Жаңалықтар

КӨК КҮРЗІСІ

ашық дереккөзі

КӨК КҮРЗІСІ

Анда-санда Жердің желкесінде ойнап тұрады1. МЕЗГІЛСІЗ КЕЛГЕН МЕЙМАНСонымен, бұл жолы Құдай сақтады. 2013 жылғы 15 ақпанда жергілікті уақыт таңғы 9 сағат 20 минутта Қостанай даласының үстінде құлдилап барып, Ресейдің Челябі облысының үстіне құлады. Метеорит. Аспан денесі. Отты шоқпар. Иә, көктің күрзісі. Анығында, аспанда жарылыпты. Америка Құрама Штаттары Ұлттық ғарыш агенттігінің есебімен 20 шақырым биіктікте. Жарылыс болған жер мен аспан өзінікі дейтін Ресей Ғылым академиясы «жоқ, 30 шақырымнан жоғарыда болды» депті. Не қылса да, сол қалпы соғылмай, көкте жарылып кеткен. Әйтпесе, Жерге жақындағанда тұрқы 17 метр, салмағы 10 мың тонна екен. Соның өзінде шашырандылары бәрібір далаға түскен. Ең үлкені дала емес, Шұбаркөл атты көлдің үстіне құлапты. Қалың мұздың киіз үйдей аумағын ойып жіберген. Шағын кесектерін сүңгуірлер тауып, зерттеу­ге жібере бастапты. Негізі, оңай құтылдық. Жерге жақындаған сайын тығыз ауаның үйкелісінен қызуы арта түскен отты шоқпар аспанды қақ айырардай болып жарылып кетті. Жерді қабаттап тұрған ауаның бір қасиеті бүкіл тіршілікке тыныс алғызса, екінші жағынан осындай кесапаттан пана болады екен. Үшінші қасиеті – күн шуағымен ере шығатын зиянды сәулелерді тұтып қалатыны тағы бар. Әлгі жарылыс салдарынан орыстың Челябі қаласы мен облысына айтарлықтай шығын келді. Мың-мыңдаған терезенің әйнегі шағылды. Бірқатар ғимараттар шатынап, бірер жерде қабырғалар құлады, төбенің белтемірі майысып, діңгектері опырылды. Бетін әйнек тіліп жараланған, басы қабырғаға соғылып мең-зең болған, бармағы есікке қысылып кесіліп кеткен жүздеген адамдар болмаса, жұртшылық бұл жолы дін аман қалды. Тәубе. Аспан әлемін қас қақпай аңдитын ғалымдардың күткені басқа еді: 2013 жылғы ақпанның 16-сында «2012 DA14» атаулы астероид Жерден 34 мың шақырымда өтіп кетуі керек. Ғарыш өлшемімен өте жақын. Бір-біріне тимей, жанасып қана өтетін автокөліктер сияқты. Жердің жүрісі шабандау, анау басып озуы керек. Салмағы 130 мың тонна, ауқымы 40 метрдей. Сөйтіп, «2012 DA14» атты астероидтан аман құтылуды ойлап отырғанда басқа біреуі келіп соғысты. Абырой болғанда, бұл кішірек көрінеді. Ресей аяқ астынан келген шығынды санады, біз болсақ арғы-бергі жинап жүрген дүниелеріміздің ішінен аспанда адасқан денелерге қатысты деректерді қопардық. Түрлі газет, журнал және басқа ақпарат көздерінен кезінде қиылған-жиылғанға жол бермес бұрын бала кездің естелігін ағытып алайық. Ауыл түні. Жазда есік алдына, бақша ішіне, тіпті үйдің төбесіне ұйықтаймыз. Жауын жаумайтын, дауыл соқпайтын түндері. Алпысыншы жылдардың басында ауылдағы үйлердің төбесі шатырсыз, тоқал болып келетін. Айсыз қараңғы түндерде аспаннан самсаған жұлдыздар төніп тұрады. Кейде солардың арасынан біреуі төмен