Жаңалықтар

ҚАЗҰУ-ДАҒЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН

ашық дереккөзі

ҚАЗҰУ-ДАҒЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру», – деп атап айтты. Осы орайда біздің атқаратын шаруамыз – ел абыройы мен ғылым беделін көтеру, жастарды жаңа биіктерге жұмылдыру. Қазір білім министрлігі жастарымызды бакалавр – магистр – докторантура жүйесіне сәйкес ғылымға тартуда. Мемлекет бөлген қомақты қаржы жастардың шетелге шығып, әлемдік тәжірибені меңгеруіне, зертханаларда жұмыс істеп, рейтингті журналдарда мақала жариялауына мол мүмкіндік туғызып отыр.

Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да гуманитарлық және жаратылыстану ғылыми мамандықтары бойынша «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы жаңа ұрпаққа білім беру бағдарламалары» деген тақырыппен Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің отырысы өтті. Аталған кеңеске Қазақстандағы жетекші оқу орындарының проректорлары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің факультет декандары мен кафедра меңгерушілері қатысты.

Еліміздің инновациялық дамуына жоғары дәрежелі мамандар керек екені сөзсіз. Бұрынғы кадр даярлау жүйесі түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Елбасы білім берудегі ең бірінші ба­сым­дық ретінде инженерлік-техника­лық мамандықтардың дамуын айтты. Инженерлік-техникалық мамандықтарды оқытудағы жаңа бағдарламалар STEM – «Science, Technology, Engineering, Mathematics» жүйесіне (ғылым, технология, инженерлік дисциплиналар, математика) негізделіп жасалады. Бұл жүйе жоғары білім берудегі бағдарламаларды қайта қарап шығуға мүмкіндік беріп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде студенттерді шығармашылық тұрғыдан ынталандыруға жол ашпақ. Студенттердің ғылыми зерттеу жұмыс­та­рына араласып, ғылымның жаңа, тың бағыттарын меңгеруге бетбұрыс жасауына, экономика саласында кәсіби қалыптасуына ықпал етеді. Оқу-әдісте­ме­лік кеңестің отырысы барысында жо­ғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын студенттер мен оларға жұмыс берушілер қалай бағалайтындығы, аталған бағдарламалардың білікті маман даярлауға тиімділігі, STEM жүйесінің білім беру бағдарламаларына әсері талқыланды. Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқу ісі жөніндегі проректоры Әбдібеков Уәлихан «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында білім беру бағдарламаларын қалыптастырудағы STEM ұстанымы» тақырыбындағы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Нұрманбетова Жәмила «Құзіреттілік негізінде білім беру бағдарламаларын жобалау мәселелері мен шешу жолдары», «Тұран» университетінің оқу-әдістемелік жұмыстары бойынша проректоры Арупов Акимжан «Құзіреттілік не­гі­зінде білім беру бағдарламалары жүйе­сіндегі сабақтастық: мектеп-кол­ледж-бакалавриат-магистратура-Ph.D» атты баяндамалары тыңдалды. Кеңесте 28 бакалавриат, 3 магистратура ма­ман­дықтары бойынша типтік оқу бағ­дар­ламаларын, оқулықтар мен оқу құ­рал­дарын ҚР БҒМ бекітуге ұсынды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің профессор-оқытушылар құрамының ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерінің көрмесінен басталған жиын мәжіліс, дөңгелек үстелмен жалғасып, университет мұражайы мен механика-математика факультетінің зертханасымен танысумен аяқталды.

Әсел Әнуарбек,

ҚазҰУ-дің студенті