Президент ескертті, ал «пақырлар» әлі енжар
Президент ескертті, ал «пақырлар» әлі енжар
Әнебір жылы көршілес, тілі бір, діні бір Өзбекстаннан меймандар келгенде ресми әңгіме барысында қазақтың бір шенеунігі жайына қарап отырмай: «Біз мемлекеттік тілге көшуге кірісудеміз, ол үшін пәленбай миллион қаржы бөлдік»,– депті. Сонда өзбекстандық мемлекет қызметкері таң қалып: «Оған қаржы бөлудің не қажеті бар? Заң бар емес пе?!» – деген екен. Сол жерде отырған әлгі атқамінерден өзге қазақтар намыстан жарыла жаздап жерге қарапты. Басқасын қойшы, біз өз елімізде ұлттық тілімізді соншалық мүсәпірліктен алып шығып, өзінің құрметті орнына қоя алмай күлкі болып жүргенімізді Құдайдан да, адамнан да жасыра алмаймыз. Елбасы 17 миллионға тарта жамағаттың алдында қазақ тілін басты тіл ету мәселесін жолға қою туралы тағы да мәлімдеме жасағалы жақында екі жылдың жүзі болады. Елбасының айтуынша, 2020-жылы Қазақстан тұрғындарының 95%-ы мемлекеттік тілге көшіп, мектеп оқушыларының 100 % яғни, түп-түгел мемлекеттік тілді – қазақ тілін біліп шығады. Бұған қуанбаса, бірлі-екілі «шіріген жұмыртқалар» мен балаларына орысша, ағылшыншаны ғана үйрен деп те, үйретіп те жатқан шәлтік шенеуніктер ғана қуанбаған шығар. Қуанбақ түгіл «Да, ну! Слышали эту старую песню»,– деп күліп те жүрген шығар. Бірақ бұған қалың қазақ түп-түгел қуанып отыр. Жаңағы көрші ұлт өкілдеріне тағы да күлкі болмасақ жарар еді деген күдік те жоқ емес. Сонау 1989 жылы ана тіліміз туралы алғаш Заң қабылданғаннан бері осылайша талай-талай дүбірлі шара, думанды мерекені өткізіп, солардың ешқайсысы күні бүгінге шейін аржағы әлемдегі, бержағы түркі тектестер ішіндегі ең бай, ең көркем тілдің бірі – қазақ тілінің, туған тіліміздің өз елінде ең биік мәртебеге көтеріліп, қазақтың мерейін үстем ете алмағаны баршаға мәлім. Бұл мәселе бізді досқа – күлкі, дұшпанға – таба ететіні де жоғарыдағылардың санасын селт еткізер емес. Ал, әнебір жылы Алматы қаласына Иманғали Тасмағамбетов әкім боп келіп: «2006 жылдан бастап Алматыда бүкіл іс қағаздары қазақшаға көшіріледі» деуі мұң екен өз ішімізден шыққан әйел-еркегі аралас бірнеше шұбартілділер бұған шу етіп, қарсы шықты. Солардың кейбірі қазір мәжіліске халық қалаулысы болып кетті. Содан кейін-ақ Алматы бұл мәселеде аузын ашудан қалды.
