Жаңалықтар

АНА ӨЛІМІ АЗАЙМАЙ ТҰР

ашық дереккөзі

АНА ӨЛІМІ АЗАЙМАЙ ТҰР

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмайловтың жылдық есебін тыңдаған болатын. Басқарманың қолға алуымен былтырғы жылы 60 шақты денсаулық сақтау нысаны салынып, ел игілігіне тапсырылғаны көрінеді. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жасалған шаруалар да аз емес. Ауылдық медицинаны дамыту мақсатында өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған «Саумал» жобасы да өз жемісін беруде. Дегенмен, халық оқ бойы озық медициналық көмекке әлі де болса зәру.

Іс тетігін кадр шешеді. Бүгінде дәрігерлердің білімін жетілдіру – бірінші кезектегі мәселе болып тұр. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының 303 дәрігері мен 223 орта буын мейірбикесі қайта даярлаудан өтіпті. 2844 дәрігер мен 4863 орта буын мейірбике білімін жоғарылатқан, оның үштен бірі халықаралық деңгейде. Алайда, біліктілігін арттыру үшін дәріс алған дәрігерлер оқыған-тоқығандарын тәжірибеде көрсете алмай отыр. Басқарма алдағы уақытта мұндай медицина қызметкерлерін мониторингтік топтар арқылы бақылауға алмақ. Ана мен бала өлімінің көбеюі де дәл осы маман қабілетсіздігінен орын алып отырғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, былтырғы жылы нәрестелер өлімінің көрсеткіші 16,6-дан 15,4-ке төмендегені байқалса, аналар өлімінің көрсеткіші 16,8%-дан 20,6%-ға көтерілген. Қадағалау органдары осы мәселені зерттеп-зерделей келе былтырғы жылы перзентханада қайтыс болған 18 ананың 12-сінің өмірін сақтап қалу мүмкін болғанын анықтаған.

Бір қорқыныштысы, өңірде өздігінен босануға қабілетсіз әйелдердің қарасы көп. Бүгіннің өзінде облыста арнайы ем-дом алғаннан кейін ғана босануға рұқсат берілетін алты мыңнан аса әйел есепте тұрады екен. Ал дәрігерлер денсаулық көрсеткіштерін саралай келе 60-тан аса нәзік жандыға «мүлде босануға болмайды» деген байлам жасаған. Алайда, дәрігерлердің нұсқауына құлақ асатын әйел аз. Босануға қабілетсіз деп танылған әйелдердің арасында бүгіннің өзінде құрсағына бала біткендері қаншама. Дәрігерлер нәзік жандылардың ертеңіне алаңдаулы.

«Жедел жәрдемнің» де жайы мәз емес. Әсіресе, вирустық инфекция дендеген кезде жедел жәрдемдегілердің көмегі көп күттіртеді. Халық саны артып келеді. Соған сәйкес өңірде медициналық нысандардың жетіспеушілігі байқалады. Облыстың бас дәрігері Ж.Исмаиловтың айтуына қарағанда, халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлі 200-ден аса нысан қажет екен.

Жасыратыны жоқ, санитарлық- эпиде­­миялогиялық қадағалау басқар­ма­сының шат-шалағай тірлігі де денсаулық саласының жұмысына кері әсерін тигізіп отырған жайы бар. Өңірде қаңғыбас иттер адамдарға ауыз сала бастаған. Иесіз жүрген хайуандардың көбейіп кеткені соншалық, жыл басталғалы бері 200-ден астам тұрғынды ит қапқан. Кезбе иттердің көзін құртуға қазынадан қыруар қаржы да бөлінген. Алайда, әзірге одан қайран болмай тұр. Облыс әкімі А.Мырзахметов: «Осы мақсатқа бөлінген 70 млн. қаржы мақсатты жұмсалатын болса, бұл қаржыға бүкіл Қазақстанның қаңғыбас иттерін атып салуға болатын еді»,– дегенді құзырлы мекеменің бастығына қарата қадап айтты.

Қоғамдық тамақтану орындарына да бақылау болмай тұр. Соңғы кездері кафе-мейрамханалардың жұмысына наразы болғандар мен уланғандардың қарасы көбейе түскен. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қоғамдық тамақтану орындарына жылына бар болғаны екі-ақ рет қадағалау шараларын жүргізуге құқылы. Ал басқа уақытта тек арнайы арыз-шағымдар негізінде ғана тексеру жүргізе алады. Қадағалау аралықтарының алшақтығы кәсібіне салғырт қарайтын кәсіпкерлердің жолын кесуге қолбайлау болып отыр. Қалай дегенмен басқарманың тамақтану орындарына сараптама жасап, сапасыз дәм ұсынып отырғандардың тізімін анықтайтын күн жеткен сияқты.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы