Тасқыннан кейінгі Ордабасы

Тасқыннан кейінгі Ордабасы

Тасқыннан кейінгі Ордабасы
ашық дереккөзі

Осыдан тура бір жыл бұрын ақпан айында Ордабасы ауданына қарасты Темірлан елді мекенінде тасқын болып, ауылдың біразын су шайып кеткен еді. Айтып келмейтін апат жергілікті тұрғындарды айтарлықтай әбігерге салған болатын. Үкімет арнайы комиссия құрып, тасқынның зардабын анықтап, тасқыннан зардап шеккен ауылды қайта қалыпқа келтіруге күш салды. Өткен қыста ауыр апатты бастан кешкен ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу барысында, Ордабасы ауданына арнайы ат басын тіредік. Оңтүстікте биыл қалың қардың ізі де байқалмайды. Бәйшешектер гүлдейтіндей жып-жылы леп есіп тұр. Бірі ілгері, бірі кейін тұрмыс кешіп жатқан ордабасылықтардың қоңырқай тірлігі бірден көзге шалынады. Біздің мұнда келгендегі басты мақсатымыз – тасқыннан кейінгі ауылдың бүгінгі хал-ахуалымен танысу.

Қалпына келген «Найман» арық

Сонымен…

Былтырғы тосыннан келген тасқын ордабасылықтарды әуре-сарсаңға салып-ақ кеткен еді. Мұнда осыдан төрт жыл бұрын да су тасқыны болған екен. Сол кезде Қапланбековтердің бас­панасын су шайып кеткен болатын. «Қара шаңырақты қайта тұрғызып болдым ба» деп отырғанда тілсіз жау тағы келді. Дүние-мүлік, жиған-терген түгел суға кетті. Арналар мен арықтардан аққан су Ордабасы ауданындағы 300-ге тарта үйді басып, 60-қа жуық үйдің көбесі сөгілді.

Су тасқынына байланысты облыстық бюджеттен «Палуан тас» жырасының 1 шақырым дамбасын су реттегішімен салуға 66 млн. 719 мың теңге бөлінсе, «Найман» каналының басына екі жерден су реттегіш тоспасы салынып, оның құрылысына 20 млн. 744 мың теңге қаражат қаралса, сол қаржының бәрі каналдың құрылысына жұмсалған екен. «Найман» каналы 27 млн. 889 мың теңгеге, Құртай каналы 40 млн. 968 мың теңгеге, Қазыналық каналы 21 млн. 478 мың теңгеге механикалық тазалаудан өткен.

«Найман» каналының 2430 метр қашыртқысын темір бетонмен қаптауға және 720 метрін механикалық тазалауға 405 млн. 219 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыстың дұрыс атқарылуына жұмсалған екен.

Тасқынның алдын алу үшін аудандық бюджеттен 2 млн. 78 мың теңгеге Төрткөл ауыл округінің «Р-10» каналы тазаланып, 1 млн. 200 мың теңгеге Боралдай өзенінің алдын жауып, 40 метр дамба салынды және каналдардың басы ашылды.

Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауыл округіндегі Шұбар, Қай­шылы, Қозыке, Бағлан каналдарының тос­паларын жөндеу жұмыстарына 6 млн. 400 мың теңге, Батырата ауылында 2 қашыртқы су реттегішінің құрылысына 5 млн. 200 мың теңге, Көкарал ауылындағы 5,5 шақы­рым қашыртқы 2 су реттегішінің құры­лы­сына 7 млн. 150 мың теңге, Боралдай ауылындағы Теспе каналын тазалауға 5 млн. 300 мың теңге жұмсалды.

Су тасқынынан зардап шеккен 6 құлаған, 75 апатты, 386 жөндеуді қажет ететін барлығы 467 тұрғын үйге 395 млн. 163 мың теңге, 90 тұрғын үйдің қосалқы шаруашылығына 20 млн. 865 мың теңге, 75 тұрғын үйдің мүлік шығынына 8 млн. 322 мың теңге, 5 отбасының мал шығынына 146 мың теңге қаржы төленген көрінеді.

