ӨЗІМЕ ДЕ ТЫНЫМ БЕРМЕЙМІН, ӨЗГЕГЕ ДЕ...

ӨЗІМЕ ДЕ ТЫНЫМ БЕРМЕЙМІН, ӨЗГЕГЕ ДЕ...

ӨЗІМЕ ДЕ ТЫНЫМ  БЕРМЕЙМІН, ӨЗГЕГЕ ДЕ...
ашық дереккөзі

Жарылқап ҚАЛЫБАЙ:

Тарихы тәуелсіздіктен кейін тамыр алатын, бүгінде қазақ баспасөзінде өз орнын қалыптастырып үлгерген басылымдардың бірі – «Жұлдыздар отбасы» журналы. «Жұлдыздар отбасы» журналының таралымы да көп. Тәуелсіз басылымдардың ішінде осыншама көп таралымға қол жеткізгені де осы журнал. Журналдың сапасы мен мазмұнын ғана қадағалап қоймай, менеджменттік қызметте де білгірлік танытып жүрген редактор Жарылқап Қалыбайдың елеулі еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Алайда, соңғы күндері интернет басылымдарының бірінде жарық көрген «Жұлдыздар отбасы» журналистерді неге жарылқамайды?» атты сын мақала біздің сұхбатымыздың негізгі өзегі болды. – Жуырда «Серке» сайтында «Жұлдыздар отбасы» журналистерді неге жарылқамайды?» деген мақала жарық көрді. Шын мәнінде солай ма? Журналистерді неге жарылқамайсыз? – Бұл мақаланың тақырыбының артында «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай қайта-қайта жиырма жылқы беріп, түйе беріп, оқырман қауымды жарылқайды, концерттер ұйымдастырып, халқымыздың атақ-абыройына бөленген азаматтарына сый-сияпат көрсетіп жарылқайды, ал неге журналистерді жарылқамайды деген ой тұр. Мен бұл сұраққа былай деп жауап берер едім. Он үш жылдан бері ешқандай үкіметтің, ешқандай партияның, ешқандай коммерциялық құрылымдардың көмегінсіз төрт газет, үш журнал ашыппын. «Жұлдыздар отбасы» мен «АҢЫЗ АДАМ» атты екі журналым таралымы жағынан да, мазмұны жағынан да республикадағы ең үздік басылымдардың бірі болып табылады. Осы жылдардың ішінде қаншама журналистерді жұмыспен қамтамасыз еттім. Қазақстанда бірінші болып танымал адамдар туралы өмірбаяндық сыр-сұхбаттан тұратын жоба жасадым. Менің жобамды көріп, қаншама журналистер жұлдыздарға қатысты немесе сырласуға, сыр-сұхбатқа қатысты басылымдар ашып, «күріш арқасында күрмек су ішіп» жатыр. Бұл журналистерді жарылқау емес пе?! Бүгінгі таңда, қай телебағдарламаны ашсаңыз да, жұлдыздармен сырласып, олардың қызық оқиғасын сұрайды. Бұл да – менің ав­торлық жаңалығым. Яғни, Қазақстанда журналистерге жаңа тақырып тауып беру, жаңа бағыт-бағдар беру жөнінен, жұмыс тауып, жалақымен қамтамасыз ету жағынан қаншама адамды жарылқағаным емес пе?! Қаншама әншілер мен өнер, спорт, әдебиет саңлақтарының елге жұлдыз болып танылуына бірінші болып үлес қостық. Бұл – бір. Екіншіден, кімді жұмысқа аламын, кімді жұмыстан шығарамын – ең бастысы, халыққа сапалы да үздік журнал жасап беріп отырсам болды емес пе?! Еңбек Кодексін бұзып, адамгершілік ар-ұяттан аспасам болды емес пе?! Мен журналистикада жаңа жоба жасап, қаншама журналистерді қызметке тартып отырған жұмыс берушімін. Кез келген жұмыс беруші қызметкерді сынақ мерзімімен жұмысқа алады. Мен Думан Анашты үш ай сынақ мерзіммен жұмысқа қабылдадым. Мен оны жұмысқа шақырған кезде бас редактор етемін дегенім жоқ. «Жауапты хатшылықтан