір кезеңінің қасіреті мен қайғысын, мұңы мен сырын, мұқалмас өр рухын шерткен шежіре – дастан «Елім-айға» 290 жыл болмақ. Міне осыған байланысты халқының қорғаны, елінің айбыны болған ардақты бабаның ерлігі мен өр рухын, оның мәңгі жасар эпикалық туындысы «Елім-ай» дастанын кеңінен насихаттау, бабаның өмір дерегіне, жорық жолына, ерліктеріне, шығармашылығына, саяси, мемлекеттік қайраткерлігіне байланысты тың деректер іздестіріп, тауып, оны одан әрі толықтыру, жырау баба мерейтойын жоғары деңгейде атап өту, осы және басқа да іс — шаралардың бағдарламасын түзіп, алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында зиялы азаматтардың қолдауы мен «Жеті жарғы» және Қожаберген жырау» халықаралық қоры құрылып, жұмыс атқару үстінде. Отаншылдың рухтың негізі ұлттың намыста жатыр. Ал, ұлттық намыс ұлттық санадан қорек алады. Тұмшаланып қалған ұлттық санамыздың бодандықтың бодауынан босанғалы ғана енді-енді серпіле бастағаны жасырын емес. Жан-дүниемізді бойкүйездік пен енжарлықтан, ой-санамызды салғырттықтан толық тазарту үшін тарихи жадымызды жаңғыртқанымыз жөн. Сонда ғана ұлттық сана қалыптасып, соның негізінде ұлттық намыс пайда болмақ. «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қорының негізгі ұстанған мақсат-мұраты да осы. Азаттық жолында жан беріп, жан алыс­қан батыр бабамыздың атын әспеттеп, әруағына тағзым ету мүмкіндігіне ие болып, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып отырған шақта Елордасы Астананың белгілі бір жеріне ескерткіші қойылып, сондай-ақ Қожаберген бабамыз әскери қолбасшы болғандықтан, еліміздегі әскери оқу орындарының біріне аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Сөзімізді, қорыта келгенде айтпағымыз, халқымыздың қасиетті, киелі ұғымының бірі – мұра. Ал мұра дегеніміз не? Бұл – халық ғасырлар бойы қасиетті деп санаған тарихи ескерткіштерін, кіндік қаны тамған киелі жерін қорғап, сақтауды келесі ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Ары таза, Отан деп шырылдап, жанын шүберекке түйген халық перзенттері – халық мұрасының асылы, ұлттық мақтанышы. Ел тарихын зерделеп, төрт құбыламызды түгендеуге ұмтылған шақта Дауылпаз жырау – Қожаберген есімінен айналып өту мүмкін емес. Тарихта аттары қалған бұл батыр бабаларымыздың есімін ұлықтап, олардың аруағына тағзым ету еркіндік алған елдің бүгінгі ұрпақтарының қасиетті парызы.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері-құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы