Жаңалықтар

Мемлекеттік тілдің мерейін арттырған өңір

ашық дереккөзі

Мемлекеттік тілдің мерейін арттырған өңір

Бүгінгі таңда ордалы оңтүстік өңірі олжалы оңды істерімен өзге өңірлерден оқ бойы озық келеді. Әрине, кемшілік жоқ деп, кеуде қағуға болмас. Дегенмен, қаймағы бұзылмаған, қазағы көп қасиетті өлкенің рухани тынысы да кең екенін ауыз толтыра айтуға болады.

Елімізде тіл мәселесі шешімін таппай, талай қызу талқылаулардың тақырыбына арқау болып келе жатқаны белгілі. Оның ішінде, мемлекеттік құжат айналымы мен ономастикалық атауларға байланыс­ты бір байламға келе алмай жүргенімізге де аз уақыт болған жоқ. Мұндай әңгіме қозғалғанда Павлодар мен Петропавл қалаларының атауы ауызға бірінші ілінеді. Бұл өңірлерде тұратын өзге этнос өкілдерінің көңіліне қарағандықтан ба, әлде ескінің қисынсыздығын сарқытша сақтап қалуға мүдделілердің сағызша созып келе жатқаны ма, әйтеуір шешімін таппай келеді. Бұл екеуінен басқа көптеген облыстарымыздың да біраз аудандары орысша атаудан арыла алмай келеді. Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарындағы аудан­дардың орысша атауынан ат сүрінердей. Қазаққа, қазақ жеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын орыс келімсектерінің есімін талай қазақ ауылдары арқалап тұр. Еліміз Тәуелсіздік алғанына 20 жылдан асса да, ономастика саласында сүріншектеген тұсымыз көп. Осы жерде Оңтүстік Қазақстан облысының орны ерекше. Облыстағы мемлекеттік мекемелердің құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүреді. Басқа өңір бұл мәселені шешіп жатырмыз деп, артынып-тартынып жүргенде, Оңтүстік тілге қатысты түйткілдерді толығымен орындап та қойған. Республика бойынша мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай 80 пайызға жеткізу міндеттелсе, облыста бұл көрсеткіш 2012 жылдың өзінде 88,2 пайызға артығымен орындалып отыр. Мемлекеттік қызметкерлер 100 пайыз мемлекеттік тілде сөйлейді. Облыс және аудан деңгейіндегі ресми жиындар тек мемлекеттік тілде жүреді. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын 717 444 өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгерген. Облыста 4 қала, 11 аудан, 186 ауылдық округ, 879 елді мекен бар. Осының ішінде тек 16 елді мекеннің атын өзгерту күн тәртібінде тұр. «Ономастикалық Заңға» мораторий жарияланғандықтан кешеуілдеп тұрғанға ұқсайды. Жақында ғана Парламент «Ономастика туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, қабылдаған болатын. Алдағы 2-3 айда Заң күшіне енбек. Сол кезде осы қалған 16 елді мекеннің мәселесі де дереу шешілмек. Яғни, осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атаулары 100 пайыз қазақыланады. Бұл мәліметтерді сейсенбі күні облыс әкіміне 2012 жылдың қорытынды есебін баяндаған облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балқия Көмекбаева жеткізді. Еліміздің басқа өңірлері оңтүстіктен үлгі алып, мемлекеттік тіл мерейін арттырса, ұлт ұпайының бір түгенделіп қалғаны болар еді.

Қанат Тұрар