Жаңалықтар

«Түркістан» альбомы туралы айтар сөз көп

ашық дереккөзі

«Түркістан» альбомы туралы айтар сөз көп

Этнограф-ғалым, жазушы Тынышбек Дайрабайдың қаламынан соңғы жылдары еліміздің тарихи мұрасына қатысты қаншама құнды дүниелер шықты. Ол кісінің еңбекқорлығы кез келген адамды таңғалдырады. «Қайдан келдіңіз, қайда бара жатырсыз?» деген сауалыңызға беретін жауабы біреу. «Мұрағат» дейді қысқа ғана. Газетіміздің негізін қалаушы ағамыз Қалтай Мұхамеджанов бір пікірінде: «Тынышбек маған Сыр шежіресі тұнып тұрған тарих иесіндей көрінеді…» деген екен. Шын мәнінде, қазақ даласының қасиетті топырағында өніп-өскен батыр ұлдар мен би-жырауларды ардақтау, ұлықтауды парызындай санаған Тынышбек Дайрабайдың айтары да, жазары да көп. Біз таяуда әріптес ағамызмен аз-кем әңгіме құрған едік.

– Шежіре – халықтың шығу тегіне терең бойлайтын ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Оны зерттеу, зерделеу оңай шаруа емес екені белгілі. Шежіре зерттеуге деген ынта-ниет неден пайда болды?

– Бала кезімізден қазақы ортада қариялардың қолына су құйып, қолынан ет асап өстік. Сыр елінде №16 деген ертеден келе жатқан ауыл бар. Бүгінде сол ауылдың аумағынан үш ауыл шаңырақ көтерді. Сол ауылда талай көнекөз қариялар болды. Әкемнің замандастары бас қосқанда арғы-бергі талай әңгіме айтылатын. Бірі қиссаларды, енді бірі Қыз Жібекті, Баян сұлуды, тіпті Сыр өңірінен шыққан жыршылар – Нысанбай жырау, Тұрмағамбетке дейін сөз ететін. Біз, балалар, есік аузында отырып, ұйып тыңдайтынбыз. Мені әдебиетке, шежіре жинауға, этнографияға әкелген сол әңгімелер. 10-сыныпты бітірген кезімде ауыз әдебиетінен жинақтап, 20 беттік «Сүмбіл мен гүл» деген дастанды Алматыдағы Әдебиет және өнер институтына жібергенмін. Біздің тарихымыз шежірелерден бастау алады. Атадан балаға, ауыздан-ауызға жеткізілетін шежіре әрбір руда, әрбір әулетте болады. Бұрынғы көзіқарақты адамдар, мысалы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты біздің елімізде де Үбісұлтан Аяпов, Әлқуат Қайнарбаев, өз әкеміз Дайрабай, Шәйімбет, Асан деген молдалар болды. Оның көбі оқымаса да, кеуделері тұнған тарих еді. Тыңдаған әңгімелерді қағазға түртіп алмасақ та, есте сақтап алдық. Қазір жазып жүргенімнің көбі сол кездегі қара шалдардың әңгімелері. Міне, елде жүріп-ақ еліміз тәуелсіздік алған жылдары екі кітабым шықты. Алматыға келгеннен кейін «Кете Шөмекей шежіресі» деген шежіре кітабым шықты.

– Мәдени шаһар – Алматыға келуіңізге бірден-бір себепкер болған тұлға Қалтай Мұхамеджанов екенін өзіңіз де үнемі айтып келесіз. Қалтай ағамен қалай кездестіңіз?

– Иә, марқұм Қал-ағама дән ризамын. Алматыға, «Түркістан» газетіне келуіме себепкер болған да сол кісі. «Адамды орта өсіреді» дейді. Алматыда барлық жағдай бар. Мұнда театр, мұнда Жазушылар одағы, Журналистер одағы, мемлекеттік архив, ұлттық кітапхана, ғылыми кітапхана бар. Бұлардың барлығы білімге деген қайнар көз, асыл қазына. 1991 жылдан бастап Сырдарияның жанында қазір құм басып кеткен – Қызылдария, Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария деген дарияларды араладым. Оның бойында қарақалпақтың, қаңлы тайпасының бейіттері бар. Егін еккен ізі бар. Бірақ бүгінде олар жәй канал сияқты. Міне, соның нәтижесінде жарық көрген кітаптарымды Қалтай аға Әбірәш Жәмішев арқылы сұратып алған. Одан Қалекең Қызылорда облысынан республикаға депутат болатын болды. Сонда мені сенімді өкіл ретінде жанына ертіп алды. Сөйтіп Қалекеңнің қасында бір айдай бірге болдық. Сейфолла Оспан, мен, әр ауданнан бір адам. Тереңөзекте 14000 сайлаушы болса, соның 8000-ы Қалекеңе дауыс берді. Бірақ басқа аудандардан аз дауыс алып, өтпей қалды. Сондай бір кездесуде үйде қонақта болды. Барлық жиған-тергендерімді, шежірелер, қолжазбалар, елден жинаған әңгімелер мен суреттерімді көріп, «Барлық алтын қазына сенде екен ғой» деді де, Алматыға шақырды. Ол кезде Тереңөзекте аудандық газеттің редакторы болатынмын. 1995 жылдан бастап «Түркістан» газетінде азды-көпті еңбек етіп келемін. Менің жеткен жетістіктерімнің барлығы «Түркістан» газетімен байланысты.

