Жаңалықтар

ШОҚАННЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН АЯГӨЗДЕ

ашық дереккөзі

ШОҚАННЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН АЯГӨЗДЕ

«Біз 18 сәуірде Семейден Аягөзге аттандық». Ш.Уәлиханов («Ыстықкөл сапары күнделігі»)

Бір қарағанда Шоқан туралы көп нәрсе белгілі сияқты. Ол бар жоғы отыз жылдық өмірінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өмірін, тарихын, тұрмысын зерттеу ісінде баға жетпес құнды еңбектер қалдырғаны аян. Олар бүгінде өзінің тарихи мәнін әлі жойған жоқ. Сондықтан да болар, Шоқанның қалдырған мұралары табылып, бізге жеткендері кейінгі қырық жыл ішінде екі рет бес томдық болып жинақталып, орыс тілінде жарық көрді. Шоқантанудағы тағы бір аса елеулі жаңалық – ғалымның биыл шығармаларының алты томдығы төл тілімізде шығарылғандығы болса керек.

Шоқанның жан-жақты өнер иесі екендігін кез келген еңбегінен оңай аңғаруға болады. Оның бірі – жинақы да шымыр шығармасы «Ыстықкөл сапары күнделігі». Шоқан бұл еңбегін жазғанда бар-жоғы 21 жаста екен. Егер Ш.Уәлихановтың ғылми өмірбаянын жазған академик Әлкей Марғұлан дерегіне жүгінсек, бұл жаста Шоқан Омбыдағы Батыс Сібір генерал-губернаторлығын басқарған генерал Г.Х.Гасфордтың адъютанты, яғни, жеке тапсырмаларын орындаушы болған. Баршаға аян, Ұлы жүз қазақтары ХІХ ғасырдың ортасына таман Ресейге кешірек бағына бастады. Міне, осы мемлекеттік маңызы барынша басым бұл істе патша үкіметі сақ саясат жүргізуі қажет болды. Өйткені ол кезде бұл аймаққа Қоқан хандығының да ықпалы күшті болатын. Әсіресе, оңтүстікпен іргелес Іле сырты, Ыстықкөл маңында үлкен де күрделі істер өз шешімін күтіп тұрды. Бұл жауапты жұмыстың басын ертелі-кеш қайыра беру мақсатымен Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорд 1856 жылдың көктемінде патша үкіметінің ұйғарымына орай, Ыстықкөл аймағына ғылыми-әскери экспедиция шығаруға бұйрық берді. Экспедиция жетекшілігіне Ұлы жүз қазақтарының сол кездегі приставы және Алатау округінің бастығы полковник М.М.Хоментовский тағайындалды. Экспедицияның мақсаты қырғыз халқымен жақынырақ танысу және Ыстықкөл аймағын картаға түсіру еді. Құрамы жүзге тарта адамнан тұратын экспедицияға Шоқан да енгізілді. Шоқанның бұл экспедицияға енгізілуінің де салмақты себебі бар. Жас офицер осыдан бір жыл бұрын ғана, яғни, 1855 жылы сол генерал Гасфордпен бірге Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай сапарына қатысып қайтқан еді. Осы сапар кезінде ол генерал Гасфордтың назарына ерекше ілініп, болашақ Ыстықкөл экспедициясы үшін жергілікті адамдардың ішінен оңайшылықпен табылмас маман деген тұжырым қалыптасқан еді. Шынында осылай болды да. Сібірдің сол кездегі ең жоғарғы әскери оқу орны деп аталатын Сібір кадет корпусын сегізжылдық оқу бағдарламасы бойынша үздік бітірген Шоқан терең біліммен, әдеттен тыс зеректігімен маңайындағылардың назарын өзіне аудара білді. Сондықтан да болар. Гасфордтың жеке жарлығы бойынша Омбыдан Семейге, одан әрі Аягөз арқылы 1856 жылдың сәуірінде Шоқан сол заманның ең жүрдек көлігі – тарантаспен үш апта ішінде Верный бекінісіне жедел жеткізіліп, экспедицияға қосылды. Әрине, бүгінгі біздер үшін ұлы ғалым күнделігіндегі сол кездегі деректер аса қымбат. Бұл орайда ескерер бір жай, Шоқан Омбыдан Семейге дейінгі жол жүрісін қағазға түсірмеген. Ол Семейден шыққан сәттен бастап күнделік жазуды қолға алған. Шоқан Семейден 18 сәуірде шығып, 20 сәуірде түнде Аягөзге жетеді. «Аягөз шағын станица. Онда