Жаңалықтар

Асылдың сынығы, тектінің тұяғы

ашық дереккөзі

Асылдың сынығы, тектінің тұяғы

Алаш ардақтысы Міржақып Дула­товтың қызы, белгілі қоғам қайраткері Гүлнәр Дулатова 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп, өткеніміз бен бүгінімізді түгендеп, ел тарихын зерттеуге елеулі үлес қосқан қазақтың қайсар қызы әке аманатына адал болды.

Гүлнәр Міржақыпқызы – ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып Дулатовтың артында қалған жалғыз ұрпағы. 1915 жылы Орынборда туып, зұлмат жылдарды бастан өткерген Гүлнәр анамыз небәрі 14 жасында әкеден тірідей айрылады. 1939 жылы Алматы мем­ле­кеттік медицина институтын бітіргеннен кейін үздіксіз 48 жыл бойы дәрігер-дерматолог болып қызмет істеді. Мамандығына сай еңбек ете жүріп қазақтың қайсар қызы ХХ ғасырдың басындағы қазақ зия­лы қауымы өкілдерінің, яғни Алаш арыстарының ақта­луына ұйыт­қы болды. Сөйтіп, ол алғаш рет сталиндік репрессия құрбан­дарын саяси ақтау коми­тетіне Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сынов, Міржақып Дулатов, Жү­сіпбек Аймауытов және т.б. қоғам қайрат­керлеріне қатысты материалдарды жолдады. Олар ақталғаннан кейін Гүлнәр Дулатова Қазақстан мұра­жайларына көптеген экспонаттар берді. Г.Дулатова әке жолын қуып, қолына қалам алып, артына мол мұра қалдырды. Ол 1988 жылдан бастап мерзімді баспа­сөз беттеріне көптеген мақалалар, очерктер, естелік-эсселер жазып тұрды. Апамыздың қарымды қаламынан туған Алаш арыстарының өмір белестері суреттелген бұл дүниелер жинақта­лып, «Алаштың сөнбес жұл­дыздары» (2010 ж.), «Шындық шыра­ғы» (2012 ж.) деген атпен жеке кітаптар болып жарыққа шықты. Гүлнәр Дулатова Қазақстан және шетел ғалымдарының әдеби, тарихи-этнографиялық зерттеулеріне үлкен үлес қосты. Әкесі Міржақып Дулатовтың бірнеше шығармалар жинағын құрастырды. 2010 жылы республикада медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универ­сите­тінің Алтын медалі берілді. Гүлнәр Міржақып­қы­зы сондай-ақ айрықша еңбегі үшін 2011 жылы Алаш арысы Әли­хан Бөкейханов атындағы тәуелсіз қоғамдық төсбелгімен марапатталды. Алаш арыстарының көзін көрген, олардың ақталуына саналы ғұмырын арнаған аяулы ана, ардақты жан Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова көпшіліктің жадында әрдайым сақталады. «Түркістандықтар»