Жаңалықтар

АҢҚАСЫ КЕПКЕН АҚЖАРЛЫҚТАР

ашық дереккөзі

АҢҚАСЫ КЕПКЕН АҚЖАРЛЫҚТАР

Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданына қарасты Ақжар ауылының тұрғындарының жанайқайын тыңдайтын шенеунік табылмай отыр. Ауыл тұрғындарының басты зары таза ауыз судың болмауы. Суды тасып ішкеннен әбден шаршаған. «Шымкенттің іргесінде тұрсақ та, шелектеп су тасып, шиборбай атандық», – деп өкпелі.

Оңтүстіктің ең түкпіріндегі ауылдардың өзі таза ауызсумен қамтылып жатқанда, қаладан атшаптырым жердегі елді мекенге ешкімнің көңіл бөлмейтіні расында ойлантатын-ақ жағдай.

12-13 жылдан бері күні-түні ағатын үш құдыққа осындағы 700 отбасының (5 мыңдай тұрғын) күні қарап отыр. Ондағы сыздықтап ағатын су тәтті ме, ащы ма, онда ешкімнің жұмысы жоқ. Бастысы, таласып-тармасып бір жұтым суға қол жеткізсе болғаны. Мал да, жан да осында шөлін басады. Бірақ тұрғындардың айтуларынша, соңғы кездері ел арасында тырысқақ, сарыауру дертіне шалдыққандар көбейіп кеткен. Құдық басын «кездесу орны» деп атап кеткен халық таң рауандап атқаннан кешқұрымға дейін мықшыңдап су тасып жүргені.

– «Жыламаған балаға емшек жоқ» қарағым, – дейді ауыл тұрғыны Тілеулес Сапарбаев. – Айналайын-ау, біз жыладық не, жыламадық не? Су шығарамыз деп талай рет ақша жинадық. Ащы су шықты. Одан басқа жерді ұңғыдық. Ештеңе өнбеді. Қарашаның қаражаты ұстағанның қолында, тістегеннің аузында босқа кетті.

Мұндағы ойын баласы да ауылдағы үш құдыққа қарай есекпен я болмаса шанамен безілдеп кетіп бара жатқаны. Тұрғындар ауыл әкімінің қолынан ештеңе келмейді деп санайды. Кезінде құдық қаздыртамыз деп 10 мың теңгеден ақша жиған екен.

Кезінде су барады деп құбыр тартылған. Тіпті осындағы маңызды деген 11 көшеге 2007 жылдары-ақ орталық құбыр жетіп те қойыпты. Сөйтіп, 178 миллион теңгенің басына су құйылған. Бірақ қазір «Таза су» бағдарламасының бұл арадан жетім қалған құбырларын ғана көресіз. Іс аяқсыз қалған. Өйткені 480 метр тереңдікте қазылған ұңғыдан су шықпай қалыпты. Ауыл әкімі Мырзагелді Манабаев басты себепті осылай түсіндірді. Демек, жұмсалған ақша ауаға кетті деген сөз. Мұны шенеуніктің өзі де мойындап отыр. Бірақ ол кезде бұл креслода басқа әкімнің отырғанын айтып ақталды. Сондықтан желге ұшқан теңгелердің есебін бере алмайды екен. Есесіне, Шымкенттен қазір су тартылып жатқанын айтады. Осы су жолы бітсе, биыл күзде-ақ Ақжардың жұрты таза суға қарық болмақ. «Сабыр түбі – сары алтын. Ауылдың халқын сабырға шақырамын», – дейді әкім.

Әрине, сабыр түбі – сары алтын екенін ауыл тұрғындары да, біз де жақсы білеміз ғой. Бірақ 2007 жылдан басталған сабырлылық 6 жылға ұзарып кеткен жоқ па?

Ал осы кезде…

Ақжар ауылдық округінің әкімі Мырзагелді Манабаев жергілікті тұрғындардың алдында 2012 жылды қорытқан есебін берді. Бір қызығы… жасалған жұмыстарды қорытқан әкімге ауылдағы төбе би, ардагерлер кеңесінің төрағасынан бастап, барлығы да М.Манабаевтың баяндамасынан көңілі жадырап шыға келді. «Қанағаттандық, жақсы деген баға қоямыз» десті жарысып, жапа-тармағай. Ал таза судың жәйі ол бұрыннан келе жатқан мәселе ғой. Тіршілік нәрін биыл жыл аяғына дейін шешсек те болады десті. Аң-таң болдық.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы