Жаңалықтар

Сарғайған хаттар сөйлейді

ашық дереккөзі

Сарғайған хаттар сөйлейді

Б.Момышұлының мұрағат қорындағы эпистолярлық мұраға шолу

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, одан кейінгі жылдардағы және Бауыржан Момышұлының жазған хаттары мен оған сәлем жолдаған хаттардың өзі он мыңнан асып жығылады екен. Бұл хаттарды құрастырып, баспаға дайындағанымызда, бас-аяғы он екі том болып, біз оның алты томын отыз томдық шығармалар жинағына енгіздік.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, одан кейінгі жылдардағы және Бауыржан Момышұлының жазған хаттары мен оған сәлем жолдаған хаттардың өзі он мыңнан асып жығылады екен. Бұл хаттарды құрастырып, баспаға дайындағанымызда, бас-аяғы он екі том болып, біз оның алты томын отыз томдық шығармалар жинағына енгіздік.

Б.Момышұлының отбасы мен ағай­ындарына жазған хаттарынан бөлек, ірі әскер басылар, мемлекет қайраткерлері, өзімен тұстас қаламдас тұлғалармен алысқан хаттары осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Маршал Гречко, генералдар Чистяков пен Голиков, мемлекет қайраткерлері Скворцов, Н.Оңдасынов, Ж.Шаяхметов, Әбдіхалықов, сондай-ақ, қазақтың әйгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері І.Омаров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә. Нұршайықов тағы басқа да тұлғалармен алысқан хаттары тарихи маңызы бар мемлекеттік, әлеуметтік мәселелерді қозғайды. Әсіресе, Мұхтар Әуезовпен жазысқан хаттар Отан соғысы кезіндегі қазақ әдебиеті төңірегінде болып жатқан келелі мәселелерді қозғап, көп нәрсені аңғартқандай. Олардың арасында 1942 жылдан бастап он шақты хат жазылған екен. Өкінішке қарай, бұл хаттарды Б.Момышұлының аты ұлтшыл деп шыға бастаған тұста, М.Әуезов өртеп жіберген көрінеді. Шын мәнінде ол хаттар өртелмеген. Жақсылап буып-түйілген күйінде осы кезге дейін жетіп, Ләйла Мұхтарқызының архивінде сақталған көрінеді. Мұхтар Әуезов әйгілі «Абай жолының» бірінші кітабын жариялағаннан кейін, қазақ зиялы қауымының арасында әрқилы пікір туындағаны мәлім. Негізінен ол пікірлердің дұрысы да, бұрысы да болды. Сондай пікірлердің бірін майдан даласынан Б.Момышұлы да хат арқылы білдірген екен. М.Әуезов кітаптың алғашқы даналарының бірін Баукеңе арнайы жіберіп, одан пікір сұрайды. Кітапты оқып шыққаннан кейін аз уақыт ойын жинақтап алып, М.Әуезовке хат арқылы «романда кемшіліктер көп екен, әсіресе Құнанбайдың бейнесін төмендетіп жіберіпсіз. Құнанбай қазақтың Иван Грозныйы емес пе еді. Оған не себеп болды?» деген пікірді Б.Момышұлы білдірген. Мұхтар Әуезов Әлжаппар Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы» пьесасын Баукеңнің пікірін білмек болып майданға жіберген болатын. Б. Момышұлы бұл шығарманы да мұқият оқып шығып: «Мен сізді әдебиеттің полковнигі деп жүрсем, сіздің мына шығармаңызға қарап ол ойымнан айныған сыңайлымын. Шығармада ділмар сөзден басқа іс-қимыл жоқ. Шығарманың кемшіліктерін көрсетіп өзіңізге қайтарып отырмын, егер сіз біз секілді лейтенанттардың пікірін қабыл алсаңыз. Шығармадағы шындық қайда, сізге бұлай жазу жараспайды»,– десе, 1944 жылы Б.Момышұлы академияда оқып жүргенде Мәлік Ғабдуллин Мұхтар мен Әлжаппардың «Намыс гвардиясы» сахнаға қойылмайтын болды деген хабарды жеткізеді. Сондай-ақ, Құрманбек Сағындықовтың 1938 жылғы 20 қаңтарда Бәукеңе жазған хатында: «Мұхтар Әуезов дін аман, ел басына туған лаңнан әзірге аман-есен жүріп жатыр. Бұл лаңға Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер ілінді. Оның «Абай» романы әлі жарыққа шыққан жоқ. Шыққаннан кейін бір данасын өзіңе салып жіберемін»,– деп жазғанына қарағанда Б.Момышұлы «Абай» романының шығуын күтіп жүргендердің бірі болса керек. «Жуырда ғана Мұхтар мен Күләшті көрдім. Күләш жайшылықта ашық адам ғой. Ал, Мұхтардан ашықтық, жайбарақаттық байқалмайды» дегенде Құрманбек Сағындықовтың «Абай» романына қазақ зиялыларының жақсылы-жаманды айтылған пікірлерін меңзегені болуы керек. 1946 жылғы 5 октябрьде Мәлік Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықов өзара жазған хатында: «Әдебиет төңірегінде жалпы жағдай аса мәз емес. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Әдебиет төңірегінде жүргендердің көпшілігінің қызыл науқаншылардың таяғын жемегендері кемде-кем. Сонау Асанқайғыдан бастап кешегі Сұлтанмахмұтқа дейін ақ-қарасына қарамай кәдімгідей сілкілеп тастады. Арасында Әбділда да бар. Ол енді бұдан кейін «Мен қазақпын» деп ұзақ уақыт айтпайтын шығар. Мұндайда белсенділер шығып, қызыл белсенділердің сойылын соғатыны бесенеден белгілі. Қазір Мұхтардың еңсесі кәдімгідей төмен түсіп қалған. Бұл пәледен әзірше Шоқан мен Жамбыл ғана аман» деген сөздердің астарында талай сыр жатқандай. Мәлік пен Құрманбек ағаларымыз айтып отырған «әдебиет төңірегіндегі жағдай» Мұхтар Әуезов пен оның жақтастарының төңірегінде қалыптасты. «Абай» романы дүниеге келген күннен бастап, Мұхтар Әуезовке тыныштық болмады. Қайтсе де шығармадағы кез келген ірілі-уақты кемшіліктерді көрсету арқылы оның әдебиеттегі беделін төмендетуге, Орталық Комитетке арқа сүйеген шолақ белсенділер Мұхтар Әуезовті және оның жақтастарын аяған жоқ. Бірақ уақыт өте келе сол қарсы шығып, шығармаға қара күйе жаққандардың көпшілігі бірі кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаса, енді біреулері баспасөз беттерінде «Абай» романын мақтап, ірілі-уақты көптеген пікірлер жазса, ғылым докторы деген атағы барлары монографиялар мен ғылыми мақалалар жазуларына тура келіп, ұлы жазушы мен халық алдында кешірім сұраған сыңай танытты. Осы орайда айта кетейік, Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллинді ұлтшыл деп қаралау 1945 жылдары нағыз шарықтау шегіне жеткен кезі болса керек. Мына бір хатқа мән бере кетейік. Хаттың иесі Ақай деген азамат. Онымен бір дивизияда соғысып, қоян-қолтық араласқан жігіт. Полк командирі қызметін атқарған. Баукеңнің жақын жолдастарының бірі. «Бауке, жақында Мәліктен хат алдым. Ол 100 бетке жуық қолжазбаларын Қаныш Сәтбаевқа сақтауға берген көрінеді. Жұмабай Шаяхметовке 20 бет хат жазып жіберген көрінеді. Әңгімесі ұлттық намыс мәселесінің төңірегінде екен. Осыған байланысты біздің біраз жігіттерге ұлтшыл деп қарайтын көрінеді…». Осы тұста М.Әуезов Бауыржан Момышұлының жазған он хатының 9-ның көзін жойып жіберсе керек. Еліміз егемендік алмай жатып-ақ, өзіміздің ана тілімізді дамытуға қатысты күресіп келеміз. Бұл туралы заң да шықты. Республика, облыс және аудан орталықтарында тілдерді дамыту мен оқыту орталықтары көптеп ашылғанымен нәтижесі шамалы. Мемлекеттік қызметкерлер арасында әлі де басым көпшілігі орыстілділер. Қысқасы, қазақ тіліне қатысты заңның орындалуы қиынға соғып тұр. Қазақ тілінің түйткілдерін егемендіктің туы ретінде көтерген Камал Смайылов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, тағы басқа да ел қалаулысы атанған азаматтарымыз депутаттық мандаттарын өткізгеннен кейін, бұл мәселе көбінде қозғаусыз қалып келеді. Соған қарағанда қазақ жазушыларынан басқаларға ұлттық тіліміздің мәртебе алғаны керек емес секілді. Кез келген мемлекеттің тарихы, мәдениеті, ұлттық тілі болады дегенді ескерсек, онда біз өз алдымызға ұлт емеспіз бе деген ауыр ойға қаламыз. Бұл кәзіргі жағдай. Ал бұл мәселені 1943 жылы ең алғаш рет Бауыржан Момышұлы көтерген. Майдан даласында өлім мен өмірдің ортасында жүрген Баукеңді ел тағдыры алаңдатпай қоймаса керек. Қолына қалам алып, сол тұста-ақ шұбарланып бара жатқан қазақ тілінің проблемасын көтеріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, Әбдіхалықовқа алғашқы хатын жолдады. Хат Әбдіхалықовтың қолына тиісімен-ақ Орталық Комитет кәдімгідей әбігерге түсіп, өзара ақылдаса келіп, қазақ тілін жақсарту жолдарының төңірегінде арнау­лы қаулының жобасын дайындады. Ол кез қандай проблемалардың да шешілуі Кремльге байланысты еді. Өкінішке қарай, дайындалған қаулының жобасын Кремльдегі қызыл империяның өкілдері қабылдатпай тастаған болатын Араға көптеген жылдар салып Бауыржан Момышұлының арманы еліміз егемендік алғаннан кейін ғана орындалып жатыр. Бұған да шүкір дейік. Сол жылы Бауыржан Момышұлы араға сәл ғана уақыт салып, әскер қатарына жаңадан алынып жатқан қазақ жастарының жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан КП Орталық Комитетіне екінші, үшінші хатын жолдайды. Оның бірі Нұртас Оңдасыновқа, екіншісі Жұмабай Шаяхметовке тиесілі болатын. Бұл хаттардың да тағдыры алғаш­қы­сындай аяқталды. 1944 жылдың басында елге демалысқа келмей тұрып, өзінің Орталық Комитетке жолдаған хаттарының төңірегінде кәдімгідей пікірталас туып, арнайы қаулының жобалары да дайындалып жатқанын естіп, Мәлік Ғабдуллин мен Құрманбек Сағындықовқа өзінің қуанышын хат арқылы жолдайды. Бауыржан Момышұлының Қазақстан КП Орталық Комитетіне жолдаған хаттарының тағдыры аяқсыз қалғанын естігеннен кейін, ашу-ызаға булыққан Мәлік Ғабдуллин Нұртас Оңдасынов пен Жұмабай Шаяхметовке Баукең жазған хаттардың негізінде, өзінің ойын ашық білдіріп әрі Бауыржан Момышұлын толық қолдайтындығын айтып хат жолдайды. Араға аз уақыт салып, Мәскеуде іс-сапарда жүрген Қаныш Сәтпаевқа арнайы іздеп барып жолыққан Мәлік Ғабдуллин өзінің Қазақстан КП Орталық Комитетіне жолдаған хаттарының аяқсыз қалғандығын біледі. Керісінше, өзінің Бауыржанмен бірге ұлтшыл атанғандығын естиді. Дәл осындай дүрбелең туындап жатқан тұста Мәлік Ғабдуллин Алматыдан жолдаған Ғабит Мүсіреповтің хатын алады. Онда қазақ тілінің мамандары қазақша терминдердің қалыптасуы жайлы мәселе көтеріп, қазақ тілінің өркендеуіне жол ашып жатқандығы жайлы және қазақ жерінде қазақ тілі мен орыс тілінің қатар жүруі керектігіне қолдау білдіріп жатқандардың көбейіп, тіл жанашырларының қызу пікірталастары жайлы егжей-тегжейлі айтылады. Елде ана тілімізге қатысты келелі мәселелер көтеріліп жатқанын жақсы білетін Мәлік Ғабдуллин «Орыс еместер арасында тәрбие жұмысы» деген еңбегін жазып, оны Мәскеудің бір бас­пасынан бас­тырып шығарады. Кітаптың негізгі мәтіні қазақ тілін дамытуға байланысты көрінеді. Өкінішке қарай кітапқа өте аз тираж беріліп, оның таратылу аясын тарылтып тастаған. Десек те Мәлік Ғабдуллиннің бұл еңбегі аз да болса оқырмандардың қолына тиіп, тиісті бағасын алғаны сөзсіз. Мен ол кісінің бұл еңбегін іздестіріп көріп едім, әзірге еш жерден кездестіре алмадым. Мүмкін Қазақстан Республикасының Орталық архивінде сақтаулы шығар. Майдан даласында елді жаудан азат ету жолында соғысып жүрген үш батыр ағамыз – Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин және Құрманбек Сағындықов алғашында бір құрамада бірге соғысып, кейінірек Б.Момышұлының әскери қызметінің жоғарылауына байланысты болуы керек, үшеуі үш бөлімге бөлініп кетеді. Әйтсе де, бірін-бірі жоғалтып алмай, хат арқылы тығыз байланысып, көрген-білген, естігендерін ортаға салып, пікір алысып отырған. Олар хат арқылы елмен де тығыз байланысып, әсіресе қазақ жазушылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаевпен аралас-құралас адамдардай хат арқылы араласып, Қазақстан Жазушылар одағында болып жатқан жаңалықтармен жиі танысып отырған. Олар жазушылар арасындағы болып жатқан келелі мәселелерге жіті көңіл бөліп, шығармашылықтағы ойларын ортаға салып, хат арқылы жиі пікір алысқан. Осы жерде Мәлік Ғабдуллиннің 1944 жылы Бауыржан Момышұлына жолдаған хатына көңіл бөлмей өтуге болмас. «Жуырда Мәскеуде болып, онда СССР Жазушылар одағына барып, сіздің сөйлеген сөзіңіздің стенограммасымен таныстым. Александр Бектің «Волоколам тас жолы» шығармасына айтылған пікірлердің барлығына қосыламын. Бұл жиынның өтуіне жазушы Алксандр Кривицкийдің сіз туралы жазылған «Известия» газетінде жарияланған мақаласы қамшы болған болуы керек. Негізінде ол шығарманың шын авторы өзіңіз ғой. Олар осыған қатты мән беріп отыр екен», – дейді 1944 жылы Мәлік Ғабдуллин Баукеңе жолдаған хатында. Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин және Құрманбек Сағындықовтың жазған хаттарының ұзын ырғасы жүзден асып жығылады. Бұл біздің қолымыздағы бары. Қаншама хаттар снарядтар мен жау самолеттерінің бомбасының астында, хат тасушының сөмкесінде қалды. Көбі бізге жетпей жоғалып кетті. Жоғарыдағы хаттарға зер сала отырып, хаттар тек қана отбасының амандығын біліп қоюмен ғана шектеліп қоймай, мемлекеттік және шығармашылық маңызы бар мәселелердің төңірегінде пікір алысып, ой қозғайтын маңызды құрал деген ойға келеміз. Бауыржан Момышұлы өзінің Дінмұхаммед Қонаевқа 1970 жылы 13 ақпанда жазған хатында «Қазақ тарихына Рахымжан Қошқарбаевтың еңбегі сіңген тұлға екендігі өтірік емес. Бар болмыс тірлігі мен ерен ерлігімен әлемді дүр сілкіндіріп өткен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, Берлиндегі Рейхстагқа ең бірінші болып ту тіккен азамат» дей келе, оның ерліктеріне ерекше тоқтап, толық сипаттама береді. Бұл мәселе жөнінде Баукең өзін Д.Қонаевтың арнайы қабылдауын өтінген болатын. Д.Қонаев оның бұл ұсынысын қабыл алып, қабылдауға шақырғанда, Баукең ауруханада жатып, денсаулығына байланысты оның қабылдауына бара алмай қалады. Баукең ауруханада емделіп жатқанына қарамастан Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлік істері жөніндегі сол кездегі СССР Қорғаныс министрлігінің архивінен жинақтаған деректерін қағаз бетіне түсіріп, оны Д.Қонаевқа хат арқылы жолдайды. Хаттың басынан аяғына дейін Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтың Рейхстаг түбіндегі шайқаста көрсеткен ерліктері түгел баяндалады. Оларды толық бір мақалаға сыйғызып көрсету мүмкін емес. 1945 жылы Рейхстаг төбесіне ең бірінші болып жеңіс туын желбіреткен Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов екендігін бүкіл совет халқы кезінде мойындаған. Бірақ екеуінің де еңбектері ескерілмей, Кеңестер Одағының батыры деген атақ басқалардың үлесіне тиді. Кантария мен Егоров та Рейхстагқа ту тіккендердің қатарына жататындығында дау жоқ. Бірақ олар Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовтан кейін жеңіс туын тіккендер болып есептеледі. Осы жерде Қызыл империяның солақай саясаты тағы да өз дегеніне жетіп, бір грузин мен бір орыстың кеудесіне батырлық белгісін қадағанын барша жұрт осы күнге дейін айтады. Баукең Рахымжан Қошқарбаевқа қатысты жарияланған жүздеген мақалалармен шыққан күннен бастап таныс болған. Осы бір әділетсіздікке жаны төзбей, еріксіз қолына қалам-қағазын алып, сол кездегі ел басшылары Дінмұхаммед Қонаев пен Жұмабек Тәженовке болған жайды кеңінен мәлімдеп хат жолдайды. Әрине, оның бұл ұсынысын қолдаған екі басшы да оны қабылдауына шақырады. Д.Қонаевтың қабылдауына ол кісі ауруханаға түсіп қалып бара алмағаннан кейін, Совминнің төрағасы Жұмабек Тәшеновтің қабылдауында болады. Жұмабек Тәшенов Баукеңді аса ыждағаттылықпен тыңдағаннан кейін, бар шығынды өз міндетіне алып, қаржы-қаражаттан таршылық көрместей етіп Подольскідегі СССР Қорғаныс министрлігінің архивіне іс-сапарға жібереді. Олардың бұл тапсырмасын Баукең мұқият тындырып, Рахымжан Қошқарбаевқа қатысты ең маңызды деген деректерді Жұмабай Тәшеновтің қолына табыс етеді. Бұл әрекеттен де кезінде ешнәрсе шыға қойған жоқ. Бұл деректерге халық аса мән бергенімен, Кремль чиновниктерін селт еткізбеген. Баукеңнің қоржынында сақталған сыры да, жыры да мол хаттар осылай сыр шертеді. Мұхамеджан КӘТІМХАН, «Бауыржантану» орталығының ғылыми қызметкері Тараз қаласы