найман руларын басқаратын округтік приказ бар». Шоқанның үш айға созылған сапарының өрлеуі де осы сөйлемдерден басталады. Семейден бері қарай сусыз, тақыр даламен жүріп келген ол Аягөз өзені бойында табиғат көрінісінің бірден өзгергенін байқайды. Осыған орай, Шоқанның «шынында да маңайдағы шөлейтті сусыз даламен салыстырғанда Аягөз жерұйық секілді» – деуі тегін болмаса керек. Шоқан Аягөзден қайта жолда шыққаннан-ақ, одан 90 шақырымдай жерде осы аттас өзеннің ар жағында орналасқан халқымыздың тамаша махаббат дастанының кейіпкерлері Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың зиратын көруге мықтап бекінген екен. Сондықтан Шоқан өз күнделігінің алғашқы беттерінде-ақ: «Мен Аягөзді мейлінше сүйемін және ғажаптанамын. Мүмкін бұған осы өзен жағасында дүниеге келген сұлу Баянның алтын айдарлы Қозы Көрпешке ғашық болуы жайындағы поэтикалық ғажап аңыздың да себебі бар шығар. Біз бұл дастанмен жақсы танысып, зерттеген едік. Ендігі ойымыз – ол жерге таң алдында, ертеңгі таң шапағы теректер мен суды нұрға малындырып, бозторғайлар әндеріне басқанда, зират қасында тәтті ойларға беріле отырып шай ішу еді», – деп жазуы тегін емес. Бірақ ат басын әдейі бұрғанымен көктемгі өзен суының қатты тасуынан Шоқан зират басына жете алмағандығы да белгілі. Ие, бұл жолы Қозы Көрпеш пен Баян сұлу зиратын жақыннан көре алмаған. Себебі, мұны сол 1856 жылы, осы зират жанында тұрған төрт тас мүсінді бейнелеп салған Шоқан суреттері дәлелдесе керек. Ал Шоқан күнделігіндегі: «Біз бұл дастанмен жақсы танысып, зерттеген едік», – деуінің де өзіндік себебі бар. Халқымыздың жәуһар жәдігері болып табылатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырымен Шоқан сонау кадет корпусында оқып жүргенде-ақ танысса керек. 1851 жылы (бұл кезде Шоқан 16 жас­та) өз әкесі Шыңғыспен Құсмұрында осы жырдың өздері естіген алғашқы нұсқасын қағазға түсірген. Ал бұдан кейін де Шоқан белгілі жыршы Жанақтан осы жырдың екінші нұсқасын да жазып алған. Сондай-ақ, 1864 жылы Шоқан генерал Черняевтың экспедициясына аттанар алдында бұл аңыздың тағы бір үшінші данасын ақын Шөженің айтуы бойынша жазып алуға мүмкіндік тапқан. Шоқан Ыстықкөл сапарында үш жарым ай болды. Ол осы қысқа мерзім ішінде Ыстықкөл мен Жетісу табиғатын, жерінің бойы-қырын, өсімдіктері мен хайуанаттарын сындарлы суреттеп жазып қалдырды. Орайы келгенде ажыратып айта кеткен жөн. Шоқан Аягөзде өзінің қысқа өмірінде бір емес, үш рет болған. Мұның біріншісі жоғарыда толық баяндалды. Ал Шоқанның бұдан кейін де Аягөзде екі рет болуын біреу білсе, енді біреулер біле бермейді. Екінші рет Шоқан Аягөзден 1858 жылы Батыс Қытай аймағындағы Қашқарияны зерттеуді жасырын жүргізетіндігінен сол жаққа баратын сауда керуенінде Әлімбай деген атпен өткен. Соңғы, үшінші рет Шоқан Аягөзде 1864 жылы болған. Дәл осы жылдың көктемінде Шоқан генерал Черняевтің экспедициясына бару үшін тағы да Омбы-Семей-Аягөз-Верный арқылы Әулиеатаға жеткен. Бұл туралы дерек Шоқанның 1864 жылы 23 наурызда өзінің досы К.К.Гутковскийге жолдаған хатында анық баяндалған. (Ч.Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. Том 5. Алма-Ата, Издательство «Наука», 1985, стр.161). Ашып айтпағымыз – бүгінгі Сергиополь ауылында (Аягөз округінің сол кездегі орталығы) Ш.Уәлихановтың Аягөзде болуын әрқашан хабардар етер бір белгі-ескерткіш-тұғыр орнатылса деген ұсынысты көпшіліктің есіне салу. Ғабит Зұлхаров, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі