Жаңалықтар

Шекара қызметіндегі шетін оқиғалар

ашық дереккөзі

Шекара қызметіндегі шетін оқиғалар

Ашхабад түрмесінде зарыққан азаматтарымызға көмек берілмей отыр

Шекара – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Ел іргесі тыныш болса, елдің ұйқысы да тыныш. Алайда, осы шекара қызметінде соңғы бір жылдың ішінде бірнеше төтенше жағдай қайталанып отыр. Әуелі – «Арқанкерген» оқиғасы. Жыл өтпей, Шекара қызметіне тиесілі «АН-72» ұшағының апатқа ұшырауы. Бұл ұшақта – 27 шекарашы опат болды. Оның ішінде Қазақстан Шекара қызметінің директоры міндетін уақытша атқарушы, полковник Тұрғанбек Стамбеков және шекара бөлімшелерінің басшылары бар еді.

Үшінші қайғылы оқиға – Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Шекара академиясының басшысы Талғат Есетов 31 қаңтарда өз кабинетінде, ауыр жаралы күйде табылып, көп ұзамай, қайтыс болды. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, генерал-майор өзіне-өзі қол жұмсаған. Генерал-майор Талғат Есетов ҰҚК-нің Шекара Академиясын 2009 жылдан басқарады. Бұған дейін ол Үшарал шекара отрядының басшысы, аймақтық «Солтүстік», «Оңтүстік» шекара басқармаларының бастығы қызметтерін атқарған. Естеріңізге сала кетейік, Үшарал шекара отрядының құрамына атышулы «Арқанкерген» шекара заставасы да енеді.

Шекарадағы төртінші қайғылы оқиға – 4 ақпанда Шонжы шекара отрядының «Шығыс» аймақтық басқармасында болды. Аталған басқарма бастығының орынбасары Мұрат Қадыралинов өзін-өзі атып өлтірген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Мұрат Қадыралиновтың қасында оның жұбайы болған екен. Әрине, бұл оқиғалардың бір-бірімен байланысы жоқ, кездейсоқтық болса да, Қазақстан шекара қызметіндегі дағдарыстың анық көрінісі екендігі анық.

Дәл осы күндері Қазақ-өзбек шекарасында да төтенше жағдай болды. Өзбекстан шекарасын бұзып өтпек болды деген айыппен, өзбек шекарашылары 26 жастағы Қазақстан азаматын ауыр жаралаған. Өзбекстан шекарасы маңындағы «Ынтымақ» ауылының тұрғыны Аброр Шамаров өзбек шекарасының жанындағы өз үйінің алдында атылған. Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасының баспасөз-қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова біздің азаматтың Өзбекстан шекарасын заңсыз өтпек болғандығын айтады.

Өткен жылдың соңында Түркіменстанда Түркімен-қазақ шекарасында адасып кеткен 7 Қазақстан азаматына үкім шығарған. Кейбір ақпарат құралдарының мәлімдеуіне қарағанда, олардың әрқайсысы 7 жылдан бас бостандығынан айрылмақ. Олар жазасын қатаң тәртіпті колонияда өтеуге тиіс. Алайда, Түркімен билігі бұл ақпаратты ресми түрде растай қойған жоқ. Қазақстанның жеті азаматы өткен жылдың қазан айында шекара маңында адасып кеткен екен. Олардың төртеуі – көші-қон полициясының қызметкерлері, үшеуі аңшы. Қолдарында мылтықтары болған. Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті Көші-қон полициясының 4 қызметкері мигранттарды іздеу шарасымен «ресми іс-сапарда» болғандығын мәлімдеген. Алайда олардың қасында 3 аңшының не істеп жүргені анықталмай отыр. Түркіменстанда оларды шекара бұзды және қаруды заңсыз жолмен алып өтпек болған деп айыптап отыр. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі «дипломатиялық каналдар арқылы азаматтарымызды босатып алу үшін іс-қимылдар жасалып жатыр» деп мәлімдеуден аса алмай отыр.

Есенгүл Кәпқызы