сорғалай жөнеледі. «Жұлдыз ақты» деген көрініс осы. Есімізге түсіп жатыр, жазушы Қалихан Ысқақовтың ертеректе жазған хикаяларының бірінде «Жұлдыз ақты» дейтін бала кейіпкер болатын. Азан шақырып қойған аты емес, мұрнынан жылтыңдап маңқа ағып кететініне орай достарының берген лақабы. Шоқан туралы жазған романын Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» деп атағаны және есте. Ақын Қадыр Мырза Әли болса тұлпарды осыған теңейді: Жұлдыздай ағып түскен түрме түнде, Жүйрік-ай жүйтки білген сүйретілмей. Зырлауын зымырандай кеңістікте, Тұяғы бірде тисе, бірде тимей. Күндіз сол кітаптарды оқып алып, түнде аспаннан сорғалай жөнелетін жолаққа қарайтынбыз. Ондайда бірге ұйықтайтын ағамыз «жұлдызымыз жоғары» дейді. Иә, қазақ арасында «бір жұлдыз ақса, бір адам өледі» деген наным ежелден бар еді. Онда жұлдыздың аққаны жанама түрде болмаса, тікелей Жер бетіндегі адамдардың өліміне себепші болар деп ойламайтынбыз. Аққан жұлдыздың шын мәнінде алып емес, аспандағы өте шағын денелер екенін астрономия пәнінен білдік. Олар Жерге асқан жылдамдықпен жақындап, атмосфераға ілінгенде жанып, жарылып кетеді. Соңдарынан қалған спектр айсыз түнде өте жарқырап көрінеді. Ол ізді негізінен кремний, кальций, темір және басқа металдар қалдырады. Аққан жұлдыздардың жылдамдығы егер ол Жерді соңынан қуып жететін болса, шамамен секундына 10-11 шақырым деп саналатын. Ал егер Жердің айналу қозғалысына қарсы жақтан ұшып келсе, жылдамдықтары секундына 60-70 шақырым болмақ. Шұбатылған түтіні Қостанай даласына анық көрінген мына метеориттің Жерді қуа жеткендегі жылдамдығы секундқа шаққанда 15 шақырым. Оқулықтағыдан әлдеқайда ұшқыр. «Мынау» деп нұсқап жату артық, әлемнің аспан денелерін зерттеуші ғалымдары оған «Шұбаркөл метеориті» деген ресми ат қойды.   2. КҮН ЖҮЙЕСІНІҢ КУӘГЕРЛЕРІ Бала кезімізден бері қызыға қарайтын аққан жұлдыздарымыз ғалымдардың сан түрлі зерттеулеріне өзек болған. Метеор өз жолындағы ауаны иондап кетеді. Сол иондалған ауа радио толқындарды шағылыстырады. Демек, оны радиолокатордың көмегімен бақылауға мүмкіндік бар. Әдетте, бақылау биіктігі 130 бен 80 шақырымның арасы көрінеді. Ал, үлкен қаланың тура төбесінде жарылған «Шұбаркөл метеоритін» ғалымдармен қатар әуесқойлар да бақылап, жан-жағынан суретке тартып алыпты. Ғалымдар аққан жұлдыздардың өте кішкентай болатынын айтады. Олар қатты жылдамдықтан жанып кеткендіктен, Жерге тозаң түрінде түседі. Жұлдыз ағу құбылысы ұдайы бола бермейді. Аспанның белгілі бір бөліктерінен саулап түседі. Ондай тұсты «радиант» деп атайды. Құс жолының радиант тұстарында Аждаһалар, Леонидтер, Персейлер, Акваридтер, Ориондар деп аталатын шоғырлар орналасқан. Бұлар – негізінде, ұсақталып кеткен аспан денелері. Айталық, сонау он сегізінші ғасыр ортасында астрономдар Жерге жеті жылда бір айналып соғатын Бэла құйрықты жұлдызын анықтаған. 1846 жылы ол екіге бөлініп кеткені байқалды. 28 жылдан соң төртінші қайтара келгенінде сансыз ұсақ бөлшекке айналып, метеорит ағысына айналғаны мәлім болды. Қараша айының соңында түнгі аспаннан жаппай төгіліп жататын аққан жұлдыздар – осы Биэлиттер тобының өкілдері. Метеориттер құйрықты жұлдыздан қалу­мен бірге оларға ілесе де жүреді. Жер жылына екі рет атақты Галлей кометасының орбитасына жақындайды. Құйрықты жұлдыздың өзі 76 жылда бір айналып соғады. Сексенінші жылдардың басында Галлей Жерге жақындап келе жатқанда «Шырақ соңындағы сұрақ» деген мақала жазып, өзіміз қызмет атқаратын «Лениншіл жас» газетіне жариялағанбыз. Одан беріде Галлейдің ауылы Жерден алыста. Ғарыштың өлшемімен. Сол Галлейдің орбитасында екі метеориттер тобы бар. Біріншісімен Жер мамыр айында құйрықты жұлдыздың орбитасына жақындағанда кездеседі. Оны ғалымдар Акваридтер тобы дейді. Екіншісі Орионидтер тек 33 жылда бір рет Жерді аққан жұлдыздар нөсерінің астында қалдырады. Ұсақ бөлшектерден қатер жоқ, қайта қараған көзге қуаныш, айта жүрер аңыздар мен нанымдарға арқау. Ал, ұшқан қаздай ірі аспан денелері атмосфераға енсе, оларды болид деп атайды. Болид ауаға үйкеліп жанғанда отты шар пайда болады. Соңынан түтін мен будан тұратын шұбатылған із қалдырады. Ондай бұлт 15-20 минут бойына ыдырамай сақталады. Шұбаркөлге құлайтын тас алдымен болид түрінде із қалдырып, аспанда жарылды. Түгел жанып кетпеген кесектері жерге түсті. Жерге түскендіктен метеорит деп аталды. Демек, ғылыми жүйелеу бойынша жанып кететін құйрықты жұлдыз – метеор, жарылған отты шоқпар – болид, ақыр аяғында жерге көктен түскен тас – метеорит делінеді. Жылына 2000 метеорит құлап жатады. Көбі айдалаға, иен мұхитқа түскендіктен елеусіз қалады. Қолға іліккендерін зерттеген ғалымдар оларды химиялық құрамы бойынша тас, темір және тас пен темір аралас деп ажыратады. Ең құндысы, әлбетте, темір түріндегісі. Оның 90 пайызы темірден, 9 пайызы никельден тұрады. Жердің өзінде мұндай сапалы қоспа табиғи түрде кездеспейді. Сондықтан, темір текті метеоритті тауып, өңдей алса, ең өткір алдаспан содан шығар еді. Өкінішке қарай, төбемізден түсіп тұратын аспан кезбелерінің 90 пайызы – тас түріндегілер. Бәрібір жердегі тастан бөлек. Өйткені көктен түскеннің құрамында «хондр» аталатын ұсақ дөңгелек бөлшектер болады. Хондр негізінен Күннің төңірегіндегі жалыннан шығады екен. Хондрда бағзы деректер сақталған деп санайтын ғалымдар сол арқылы Күн жүйесінің қалай қалыптасқанын анықтауға ұмтылады.   3. КӨҢІЛ АУЛАҒАН КӨШІРМЕ Өкінішке қарай, жерге түскен метеориттің бәрі түгел ғалымдардың қолына іліге бермейді. Оны тауып алғандар үкіметке, ғылыми мекемелерге сыйлағаннан гөрі жеке бастарын байытуға тырысады. Бұл орайда қазақ даласындағы «ырғыз» метеоритін мысалға келтіре кету керек. «Ырғыз» – осыдан шамамен миллион жыл бұрын құлаған метеориттің балқыған сынықтары. Аты қай аймаққа түскендігін аңғартып тұр. Аспан денесінің ұсақ бөлшектері ұзындығы мен ені бірдей жеті де жеті шақырымдық шаршы алапқа шашыраған. Негізгі денесі Жаманши атты жерде. Анығында жер астына кіріп кеткен. Содан пайда болған ойық көктен ұшақ арқылы қарағанда анық байқалады. Бір шеті мен келесі шеті жарты шақырымдық бұл шұңғыма ірі метеорит түскенін көзге елестетеді. Көктің тасы түскендегі жарылыс Семейде сыналатын атом бомбаларынан миллион есе қуатты болған. Айналаға ұсақ ұшқындар шашыраған. Кейін суыған ұшқындар «ырғыз» аталатын тасқа айналды. Көркі ерекше. Мәскеу асып, Еуропаға кетеді. Әдемілігінен басқа, түрлі ауруларға ем болады. Мәскеуде «иргизит» деген атпен литотерапия үшін сатылатын тас­тарды әркімдер осы Жаманши бойынан тауып алған. Қазақтың кең даласы «ырғыз» метеори­тінен басқа да аспаннан түскен тасқа кенде емес. Оларды сипаттамас бұрын бала кездің екінші естелігіне кезек берелік. Біз туып-өскен аймақта тау мен жазық кезек араласып келетін. Тарбағатайдың етегі мен Зайсан ойпаты ұштасып жатқан Ақсуат өңірі туралы ең көрнекі теңеуді кезінде Қадыр Мырза Әли жазып кеткен: Тауларымен бастырып қойған кілем жазықты, Білек толы күш-қуат, құшақ толы нәзіктік… Осындай жазық кілемнің бірінің қақ ортасында жеке тас жатыр. Шөгіп қалған піл сияқты. Тек одан ондаған есе үлкен. Мәскеу мен Алматының ғалымдары арнайы көрген, ауыл шөпшілері болса көлеңкесіне дамылдайтын Бөртостаған жартасы бұл. Ол туралы оқушы кезімізде «Білім және еңбек» журналына мақала жазылғаны есімізде. Жалпы, бұл өңірдің әр тауы аңыз бен дастанға лайық. Қубас – Қабанбай батырдың Қубас тұлпарын алқындырған асу. Баспан – қалмақтардың «бұл жерді қайта баспаспыз» деп жылаған тауы. Алақ тауында бергі тарихта Мәмбет Қойгелді сынды ғалымдар «1929-30 жылдарғы «Алақ көтерілісі» деп зерттейтін оқиға өткен. Тарбағатайдың тағы бір бөлек шоқысы Толағай туралы аңыздың негізінде Әбділда Тәжібаев поэма жазған. Өткенде жеке кітапша болып қайта шығыпты, кенже баламызға сатып әпердік. «Толағай тауын бұрынғы көргенің есте қалмаған шығар, енді жазда арнайы көрсетеміз» дедік. Хош, Бөртостаған жайындағы аңызға қарағанда, ол – бір кемпірдің қойға шаппақ болған қасқырды үркіту үшін лақтырып жіберген ұршығының басы. Дәл төбесіндегі салқын су шөпілдеп тұратын ойығы мен тұлғасының тұтастығына қарағанда оған келіңкірейді. Тек… тасының өзі кемінде үш-төрт қабатты, бірнеше пәтерлі тұрғын үйдің орнын алып тұрған ұршықты зыр айналдыратын кемпірді көзге елестету қиын. Көп жылғы ғылыми тұжырымдардың түйіні Бөртостағанды «ғарыштан түспеген» дегенге сайыпты. Оның негізгі себептеріне келсек, біріншіден: бұл тастың күйген, жанған ештеңесі байқалмайды. Екіншіден, ғарыштан құлағаны анық болса мынадай салмақпен жер бетінде қалмай, оған кіріп кетуі тиіс. Үшіншіден, ондай жағдайда бес-алты шақырым төңірегі шұқанақ болып, ойылып қалуы керек. Бөртостаған иен даладағы жалғыз жартас ретінде туристер үшін қызғылықты болса да, метеорит еместігінен ғылыми айналымға енбеді. Оның есесіне ол аймақтағы келесі тас нақты ғарыштан түскен. Рас, көлемі шағын, бірақ жердің болмысынан бөлек екені мойындалған. Бұл тас түскен Қарақол өзеннің бойындағы Ақшәулі тауы – жағырапиялық қана емес, тарихи белгілі орын. Бұған дейінгі мақаланың бірінде жазып кеткенбіз, оралып соғуға тура келеді. Бөгенбайдың өмірден өткенін Абылай ханға естірту үшін Бұқар жыраудың айтқан толғауында: Қалмақты шапқан шулатып, Ақшәулінің өрінен. Қоныс қылған Найманға Бәрін қуып жерінен, Батырың өтті Бөгенбай, – келетін тұсы бар. Ақшәуліні Бұқар жыраудан беріде жергілікті ақын ағамыз Мақан Баймұрзин де жырға қосқан: Қоңыршәлі, Ақшәулі, Жер екен ғой мақтаулы, – деп басталған толғауын алғаш жырлағанда өз құлағымызбен естіп отырғанбыз. Негізі Қоңыршәлі мен Ақшәулі – түйенің қос өркешіндей қатар жатқан тау. Бірақ, бірінің жұлдызы жанып, қазақ жырауларының таңдайы мен әлем ғалымдарының қаламына іліккен. Екіншісі сол қоңырайған қалпы елеусіз қалыпты. Тағдыр. Қырандар мекен еткен Ақшәулінің баурайына 1840 жылы 9 мамыр күні топ етіп көктен тас түседі. «Топ етті» деуіміз жай сөз, ысқырып-пысқырып, қайнап-түтіндетіп құлаған. Мал бағып, жер жыртып жүрген момын қазақтар қатты шошыпты. Ол кезде зымыран, ұшақ жасалмаған. Патшаның зеңбірегі болса Сергиопольден шықпаған. Бұлар алдымен Аллаға сыйынады. Сосын түтіндеп құлаған пәленің ақырын күтеді. Анау құлаған жерде енді қимыл, қозғалыс жоқ. Жарты сағаттан соң жиылған жұрт тас құлаған жерге баспалап жақындаса, ошақ орнындай шұқыр қалыпты. Тәуекелге бел буып, оны қазғанда жарты құлаш тереңдіктен тас шығады. Көктен түскендіктен салмағы жердегіден ауыр екен. Бойындағы жылуы әлі суымапты. О тоба, осы орыстың да араласпайтын тұсы жоқ, тура сол уақытта семейлік көпес Самсонов айна-тарақ, шай-шақпақты ел ішіндегі жүн-жұрқа, тері-терсекке айырбастауға келіпті. Қазақ қашан тастың қадірін білген, көктен түскенін көре тұра оны көпеске ұстатып жіберген. Ол тұста әрбір көпес – жай саудагер емес, алыстағы ақ патшаның тыңшысы, көзі мен құлағы. Самсонов дереу құнды затты құндақтап, алыстағы Петерборға жібереді. Ондағы ғалымдар алдымен «Қарақол метеориті» деп ат тағады. Сосын тұрқын өлшеп, құрамын анықтайды. Салмағы 2 келі 765 грамм тартады. Айналдыра өлшесе сыртынан 45 сантиметр. Мана көктен түскен тастарда «хондр» болатынын жазғанбыз. Мынау да тура солай «хондрит» деп сипатталады. Никель араласқан темірден тұрады. Салмағының жай тастан ауырлығы содан. Жерге ұшып келген жағы үшкір. Сонымен біздің далаға құлаған «Қарақол метеориті» ақыры Ресейдің ғылыми олжасына айналды. Әдепкі көрініс. Ақсақ Темір қашатқан, Сәтбаев тапқан тас та солай әкетілген. 1924 жылы Географиялық қоғамның Семейдегі бөлімшесі соңынан сұрау салған екен. Ленинград бір жағынан біздің ғалымдарды ренжітпеуді, әрі метеориттен айрылмауды ойлап, оның көшірмесін жасатып жіберіпті. Тоқсан жыл бұрынғы көшірме тастың да қайда қалғаны енді белгісіз.   4. ШИПАСЫ ЕРЕКШЕ ШАРАП Басқа елдердің аумағына да көк күрзісі түсіп жатады. Уақыт жағынан да әрқилы мерзімде. Америкаға барғанымызда үндістердің тұтас тайпасын бір метеориттің жоқ қылғаны жайында естігенбіз. Елдің аумағынан метеорит құлап, жарылуынан пайда болған бытыралар көптеп табылған. Оны зерттеген Солтүстік Каролина университетінің ғалымдары бұдан 13 мың жыл бұрын осында үлкен аспан денесі жарылған деп тұжырған. Соның салдарынан аймақты мекендейтін жануарлар мен үндістердің тұтас тайпасы қырылыпты. Кейін Кловис аталатын мәдениет осы аспан кезбесінің кесірінен жоқ болыпты. Беріде Мексиканың АҚШ-қа таяу іргесіндегі бір көлдің жағасынан әлгіндей бытыраларды жинаған ғалымдар «Клозис метеориті» осы тұсқа құлаған депті. Айтпақшы, «Аризон метеориті» ше? Ол құлағанда пайда болған шұңқырдың аумағы ат шаптырым. Ғалымдар есептегенде диаметрі 1, 2 шақырым болған. Оған металл тектес метеорит 49 мың жыл бұрын түскені анықталды. Дэниэл Берринджер деген геолог ұсақ шашырандыларын тапқан да, ең үлкені жер астына кіріп кетті деп тұжырған. Оны қазып шығу үшін бар ақшасын шашып, Аризон кратерін сатып алыпты. Бәрібір қымбат металл табылмады, есесіне Берринджер отбасы оған түрлі әткеншектер орнатып, туристік орталыққа айналдырып жіберген көрінеді. Америка материгін бір-ақ түгендеп шығалық. Осы ХХІ ғасырда Перу мемлекетінің Боливиямен шектес Титикака көлінің жағасына құлаған метеориттің дауы көп болды. Одан 600-дей адам зардап шеккен. 15 метрдей аумақты шұқанақ пайда болған. Ойықтың тереңдігі 5 метрдей. Жақындап барған адамдардың бастары ауырып, құса бастаған. Батылдық танытқан полиция да басымен қайғы болып кеткен. Содан барып «бұл метеорит емес, АҚШ-тың құлаған ядролық зымыраны» деген сөз тарайды. Дереу ғалымдар зерттеуге келеді. Беттерін тұмшалап, қолдарына қолғап кигенмен олардың да кеңсіріктері күйіп, тамақтары қарлығады. Шұқанаққа толып қалған суды ішкен бір бұқа арам қатады. Ақыр-аяғында Перу геофизика институтының ғалымдары «бұл – аумағы бір метрдей тас метеорит» депті. Оған басқалардың дауы бар, тас метеорит болса ауада жанып, үгітіліп түсер еді. Демек, темір болуы тиіс. Осы орайда ойымызға Бөртостаған түсті, демек оның аспаннан қонған қонақ еместігі анық. Ал жергілікті тұрғындардың бас ауырып, балтыр сыздауына соққы салдарынан ауаның қызғаны және оған метан, күкірт қышқылы, мышьяк пен аммиак сынды зиянды қоспалардың тарауы себеп болған. Сол тұстағы құпия мәліметтерге қара­ғанда, оқиға басқаша болуы да мүм­кін. Амеркандықтар өздерінің Иранға қарсы бағытталған КН-13 жасанды жер серіктерін байқаусызда атып алыпты-мыс. Оның қозғағышы радиоактивті 238-плутонимен жұмыс істеген көрінеді. Не керек, маңайдан спутник пен метеориттің қалдығы табылмағандықтан, бұл долбардың түпкілікті нүктесі қойылмады. Егер перуліктер метеоритті тауып алса, оны бәлкім, шарапқа қосып сатар ма еді. Өйткені құрлықтағы көршілері солай істеп отыр. Әңгіме Чилидің Йен Хатчион деген кәсіпкері жайында. Шарап зауыты мен жеке обсерваториясы бар бұл мырза ішіне тұрқы 7 сантиметрлік метеорит салынған бір бөшке шарап қойған. Бабына келген бөшкедегі шарапты бөтелкелерге құйған. Әлгі метеориттің Юпитер мен Марстың арасындағы астероидтер белдеуінен бөлініп, қаңғырып келіп Жерге тап болғанын әрбір бөтелкеге жазғызып қойған. Бір нәрсе айқын, кезінде Марс пен Юпитер арасында планета болған. Ғалымдар оған Фаэтон деген ат берген. Бірді жазып бірге кете береміз-ау, осы ғалым Өмірзақ Айтбаев ағамыз шырқағанда «шіркін бұл кісі әнші болып кеткенде Серкебаев пен Байбосыновтың арасындағы әншілік бір саты Фаэтон планетасының орнындай бос тұрмас еді» дейтінбіз. Жерге тіршілікті осы күл-паршасы шыққан Фаэтонның қалдықтары жеткізген деген долбар да бар. Басқа біреулер керісінше осы алапат соққы Жердегі тіршілік тамырын қиып кетуге шақ қалған дейді. Қайсысына сенерсің?! Ал Ай мен Марстің бетіндегі алып кратерлер – осы Фаэтон жарылғанда бөлінген аспан денелерінің соққысынан қалған із. Жердің ең үлкен ойпаттары, оның ішінде біздің Қарақиямыз бен Сарыесік ойпаттары да сондай соққыдан пайда болған деседі. Қарақия демекші, оған іргелес Түркіменстанға беріде метеорит түскен. Заман деген ауылдың іргесі. Күне-Үргеніш ауданы. 1998 жылғы 20 маусымда. Алдымен Ташауыз қаласының тұрғындары байқаған. Демек, оған дейін біздің Жезқазған, Арал қалаларының үстінен өткені анық. Сол баяғы қатты ысқырық. Ауаны қақ айырған жарылыс. Дереу әскери адамдар хабардар етілген. Ауданның азаматтық қорғаныс қызметі жеткен. Радиациялық ахуал қалыпты екен. Мина іздегішті іске қосқанда үш жарым метр тереңдікте бір зат жатқаны анықталады. Алдымен әлдеқалай түсе қалған бомба ма деп қорқады. Сосын шұқырды қазғанда метеорит шығады. Ашғабадқа аттандырылған кесегі үш өлшеммен 72х81х48 сантиметр болыпты. Бірақ өте ауыр. 820 келі тартады. Айналадан және ұсақ шашырандылар шығады. Олардың жиынтық салмағы 40 келіден асады. Жоқ жерден жарыды да қалды деген осы. Бас аман, оның есесіне қаншама ғылыми олжа. Кешікпей ғалымдар оның Жерге қарсы жолықпай, қуып жетуші аспан денесі екенін анықтаған. Радианты – шығу аймағы Спика атты жұлдыздың маңы. Тегі – тас, құрамында сол баяғы «хондр» көп. Дәл осы «түркімен метеориті» бей-жай, бейтарап жатқан ел ғалымдарының басқа мемлекеттердегі әріптестерімен байланыс орнатуына түрткі болыпты. Хош, әлемді шарлап шықсақ, Ресейге оралайық. Жері ұлан-байтақ болғандықтан Ресейге метеорит жиі түсіп жатады. 1947 жылы «Сихотэ-Алин метеориті» уссири тайгасын бір шулатқан. Салмағы жүз тоннаға жуықтайтын алып аспан қонағы әуеде жарылды. Одан мың-мыңдаған шашыранды шығып, тайга үстіне бұршақша жауды. Ақпан айы қар мен мұз болғандықтан өрт шықпады. Ең үлкен шұқанағының аумағы 46, тереңдігі 6 метрге жеткен. Әлбетте, барлық ғалымдар мен зерттеушілерге, тіпті қарапайым адамдарға ең қызғылықтысы – «Тунгус метеориті». 1908 жылғы жазда Сібір үстінде жарылған бұл аспан денесі 40 шақырымдық алқаптың (тура қазіргі Мәскеу қаласының аумағындай) ағаштарын ұстарамен кескендей қырқып кетті. Бірақ оның құлаған орнын әлі күнге жан баласы таба алар емес. Оның есесіне ұсақ, диаметрі 1 миллиметрлік бытыралар табылды. Олар басқа метеориттердің жарылуынан пайда болған бөлшектерге ұқсас. Тура мына Қостанай, Челябі аспанындағыдай отты шар мен будақтаған ақ түтінді онда талайлар көріпті. 30 шақырым аулақтағы аң аулап, бұғы бағып жүрген эвенкілердің бетін ыстық жалын шарпыпты. Жарылыстан 70 шақырым жердегі Ванавара ауылының терезелері тегіс қираған. Метеориттің өзі табылмаған соң ғалымдар оны Энке құйрықты жұлдызының бөлігі деп тапты. Энке астрономдарға 1786 жылы мәлім болған. Кейін екіге жарылған. Тең емес. Негізгі денесінен 15 пайыздық шағын дене бөлінген. Үлкен жағының аумағы екі шақырымдай. Өзі үш жарым жылда бір рет Күнге жақын өтеді. Шағын бөлігі он тоғызыншы ғасырда астероидтерге айналып кеткен. Бір ұсағы «Тунгус» болуы ғажап емес. Ғалымдар енді Энкенің үлкен денесі жарылды деседі. Онда жаңа астероидтар тобы дайын. Бәлкім, «Шұбаркөл метеориті» сол топтан жеткен бірінші жаушы шығар. Ресей Ғылым академиясының метеориттер жөніндегі комитетінің өкілі Виктор Гроховский «Шұбаркөл метеоритінің» шашырандыларын Урал федералды университетінің «Нанотех» орталығында зерттеп үлгергендерін мәлімдеді. Онда да Күннің шарпуы мен шұғыласын сақтаған хондр бар екен. Құрамы – тас пен темір аралас. Темірі он пайыздан аспайды. Темірден тасы көп болғандықтан аспанда жарылып кеткен. Ресей үкіметі атаусыз келген аспан қонағының жалпы шығынын 1 миллиард долларға бағалады. Бір ғасыр бұрынғы «Тунгус метеориті» анағұрлым қуатты болса да, одан әлдеқайда аз шығын әкелген екен. Онда орыс экономикасы дамымаған, Сібірде сансыз қала салынбаған еді. Енді шарапқа қосып, көрмеде көп алдына тосып, әйтеуір амалын тауып қандай болмасын шығынды ақтап алуға болатын заман. Әй, көктің күрзісі оны есептеді дейсіз бе… Қайнар ОЛЖАЙ Қазақстан – Ресей – АҚШ – Түркіменстан