Жаңалықтар

«Жұлдыздар» да жазасын өтеуі тиіс

ашық дереккөзі

«Жұлдыздар» да жазасын өтеуі тиіс

Қазір қара жолда орын алатын апаттар саны артып кетті. Күре жолға шығар алдында қорқыныш пен үрейден санамызға сансыз ой келетін болды бұл күнде. Ресми деректерге сүйенер болсақ, Қазақстанда 2012 жылдың басынан бері екі жарым мыңдай адам жол апатынан көз жұмып, он үш мыңнан астам адам жарақаттанған. Жол бойында орын алатын жол апатының 90 пайызы көлік жүргізушілердің кінәсінен болады екен. Көлікті құйындатып айдап, жол ережесін бұзатын жүргізушілердің бір шоғыры – елімізге белгілі «жұлдыздар» сияқты. Өнерімен барша халыққа қуаныш сыйлап жүрген өнер жұлдыздары концертке, кештерге, әуежайға асығып бара жатыр едім деген сылтаумен жылдамдықты асырып, жол ережелерін бұзып жататынын жиі естіп жүрміз. Егер оларға «жол ережесін бұзған кезіңіз болды ма?» деген сауал қойсаң, жоғарыдағы сылтауын айта келе, «МАИ қызметкерлеріне рахмет», жағдайымды түсініп, тез босатып жібереді деп жауап береді. Демек, жол ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту «жұлдыздар қауымына» жүрмейді деген сөз. МАИ қызметкерлерінің де бармақ басты, көз қысты әрекеттер жасап жүргендігінің айқын көрінісі бұл. Үнемі асығып жүріп, түсі суық ала таяқты жол сақшыларының ризашылығын алып үлгеретін осы жұлдыздар да бір күні жолда болатын апаттың санын арттырмасына кім кепіл? Көпке топырақ шашуға қақымыз жоқ. Дегенмен, өнер әлемінде жүрген әртістер арасында жол ережесін бұзып жататын жандар жоқ емес. Осы сөзіміздің бір дәлелі – жұрттың аузындағы әнші Қайрат Түнтеков себепкер болған жол апаты.

Алматы қаласында 2012 жылдың 27-сінен 28 желтоқсанға қараған түні орын алған ірі жол апаты оқиғасы араға бір жарым ай салып жария болды. Оқиға түнгі сағат екілер шамасында болған. Сүйінбай даңғылының бойымен келе жатқан Toyota Camry-40 көлігін тізгіндеп отырған әнші алдынан шыққан Toyota Land Cruiser-100 автокөлігін бүйірінен соғып, жол жиегіндегі арыққа түсірген. Екінші көліктің жүргізушісі Нәзира Есенаманова миы шайқалып, дене жарақатын алған. Осының салдарынан жәбірленуші біраз уақыт ауруханада жатып шыққан. Өзінің кінәсін мойындаған Қайрат Нәзира Есенамановаға барлық шығынды өтейтіндігін, жарамсыз болып қалған көліктің құнын төлейтіндігін айтып, қолхат жазып берген. Қираған Toyota Land Cruiser-100 автокөлігінің құны – 60 мың долларды құрайды. Осы уәдесінен кейін Түнтеков ізім-ғайым жоғалып кетсе керек. Тіпті, жәбірленуші жас қыз Нәзира Есенаманованың емделу ақысын да төлемеген. Апат орнында 60 мың доллар қаражатты беремін деп уәдені үйіп-төккен әнші бұл соманың өз қалтасы үшін аз ақша емес екендігін кейін ғана түсінген көрінеді. Жол апаты уақытында әнші Қайрат Түнтековтің қолында жүргізуші куәлігі де, көлік жүргізуге сенімхаты да болмаған, тіпті сақтандыру полисі де қолдан жасалған деп көрсетілген жол полициясы толтырған хаттамада. Демек, эстрада жұлдызы жүргізуші куәлігінсіз тас жолда сайрандап сенімді жүре алатындығына ешқандай күмән келтірмеген. Куәліксіз күре жолды еркін иеленгеніне қарағанда, МАИ қызметкерлерінің жылы жүзбен қарсы алатынына сенген болар.