Аудан өз өнеркәсібімен де ерекшеленеді

Ордабасы ауданы көп ұлтты. Олардың басым бөлігі қазақтар. Жергілікті ағайынның негізгі кәсібі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы. Биылғы жылы бұл өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 млрд. 298 млн. 982 мың теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 104,4 пайызға артты. Ал ауыл шаруашылығы бойынша 17 млрд. 945 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,5 пайызды құраған. Ордабасылық ағайындар тамшылатып суғару әдісін де жете меңгеріпті. Бүгінде 493 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі енгізілген және осы әдіспен Қажымұқан ауылында алма ағаштарын отырғызу қолға алынуда. Бүгінде 300 гектар жерді алып жатқан алма ағаштары жайқалып, алғашқы өнімдерін де бере бастады. Ордабасы ауданына қарасты Бөржар ауыл округіндегі «Ынтымақ» өндірістік кооперативінде сыйымдылығы төрт мың тонналық астық қоймасы іске қосылған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы мықтап ұстанған ордабасылықтар негізгі нәпақасын қара жерден тауып жүр. «Төккен тер мен еткен еңбектің бұйырған несібесін татып жүрміз» дейді жергілікті ағайын.

Аудан әкімі Данияр Тілеубергенов көгілдір көктем туа салысымен, елді мекендерде тал отырғызу идеясын қолға алмақшы. Ордабасы жері суармалы аймақ болып саналатындықтан жергілікті тұрғындар судан аса тапшылық көре бермейді. Өйткені Ордабасы ауданы арқылы Арыс және оның салалары – Боралдай, Бөржар, Бадам, Шұбарсу, тағы басқа өзендер ағып өтеді. Ауданның орталық бөлігінде Бөген таспасы салынған. Одан Арыс-Түркістан каналы тартылған. Бөгеннің оңтүстігін бойлай Арыс каналы жүргізілген. Сол себепті де, ордабасылықтар «суға тапшы емеспіз» дегенді алға тартады. Су болған соң, жергілікті жұртшылықтың көкөніс өсіріп, дәнді дақылдар егуге де мүмкіндігі мол. Бұл өңірде көбіне қияқ, қоңырбас, солтүстігінде бозжусан басым көкпек, сар-сазан, баялыш, күйреуік өседі. Ауданның солтүстігінде бозжусан, ши аралас эфемероидті өсімдіктер те кездеседі. Дәрілік өсімдіктерден күріш қонағы, қара меңдуана, тұмаршөп (жұмыршақ), тағы басқа өсімдіктерді табуға болады.

Жасыл желекке оранған ордаба­сы­­лықтар «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген принципті мықтап ұс­танған. Қажымұқан ауылында жайқала өсіп тұрған алма ағаштары да осының дәлелі.

Бүгінде бұл өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында қосалқы кәсіпорындар бойынша 5688 тонна үй құстарының еті өндірілуде. 194 тонна шұжық және өзге де еттен жасалған өнімдер, 23 628 тонна бидай ұны, кебек және басқа астық өнімдері, сол сияқты 9,3 мың литр көлемінде қоспасыз жүзім шарабы даярланған.

Биылғы жылы бұл аймақта төрт инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында: «Строй ЮгГрупп» ЖШС жобалық құны 135,3 млн. теңге құрылыс материалдары өнімін өндіретін өндірістік кешені, жобалық құны 16 млн. теңге «Байтілес» ш/ш асыл тұқымды ірі қара бордақылау, сапалы ет өнімін өндіру, «Жақсылық Мамадияр» ЖШС жобалық құны 12 млн. теңге тамшылатып суғару технологиясымен жеміс бауын өсіру, жобалық құны 55 млн. теңге болатын «Полат»ш/қ жылыжай құрылысы, 1,0 гектар жерге «Боран» сортты қызанақ егу қолға алынбақшы.

Елбасы өңірлерді индустрияландыру картасы аясында инвестияциялық жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтқан еді. Осы орайда, Ордабасы ауданында бірқатар жобалар қолға алыныпты. Олардың арасында күркетауық фабрикасын жолға қою мәселесі де бар. Ордабасылықтар алдағы уақытта күркетауық өсірумен тұрақты айналысатын болады. Бұл күркетауық етін көбейтуге де өз септігін тигізбек. Өңірде ашылатын тағы бір инвестициялық жоба – ол қызыл мия дәрілік өсімдігін өсіру. Қызыл мия өсімдігінің тамыры көптеген ауруларға мың да бір ем көрінеді. Ал «Аделя» шаруа шаруашылығы 2013 жылы 11 гектар жерге жылыжай құрылысын салуды жоспарлап отыр. Жылыжайдан алынатын көкөніс елдегі ағайынға қыстық азық қана болмайды, әрі экспортқа шығаруға да мүмкіндік тигізеді.

