Қарағандыда тағы бір құрылыс нысаны опырылып түсті

Қарағанды қаласында құрылысы жүріп жатқан сауда үйі құлады. «Алтын Арба» базарының аумағындағы нысан бүгін сағат 12.55-те опырылып түскен. Бұл туралы өңірлік ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Алдын-ала таратылған ақпаратқа сүйенсек, 450 шаршы метр аумақты алатын металл шыбықпен арматураланған ағаш жабындар құлады. Оқиға салдарынан «Атлант Билдинг» ЖШС-ның бетоншысы, 1981 жылы туылған азамат жарақат алып, облыстық медициналық орталыққа жеткізілген. Ғимарат құлаған орынға Жедел-құтқару отряды ММ-дан 3 адам мен 1 техника, Қарағанды облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары ММ-дан 10 адам мен 2 техника шұғыл жетті.

 «Бесобадағы» бес қабатты үй құлағаннан кейін қарағандылықтардың мұндай оқиғаға еті үйренген сияқты. Дәл сондай төтенше жағдай 24 наурызда Қызылорда қаласында да қайталанған болатын. Құрылысы аяқталмаған Шүкіров көшесіндегі бес қабатты үй жермен-жексен болған еді. Оқиға кезінде құрылысқа он адам жұмылдырылған болатын, оның біреуі қаза тауып, екеуі жарақат алды. Біріншісі қалалық ауруханаға жеткізілсе, екіншісі ауруларды қабылдау бөлмесінде қаралғаннан кейін үйіне жіберілді. Мамандар іргетасының қаланған жері ашылып кеткендіктен, бетон қабырғалардың құрылыстың ішіне қарай құлай бастағанын айтты. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйге үміт артқан елдің арманы алыстап кетті.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button