Жаңалықтар

ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫДАН АЙРЫЛҒАН ҰЛТТЫҚ ҚОР

ашық дереккөзі

ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫДАН АЙРЫЛҒАН ҰЛТТЫҚ ҚОР

Қаржылық дағдарыс кезінде Ұлттық қордан алған 10 млрд. долларды банктер мемлекетке қайтарған жоқ. Кезінде кейбір банктің 24 пайыздық акциясын сатып алған билік енді сол акцияларын инвесторларға қайта сатпақ. Арзан ақшаның кезінде ашкөздікке ұрынған кейбір қаржылық құрылымдар алаяқтық пен ұрылардың жемтігіне айналғанын сынға алған Н.Назарбаев банктердің қызметін реттеуді бірнеше рет көтерді.

Қаржылық дағдарыс кезінде банкротқа ұшырау қаупі төнген отандық екінші деңгейлі бірнеше банкті аман алып қалу мақсатында мемлекет тарапынан 10 млрд. доллар бөлінген болатын. Әлемдік нарықтағы шикізат бағасының төмендеуін көлденең тартқан қаржылық құрылымдар арада 4 жылға жуық уақыт өтсе де мемлекеттен алған борышты Ұлттық қорға қайтармаған. Аталған мәселе өткен аптада Астанада өткізілген Кеңесте көтерілді. Кеңесте банк секторының, зейнетақы реформасының жай-күйі және мұнай-газ саласын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген және «Қазақстан-2050» Стратегиясында қарастырылған тапсырмалардың орындалу барысы қарастырылған еді. «Біздің сақтандыру және зейнетақы жүйесіндегі орасан зор көлемдегі қаражат игерілмейді. Бұл дегеніңіз – 800 млрд. теңге. Оларды неге алмайды? Қазақстанның Даму банкі былтыр сырттан 4-5 пайызға 1,5 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартты. Орташа мерзімге 6,5-7 пайыздық несие алуға банктердің жағдайы келеді» деген Елбасы арзан ақшаның кезінде ашкөздікке ұрынған жекеменшік банктердің масылдығын сынға алды: «Ұлттық қордағы ақшаға алақан жайып, оны жұмсау оңай. Бірақ қаржылық дағдарыс кезінде бөлінген 10 млрд. долларды банк­тер дер кезінде қайтаруға уәде бергенмен, Ұлттық қорға әлі күнге қайтарған жоқ. Ол қаражатты біз дамуға жұмсамақпыз». 2009 жылы мемлекеттік қазынадан қарыз алған «ТұранӘлем банкі», «Альянс» пен «Темір банкі» қаржылық көмекті қарыздарын қайта құрылымдауға жұмсапты.Бүгінгі таңда «Альянс банкінің» 67 пайызы мен «Темір банкінің» 79,9 пайызы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Қаражатқа келсек, 80 млрд. доллар. Биыл 2009 жылы үш банктен сатып алған 24 пайыздық акцияны 10 пайызға дейін төмендету қажет. Үстіміздегі жылдың басынан бастап Үкімет аталған екі банкті біріктірудің жолдарын қарастыруда. Ал «ТұранӘлем банкіне» келсек, оның жөні бөлек. Өйткені қордағы қаражатты қомақты ету мақсатында банктің қордаланған қарызын мемлекет екі рет қайта құрылымдауға мәжбүр болды. 2012 жылдың желтоқсанында «ТұранӘлем банкі» екінші рет борышты қайта құрылымдау шарасын тәмамдады. Осының арқасында банктің негізгі берешегі 10,9 млрд. доллардан 3,3 млрд. долларға дейін төмендеді. Ал оның 97 пайызы мемлекеттің еншісіне тиді.Елбасының банктерге қатысты берген тапсырмасынан кейін үкімет шұғыл іске кірісті. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жетекшісінің орынбасары Елена Бахмутованың айтуынша, «Альянс» пен «Темір банкілеріндегі» мемлекеттік үлесті сату көзделіп отыр және осы мақсатта инвесторлар іздестірілуде. Мұндайда аталған екі банкті біріктіруді күтудің қажеті шамалы: «Тапсырма берілді, біз іске кірістік, енді әлеуетті инвес­тор­лармен келіссөз жасауға дайынбыз. Банктерді біріктіру процесі қатар жүреді. Егер инвесторлар тәуекелге бел буып, акцияларды сатып алуға дәл қазір кіріссе, біз қарсы емеспіз».Егер «Альянс» пен «Темір банкі» біріксе, мемлекетке тиесілі акция 80 пайызға жетпек. Негізі Қазақ билігі бұған дейін бір емес, бірнеше рет банктердің үлесінен шығу туралы мәселе көтерген болатын. Басты талап – банктердің қаржылық қауқарын күшейтіп, активтерді инвесторларға тиімді бағаға сату. «ТұранӘлем банкіне» қатысты пікір білдірген Елена Бахмутова барлығы инвесторларға байланысты екенін айтады: «Егер «ТұранӘлем банкін» ары қарай дамытуға мүдделі болса, келешегі жарқын екеніне сенсе, неге активтерді сатып алмасқа? Банктің даму бағытын өздері түзіп, барлық нәрсені өздері өзгерте алады». Аталған мәселеге қатысты сарапшылар пікірі сан-саққа жүгірді. Мысалы, Халықаралық Moody›s рейтинг агенттігінің сарапшысы Армен Даллакянның айтуынша, сатылымға шығарылатын банктерге әлемдік деңгейдегі инвесторлардың қызығуы күмәнді: «Егер үш банк қаржылық мүмкіндіктері шектеулі жергілікті инвесторларға немесе банктерге (жергілікті не шетелдік) сатылса, бұл небары осы банктерді мемлекеттің қолдауын төмендетеді. Есесіне, корпоративтік басқару қаупі күшейеді». ВТБ Капитал сарапшысы Михаил Никитиннің пікірінше, ресми Астана мемелкеттік қордағы қарыздық жүкті азайтуды көздейді. «Меніңше, билік «Самұрық-Қазына» мен оның компанияларына тиесілі шетелдік борышты қысқартқысы келеді» деген ол барлығы да келісімшартқа байланысты, қарыз біткен сатылымға шығарылатын банктер мойнында қалатынын айтады.

Қазақстандық банктерге қатысты тағы бір жаңалық, отандық банк саласына қомақты қаржы салған итальяндық қаржы консорциумы – UniCredit үстіміздегі жылдың сәуірінде қазақстандық еншілес банкін біздің инвесторларға сатуды көздеп отыр. Қаржылық дағдарысқа дейін 2 млрд. долларға сатып алған ол банктің құны қазір 2,5 млрд. долларға жуық. Қазір Қазақстанда Сбербанк, ВТБ, Альфа мен басқа да ресейлік банктер бар. Сонымен қатар АҚШ-тың Citi банкі, ағылшындардың HSBC банкі, Оңтүстік Кореядан – Kookmin Bank және Қытай, Пәкстан, Үндістанның банктері жұмыс істеуде. 1991 жылы Тәуелсіздігін алған Қазақстан сырттан 160 млрд. доллар көлемінде инвестиция тартты. Салынған қаражаттың басым бөлігі мұнай-газ саласына қатысты.2011 жылдың 1 қыркүйегінде Н.Назарбаев банк қызметін реттеу туралы заңды тезірек қабылдауды тапсырды. Басты себеп, қаржылық құрылымдардың ашкөздігін құрықтау. Сол жиында Елбасы «Банктер, әсіресе, «ТұранӘлем банкі» алаяқтар мен ұрылардың жемтігіне айналды. Барлық түйткілді шешетін кез жетті», – деп ашуланған болатын. Кез келген мәселеде қара бастың қамын күйттейтін банктер қарапайым халықты теспей сорып отырғаны мәлім. Пайыздық мөлшерлеме тым жоғары, банктердің ереже-талаптары да көп жағдайда борыш алушылардың мүддесіне қайшы келеді. Кейінгі кездері банктердің үстінен сотқа шағымданғандар саны да артып келеді. Біз Қазақстан халқының қанша пайызы банктерден борыш алғаны туралы ақпарат іздеп көргенбіз. Талпынысымыз нәтижесіз болды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