Жазылған хаттың жаңғырығы

Облыста шығатын жергілікті «Оңтүстік Рабат», «Еркін ой» газеттерінде жуырда «Аудан әкімі өз туыстарынан басқаны көрмей ме?» немесе «Тілеубергенов не тындырып отыр?» атты материалдар жарық көрген екен. Ол мақалалардың жазылуына ордабасы аудандық «Нұр Отан» ХДП жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Б.Садуақасовқа Ордабасы ауданы Темірлан елді мекені тұрғындары мен Қажымұқан ауылы тұрғыны Р. Жетпісбаевтың жазған арызы себеп болыпты. Аталмыш арызда өткен жылдың ақпан айында болған тасқын кезінде зардап шеккендерге үкімет тарапынан берілген жәрдем ақы тізіміне көрші Ынталы ауылының бір топ кісілері еніп кеткенін жазады. Арызда бас-аяғы он адамның тізімі енгізілген. Ал біз іссапар барысында жәрдемақы алғандардың қатарында олардың бесеуінің болмағанына көзімізді жеткіздік. Қалған бесеуге жәрдемақы ауданда құрылған арнайы комиссиясының шешімімен су тасқынынан зардап шеккендері үшін беріліпті. Ол бесеудің қата­рын­да тізілген Б.Гусейновтың ұлты әзірбайжан екен. Сонда арызда­ жазылғандай әзірбайжандық от­ба­сының аудан әкіміне туыстық қаты­сы қалай болмақ дейді жергілікті жұрт­шылық.

Аталмыш арызда аудан әкімі Данияр Тілеубергеновке сыныптас болып келетін Бекпейісов Шалқар мен қарындасы Нұржамал Шыршықбаеваның тиісінше 4 млн. жәрдемақы алғандығы туралы жазылған екен. Ал біз тілдескен Бекпейісов Шалқар есімді азамат «өзінің ешқандай да 4 млн. теңге алмағандығын» айтып, мұңын шақты. Тіпті, баспасөз беттерінде жарияланған мақаладан кейін, Шалқардан қарыз сұрап келушілер көбейіпті. Бұл кісі болса, ешқандай төрт миллион теңгені алмағандығын айтып, түсіндірумен есі шығып жүр. Шалқар аға: «Соңғы күндері ақша алмағанымды айтып, ешкімді сендіре алмайтын болдым. Егер мен тасқыннан зардап шекпесем, қалай жәрдемақы алуым керек. Ел-жұртты, ағайынды сендіре алмаған соң, өзімді қорғау үшін сотқа шағымданамын деп шештім», – дейді. Бекпейісовтің шағымында: «Р.Жетпісбаевтың жазған арызы бойынша мені танитын аудан тұрғындары бұл қаржыны таныс арқылы алдың деп айтып жүр. Тіпті осыған орай, отбасымда да жанжал туды. Бұл дегеніңіз, Ордабасы ауданы халқының алдында мені қаралап, ар-намысыма кір келтірген сөздер деп білемін. Осы арызға байланысты кейбір мені білмейтін аудан азаматтары маған сенімсіздік тудырып отыр. Бұл менің денсаулығыма да зиянын тигізді. Менің үйіме тасқын кезінде ешқандай су келмеген, өкімет тарапынан қаржылай көмек алған емеспін» делінген. Сонда алынды деген төрт миллион ақша қайдан шықты?!

Жәрдемақы алды деген бесеудің бәрі өз қолдарымен облыс әкімі Асқар Мырзахметовке түсінік хаттарын жолдаған екен. Олардың қатарында Ш.Ташкенбай деген азаматтың: «Мен 2012 жылы ақпан айында болған тасқын су кезінде, үйіме су кіріп зардап шеккеніме байланысты үкіметтен жеті жүз бес мың қырық теңге көлемінде қаржы алғанымды растаймын, оны өз мақсатымда тұрғын үй салуға, материалдар алуға жұмсадым. Менің аудан әкімі Д.Тілеубергеновке ағайындық туыстық қатынасым жоқ. Үйімнің жағдайын білуге келген комиссия облыстан келген», – деп жазғанын оқыдық. Бұл хаттармен танысу барысында, арызда жазылған деректердің көбінің сәйкес келмейтіндігі анық байқалады. Арыз жазушы азаматты іздегенімізде, жергілікті азаматтар ол кісінің қазір ауылда еместігін, басқа жаққа қыдырып кеткендігін айтты.

Ел арасында ушығып тұр деген мәселенің бірі – Темірлан-Шымкент бағытында қатынайтын таксистердің мәселесі екен. Жоғарыда өзіміз айтып өткен арызда, «соңғы 10 күн ішінде Шымкент қаласында тұратын, бірақ жергілікті жердің азаматы Үкібасов Қайрат келіп, бұл бағытта аудан әкімінің тапсырмасымен менің қарамағыма жұмыс істеп, ақшаны маған төлейсіңдер деп күш көрсету арқылы қоқан-лоққы көрсетіп, елдің тыныштығын алуда» деп жазған екен. Әрі бұл азаматтың аудан әкімі Данияр Тілеубергеновтің туысы екендігі де айтылады. Бірақ аудан әкімі Қайрат Үкібасовтың жеке кәсіпкер екенін әрі Темірлан-Шымкент бағытында қатынайтын қоғамдық көліктердің дау-дамайына өзінің қатысы жоқтығын, оның бәрі тендер арқылы жүзеге асатынын айтып өтті. «Асыл ЖШС» директоры Қайрат Үкібасов «Темірлан-Шымкент арасында жолаушылар тасымалдаумен заңды негізде айналыспақшымыз. Қарамағымда 15 «Хюндай» көлігі бар. Осылар сапалы негізде жолаушы тасымалдауда», – деді.

Жергілікті тұрғындар қазір Шым­кент­­­ке қатынау бағасының арзан­да­ғанын айтып, өз ризашылықтарын білдіруде. Бұрын жекеменшік таксистермен 200-250 теңге көлемінде Шымкентке қатынайтын болса, қазір оның бағасы арзандап, 100 теңгеге түскенін айтады. Әрине, ауылдағы ағайын үшін 200 теңгелік таксиден гөрі, арзан таксиге отырғаны тиімді емес пе? «Қалған ақшаға үйімізге нан-су алып келеміз»,– дейді олар. Әрине, жергілікті ағайынның күнделікті табыс көзі болып отырған жұмысынан айырылғысы келмейтінін біліп отырмыз. Бірақ заңды түрде тіркеліп, нақты салығын төлеп отырса, оларды да ешкімнің кінәламайтыны белгілі. Сондықтан, кез келген дүниенің заңды шешімі болғаны дұрыс.

Қазақта «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген сөз бар. Ауылдың қамын ойлап, күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген аудан әкіміне деген құрметі ерекше ауылдағы ағайын жүйесіз жарияланған мақалаларға өздерінің жаны ауырғанын айтады. Сондай азаматтардың бірі Бөріхан Тәмен мырза: «Неге біз адамдардың тек көлеңкелі жағы мен кемшілігін ғана көреміз. Оның жақсы жақтары мен жақсы қасиеттерін айтуға келгенде, дым білмес, көрмес бола қаламыз», – деп қынжылады.

Түйін: «Елге еткен жақсылық, еленбей қалмайды, еңбек еткен ерінбей, кенелмей қалмайды». Әрбір қазақ азаматы өзінің адал еңбегімен еліне елеулі қызмет жасап, маңдайақы табан терімен еңбек етсе, ұлтына жасаған игілігі осы.

Сондықтан, табиғат тосын мінез танытпасын деп тілейік! Осыдан тура бір жыл бұрын тосыннан келген тасқын ордабасылықтарды есеңгіретіп-ақ тастаған еді. Қора-қопсысын жөндеп, баспанасын қайта тұрғызған ағайын биылғы көктемнің мамыражай қалпында басталғанын тілейді. Елді әбігерге салады-ау деген арық-атыздың бәрін тазалап, қауіптің алдын-алуға тырысып-ақ жатыр. Ла-йым, солай болсын!

Алматы – Ордабасы – Алматы

Гүлзина Бектасова