бастасаңшы» дегенімде, «жеті жыл жұмыс істеген жерімді тастап келдім. Бас редактордың орынбасары қызметіне алыңызшы», – деді. «Жарайды» деп, бас редактордың орынбасары міндетін атқарушы қызметіне үш ай сынақ мерзімімен алдым. Ол бір жарым айдың ішінде «Жұлдыздар отбасының» төрт нөміріне шығармашылық жағынан басшылық жасап, бірақ ешқандай да ұйымдастырушылық қасиетін көрсете алмады. Нөмірге қандай сұхбаттар беру керек, қандай тақырыпта сауалнамалар жасау керек, қалай ұйымдастыру керек – осының бәріне орынбасар жауапты. Бірақ бұлардың біреуі де орындалған жоқ. Сөйтіп, ол сынақ мерзімінен өте алмай қалды. Ол кетерінде «Мен, «Жұлдыздар отбасы» журналына емес, керісінше, бұл журнал маған лайық емес. Бұл тобырлардың оқитын журналы. Ал тобырлық журналдың әрқашан таралымы көп болады», – деді. Осы сөзімен-ақ ол өзінің кім екенін көрсетіп отыр. «Жұлдыздар отбасының» жетпіс мыңға жуық қалың оқырманын тобыр санап отырған адам, қалай «Жұлдыздар отбасында» жұмыс істемекші? Егер ол осындай ойда болса, бұл жұмысқа о бас­та не үшін келді? Сондықтан оны бұл қызметке лайықсыз санауым өте дұрыс және әділ шешім деп есептеймін. Егер «Жұлдыздар отбасы» түкке тұрғысыз журнал болса, журналға жазылып немесе сатып алып жүрген 70 мың оқырман ақымақ па? Думан Анаш осы сөзін сол күні фейсбук әлеуметтік желісіне салыпты. Оның фейсбуктағы осындай сөздері мен достарының оған айтқан жауап пікірлерінің негізінде «Серке.орг» сайты ертесіне мені жамандап, көлемді мақала жариялады. Әлгі мақалаға университетте аға оқытушы болып жұмыс істеп жүрген кезімде «Адам Ата – Хауа Ана» газетімді сатқаныма дейін қосыпты. Мұны қалай ұйымдастырғанын білмеймін және кімдердің ұйымдастырып отырғанын тағы білмеймін. 2006 жылы «Дода» ток-шоуында үш студент қыздың айтқанын тілге тиек етіпті. Енді сол үш қызға айтар жауабым: мен газетімді ешкімге де мәжбүрлеп сатқызғам жоқ. Өз еркімен сатқысы келгендер ғана сатты. Бұл үш қыз сабаққа көп қатыспайтын. Тіпті, зачет алу күніне де келген жоқ. Басқа бір күні келіп: «Ағай, біз де сіздің газетіңізді сатайықшы», – деп өздері қиылып сұрады. Оларға «Газет сатыңдар» деп өтініш айтқан емеспін. Газеттің сатылғанын сатып, сатылмағанын зачет алғаннан кейін қайтарып әкеліп берді. – Олар қанша газет сатты? Есіңізде бар ма? – Қанша сатқаны дәл есімде жоқ. Мен неге газет сатқызамын? Себебі, университетке көшеден келе салған адам емеспін. Ол университетті Лениндік стипендиямен оқыған адаммын. Еңбек жолымды Фариза Оңғарсынова басқарып отырған «Пионер» журналынан (қазіргі «Ақжелкен») бас­тадым. Үш жыл республикалық жастар журналы «Арай» журналында еңбек еттім. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев, қазіргі Мейірхан Ақдәулетов, Ақас Тәжуітов, Гүлнәр Салықбаева, бәріміз де сол жерден өстік. Сол журналдың таралымын 370 мыңға жеткізсек, онда менің де үлесім бар шығар. «Егемен Қазақстан» газетіне Шерағаң бас редактор болып келгеннен кейін, мені жұмысқа шақырды. Парламенттегі тілші, саяси шолушы қызметтерін атқардым. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болатын. Одан кейін «Өркен-Горизонт» деген газеттердің бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқардым. Барлық редакторлар жұмысқа мені өздері шақырды. 1996 жылы журналистика факультетінің деканы Намазалы Омашевтың шақыруымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға аға оқытушы болып келдім. Ғылыми диссертация қорғадым. Біреулер айтқандай ұятсыз оқытушы болған жоқпын. Әрдайым өз сабағыма жақсы да­йындалып келіп, студенттерге керекті білім беріп, уақыттарын бос өткізбеуге тырысатынмын. Ал, «Дода» ток-шоуында мені нашар ұстаз ретінде қаралап, көрсетуге тырысты. Және сол күнгі бағдарламаны әдейі ұйымдастырды. Ең қызығы, сол арнада мен үш жылдан бері «Отбасы» деген ток-шоуды жүргізетінмін. Рейтингісі жаман емес. «Дода» бағдарламасымен бір арнада бола тұрып, мені жамандау үшін әдейі сол бағдарламаға қонаққа шақырыпты. Ойымда ештеңе жоқ, «Журналистиканың проблемалары айтылады» деген соң бардым. «Дода» – өткір саяси тақырыптарға арналған ашық пікір алаңы болғаны рас. Артынан жабылып қалды. Журналистік әдеп туралы пікірімді айтып бола бергенімде, үш қыз мені қаралап, бірінен кейін бірі сөйлеп шыға келсін. – Сол күнгі бағдарламаның тақырыбы сізге қатысты болды ма? – «Қазақ журналистикасы неге дамымай жатыр?» деген мәселе қозғалды. Қазақ журналистикасының нашар болуына журфак кінәлі, ондағы оқытушылардың сапасыздығы кінәлі дегендей әңгімелер айтылып, ақыры соның нақты фактісі ретінде маған жабылды. Мен мұндай әділетсіздікті көрмегем, қалшылдап кеттім. Қасымда «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы отырған. Сол кісі менің қолымның сыртынан басты да, «Жарылқап, әдейі ұйымдастырғаны көрініп тұр. Сен сөйлемей-ақ қой, арандап қалма», – деді. Мен сол сәтте не айтқанымды білмеймін. Пәлендей ештеңені жарытып айтпаған да болуым керек. Өйткені ойымды аяғына дейін айтқызбай, сөзімді бөліп, басқа адамға сөз берді. – Сіз өзіңізді өзіңіз неге ақтап алмадыңыз? – Ақтай алмадым. Маған ақталуға мүмкіндік берген жоқ. Бір қызығы, маған қарсы мұндай қаралау ісін бірнеше рет ұйымдастырған. Шымкентте «Айғақ» деген газет бар. Сол газетте 1998 жылы мені қаралап, мақала шығыпты. Елге барсам, ауылдағылардың бәрі шулап жүр. Сосын іздетіп жүріп, тауып алып қарасам, «Арайда», «Егемен Қазақстанда», «Горизонт-Өркенде» істеген тәжірибемді айтпастан, мені өте білімсіз, ешкімге белгісіз журналистика факультетінің сапасыз оқытушысы етіп жазыпты. Арада бір-екі ай өтіп кеткен соң, ауылға барғанда бір-ақ білдім. Сондықтан «ит үреді, керуен көшеді» дедім де үндемедім. 