Жаңалықтар

АЛҒЫС ДЕГЕН – ЕЛ СЫЙЫ

ашық дереккөзі

АЛҒЫС ДЕГЕН – ЕЛ СЫЙЫ

Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 18 пайызы мен мемлекеттік бюджетке түсетін барлық кірістің 25 пайызы Алматының үлесінде. Ресми деректер бойынша 1,5 млн. тұрғыны бар алып шахарға алыс-жақыннан ағылатындар көп. Қонағы бар, уақытша тұрақтап қалғаны бар, тіркелмеген тұрғындардың 1,5 миллионнан әлдеқайда көп екені анық.

Алматыдағы халық көп шо­ғырланған аудандардың бірі – Жетісу. Таяуда өздері тұратын аудан мен көшелердің дамуына, өркендеуіне мүдделі Жетісу ауданының тұрғындары әкімнің есеп беру жиынына жиналды. Өзі басқаратын ауданның жетістіктері мен артықшылықтарынан бастаған әкім, Ербол Әліқұлов: «Жетісу ауда­нының кәсіпкерлікте, білім сала­сында, қаржылық мәселелерде, денсаулық сақтауда, азаматтардың басқа да шаруаларында әлеуетті болуы үшін қолымыздан келгенді жасап жатырмыз» дей келе, ауданда 143 мың адам тіркелгенін, бұл былтырғымен салыстырғанда, 4 500 адамға артық екендігін айтты. Демек, демографиялық ахуалға жетісулықтардың қосып жатқан үлесі қомақты. 2012 жылы ауданға 2 миллиард 681 миллион 169 мың теңге бөлінген болатын. Әкімнің айтуынша, аталған қаржы 100 пайызға игерілген көрінеді. Салық мәселесіне келсек, Жетісу аудандық Салық басқармасы бойынша 2012 жылға арналған мемлекеттік бюджет болжамы 58 млрд. 795 млн. 300 мың теңге болса, түскен сома 60 млрд. 484 млн. теңгеге жетіп, салықтық міндет 102,9 пайызға орындалған. Мұндай жағымды жаңалықтан жергілікті бюджет те құралақан емес. Бюджеттің орындалуы – 104,2 пайыз. Ал салықтық төлемдер ретінде былтыр түскен кіріс 22 млрд. 600 млн. теңге.

Сонымен қатар өсу қарқыны өнеркәсіп саласында да байқалады. Былтыр Жетісу ауданында 77 млрд. 815 млн. теңгеге өнеркәсіптік өнім өндірілген. 2011 жылмен салыстырғанда, 22 пайызға артық. Аудан бойынша инвестиция көлемі 22 млрд. 635 млн. теңге. Жалпы саны 16 317 жеке кәсіпкер бар және ірі және орта кәсіпорындардағы жұмыспен қамтылғандар саны 39 мыңға жақын. 2012 жылы жалпы бөлшек сауда айналымы 307 млрд. ал көтерме сау­да айналымы 601 млрд. теңгеден асыпты. Жиналыс барысында әкім: «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде 2010-2012 жылдары Жетісу ауданында жалпы сомасы 3 млрд. 882 млн. теңгеге 12 жоба мақұлданды. «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» бағдарламасына сәйкес, 4 жоба іске асырылуда» дей келе, «Атамыз қазақ «Алтын деген – жер сыйы, алғыс деген – ел сыйы» деген. Барлығы да өздеріңіздің қолдауларыңыздың, бірлесе атқарған еңбектің арқасы, ортақ жетістігіміз», – деді.

Аудан бойынша атқарылған сан шаруаны қорытындылаған Ербол Әліқұлов халыққа: «Мен сіздердің алдарыңызда берген есебімді Елбасы – Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясында айтылған сөзімен аяқтағым келеді – Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады. Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз. Бүгін біз ең дұрыс таңдау жасауға тиіспіз. Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Мен XXI ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Аңсарлы азаматтығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын!» деген тілек айтты.

Алтынай Айдарқызы