Жаңалықтар

Жол картасында — мәдениет нысандары

ашық дереккөзі

Жол картасында — мәдениет нысандары

Осы аптада Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Алқалы басқосуда соңғы кезде министрлік тарапынан атқарылған игі істер мен болашақта жүзеге асуы тиіс шаруалардың жәй-жапсары кеңінен талқыға салынды. Жиынға Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған бір топ депутаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.Осымен үшінші рет Мәдениет және ақпарат министрлігінің тізгінін қолына ұстаған Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның бұл салада тәжірибесі мол. Ол «Мәдени мұра» бағдарламасының қабылданып, жүзеге асуына үлкен еңбек сіңірді. Тіпті, алыс-жақын мемлекеттердегі рухани, мәдени мұрамызды түгендеп, алтын қорымызды молайтуға күшін салды да. Енді, міне өз ісінің нағыз білгір маманы еліміздің мәдениет саласын дамыту жұмысын қайта қолына алып отыр. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, бүгінде мәдениет саласының барлық бағыттарында ілгерілеушілік бар. Соңғы 10 жыл ішінде еліміздегі театрлар саны 26 пайызға өссе, өңірлердегі театрлар саны 17 театрға артқан. Ал кітапханалар саны 21 пайызға өсіпті. «Музейлер санына келсек, олардың саны 2 есеге, кинотеатр саны 47 пайызға, жергілікті жерлердегі мәдениет клубтарының саны 40 пайызға өсті», – деді М. Құл-Мұхаммед.Осы тұрғыда министр Үкіметте әзірленіп жатқан жаңа жол картасының тізіміне өңірлердегі мәдениет нысандары барынша енгізілуі шарт дей келе, «Мәдениет саласындағы инфрақұрылым мәселесі де өзекті. 2008-2010 жылдары Жол картасы аясында 300-ден астам мәдениет нысандары жөндеуден өтті. Ал Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет 2050 жылға дейінгі жаңа жол картасын әзірлеуге кірісті. Бүгін осы жұмысқа кураторлық етуші Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев арамызда отыр. Сондықтан өңірлердегі департамент директорларына, тіл дамыту департаменттерінің басшыларының қаперіне салатын мәселе – біз жаңа Жол картасының тізіміне мәдениет нысандарын барынша енгізуге тиіспіз», – деді.Сол сияқты министр Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет нысандарын облыстық бюджеттің есебінен салуды ұсынды. «Біздің саладағы ең үлкен мәселелердің бірі – бұл жергілікті жердегі мәдениет объектілерін қаржыландыру мәселесі. Өңірлерде салынатын мәдениет объектілері республикалық бюджеттен қаржыландырылуы керек деген пікір қалыптасқан. Қазіргі кезде кейбір өңірлердің қаржылық әлеуеті әлдеқайда зор. Бір емес, бірнеше объектілер салуға мүмкіндіктері бар. Сондықтан сіздер алдағы уақытта республикалық бюджетке қарап, алақандарыңызды жайып отырмай, облыстық бюджеттің негізінде, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік деңгейінде мәдениет нысандарын салуға бар күштеріңізді жұмсауыңыз керек деп есептеймін», – деп қадап айтты. Министр бұл ретте мұндай идеяны бірінші вице-премьер толық қолдайтынына сенім білдіріп, өңірден түскен ұсыныстарды ілгерілетуге өзі де барынша мүдделі болуға ниетті екенін танытты. Басқосуда БАҚ-қа мемлекеттік ақпараттық тапсырыс беру ұстанымы мен тәртібі жақын арада қайта қаралатындығы белгілі болды. «Мемлекеттік тапсырыстарды мемлекеттік емес БАҚ-та орналастыру жолдары едәуір түзетуді қажет етеді. Оны «әр қызға бір сырға» ұстанымымен таратып бермей, оқырмандардың, көрермендердің сұраныстарына ие, мазмұны қызықты, жаңашыл әдіспен жұмыс істейтін БАҚ ғана алуы керек», – деген М.Құл-Мұхаммед мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырудың төменгі мөлшерлемесін белгілеу мәселесі жайына да тоқталды. «Қазіргі қолданылып жүрген баға – сағатына 120 мың теңге республикалық телеарналардың нақты шығынын жаппайды. Мысал үшін, телеарна 5 млн. теңге үшін эфирде 42 сағат көлемінде өнім көрсетуі қажет. Бұл мүмкін бе? Мүмкін емес деуге болады, мүмкін болған күннің өзінде де контент сапасы өте төмен болады. Баспа БАҚ-қа келетін болсақ, мемлекеттік тапсырыстың тарифі коммерциялықтан ондаған есе аз», – деп тоқетерін айтты министр. Осы кезге дейін газет-журналдарға қатысты мемлекеттік тапсырыс мәселесі талайлардың тіліне тиек болған. Мәселен, «Время», «Мегаполис» секілді газеттер және басқа да коммерциялық басылымдарға 1 шаршы сантиметріне 3000 теңге төленсе, еліміздің беделді газеттері – «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правдаға» небәрі 1000 теңгеден бөлінетін сияқты. Ал қазақтілді өзге газеттерге тіленшіге берген садақадай 81 теңге шамасында ұстатады екен. Енді бұл мәселені министр қатаң бақылауға алған көрінеді. Яғни түйінді мәселе оң шешіледі деген үміт басым. Министр тілге тиек еткен тағы бір мәселе – басылымдардың интернеттегі сайты туралы. «Қазақстандағы барлық газет-журналдың интернеттегі сайты болмайынша, жаңа дүниелерге жете алмаймыз. Мәдениет саласының барынша ақпараттандырылуы, барынша инновациялануы кезек күттір­мейтін жайт. Бұл әсіресе ақпараттық-телекоммуникациялық, медиатехнологияларға байланысты. «Мәселен, жақында «News week» газеті өзінің ең соңғы баспа нөмірін шығарып, өзінің баспасөз өнімі ретінде шығуын тоқтатты», – дегенді екпін түсіре айтты. Демек, олардың барлығы алдағы уақытта тек интернет желісінде ғана дамиды деген сөз. Сонымен қатар ведомство басшысы саладағы мәдени ақпараттық және ағартушылық мәселелерінде жергілікті шығармашылық ұйымдармен, институттармен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін алға тартты. Министрдің айтуынша, қазір республикалық арналар көптеп ашылуда және олардың жұмысы өз бетінше емес, тиісті министрліктердің бағдарламасымен бірлесе жүзеге асуы шарт. «Мысалы, Білім арнасы – Білім және ғылым министрлігімен, бірер айдан соң ашылатын Спорт арнасы – спорт агенттігімен, осы саладағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарылуы тиіс», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.Латын әліпбиіне көшу – комиссия жұмысына байланысты Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспарында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіру мәселесіне айрықша тоқтала келе, «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Елбасының осы қамшы салған сөзінен кейін елімізде «Латын әліпбиіне қашан көшеміз?» деген мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Қазақстанның әлемдік кеңістікке еркін қанат қағуына зор мүмкіндік жасайтын бұл реформа туралы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұған дейін-ақ: «Қазақстан түптің-түбінде латынға көшеді» деген еді бір отырыста. Сол кезде еліміздегі орыс тілінің мүддесін қорғайтын ұйымдар өре түрегелсе де, бұл мәселеде табандылық танытып келетініміз қуантады. Сондай-ақ, алқа мәжілісінде мәлім бол­ған­дай, латын әліпбиіне көшу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. «Латын әліпбиіне көшу турасындағы мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашық айтып, мерзімін нақты белгіледі. Бұл бір күнде жүзеге асатын шаруа емес. Сол үшін қазір мемлекеттік комиссияны құрып жатырмыз. Ол комиссияның құрамына ғалымдар, депутаттар, үкімет мүшелері кіретін болады. Сондықтан да ұлттық әліпбиді латынға ауыстыру жөніндегі Елбасы белгілеген меже өз уақытында атқарылатын болады», – деді М. Құл-Мұхаммед. Министрдің айтуынша, латын әліпбиінде ескерілетін дүние – бәрі компьютердегі 26 әріп аясында жасалуы тиіс. Оған қосымша 10-20 әріпті қосып, әріп санын 40-қа жеткізудің қажеті де шамалы. Бір ғана компьютер тақтасынан алфавит шығаруға әбден болады. Бұл бізге де, жастарымызға да жеңіл. Оның үстіне ағылшын, француз тілдерінде үш-төрт әріп бір дыбысты береді. Бізге де бір дыбысқа бір әріп арнамай-ақ, жеңіл, оңай жетілетін жолды іздестіргеніміз ләзім. Сосын осы салаға жауап беретін басшы ретінде айтарым, «келесі жылы латынға көшкелі жатырмыз» деген алып-қашпа әңгіме айтылып жүр. Олай емес. Биыл алдымен мемлекеттік комиссия құрылады. Ол комиссия жыл аяғына дейін атқарған жұмыстарын Елбасына баяндайды. Содан соң барып қана біз алфавиттің қалай боларын анықтауға тиіспіз», – деді М. Құл-Мұхаммед.Айтпақшы, алқалы мәжілісте терминология мәселесі де сөз болды. Сәтін салса, алдағы уақытта терминологияның 30 томдығын шығару қолға алынады. «Мемлекеттік тілді дамытуға байланысты Елбасы өз Жолдауында нақты мәселелерді атап көрсетті. Мұның ішінде терминологияға қатысты проблемалар да баршылық. Соңғы 10 жыл ішінде осы салада көптеген қателіктер кетті. Тіпті кейбір сөздерді өзіміз де түсінбей қалатын дәрежеге жеттік», – деді министр. Бұл ретте М. Құл-Мұхаммед әрбір сала бойынша терминологияға терең үңілу қажеттігін айтып, алдағы уақытта 30 томдық шығарылатынын жеткізді. «Ашығын айтатын бір мәселе – біз көп жағдайда латын тілінен енетін терминдерді өз орнында қалдыруға тиіспіз. Халықаралық терминдерді беталды аударудың қажеті жоқ», – деді М. Құл-Мұхаммед.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