Жаңалықтар

Қабылдау бөлімінің жұмысы қыза түспек

ашық дереккөзі

Қабылдау бөлімінің жұмысы қыза түспек

Апта басында Ақордада Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесу барысында Бауыржан Байбек Мемлекет басшысына «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған тапсырмаларды іске асыру барысы туралы, сондай-ақ партияның ағымдағы жұмысы мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жайлы баяндап өтті.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Елбасыға партияның филиалдары қызметімен танысу үшін еліміздің өңірлерін аралағаны және жұртшылықпен өткізген кездесулері туралы айтып өтті. Ол «Нұр Отан» өңірлердегі өз жұмысын күшейте түскенін және бүгінде Қазақстан Президенті саясатының арқасында партия халық арасында зор беделге ие екенін атап көрсетті. Әрі Партия төрағасының бірінші орынбасары бүгінде еліміздің азаматтарының партияның ұйымдары мен қоғамдық қабылдаулар қызметін оң бағалап отырғанын да тілге тиек етті.

Бүгінде «Нұр Отан» ХДП құрамында 6300-ден астам бастауыш партия ұйымы, 3000-дай партиялық бақылау посты және 271 қоғамдық қабылдау орны бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бауыржан Байбекке еліміздің өңірлерін аралауды ары қарай жалғастыруды, партияның барлық филиалының жұмысымен танысып шығуды, сондай-ақ, жаңа міндеттерді партияластарға жеткізіп, азаматтардың көңіл-күйі мен қажеттіліктерін білуді тапсырды. Мемлекет басшысы қоғамның партияға, жалпы билікке деген сенімін одан әрі нығайтудың маңыздылығына назар аударды.

Өз сөзінде Елбасы «Нұр Отан» партиясының халықтық партия екенін, оның қарапайым адамдардың арасында болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар «Нұр Отан» ХДП Төрағасы мәслихаттар депутаттары тарапынан жергілікті атқарушы билік органдарының қызметіне үнемі бақылау жасау және партияның сайлау­алды тұғырнамасын іске асыру барысына мониторинг жүргізу қажеттігіне назар аударды.

Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті съезге Доктрина әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Аталмыш Доктрина «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру, сондай-ақ, басқарушы партияның 21-ғасырдағы рөлін, көзқарасы мен орнын қамтамасыз ететін іргелі құжат болуға тиіс. Кездесу барысында «Нұр Отан» ХДП Төрағасы партия алдында тұрған міндеттерді одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Кездесуден соң, Бауыржан Байбек мырза: «Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдауда партия мүшелеріне аймақтардағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сол бағытта партияның қабылдау бөлімінің жұмысын әрі қарай дамытамыз», – деп атап өтті.

Гүлзина Бектасова