2006 жылы «Дода» тиісті. «Сендерді Алла кешірсін» дедім де, тағы да ренішімді жұтып жібердім. Ал енді осы жолы үшінші рет тиісіп отырған соң, «ер кезегі үшке дейін» дедім де, жауап беріп отырмын. Әйтпесе мен ақталуды өте жек көретін адаммын. – Газетке шыққан мақаладан кейін, өзіңізді қорғап, жауап жазбадыңыз ба? – Жазбадым. Осы жолы мен үндемей отыра алмадым. Өйткені шыдамның да шегі бар. Мен мектепте өте жақсы оқыған адаммын. Әрқашан адал, таза болуды өзіме мақсат тұттым. Барлық нәрсеге салыстырмалы түрде қарауға болады ғой. Тырнақ астынан кір іздеп, «газет сатқызған ұстаз» деп немесе «журналистерге күн көрсетпейтін редактор» деп суреттегісі келеді. Бірақ мұның бәрі – әділетсіздік, қиянат. Нақақтан жала жабу маған. Шерхан Мұртазаға Түркиядан келген бір үлкен басылымның бас редакторының айтқаны бар еді. Осы сөзді үнемі лекциямда айтып отыратын едім. «Нарық жағдайындағы басылым қандай болу керек?» дегенде, Шерағаңа айтқаны: «Сіз Халық жазушысысыз, Қазақстандағы ең үлкен газеттің бас редакторысыз. Сіз өзіңіздің газетіңіздің өтімді болуын қаласаңыз, сол атақ-абыройыңызға қарамастан, газетіңізді алып, Көк базарға апарып, өз қолыңызбен көшедегі оқырмандарға сатудан арланбауыңыз керек. Сонда ғана оқырманның реакция­сын көріп, не жетпейтінін, қалай жасау керектігін білесіз», – деген екен. Міне, мен алғашқы күннен солай еттім. Оқытушылығыма қарамастан, өзімнің сонша жылдық тәжірибесі бар журналистігіме қарамастан, газет-журнал сататын көтерме саудагерлердің барлығына газетімді өз қолыммен беріп шықтым. Өз көлігіме салып алып, дүңгіршектерге өзім тасыдым. «Үшеуін сатып көр. Осы өтпесе, маған қайтарып бересіз», – деген сәттерім де болды. Ол кездері «Дат» газеті ғана қолдан сатылатын еді. «Қазпресс» ол кезде «Аргументы и факты в Казахстане» деген фирма болатын. Қазақ басылымдары өтпейді деп, алмауға тырысатын. Оларға да қазақ газетінің өтетінін мен мойындаттым. «Қазпошта» қолдан сатып алуға қазақ газеттерін алмайтын. Соларға да өткіздім. Еліміздегі қолдан сататын нүктелердің бәріне алғашқылардың бірі болып, қазақ басылымдарының сатылуына жол салдым. Менің сабағымның өзі «Бұқаралық ақпарат құралдарының менеджменті» деп аталатын. Яғни, экономикасы, бизнесі деген сөз. Содан сабақ беріп отырғаннан кейін, өзім соны тәжірибе жүзінде жасап жүрмін. «Керек болса, сендерде осыны сатып көріңдер» деп көтерме сауда бағасымен ұсынатын едім. Студенттердің бәрі болмаса да, біразы сатып көрді. Сатқаны сатып, сатпағаны қайырып әкеліп жүрді. Мен оны қалыпты нәрсе деп қабылдадым. Олардың еңбегін пайдаланған жерім жоқ. Нарық жағдайындағы журналист тек шығармашылық тұлға ғана емес. Ол нарық жағдайында жарнама жасай білуі керек, керек болса, газетін өткізе білу керек. Бізді үкімет тығырықтан өздерің шығыңдар дегендей, өтпелі кезеңде нарықтың дария­сына апарып, тастай салды. Міне, сондай жағдайда газет сатқызсам, ешкімді қорқытып, мәжбүрлегендіктен емес. Мен оны сабағымды үйретіп жатырмын деп қабылдадым. Университетте он үш жыл сабақ бердім. Жыл сайын алдымнан жүздеген студенттер өтіпті. Солардың арасынан шыққан «бір қарын майды шіріткен, бір-екі құмалақтар» бар деп ойлаймын. – Өзіңіз «аттай қалап» шақырған журналистерге қандай талап қойдыңыз? – Аттай қалап алғанда, кейбіреулер: «Жарылқап Қалыбай керемет журналистерді шақырып алады, оларды иттей қылып, шығарып салады. Ешқайсысымен жұмыс істей алмайды» дейді. Біріншіден, құдайға шүкір, жаман журналистермен жұмыс істеп жатсам, Қазақстанда таралымы да көп, абыройы да үлкен екі журналды жасар ма едім. Алдымен соған қарау керек. Әлеуметтік жағдайым болғаннан кейін, басқа жердегі жақсы деген журналистерді шақырдым. Жоғары жалақы, жақсы қаламақы төлеймін. Айына бір миллион теңге төлеп, ең соңғы үлгімен салынған, сән-салтанаты мол екі офис жалдап отырмын. Он үш жылда менімен жұмыс істеген журналистердің саны өте көп. Олардың барлығы бірдей кейбіреулер сияқты артынан сөз ерткізген жоқ. Егер олардың өздері айтпаса, ешкім ештеңе демейтін болар. Олардан да үлкен, елге белгілі азаматтар жұмыс атқарды менде. Өзіне қолайлы болмаған шығар, мүмкін менімен жұмыс істеу қиын болған шығар. Сондай ағаларымның бірі: «Жарылқап, сенің жұмыс істеу қарқының өте жоғары. Мен мұндай қарқынға ілесе алмайды екенмін. Бірақ мен сені қолдаймын. Сен шынында жақсы ұйымдастырушы, редактор екенсің», – деді. Барлық журналистерге қоятын талап – ең алдымен кәсібилік. «Жұлдыздар отбасы» және «АҢЫЗ АДАМ» журналдары – менің ойлап тапқан жобам. Сол жобаға сай жұмыс жасаса, онда ешкімді жұмыстан шығармаймын, қайта еңбекақысын жоғарылатып, көтермелеу үстіне көтермелей беремін. Кез келген жұмысшыдан талап етілетін екі нәрсе бар: бірі – жұмыс уақтысында жұмысқа қатысу, екіншісі – жұмысты сапалы атқару. Ал, кейбір журналистер келіп, өздері бұл жобаның қыр-сырын білмей тұрып, мені үйреткісі келеді. Олардың кейбірі қоғамдық-саяси басылымда жұмыс істеген адамдар. Мен қоғамдық-саяси журнал шығарып отырғам жоқ. Журналдың бағыты: тәрбиелік, танымдық, отбасылық және жеке өмірбаяндық бағыттағы басылым. Бұрынғы басылымның бағытына сәйкес жұмыс жасағысы келген шығар. Бірақ менің жобам мүлде басқаша ғой. Мен өзімнің негізгі принциптерімді бұзғым келмейді. Әрбір нөмірімнің бірінші бетінен соңғы бетіне дейін, барлық іске араласамын. Дизайны қалай болу керек, қалай редакциялау керек, журналға қандай пішінде, қандай әдіс-тәсілдермен берілу керек? Бірінші кезекте кімдерді жазу керек? Барлығын түгел қарап отырамын. Бұл көп адамға ұнамауы мүмкін. Мен өзіме де тыным бермеймін, өзгеге де тыным бермеймін. Бірақ жақсы нәрсе жасамай қоймаймын. Олар бәлкім, бәріне көз жұмып қарайтын жерлерде жұмыс істеген шығар. Мен ондайды көтере алмаймын. Бәрің қайта-қайта айтып қоймайсыңдар. Шындығын айтайын, мәселен, Сәкен Сыбанбай журналда екі жылдай қызмет атқарды. Оның менімен жұмыс істей алмай кеткен жері жоқ. Ондай әңгімелердің бәрі сырттан шығып жатыр. Басқаларға қарағанда, Сәкен ондай емес. Ол жақсы адам, әрі жоғары білімді маман. Оның бір кемшілігі, жұмысқа жиі келмей қалатыны. Ол әңгіме басқа. Амбициясы өте жоғары журналистер бар. Олар менде сынақ мерзімінде ғана жұмыс істеген шығар. Олардың пікірі менімен келіспеген шығар. Ал менің журналымда, редакциямда менің айтқаным ғана болады. Өйткені мен жұмыс берушімін. Олай болмайтын болса, «жаман үйдің қонағы билейді». – Ешкімнің еңбегін