Жаңалықтар

Қалта ұрылары қаптап жүр

ашық дереккөзі

Қалта ұрылары қаптап жүр

Бүгінгі таңда ең атақтылар-«карманшылар». Кім болмасын олардан аяқ тартып жүреді. Қара базарда да, ірі сауда орталықтарында да, қоғамдық көліктерде де қаптап кеткен, жаулап алған қалта ұрылары дерсіз… Қалта ұрылары кім? Олар немен айналысады?

Қалта ұрылары жұмыстарын әдетте халық көп шоғырланған жерлерде жасайды екен. Бұл «кәсіп иелерінің» қол­дарының ерекшелігі болады. Олар адамның қалтасына, сөмкесіне қолдарын салғанда тіпті сездірмейді де. Сан соғып қалған адамдар бәрін кейін біледі. Біреудің ақшасы, біреудің құжаты… Тіпті, орталық «Көк базарда» жол жүру билетін алдыртып, үйіне қайта алмай тұрған зейнет жастағы қарт ананы да көрді көзіміз. Қалта ұрылары асарын асап, жасарын жасап жүре бере ме? Әсіресе қалаларда соңғы кездері қалта ұрылары қаптап кетті. Оларға неге тоқтау жоқ? Заң орындары еш әрекет етпей ме сонда? Ал адамдар базарда бақырып, аялдамада ақырып, автобустарда айқайлап шарасыз күйінде қалады. Қалта ұрыларын құтыртатын да өзіміз. Біреудің қалтасына қолын салып тұрып, көріп тұрған екінші адамды көз алмастан әбжыландай арбағанда, көріп тұрғанның тілі байланып, тас емендей қатып қалады. Өз басының амандығын ойлайды абдыраған адамдар.

Негізінде үй тонауды, мал ұрлауды бұрыннан білетінбіз, еститінбіз. Ал қарап жүрмей, осындай істі өздеріне «кәсіп» етіп алғандар да бар қоғамымызда. Жоғалған ақша да, құжат та, ұялы телефон да, ұсақ-түйектің бәрі де солардың олжасы. Ақша, телефон, ұсақ заттарды былай қойғанда, жоғалған құжаттарды қайта жасатудың өзі адамды қаншама әуреге салары анық.

«Құран Кәрімде» Алла Тағаланың ұрлық жасаушы ер кісінің де, әйел кісінің де қолдарын кесіңдер деген қатаң ескертуі бар. Жалпы ұрлыққа Исламда жол жоқ. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Меккеде Исламды енді таратып жүрген кезде сахабалар Исламды қабылдап жатып келісім алады. Бір Алла Тағалаға құлшылық етеміз, Аллаға ешқандай пұттарды серік етпейміз, зина жасамаймыз, адамдарға зұлымдық етпейміз дегендердің арасында біз ұрлық та жасамаймыз деген келісім болған. Ұрлық жасаудың үлкен күнә екенін ескерген. Сол үшін ұрлыққа қатаң тыйым салған. Ал енді ұрлық мәселесі былай, ұрлаған нәрсесін қайтарып бермейтін болса, қиямет күніне қалдырылады. Ертең Алла Тағаланың алдында есеп беретін кез болғанда, сол ұрлаған затының мөлшерінде сауабын береді, не болмаса ұрланған кісінің яғни жәбірленушінің күнәсін мойнына арқалайды. Яғни ұрлық жасау үлкен күнәлардың бірі.

Қазіргі кезде кей мемлекеттерде қол кесетін заң бар. Сондай мемлекеттерге қарайтын болсақ, ұрлық жоқ деп айтуға болады. Егер адамның жүрегінде иман, қорқыныш болмаса, онда оған қанша айтқанымен ол бәрібір ұрлық жасай береді. Адамды ұрлықтан да, кез-келген жаман әдеттерден тыятын да, қоғамды дамытатын да – ол рухани байлық. Біздегі ұрлықтың, зәбір көрсетудің, қылмыстың белең алуының бірден-бір себебі заңымыздың жеңіл қарайтындығы. «Ұрлық жасаушыларға жеңіл қарай саламыз. Белгілі бір айыппұл салып, белгілі бір мерзімге ғана абақтыға қамаймыз. Сонымен ғана шектеліп жатады. Аллаһты мойындап, иман келтірген кез-келген адам өзін-өзі тәрбиелей алады. Сол үшін әрбір адамға әуелі иман керек», – дейді Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Діни сараптау және талдау бөлімінің меңгерушісі Қанат Нұрмаханұлы.

Міне, заңда қылмыс, дінде ауыр күнә саналатын осындай әрекетке адамдар неге әуес? Қалта ұрыларын тыюдың қандай да бір жолы болу керек емес пе?.. Заңға да бағынбайтын, дінге де бас ауыртпайтын олардың көздерін шел басып, жүректері қара тасқа айналған ба екен, кім білсін?!

Ақбота Мұсабекқызы,

ХҚТУ-дің студенті