Енді міне, Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілген әлгі ұлы бастама әлі де табанды түрде қолға алына қойған жоқ. «Мен қауіп еткеннен айтамын» – деп ақын Мұрат Мөңкеұлы айтпақшы, күн өткен сайын бұл ұлы бастаманың орындалуына да қаупіміз күшейе түсуде. Себебі, белгіленген, алға қойылған қай шаруаны да атқару үшін оған әуелі Дайындық, оның Алғышарттары, оның Жоба-Жоспары, басталу-аяқталу мерзімі анықталып, жамағатқа жариялануы керек. Ал бізде Президентіміз айтқаннан бері мұның бірде бірі жасалған жоқ. Бұл бастама әлдебір көлденең көк аттының емес, ел Басшысының өз аузынан айтылды. Сондықтан, ең кішкентай, ең шағын мекемелерден бастап, қала, аудан облыс әкімшіліктеріне, жеке компанияларға дейін оның әлгіндей алғышарттарын, даярлықтарын, жұмыс жоспарын жасап, міне біз осындай шаралар жасап жатырмыз деп жамағатты құлағдар етуі керек. Бұл – олардың тікелей міндеті. Ал қазақ, орыс тіліндегі БАҚ-тар мен телеарналар Елбасының осы жолдау сөзін ту қып көтеріп, түрлі-түрлі бағдарламалар, жобалар жасап, телехабарлар, көрсетілімдер өткізуі керек еді. Көзіміз көріп отыр, мұның бірі де жоқ. Оның есесіне телеарналардан күндіз-түні көретініміз – арзан әзіл-қалжың, бет-аузын қисаңдатқан сайқымазақ, шикі етке түскен құрттай қаптаған «жұлдыздар» мен кейбір сайқымазақтардың бір-екі қазақ сөзін араластырып, өзі айтып, өзі күлетін әжуасы ғана. Тіпті болмаса, бір самаурын шәй, тасқы толы бауырсақ пен үйме табақ қазы-қартаны ортасына алып отырған 5-6 қазағы бар жарнама мен корей фильмдерін көрсетіп қояды. Саясаткер Дос Көшім бір сөзінде: «Ертең қазақ тілі орыс тілінің деңгейіне көтерілсе, қазіргі билік басындағылардың, «ақсүйектердің» 80 пайызы жұмыссыз қалады. Ал олардың бүгінде Швейцарияда, Англияда оқып жатқан балалары, немерелері 100 пайыз жұмыссыз қалады. Сондықтан олар қолына қосауыз мылтық алып, көшеге шығып, «қазақ тілі көтерілмесін» деп соғыс ашудан тайынбайды» деген екен. Мүмкін, осының бәрі сондай дүбәралардың аяғымызға оралып, ісімізді ілгері бастырмауға күш салып отырғанынан да шығар-ау, ә?!
Біз бірнәрсеге сүйінсек, өйтіп-жатырмыз да бүйтіп жатырмыз деп алты әлемге жар салып, азандаған даусымыз айға жететін, ал күйінсек көкірегімізде күн тұтылып жатса да, іштей ғана күйініп жүре беруді ғадетке айналдырып алдық. Бірақ оның да шегі бар ғой. Сондықтан Елбасымыз Жолдауында әлгіндей ұлы да ұлағатты бастама айтқалы не министрліктегілер, не аудан, не облыс әкімшіліктері не сүйінгенін, не күйінгенін білдірмей, еш харекетсіз отырғанын қалай түсінуге болады? Иә, дүние жалған дөңгелеп, күні ертең-ақ 2020 жыл да жетіп келер-ау! Ал біздің Президентіміздің бастамасына, қазақтың өз еліндегі ең басты мәселесінің бірі болып отырған туған тілі мәселесіне бұлайша бұйығы, бұлайша керенау қарап, тым-тырыс отыруымызды ненің, қандай пиғылдың нышаны деп түсінсек екен? Ертең-ақ 2020 жыл келгенде «Құрметті Елбасымыз! Сіздің айтқаныңыз орындалмады. Сөзіңіз желге ұшты. Оған себеп…» дейміз де, аржағын жұтып қоямыз ба? Әлде «Е-е, оған шейін Елбасымыз ол айтқанын ұмытып қалады ғой» деп отырғандар бар ма? Ендеше, «Ау, мына түрімізбен 2020 жылы 95% қазақша сөйлеген халқымызды көрмек түгіл осымызға зар боп қалмаймыз ба? Ал сол жылы 100% қазақша сөйлеуге тиісті, бүгінде үш тіл үйреніп жатқан мектеп оқушыларымыз ше? Сонда қазақ халқына да, Елбасымызға да не бетімізді айтамыз? Көршілес, тілдес, діндес ұлттарға күлкі болмаймыз ба? Жоқ, осы күлкі болғаның да жетер, қазақ! Іске кірісетін сәт туды!» дейтін кім бар? Бұған әлгі аталған мекеме басшылары мен қала, аудан, облыс әкімшіліктері не дер екен? Бір сөзбен айтсам, Президент болашақ істеріміз жөнінде ескертті, ал мемлекеттік тілге жаны ашымайтын пақырлар әлі күнге енжар.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