Жаңалықтар

Баға жарысы басталғандай...

ашық дереккөзі

Баға жарысы басталғандай...

Жанар-жағармай бағасын Ресеймен теңестіру кімге тиімді?

Еліміздегі азық-түлік пен жалпы тұтыну тауарларының бағасы жыл сайын көтеріліп келеді. Оған негізгі себеп – жанар-жағармай мен электр қуаты бағаларының тұрақты болмауында. Алайда Кедендік одақ күшіне еніп, жұмыс істей бастағалы бері ел ішінде жанар-жағармай бағасына деген пікірталас өрши түсті. Өткен жылдан бері Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев биік мінберлерден: «Еліміздегі жанар-жағармай бағасын Ресеймен теңестіру керек»,– деп ұсыныс жасап жүр. Сала министрінің уәжіне құлақ ассақ, Ресейдегі жанар-жағармайының бізден әлдеқайда қымбат болуы, еліміздегі жанар-жағармайының сол жаққа көптеп сатылып кетуіне әкеліп соғады екен. Бұл әрқашанда ішкі нарықтағы жанар-жағармайдың тапшылығына әкеледі.

Ал кейбір саясаткерлер: «Сала министрі түйінді мәселені шешудің ең оңай жолын ұсынып отыр. Біздегі жанар-жағармайды Ресей бағасымен теңестірсек, елде тұтыну тауарлары бұрынғыдан да қымбаттап, халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем төмендеп кетуі әбден мүмкін. Қандай мәселе де халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс деңгейіне қарап шешілуі керек. Жанар-жағармайдың қымбаттауы бізге өте тиімсіз. Сондықтан министрдің өзінен бастап, отандық жанар-жағармайдың сыртқа шығып кетпеуіне қатаң тыйым салуы керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел Ресейдің арзан жанар-жағармайын тұтынған. Бірақ бұлай істеу біздің отандық жанар-жағар майдың ел ішінде сатылуына кедергі келтірген соң кәсіпкерлердің Ресейден әкелуіне тыйым салынғанын жұрт әлі ұмытқан жоқ. Кедендік одақ шарттары тауарлардың шекарадан кедергісіз өтуіне жағдай жасап қойды. Егер сол сыртқа шығарылып жатқан тауарлар кәсіпкерлердің бас пайдасы үшін ғана көлеңкелі экономика жағдайында іске асырылып, тиісті салықты төлемей жатса, неге заңсыз іске кедергі қоймасқа? Бұл іске тек сала министрлігі ғана емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін жұмылдырған да жөн. Зауыттан шыққан әрбір литр жанар-жағармайдың қайда кетіп жатқанын қатаң түрде қадағаламаса, кәсіпкерлер білгенін істей береді», – деп қарсы пікір айтуда.

Кәсіпкерлердің қашанда өз пайдасын ойлап, іс қылатыны рас. Академик Нәдір Нәдіровтің ақпарат құралдарындағы сөзіне қарағанда, біздің жанар-жағармайды арзан бағамен сатып алып, Ресей асырып, солардың бағасынан сәл төменгі бағаға сатып, қыруар пайда тауып жатқандардың бар екені бүгінде жасырын емес. «Кәсіпкердің көлеңкелі жолмен тапқан табысына салық төлемейтіні де бесенеден белгілі жәйт»,– дейді академик.

Ресей статистикасы өткен жылдың өзінде жанар-жағармай бағасының бірнеше рет қымбаттағанын тіркепті. Алғашқы жарты жылдықтың өзінде акциздің өсуіне байланысты баға 10 пайызға көтерілген. Екінші жарты жылдықта да баға едәуір көтерілген. Қазірдің өзінде саясаткерлер мен эконо­мистер жанар-жағармай бағасының инфляциядан да жылдам өсіп жатқанын хабарлауда. Ресей автомобилистері Еуропаға қарағанда жанар-жағармайдың қолжетімді тауар екенін көңілге медеу тұтқаны болмаса, бағаның өсуіне іштей қарсы. Онда күнкөрістің ең төменгі деңгейі жан басына шаққанда орташа есеппен 7000 рубльді құрайды. (Бұл теңге бағамына шаққанда 35 мың теңге). Ал бізде күнкөрістің ең төменгі деңгейі 18660 теңгені құрауда. Айырмашылық жер мен көктей. Оның үстіне біздегі тұтыну тауарларының бағасы былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Ағымдағы жылдың қаңтар айы мен өткен жылдың осы кезеңін салыстырғанда ұнның бағасы – 10,5, макорон – 8,6, көкөніс – 6,8, кофе, шай және какао – 5,6, балық – 5,2, алкогольді ішімдіктер – 4,8, кондитерлік өнімдер – 4,5, сүт өнімдері – 3,6, нан – 2,5, асқа қолданатын майлар – 0,7, ет және ет өнімдері – 8,1 пайызға қымбаттаған. Кейбір өнімдердің бағасы әлі де көтерілуде. Ал келер жылдың астық түсімі қалай болады? Жаман айтпай, жақсы жоқ демекші былтырғыдай қуаңшылық болса, нан бағасының күрт өспесіне кім кепіл? Ресейде де тұтыну заттарына баға өсуде. Алайда Ресей үкіметі соған сәйкес жәрдем ақыларын да көбейтіп отыр.

Ресейдің көршісі Украинада жағдай мүлдем басқаша. Мұнда мұнай көздері жоқ. Сондықтан да жанар-жағармай қымбатқа түсуде. Аи-95 маркалы бензин Ресейдің ақшасымен 48 рубль тұрады. Мұнда халық саны елу миллионға жуық. Сондықтан ел бюджетіне салықтан қомақты ақша түсуде. Ресейде мұнай көздері көп. Әлемде мұнай шикізатын өндіруде алдыңғы орындардың бірінде келеді. Еңбеккерлерінің жалақысы да жоғары болғандықтан жыл сайын автомобиль сатып алушылар қатары көбейе түсуде. Соған орай мұнай өнімдерін сату да жылдан-жылға артып отыр. Жыл сайын қажеттіліктің артуынан Ресейдегі 16 мұнай өңдеу зауыты бұрынғы көрсеткіштің үстіне 1 миллион тонна жанар-жағармай артық өндіруде. Ресей ресми өкілдерінің мәліметіне ден қойсақ, жыл басында зауыттардың кейбір бөліктерін қайта жабдықтау кезінде 1,6 миллион тонна жанар-жағар май тапшылығы болады екен. Бүгінде ең ірі қалаларының бірі Санкт-Петербургте Аи-92 бензинінің бір литрі – 27,5 рубльге, (теңгеге шаққанда 137,5) Аи-95-тің бір литрі – 29,7 рубль (теңгеге шаққанда 148,5), жер майының бір литрі – 29,5 рубль (теңгеге шаққанда 147,5) сатылуда. Ал бізде Алматы мен Астана қалаларында Аи-95 бензинінің бағасы қазірдің өзінде осыған жетеқабыл. Жеке көліктері барлар бензин бактерін бұрынғыдай толтыра алмайтындарын, тек жұмысқа барып келулеріне ғана жететіндей етіп құятындарын, одан артыққа қалталары көтермейтіндерін айтуда. Қазір авторыноктардан бұрынғыдай сапырылысқан сатып алушыларды да көрмейсің. Сатылымға қойылған машиналар көп, ал сатып алушылар некен-саяқ. Неге? Жеңіл көліктерін сатушылардың көбісі жанар-жағар майдың қымбаттауы өздеріне үрей тудырып отырғанын тілге тиек етуде.

Бізде жанар-жағармай сапасы Ресей­ді­кімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Оны жақсатру үшін әуелі сапасын еуропалық стандартқа келтіруіміз керек сияқты. Ал сапасын Ресейдікімен бірдей етпей жатып, бағасын теңестіргеніміз қалай болар екен. Бұл халықтың наразылығын тудырмай ма? Сапасыз жанар-жағармайдың айнала қоршаған табиғатқа да кері әсерін тигізіп жатқанын көз көріп жүр. Министрлік бағаны Ресеймен теңестіруден бұрын әуелі оның сапасын көтергені игі іс болар еді. Жанар-жағармай бағасының көтерілуі бірінші кезекте онсыз да қымбатқа түсіп отырған азық-түлік бағасын тағы да шарықтап жіберері анық. Мамандар арнайы орган қызметкерлерінің тасымалға жұмсалатын жанар-жағармайды есептеп, азық-түліктің нақты бағасын қадағалап отырғаны жөн деп талайдан бері айтып-ақ келеді. Өкінішке қарай, бұл іске көңіл бөліп жатқан билік жоқ.Ресей Үкіметі ағымдағы жылы да жанар-жағар май бағасында тұрақтылық болмайтынын білдіріп, өз сайттарында тұтынушыларды құлақтандыруда. Үкімет ең өтімді тауар бензин мен жермай акциздерін көтеріп, олардың құнын 17 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Оған қоса әлемде мұнай өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты мұнай бағасының орташа бағасы 12 пайызға дейін көтеріледі деп болжам жасалуда. Ресей ішкі нарықта тұрғындарға ешқандай да дотация бермей, жанар-жағармай бағасын еркіндікке жіберуінде. Соның салдарынан Ресей тұрғындары әлемде мұнай өнімдерін шығармайтын елдер секілді қымбат бағаға сатып алуда. Егер нақты мысал келтірер болсақ, биылғы жылы Аи-92 маркалы бензинді 34,5-тен 37 рубльге (теңгеге шаққандағы бағамы 186,11), Аи-95 маркалы бензин 37,5-тен 41,6 рубльге (теңгеге шаққандағы бағамы 208), жер майдың құны 35 пен 39,6 рубльге (теңгеге шаққандағы бағамы 198) дейін өсіру жос­пар­ланып отыр. Үкімет осыған сәйкес еңбекақыны, зейнетақыны да өсірмек.Халықта «Аттыға ілесемін деп, жаяудың таңы айрылыпты» деген ұлағатты сөз бар. Алпауыт Ресеймен жанар-жағармайды теңестіргенмен барлық жағынан теңесе алмасымыз бесенеден белгілі. Олар жанар-жағармай бағасын осымен тоқтатпайтыны да анық. Жылына кем дегенде екі рет көтеріп отырады. Біз соған ілесе аламыз ба? Экономика ғылымдарының докторы Тоқтар Есіркепов: «Мұнай өнімдері халық тіршілігінің көзі. Яғни біз үшін стратегиялық басты мәселе. Былай қараған жанға сала министрінің бағаны Ресеймен теңестіру туралы айтқаны экономикалық жағынан жөн секілді. Иә, бұл бас қатырып жатпайтын оңай шешім. Бірақ ертең мұның ауырлығы халыққа түсері де анық. Өткен айда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистермен кездескенде мемлекетаралық келісімнің қалай жүргізілетінін, мәселеге әр елдің басшысы халқының мүддесіне қарап қол қоятынын айтқан жоқ па? Біздің министрлер де осындай ішкі мәселені халық мүддесіне қарап, оларға қалайда ауырлық түспеу жағын ойластырып барып шешу керек қой. Осы тұрғыдан келгенде әлгі өз бастарын ғана ойлайтын жымысқы кәсіпкерлерге неге тыйым салмасқа? Бұл министрлік үшін соншалық қиын шаруа болып па? Халық мүддесі үшін тәртіпті бір-ақ күнде орнатуға болады. Қала берді жиырма жылда Үкіметтің көршіге жанар-жағар майдан тәуелділігімізден арылу үшін елімізден тағы бір мұнай өнімдерін шығаратын зауыт салуына мүмкіндігі мол болды ғой. Оған әлеуетіміз де жететін. Өткен жылдың 28 желтоқсан күні «Деловая неделя» газеті «Северо Казахстанская интрига» деген тақырыппен көлемді материал жария­лады. Бұл мақалада солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауданындағы біреу мұнай зауытына 8 миллиард еуро инвес­тиция салмақшы екен. Жақсы, салсын. Алайда, «Шағын ауданнан қыруар қаражат жинаған адам кім?» деген сауал туындайды. Оған аспаннан соншалық еуро жауған ба? Әрине, оның артында бір алпауыттың тұрғанын көзі қарақты жанның іші сезеді. Қара халықтың ішінде де экономикаға көзі ашық жандар көп қой. Біз дамыған елу елдің қатарындамыз. Демек, ішкі мәдениетіміз де соған сай өсті. Алайда халықтың экономикалық жағынан әлі де сауаттылығының төмендігін пайдалану министрлікке жараса ма?», – дейді.

Иә, Ресейде тұтыну заттары біздегіден әлдеқайда қымбат. Өйткені олардағы әлеу­мет­тік жағдай бізбен салыстырғанда жоғары. Еңбеккерлердің жалақысы, зейнеткерлердің ай сайын алатын зейнет­ақы­сын да салыс­ты­руға келмейді. Ал бізде жанар-жағар май бағасы қымбаттаған жағдайда да еңбек­ақы­ның, зейнетақының іле көтерілетіні екіталай. Қалайда ішкі нарықта жанар-жағар май тапшылығы сезілмегені жөн. Ал жанар-жағармай бағасы Ресеймен теңестірер болсақ, онда еңбекақыны да, зейнетақыны да теңестіруіміз қажет. Оған біздің Үкіметтің әлеуеті жете ме? Гәп сонда!

Көлбай Адырбекұлы