– Сіз ұлан-ғайыр қазақ жері үшін ғана емес, ортаазиялық аймақ үшін аса құнды еңбек «Түркістан» альбомын елге әкелуге көп еңбек сіңірдіңіз. Бұл туралы Қалтай Мұхамеджанов: «…Қазақстан халқының көбі біле бермейтін, атын естігені болмаса, затын көрмеген алтын қазынамыздың бірі емес бірегейі…», – деп баға берді. Осы альбомды іздеу идеясы қайдан туды?

– Елімізде «Түркістан» альбомын көп адам біле бермейді. Әлкей Марғұланның 1986 жылдары шыққан «Ежелгі жыр-аңыздар» атты кітабы бар. Сол кітапта негізінен аңыз-әңгімелер жазылған. Соңғы тарауында дас­тан-жырлар туралы айтылған. Соның ішінде «Қорқыт атаның алғашқы суреті «Түркістан» альбомында» деп жазыпты. Осы бірауыз сөзді оқығаннан кейін Қорқытты зерттедім. Бірақ Әлекең 10 жылға жаңылысқан екен. Ол альбом 1872 жылы жарық көріпті. Сөйтіп іздеп, зерделеп, барлығын ақтарып жүріп Ұлттық кітапханадан сол туралы мақаланы таптым. 1899 жылдың мамыр айында орыстың бір зерттеушісі сол альбом туралы жазған екен. Өзі алты-ақ дана болып шығыпты. Ташкентте дайындалып, 1872 жылдың 29 желтоқсанында Санкт-Петербургте басылған. Бір данасы Ташкентте, екі данасы Мәскеуде, бір данасы Парижде генерал К.Кауфман өлгеннен кейін 36 сомға сатылып кеткен. Санкт-Петербургтегі ұлттық кітапханаға қайта-қайта хат жаздық. Мына сәйкестікті қараңызшы, 1899 жылғы деректі таптым, 1999 жылдың 3 наурызында хат жаздым, содан кейін ғана әлгі кітап келді. Оны руханиятқа біртабан жақын дегендердің бәріне көрсеттім. Бәрі жақсы қабылдады. «Мынау Қазақстанның мәдени мұрасына қажет үлкен құнды дүние екен», – деп бағалады. Ол кезде мәдени мұра туралы жоспар да жоқ, ой да жоқ еді. Альбом келгеннен кейін де 5-6 жыл шықпай жатып қалды. Қалекеңнің көмегінің арқасында «Түркістан» альбомы 2005 жылы 1000 данамен жарық көрді. Бірақ альбом жөнінде менімен таласатын бір-екі кісі болды. Сәкен Жәкеев деген фотожурналист 1982 жылы ақша төлеп, 3-4 суретті алған екен. Ол толық альбом емес. Альбомда 1200 сурет бар. Өрнек бар, мавзолей бар, қорған бар, адамдардың бейнесі бар. «Түркістан» альбомында Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Самарқан аймағы, Қызылорда облысындағы, Жетісу өңіріндегі билер, Орта Азияны мекендеген барлық ұлттардың бет-бейнесі бар. Бұл тарихи дүние. Өзім сол альбомның шыққанына қуандым.

– Бұған дейін жарық көрген зерттеу еңбектеріңізде түрлі жүз, рулардағы билердің мөрлерін де шығардыңыз. Айтыңызшы, архивтегі құжаттар мен ауыз әдебиетіндегі деректер үйлесіп жата ма?

– Сыр елінен шыққан жыраулар туралы «Сыр сүлейлері» деген еңбегім бар. Солардың өмірдеректерін кітапханалардан жинап, араб тілінде жазылған қолжазбаларды алып, оны өзім мамандарға аударттым. Оны «Арыс» баспасының басшысы Ғарифолла Әнестің демеуімен кітап етіп шығардым. Қызылорда облысына Мұхтар Құл-Мұхаммед әкім болған тұста Сейфолла Оспан бастаған топ хат жазып жүріп, «Сырдария кітапханасы» деген серияның жарық көруіне мұрындық болдық. Әрқайсысы 350 беттен тұратын 200 томдық кітап шықты. Сол серияның өзіне 25 ақын-жырауды енгіздім. Сыр елінде өмір сүрген 70-тен астам тарихи адамдардың мөрін жинадым. Атақты билердің мөрін таптым. Қаңлы, қарақойлы, жалайыр, найман, қоңырат сынды рулардың бәрі кітабымнан орын алды. Ауыз әдебиеті мен архивтегі деректерді салыстыра отырып жазамын. Жазба деректер ауыз әдебиетімен байланысса, сонда ол бір-біріне кірігеді.

Қызылорда қаласында Сәулет деген көшенің өзі бес-алтау болатын. Менің жазған фактілеріммен осы көшелерге он шақты жаңа атау берілді. «Жаңа жол» деген ауыл қазір «Дүроңғар би» ауылы аталды.

– Тынышбек аға, сізді қазыналы қарт десек те жарасады. Осындай бай мұраға ие ұрпағыңыз жайында айта кетсеңіз…

– 1967 жылы Әсілқызы Айдархан деген апаларыңмен отау құрдым. Маған гүлдей нәзік 4 қыз сыйлады. Төртеуінің де атын өзім қойдым. Айнұр, Нұргүл, Гүлмира, Әсия. Қыздарымның тәрбиесін, оқуын, білімін қадағалап отырған анасы. Үлкен қызым ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірді. Талай жыл Қазақ радиосында жұмыс істеді. Қазір ақпараттық агенттіктің бөлім бастығы. Екінші қызым шет тілдер институтын бітірді. Бүгінде ағылшын тілінің маманы. Үшінші қызым – Гүлмира «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының жетекшісі. Кенже қызым – Әсия компанияда білікті маман.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы