Жаңалықтар

Сағынтаев Оңтүстікке келді

ашық дереккөзі

Сағынтаев Оңтүстікке келді

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Б.Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, жыл басында дауылдан зардап шеккен Созақ ауданына барды.

Жұмыс сапары барысында Б.Сағынтаев Созақ ауданының Тау­кент елді мекені тұрғындарымен кездесіп, осындағы Сүгірәлі орта мектебінде болды. Қаңтардағы дауылдың зардабын жоюда жергілікті атқарушы органдардың шұғыл атқарған жұмыстарына оң баға берді. Жалпы, табиғи апат салдарынан Созақ ауданында 42 әлеуметтік, 23 өндірістік нысандар, 1949 жеке тұрғын үй, 9 мешіт, 6 аудандық су шаруашылығы нысаны зардап шеккен еді. Аудан бойынша келтірілген материалдық шығын 470,212 млн. теңгені құрады. Ал Сарыағаш ауданындағы тасқын сел салдарынан келген жалпы қаржылай шығынды қосқанда 1 миллиард теңгеден асады екен.

Арнайы құрылған облыстық штаб бірінші кезекте және тез арада тұрғын үйлердің шатырын, содан кейін электр желілерін қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған. Әсіресе, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, зардап шеккендерге, құжаттары жоқ 436 отбасыға құрылған қордың есебінен толық көмек көрсетілді. Ал жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтау үшін облыстың барлық аудандары құрылыс бригадаларын жіберді. 1200-дей құрылысшы күндіз-түні жұмыс істеп, шатыры жоқ үйлерді жауын-шашынға ұрындырмай, тез бітіріп берген.

Бүгінгі таңда зардап шеккен барлық жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар толық қалпына келтірілді. Әрине, құрылыстың сапасы қандай болғандығын ешкім әзірге дөп басып айта алмайды. Дегенмен, тұрғындарға облыс әкімдігі дер кезінде көмек көрсете білген. Созаққа барған Б.Сағынтаев мырза оңтүстіктің атқамінерлері атқарған жұмысқа ризашылығын білдірді.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі:

– Қазір 836 миллион теңге қаржы көлемінде облыс тарапынан Үкіметке ұсыныс түсіп отыр. Ол тек Созақ ауданы ғана емес, оның ішінде сел алған басқа аудандар да бар. Осыған қатысты Үкіметтің Қаулысы дайындалуда. Келтірілген шығынды растайтын құжат рәсімделіп бітсе, ҚР Үкіметі қаржыны аударуға дайын.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы