Жаңалықтар

Оңай табыс табамын деп...

ашық дереккөзі

Оңай табыс табамын деп...

Қылмыс пен қатыгездікті көбіне кімдер жасайды? Осы сұрақты құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қойсаңыз, олар көп ойланбай-ақ нашақорлар мен соны таратушылар деп жауап береді. Елімізде нашақорлық дертке шалдыққандар саны жылдан-жылға артпаса, кемитін түрі жоқ. Жанға бататын өкініштісі сол, олардың дені біз ертеңіне үміт артып жүрген жастарымыз. Ресми статистика мәліметіне ден қойсақ, елімізде 55 мыңнан астам нашақор бар. Ал тәуелсіз сарапшылар 200 мыңның үстінде деп айтып жүр. Олардың 60 пайызы тәртіп сақшыларының қолдарына бір емес бірнеше рет түскендер екен. Ал жасырын түрде есірткі қолданып жүргендері қаншама. Әуелі есірткі сатушылардың алдауына түсіп, әуестікпен шегіп, соңынан еріксіз тәуелді болып, қасірет шегіп, арты қыршынынан қиылып жатқан жоқ па?! Бұл қоғамның болашағына үлкен қауіп. Қалай айтсақ та көңіл қуантарлық жәй емес.

Есірткіге қарсы күрес Үкімет тарапынан жүргізіліп-ақ келеді. Өткен жылдың 12 сәуірінде №451 қаулысы шықты. Онда күрес бағдарламасы нақты көрсетілген. «1.Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған салалық Бағдарламасы бекітілсін. 2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, өзге де мемлекеттік органдар Бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін және жыл сайын 10 шілдеге және 10 қаңтарға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне олардың орындалуы жөнінде ақпарат берсін. 3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жыл сайын 30 шілдеге және 30 қаңтарға Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның орындалу барысы туралы ақпарат берсін». Бұл Қаулы Қазақстан Республикасы Премьер-министрі қол қойған сол күннен бас­тап қолданысқа енгізілді.

Еліміздің экономикасы дамып, әлеуеті артқан сайын бұл әлеу­меттік дертті тоқтатуға да аз қаражат бөлінген жоқ. Атап айтқанда 2009-2011 жылдары 39 млрд. 793 млн. 125 мың теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 38 млрд. 787 млн. 295 мың теңге, жергілікті бюджеттерден 1 млрд. 005 млн. 830 мың теңге бөлінген. Енді алдағы бес жылға 6 млрд. теңге бөлініп отыр. Иә, бұл аз қаржы емес. Алайда арнайы бөлінген осынша қаржымен есірткіге қарсы күрес акциялары мен шаралары неге күткен нәтиже бермей отыр? Осыдан барып қоғамда жастар проб­лемасына әлі де болса жіті көңіл бөлінбей келе жатқаны байқалады. Жасыратын несі бар, күрес көбіне науқандық сипатта ғана жүргізілуде. Телеарналардан айтылған жалаң үгіт-насихат жастардың құлағына барлық уақытта кіре бермейді. Астана қаласы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Марат Құрманов: «Есірткінің алдын алатын жолдар жоқ емес, бар. Оның ең тиімді жолы жастарды спортқа, дене шынықтыруға баулу. Олар үшін ауылдардан, қала аулаларынан салынатын спорт алаңдарына бөлінетін қаржының есірткіге қарсы күреске бөлінген қаржыға қарағанда қайтарымы көп болады», – дейді. Рас, қазір елімізде 32 мың спорт нысаны жұмыс істейді. Алайда бұлардың көбі тек қалаларға шоғырландырылған. Ал ауыл жастарына мұндай қамқорлық жасалынбаса не шара. Мектептердегі спорт залдары оқушылардан артылмайды. Жалпы республикада жастар спортпен айналысу үшін әлі де 747443 шаршы метр спорт залы мен аула клубтары қажет екен.

Оңай жерден қыруар ақша табуды мақсат етіп жүргендер – есірткі тасымалдаушылар. Бірақ олардың да жолдары кесіліп, өз жазаларын алуда. Жуырда Петропавловскі полицейлері күдікті көлікті тоқтатып, ішін мұқият қарағанда 5 келіге жуық героинді жасырған жерінен тауып, азаматты жауапқа тартты. Сондай-ақ Қарағанды қаласының елу жастағы тұрғыны біраздан бері есірткі сатумен айналысатын күдікті жан ретінде тәртіп сақшыларының назарына іліккен. Әккі сатушы әр кез айласын асырып, құрықтан құтылып кетіп жүрген соң, қарағандылық әріптестеріне Солтүстік Қазақстан облысының есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы қызметкерлері көмекке келді. Бірлескен күрес шаралары өз нәтижесін беріп, олар әлгі сатушының көлігін Қызылжар қаласына кіре берісте тоқтатады да, тінту жұмыстарын жүргізеді. Көлік шамдарының астына жасырған бес полимер пакетті табады. Пакеттердегі жалпы салмағы 4 келі 870 грамм ақ түсті ұнтақтың героин екені анықталып, жауапқа тартылды. Бұл есірткінің қара нарықтағы бағасы 13 миллион теңге тұрады екен. Күдікті жан көлікке жасырған есірткіден мүлдем бейхабармын деп жанталасып, тән алмай баққан. Ал полицейлер оның біраздан бері Қазақстан арқылы Ресейге осындай айлалы жолмен есірткі тасымалдап жүргенін сезетін. Құрықтау сәті түсіп, тасымалдаушының жолы кесілді. Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Мәдина Балғашоқованың айтуынша, осы есірткі сатылған жағдайда қырыққа жуық мектеп оқушысын улы инеге отырғызады екен.

Ағымдағы жылдың басында Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласының тұрғынынан бір күнде 85 келі есірткі затын тәркілеген. Үлкен көлемдегі осы марихуана жасырын саудаға түскенде олар 8 миллион теңгені оп-оңай қалтасына басар еді. Құрықтау операциясы қалай жүрді? Белгісіз біреу Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына телефон шалып, ақпарат берген. Сол бойынша полиция қызметкерлері Ақтаудағы бір қонақ үйдің астыңғы жертөлесінен 19 үлкен полиэтилен қапшық табады. Солардың ішінен 42 келі ақ ұнтақ шыққан. Шұғыл іздестіру жұмыстары жалғасып, қонақ үйдің қасындағы автотұрақта тұрған көліктің жүксалғышынан тағы да сондай 19 полиэтилен қапшығын тапқан. Арнайы тексеру орыны бұл ұнтақтардың марихуана екенін анықтап, осы оқиғаға қатысы бар екі жігіттің үстінен Қылмыстық кодекстің 259-бабы бойынша іс қозғайды. Олар марихуананы сату мақсатында сақтағандары үшін деген айыппен Ақтаудағы уақытша ұстау абақтысына қамалған. Бұл биылғы жылы есірткі саудасы бойынша Ақтау қаласында бірінші рет тіркеліп отырған қылмыс. Былтырғы жылы аймақта 200 келіден астам есірткі заты тәркіленген еді. Маңғыстау облыстық Ішкі істер депертаментінің қызметкері Қайрат Өтебай: «Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы арнайы бөлімше қызметкерлерімен осы факті бойынша ұсталған азаматтар А және Б-ның осы қылмысқа байланысы бар қылмыстық байланыстарын анықтау, сондай-ақ Ақтау қаласына марихуана есірткі затын әкелу жолдарын анықтау мақсатында қазір жұмыс қызу жүргізілуде. Егер сот шешімімен ұсталған күдіктілер кінәсі дәлелденсе, онда олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылатын болады.

Жуырда Қостанайдың құқық қорғаушылары 320 келі марихуананы тәркіледі. Олар бұл есірткінің алғашқы партиясын Қостанай-Әулиекөл бағытындағы тас жолдағы көліктен тапқан. «Жигули» көлігінің жүргізушісі құжат тексеру кезінде күдік туғызады. Содан сезіктенген инс­пекторлар көліктің жүк салғышының қақпағын аштырады. Ішінен 6 қапқа бөліп салынған 118 келі марихуана шыққан. Арада бірер күн өткен соң Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Әулиекөл ауданында күдікті үш жігітті жасырын бақылауға алып, тексеру жұмыстарын жүргізген кезде 20 қапшық, жалпы салмағы 202 келі марихуананы жасырған жерлерінен тапты. Ішкі істер департаментінің қызметкері Айгүл Ерәділова: «Күдіктілер Қойбағар ауылының стансасынан 200 метр қашықтықта, яғни қардың астында есірткінің марихуана түрін сақтаған. Қызметтік іздестіру итінің көмегімен сол тығылған есірткі заты тәркіленіп, қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 259-бабының 3 бөлімі бойынша есірткі затын аса ірі көлемде сатуға сақтағаны үшін үстерінен қылмыстық іс қозғалды», – деді. Оңай жерден табыс таппақшы болғандар осылай опық жеді. «Ауруын жасырған өледі» демекші ең өкініштісі жұрт сенген сол полицияның кейбір қызметкерлерінің есірткі саудасына қатыстары болып шыққаны. Бұл жөнінде ақпарат құралдары жуырда ғана Алматы облысынан репортаж жүргізгенін білеміз.

Есірткіге қарсы күресті тек құқық қорғау орындары ғана жүргізіп отырған жоқ. Күрес бағдарламасы бойынша елімізде ресми тіркелген 200-ден астам үкіметтік емес ұйымдар есепте тұр. Солардың бәрі өз міндеттерін мүлтіксіз орындап жүр ме? Уақыт өткен сайын ұлт тамырын жайлап бара жатқан қатерлі дертке қарап, толық сенім білдіре алмаймыз. Құзырлы орындардың бақылауына зер салсақ, олардың жартысынан астамының жұмыстары көңіл көншітпейді. Атқарылған жұмыстары тек қағаз жүзінде ғана. Күрестің тиімді тәсілдерін іс жүзінде қолданбаған. Бірқатары өз міндеттеріне жүрдім-бардым қараған.

Біздің елімізге есірткі затта­ры­ның тасымалы Оңтүстік шекарамыздан асып келеді екен. Есірткі өндірісі негізгі ошағы Ауғанстан екені бесенеден белгілі. Бұл адам ағзасына у жаятын есірткілерді елдің экономикасының алпыс пайызын құрайды. Ауғанстан 2005 жылдың өзінде 15 мың тонна апиын өндіріп, әлемдік рекордты жаңартқан. Сол 15 мың тонна апиыннан 600 тонна героин алынды. Ресейдің Әлемдік экономика мен халықаралық қатынастар институтының сарапшылары: «…Халықаралық қоғамдық ұйымдардың Ауғанстанға астық өсіруге деп бөлген миллиондаған доллар қаражаты көкнәр егістігін гүлдендіруге жұмсалып жатқан көрінеді. 2001 жылдан бері АҚШ-тың Ауғанстанға жасаған лаңкестікке қарсы соғысы елдегі есірткі өндірісіне тосқауыл қоюдың орнына, оған қайта дем бергендей сыңайда. Америка Ауғанстандағы билікті тәліптердің қолынан тартып алса да, елдегі кең көлемде өріс алған есірткі өндірісін тоқтатуға қасақана кіріспей отыр. Себебі бұл елдегі билік тұтқасы іс жүзінде дала командирлерінің қолында», – деген пікірді алға тартады. АҚШ-тың экс-қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд кезінде: «Антитеррористік коалиция тек қана лаңкестікпен күреседі», – деп есірткі бизнесін міндеттерінен сызып тастаған. Оның осы сөзіне қарағанда ресейлік сарапшылар пікірлерінің жаны бар-ау деп қаласың. Американың Ауғанстандағы есіркі бизнесіне бейтараптық танытуының негізгі себебі Құрама Штаттарға есірткілік заттар негізінен Латын Америкасынан тасымалданатыны, ал Ауғанстанның есірткілері Еуропа мен Азия мемлекеттеріне ғана жеткізілетіні ақпарат құралдарында жарияланып та жүр.

Көлбай Адырбекұлы