Жол апатынан кейін Қайраттың Toyota Camry-40 автокөлігі айып автотұрағына қойылса да, Жетісу аудандық прокуратурасы мен полициясы «жұлдызға» қарсы қылмыстық іс қозғамағаны таңқалдырады. Тіпті, кейін айып автотұрағында тұрған көлігін өзіне қайтарып беріпті. Тағы бір айта кетерлік жайт, Қайрат Түнтековке бұған дейін де жол-көлік ережесін бұзғаны үшін әкімшілік айып тағылған екен. 2010 жылы көлікті мас күйінде жүргізгені үшін екі жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылыпты. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген аталы сөз бар қазақта. Түнтековке бұл да сабақ болмаған тәрізді. Осы олқылықтың барлығы ескеріле келе, таяуда сот үкімі шығарылды. Сот төрелігіне орай енді Қайрат Түнтеков 40 күн қамауда отыратын болады. Сонымен бірге, екі жыл тоғыз айға жеке куәлігінен айырылмақ. Кінәлі жан жазасын алуы тиіс. Қолымен жасағанды Қайрат қанша қаламаса да мойнымен көтереді.

Сот үкімі шығып, Қайрат Түнтеков жазаға тартылған соң, «бәріміз біріміз үшін» деген өнер жұлдыздары Қайратқа көмек ретінде концерт ұйымдастырамыз деп шешім қабылдап, жұртты тағы бір дүр сілкіндірді. Кешке түскен қаржыны жол апатынан зардап шеккен Нәзира Есенамановаға материалдық шығын ақысы ретінде беріп, Қайратқа қиналған кезде көмек қолын созбақ. Бұл бастаманы көтерген әнші Ерлан Көкеев болатын. Көкеевтің көмек көрсетуге тырысқан бастамасын қазақстандық эстрада өкілдері де қолдады. Аталған кеш Ерлан Көкеевтің «Ретро Шлягер» деп аталатын клубында 19 ақпанда өтеді деп жоспарланды. Билет бағасы – 2000 теңге. Бұл кешке қонақ болсаңыз, біріншіден, басына қиын іс түскен Қайратқа көмек көрсетесіз, екіншіден, Айқын, Тұрар Рахымберлин, Әлішер Кәрімов, Ерке Есмахан, Ақкенже Әлімжан сынды әншілердің өнерімен сусындайсыз. «Қайратты қиын жағдайда қалдырмаймыз» деп шешім қабылдаған эстрада жұлдыздары халықтың қалтасына қол салуға бекінген секілді. Қайрат Түнтековтің мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себепкер болғаны үшін халық неге қалтасын жұқартуы тиіс. Әрине, «асар» жасаған жақсы шығар, бірақ осы арқылы заң алдындағы өз жауапкершілігін сезінбейтін адамдарды тәрбиелеп жүрмейміз бе?

Қит етсе қайырымдылық кештерін ұйымдастырып, қаржы жинау жұлдыздардың дағдысына айналып кететін түрі бар. Әр өнер адамы заңға қайшы әрекет жасап, жазаға тартылғанда барлығы жиналып, өнер сүйер қауымнан жинаған қаражатты істі жабуға салатын болса, «жұлдыздар» жазадан жеңіл құтылады емес пе? Жол ережесін бұзған екен, жазасын да, шығынын да өзі өтесін.

Қайырымдылық кешін өткізіп, Қайратқа қаржылай көмек көрсетеміз деген әртістер осындай жол апатының алдын алу үшін, «суперстарлық жұлдыздың» жасаған заң бұзушылығы алдағы уақытта қайталанбауы үшін көпшілікке үлгі болатын акцияларды неге ұйымдастырмайды? Апат айтып келмейді. Мұндай оқиға тек Қайраттың ғана емес, кез келгеннің басына түсуі мүмкін. Сондықтан, халықтан ақша алып, қайырымдылық концертін өткізгенше, жол сақшыларымен бірігіп көпшілікке үлгі болатын, көлік жүргізу ережелерін үйрететін саналы кеш ұйымдастырғандары жөн болар еді.

Жұлдыздарымыз өздерінің танымал­дылығын, өнерін пайдаланып, жазадан жеңіл құтылып кететін болса, заңды сыйламау салтқа айнала ма? Заң баршаға ортақ. Ол адамның беделіне бағынышты емес. Сен құрылысшы болсаң да, мұғалім болсаң да, заң қызметкері болсаң да, тіпті халық алдында жүрген өнер адамы болсаң да ереже бұзған екенсің, жауап беруге міндеттісің.

Өнерімен талайдың таңдайын қақтырып, тәнті еткен жұлдыздарымыз өздерінің өзгелермен тең екенін ұмытпаса екен дейміз.

Әсел Әнуарбек