жеп, жұмысына қиянат жасаған кезіңіз болған жоқ па? Мәселен, айлығын бермей қою деген сияқты… – Ешқайсысына да. Өмірдегі ең бас­ты принципім – нағыз адам болу және адал, таза адам болу. Ешқашан ешкімге қиянат жасамау. Сондықтан, ешкімнің еңбегін жемеймін. Өзім қиянатшылдықпен күресіп келе жатқан адаммын. Өйткені жоқтан бар жасап жүрмін. Басшылармен тіл табысуға, қаржы аудартуға ебім жоқ адаммын. Осыншама көп таралыммен, керек десеңіз, жарнама ала алмаймын. Менде табыстың көзі таралымнан түседі. Сондықтан, әр тиынымды есептеймін. Мені сараң етіп көрсетеді. Не десе, о десін. Мен әрбір тиынның қадірін білетін адаммын. Он бір жасымда әкем қайтыс болды. Әкем қайтыс болғанда, кенже інім анамның ішінде қалып қойды. Сегіз баланы асырады жесір әйел. Мен соның үлкенімін. Күн сайын еті жоқ көже немесе майы жоқ күріш ботқа жеп өскен баламын. Сол қиындықтарға қарамастан, бәріміз де жоғары оқу орнын тәмамдадық. Жақсы адам болдық деп есептеймін. Дүниенің қадірін біліп өстім. Жалтақтыққа, жағымпаздыққа бой берген жоқпын. Тек жақсы адам болам деп өстім. Таза, мықты адамдардың көбі кедей отбасылардан және ауылдан өсіп шығады. Бүгінгі күнге өз еңбегіммен жеттім. Әр тиынның қадірін білгеннен кейін, журналистерге әркімнің еңбегіне қарай төлеймін. Қабілетіне қарай берем. Қабілеті төмен, қосқан еңбегі аз адамның айлығы да аз болады. – Белгіленген мөлшер жоқ дейсіз ғой. – Ондай жоқ. Азайтып, көбейтіп отыру менің қолымда. Нарықтық экономиканың бір жақсы жері, жұмыс берушінің де, жұмыс жасап отырған адамның да таза еңбекпен табыс табуға мүмкіндігі мол. Баспасөз адамдарының көбісі үкіметтік газет-журналдарда жұмыс істеуде. Оларды үкімет қаржыландырады. Ондай жағдайда олар мүмкіндікті біле бермейді. Әрбір тиынды өзің тауып отырған кезде, сен тиынды өзің есептейсің. Тапқанымның бәрін өзіме жапсырып, жұртқа ештеңе бермей отырған жерім жоқ. Тіпті, республикадағы ең үздік екі журналдың авторы әрі шығарушысы бола отырып, әлі күнге жеке офисіміз де жоқ. Бірақ бірінші кезекте оқырманды жарылқауға, оқырманға ең сапалы журналдарды шығарып беруге бар күшімізді саламыз. – Сары басылымдардың көбі бәсекеге қабілетті болу үшін «черный пиармен» көбірек айналысады. Сіздің принципіңіз не? Басылымның таралымын арттыру үшін қандай амалдарға барасыз? – Біріншіден, «Жұлдыздар отбасы» мен «АҢЫЗ АДАМ» журналдары – сары басылым емес, бұл әрбір қазақтың баласын ұлы тұлға етіп тәрбиелеуді мақсат еткен тәрбиелік, танымдық, имандылық бағыттағы ұлы мақсаттарды көздеген басылымдар. Көптеген тарих пен әдебиет пәнінің мұғалімдері мектепте «АҢЫЗ АДАМНЫҢ» әрбір нөмірін «мектептен тыс оқу құралы» ретінде пайдаланатынын айтып та, жазып та жүр. Өмір бойы қоғамдық-саяси басылымдарда жұмыс істедім. Оқытушылыққа барғаннан кейін, әлеуметтік басылымдар, отбасылық мәселелерді зерттей бас­тадым. Ал, адам өмірі, өмірдің мәні, рухани дүниелер мені бұрыннан-ақ ерекше қызықтыратын. Сондықтан, имандылық, тәрбиелік бағыттағы ойлы оқырманға арналған басылым жасауға бел будым. Бұл – бір. Екіншіден, қоғамдық-саяси басылым болғым-ақ келеді. Бірақ ол үшін бір партияның астына кіруім керек немесе бір үлкен қаржылы корпорацияның қол астында болуым керек. Ондай кезде сенің өз еркің өзіңде болмайды. Мен ондайды қаламадым. Менің алдымда да отбасылық журналдар болды ғой деп, біреулер айтуы мүмкін. Мәселен, «Қазақстан әйелдері» журналы тек қана әйелдерге арналған басылым болды. «Ақ босаға» деген газет мұсылман әйелдеріне арналған басылым болып ашылған. Мен неке және отбасы мәселелерін ғылыми тұрғыда зерттегендіктен, ер мен әйелді бөліп алып, бір-біріне қарсы қоймай, мәселеге тұтас қарап, ері, әйелі және балалары деп аталатын отбасы үштағанының ең басты бөлігі – ұрпақ мәселесін бірінші кезекте алға қоятын отбасылық басылым ашуды қолға алдым. Бүгінгі қоғамда, әр түрлі шешімі табылмаған мәселелер көп. Бірақ олармен күресу үшін, ең алдымен, отбасыны ұйыту керек. Сонда ғана кез келген қиындықтан шығуға болады. «Адам Ата – Хауа Ана» газетін солай бастағанмын. «Жұлдыздар отбасы» мен «АҢЫЗ АДАМДЫ» сол бағытта ұйымдастырдым. Әрбір жас оқырманды тұлға етіп тәрбиелеу, оларға жақсылықтың нәрін себу – ең басты мақсат. Жақсы нәрсені оқыған адамның ой-санасы да тазарады, жақсы бағытта дамиды. Әрқашан да сондай ойға келемін. Мәселен, соңғы мақалада мені талауға тырысты ғой. Сол қаралаудан мен өзіме мынадай сабақ алдым. Оқырманның жүрегіне мөлдір, таза, аппақ нұр себетін журналды тек өзі таза, адал журналистер ғана жасай алады. Сондықтан, мен бұдан былай жұмысқа алатын журналистерден тек кәсібилікті ғана талап етпеймін, сонымен бірге Адамдықты, Адалдықты, Табиғилық пен Шынайылықты талап етемін. Мейлі, оның кәсібилік жағы төмен болуы да мүмкін. Өйткені кәсібимін деп жүргендердің кейбірінің – іші қара, лас. Менен үлкен қаражат алып, бірақ мұнда өздерінің айтқанымен жүргісі келеді. Бұл жерде мынандай мәселе, жобаны мен аштым ба, онда ол мен қалағандай болады. Мен тазалықты, адалдықты қалаймын. Ең сапалы, ең жақсы журнал жасағым келеді. Әрі маған жақсы журнал жасағысы келетін журналистер керек. Қазаққа бүгінде жасы жүзге келіп жатқан «Қазақ» газетіндей, «Айқап» журналындай басылым керек. Жұрт не десе, о десін, қазақтың қоғамдық-саяси санасын оятқым келеді, рухани санасын оятқым келеді. Әрбір қазақ баласы ұлы адамдарға, қайталанбас тұлғаларға ұқсап өсуі керек. Мен соған қол жеткізгім келеді. Сол бағытта жұмыс жасап келемін. Қазақ журналистикасына қаншама жаңалық алып келдім. Күндердің күнінде баспасөзді зерттейтін бір адамдар шығып, дәлелдейтін болар. Осыдан 10-13 жыл бұрын жастарымыз шет елдің жұлдыздарына еліктеп, біздің газет-журналдарымыз қоғамдық-саяси бағытты ұстанып жүрген кезде, жаңа тың жол салдым. Өзіміздің арамыздағы танымалдардың қайсысы жұлдыз, олардың жеке өмірі қандай, біздің жастарымыз неге өз жұлдыздарымызға, өзіміздің ұлы ата-бабаларымызға еліктемейді деген мәселелер мені жиі мазалады. Неге тұлғаны сырттан іздейміз? Олардың өмір жолын, шығармашылық жетістікке қалай жеткенін көрсетіп, алғашқы өмірбаяндық сыр-сұхбат жобасын бастадым. Әрі қызық әңгімесін айтқызып отырдым. Автобиографиялық жоба­ны енгізген менмін. Маған дейін әр басылымда әр жылдары бірлі-жарым өмір­баяндық сұхбаттар болған да шығар. Бірақ тұтас бір жобаны түгелімен өмірбаян­дық сыр-сұхбаттарға арнаған басылымды қазақ оқырманына алып келген мен деп еркін айта аламын. – Қазір қаптаған қызыл-жасыл журналдар көбейіп кетті. «Кереметі» бар, «Сырласуы» бар. Мұның бәрі сізді көшіріп алды деп есептейсіз бе? – Мұның бәрі менен кейін жасалды. Олар тақырыпты, идеяны ұрлады. Өмірбаяндық сыр-сұхбаттар жанрын және оны басылым бетіне қандай формада беру әдіс-тәсіліне дейін рұқсатсыз көшіріп алды. Алғашында ешқайсысын сотқа бермедім. Соттасуды, біреумен айтысуды ұнатпайтын адаммын. Біреуіне ырық бергеннен кейін, екіншісі, үшіншісі шықты. Менің мұндай сөздерім сол журналистердің қытығына тиетінін білемін. Ал басқа әріптестеріме менің өзімді-өзім тәуелсіз қаржыландырып отырғаным, журналымның таралымы мен абырой-атағы ұнамауы мүмкін. Елді шулатып жарнама беремін, концерттер қоямын, «20 жылқы + 1 түйе» деп акциялар ұйымдастырамын, журналдарымыз туралы зиялы қауымның пікірі өте жоғары. Қысқасы, мен үкіметке де илікпей әрі ешқандай тамыр-таныссыз журнал шығарып, жоқтан бар жасап отырған адаммын. Билікке де, оппозицияға да жұмыс істеп жатқаным жоқ. Халық жағындамын. Халыққа екеуі де керек. Ең алдымен, халықтың өсуі керек. Осының бәрі біреулерге ұнамайды. Бұдан 150 жыл бұрын Абайдың заманында болған қазақ, қазір де сондаймыз. Негізгі қанша жыл өтсе де табиғатымыз бір. Қайта-қайта Абайға жүгінем. Абай айтады: Менсінбеуші едім наданды, Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпекші ем заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып. Таппадым көмек өзіме Көп наданмен алысып. Рас. Тура солай. Бүкіл қазақ журналистері надан деп айтпаймын. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Арасында ондай құмалақтар бар. Екіншіден, Абай: Жамандар қыла алмай жүр, адал еңбек, Ұрлық, қулық қылдым деп, қағар көлбек. Арамдықтан жамандық көрмей қалмас, Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек, – дейді. Біреуге арамдық жасап, біреуге қысастық жасап жүрген жігіттерге осыны айтар едім. Қазір интернет басылымдары көбейді. Кез келген жаңа нәрсенің екі жағы болады: жамандық жағы, жақсылық жағы. Әзірге соның жақсылық жағынан гөрі, жамандық жағы көбірек басып келеді. Ол мақаланы кім жазғаны да белгісіз. Өйткені авторы да, сайттың құрылтайшылары мен шығарушылары да белгісіз, еш жерде тіркелмеген. Кезінде мен саяси тақырыптың журналисі болып та қызмет атқарғанмын. Сондықтан, осы жолы үндемей қалуға болмайды деп шештім. Адалдық пен әділдік қай жағында екенін – оқырманның өзі таразыласын. Маған тасада тұрып тас атып, тырнақ астынан кір іздеп отырғандардың артында біздің журналдың таралымы мен атақ-абыройын көре алмаушылар тұр.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА