Жаңалықтар

«ТОЙОТА» – «ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН»

ашық дереккөзі

«ТОЙОТА» – «ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН»

Жол таңдамайтын сапалы көлік енді отандық өндірісте жасалмақ. Бұл ішкі нарықтағы «Тойота» бағасын төмендетуге сеп. Жапондардың «Тойотасы» енді Қазақстанда жасала бастайды.

Өткен аптада«Тойота Мотор Корпорэйшн» компаниясының аға басқарушы директоры және «Тойота Мотор Европа» президенті Дидье Леруаны қабылдаған ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Бұдан былай біздің елімізде жапондық жол таңдамайтын Fortuner көлігі СКD тәсілімен шығарылатын болады. Қостанай қаласындағы «Сарыарқа Автопром» ЖШС-де ұйымдастырылатын дәнекерлеу мен көлік қаңқасын сырлау арқылы жасалатын майда салалық жинау процесіне негізделген жұмыс толық автоөндіріс қалыптастыруға бағытталған. Аталған жоба шеңберінде жылына 3 мың көлік шығарылмақ.

«Біз үшін бұл жоба өте маңызды және өзара тиімді әріптестік орнатуға жақсы мүмкіндік болып табылады. Біз бұл жобаның Қазақстанның автоөндірісін дамытуға және индустрияландыруға өз үлесін қосатынына сенімдіміз», – деп мәлімдеген Д.Леруаны Қазақ премьері де қолдады: «Қазақстан Кедендік одақтың мүшесі және автоөнімдерді өткізудің шекарасы кең, Үкімет бұл жобаға барынша қолдау көрсетіп және «Тойота» корпорациясының Қазақстанда тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасайды». Осы мәселеге орай баспасөз мәслихатын өткізген «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС акционері Андрей Лаврентьев «Тойота. Қазақстанда жасалған» жобасына Қазақстан тарапынан 35 млн. доллардан астам инвестиция салынғанын айтты: «Аталмыш жобаға құйылатын инвестиция мәселесіне тоқталсақ, бұл айтарлықтай үлкен жоба. Оған дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операциялар толығымен енеді. «Сарырқа АвтоПромда» жүргізілетін өндірістік үдеріске Қазақстан тарапынан 35 млн. доллардан астам инвестиция бөлінді». Жоба 2014 жылдың көктемінде басталмақ. Дидье Леруаның хабарлауынша, отандық нарықтағы шетелдік көлік өтімді: «Қазақстанның экономикалық әлеуетi мен автокөлiк нарығы әлемдегi ең үздiктердің қатарында екеніне сенiмдiмiз. 2009 жылдан бастап осы уақытқа дейiн бiз 20 мың Тойота және Лексус автокөлiгiн сатып үлгердiк. Соңғы екі жылда бiз автокөлiктер сату көрсеткiшiн еселеп, өткен жылы 10 мың автокөлiк саттық. Қазақстанда өндiрiстi iске қосу арқылы елдiң автомобильдендiру және индустрияландыру қарқынын арттыруға өзiндiк үлес қосамыз деп ойлаймын».

Іргетасы 1933 жылы қаланған «Тойота» 1960 жылдары ерекше қарқынмен дами бастады. Әлемдік нарықты жаулап алған компания 2007 жылдың алғашқы тоқсанында тұңғыш рет аса ірі көлемде машина шығарып, Жер шарының түкпір-түкпіріне сатты. Бұл көрсеткіш оның бәсекелесі General Motors кәсіпорнынан бірнеше есе жоғары болатын. 76 жыл бойы «әлемдегі ең ірі көлік өндіруші» атағын ұстап тұрған General Motors пен басқа да алпауыт өндіріс орындары «Тойотамен» бәсекелестікке төтеп бере алмады. 2007 жылы 2,37 млн. машина шығарған кәсіпорын тоқсан аяқталғанша 2,35 млн. данасын сатып үлгерген. Қаржылық дадғарыстың салдарынан 2009 жылды шығынмен жапқан «Тойота» 2012 жылдың жазында Volkswagen мен General Motoros кәсіпорындарын басып озып, әлемдік нарыққа қайтадан үстемдік жүргізуге көшті. Қазақстанмен серіктестік қатынас орнатуға мүдделі жапондық компания енді ішкі нарықтағы көліктер бағасына оң ықпал етуі тиіс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