Жаңалықтар

АҚША БЕРІП АЛҒАН КУӘЛІК

ашық дереккөзі

АҚША БЕРІП АЛҒАН КУӘЛІК

апатқа әкеліп соғады

Кешкі жаңалықтардан «көлік оқиғасы орын алды», «адам шығыны бар» дегенді жиі естиміз. Ал, сол жол апаттарына кім кінәлі? Арты адам өліміне, болмаса ауыр жарақатына әкеліп соғатын апаттарды жүргізушінің салғырттығынан көреміз бе, әлде темір тұлпардың әлсіздігінен бе? Алдын алу үшін қандай шаралар жасауға болады?

2012 жылы Қазақстанда жол апаты салдарынан 2 мың 400 адам көз жұмып, 13 мың 700 адам жарақаттанған. Қазақстанның ішкі істер министрлігі жол полициясы комитетінің дерегіне сүйенсек, «жол апатының 90 пайызына көлік жүргізушілер кінәлі». Комитеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Бейсенқұлов жыл басынан бері Қазақстанда тіркелген жол-көлік оқиғасының: «1 мың 375-і арақ ішіп, көлік айдағаннан, 11 мың 561-і жылдамдықты шамадан тыс асырудың салдарынан, 3 мың 336-сы рөлде отырып телефонмен сөйлескеннен, 6 мың 908-і қауіпсіздік белдігін тақпағаннан болды», – дейді. Байқағанымыздай, темір тұлпарға тағар айып жоқ. Барлық оқиғалар дерлік жүргізушілердің салғырттығынан, жауап­кершілікті сезінбегендіктен болып отырғандай.

Бүгінгі таңда облыс орталықтарында, ірілі-ұсақты қалаларда бейнебақылаулар орнатылған. Өз кезегінде, бұл ереже бұзған жүргізушілерді бірден анықтауда септігін тигізуде. Бұрынғыдай, «кім кінәліні?» іздеудің қажеті жоқ. Барлығын бейнебақылау айтып береді. Өкінішке қарай, бұл да ереже бұзушылардың санын азайтар емес. Әкімшілік жазаға кесіліп, айыппұл төлеп құтылу қалтасы қалың азаматтарға түкке тұрмайды. Сондықтан болу керек, олар үшін ережені бұзып жүре беруге «болады».

Келесі мәселе, жүргізуші куәлігінің сатылуы. Бас сұқпайтын жері жоқ жемқорлық бұл жерде де өз қолтаңбасын қалдырған секілді. Бұл – автомектептерге, одан кейін МАИ қызметкерлеріне тағылар сын. Осыған тоқтау салатын кез келген сияқты. Заң қызметкерлерінің өздері заңға қайшы әрекет етсе, қарапайым халықтан не сұраймыз? Куәлікті сатып алған, жол ережелерінен мүлдем хабарсыз азаматтың апатқа ұшырау ықтималдығы жоғары. Оңай қол жеткізгеннен кейін, одан «айырылып қаламын» деп қорықпайтындар да бар. «Ақша беріп алған куәлігімнен айырылып жатсам, тағы ақша беріп қайтарып алармын» дейтіндер көп. Осы орайда, МАИ қызметкерлерін заң қорғаушылары емес, заңды сатушылар деп танитын болдық. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, бүгінгі қоғамның көрінісі осындай. Бұл ешкімге де құпия емес.

2010 жылы сол кездегі депутат Ирак Елекеев «әскери шенділерден бөлек, азаматтарға жүргізуші куәлігін 21 жастан беру керек» деп бұрынғы үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған болатын. Экс–депутаттың айтуынша, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттерде куәлік 21 жаста беріледі және бұл бастама елімізде көлік апаттарының алдын алуға септігін тигізбек. Бұл мәселе талай көтерілді. Алайда, әзірге нәтиже жоқ.

Тәрбие тал бесіктен басталады. Мектеп бағдарламасында «Көшеде жүру ережесі» пәні оқытылады. Бірақ бұл тек пән атауы ретінде қалған сияқты. Оқушылар да бұл пәнді сабақ деп елемейді. Себебі, мұнда тек жаяу жүргіншінің құқықтары мен міндеттері айтылады. Ал, ХХІ ғасырдың ұл-қыздарына көлік жүргізе білу міндет, тіпті, қажеттілік секілді. Жоғары сыныптың оқу бағдарламасына көлік жүргізуді енгізген дұрыс сияқты. Бұл автомектептің бас­тамасы болар еді. Ең болмағанда, көлік жүргізудің жауапкершілігі мол іс екендігін түсініп, оған баланың ойынындай қарамайтындай жағдайға жеткізу керек.

Бүгінде күнкөрістің бір жолы – такси қызметі. Көптеген мемлекеттерде «таксист» арнайы мамандық иесі. Шетелде «такси» қызмет көліктері есептеуіш құралмен жабдықталған. Таксилер бір орталықтан басқарылады. Бізде де бұл қызметті барлық көліктер емес, арнайы мекемелердің атқарғаны жөн болар еді. Себебі, жол апаттарына таксист мырзалар кінәлі болған жағдайда, жолаушы өміріне кім жауапты?

Бізде жол жүру мәдениеті қалып­таспаған. Көшеде келе жатып, жаяу азаматтың құқығының тапталғанына куә болғандар аз емес. Бағдаршамның жасыл шамы жаяу жүргіншіге жанып тұрса да, тез жүрмегендіктен, балағаттап жатқан жүргі­зушіні екінің бірінде көруге болады. Мұндай ұсақ-түйекке мән бермейтініміз тағы бар. Әйтпесе, адами ар-намысқа тіл тигізген азаматтың жазаға тартылатындығын білеміз. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде жүргізушілердің, әсіресе, айлық жүру билетін пайдаланатын азаматтарға деген дөрекілігін жиі байқаймыз. Студенттердің көпшілігі сол билетті пайдаланғандықтан, жүргізушілердің «тоқтама» болмаса «билеті барлар мінбейді» дегендеріне жиі куә боламыз. Автопарк әкімшілігіне бұл жағдайды түзейтін кез келді. Жақында жас жігіттің жолдың қақ ортасында қарт кісілерді соққыға жыққандығы жайлы ақпарат барлық телеарналарда көрсетілді. Қарап отырсақ, барлығы жай ғана жолдағы келіспеушіліктен басталған. Асығыс жүргізушілердің күнделікті біріне бірі ауыздарына келгенін айтып, балағаттауына көз жұмып қарайтын болдық. Ал дәл мынадай жағдай бірінші рет орын алып отыр. Кейінірек бозбаланың әкімшілік жазаға тартылатындығы айтылды. Оңай жаза секілді. Алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл? Жазаның ауырлығы мұндай қылмыстардың қайталануына тосқауыл болар еді.

Апат айтып келмейді. Жол көлік оқиғасына кез келгеніміз тап болуымыз мүмкін. Ең бастысы, куәлікті ақшаға сатып алғандар адам өмірін айтарлықтай құндылыққа баламайтыны жанды ауыртады.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