Жаңалықтар

Қазақ интернеті: Сайттардың сапасын саралағанда

ашық дереккөзі

Қазақ интернеті: Сайттардың сапасын саралағанда

Дәстүрлі журналистика мен Интернет журналистиканың айырмашылығы неде? Интернет қорлардағы «жиендік жасау» «үрдісі» неге бәсеңдемей тұр? Қазақ интернетінің сапасын арттыру үшін не істеу керек? Күн тәртібіне шыққан басқа да маңызды мәселелер Қазақ сайттары редакторларының конференциясында талқыға салынды.

«Авторлық құқық сақталмайды»

Өткен аптада Астанада ұйымдастырылған Қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясында дәстүрлі журналистика мен Интернет журналистиканың ерекшелігі таразыланды. «Жаңа медиа мен Қазақ интернет журналистикасы» тақырыбындағы соңғы бөлімде Интернет журналистиканың негізгі бағыттары, ақпарат берудің тәртібі, мәдениеті және журналистік этика, әріптестер арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастық, Қазақ сайттарының ортақ қауымдастығын құру мәселелері сөз болды. Осы бөлімде қызу пікірталас тудырған басты проблема – Интернет журналистиканың сапалық деңгейі және бүгінде бүкіл әлемді алаңдатқан «Google журналистика». Интернетке иекті көбірек артатын журналистер қауымы қазір белсенділік қабілетін кабинетінің төрт қабырғасымен шектеген. Осының салдарынан журналистиканың басты құндылықтары ақсауда. Мәселен, авторлық құқықтың сақталмауы, елмен араласып, оқиғаның басы-қасында болу, кәсіби біліктілікті тәжірибе жүзінде шыңдауға ұмтылмау, сұхбатты бетпе-бет өткізудің азаюы, керісінше, «дайын сұраққа – дайын жауап» әдісінің белең алуы, қолға тиген ақпараттың шынайылығын тексеруге мүдделі болмау, «копипост», яғни, көшіріп басуды әдетке айналдыру сияқты басқа да кемшіліктер көп. Мұндайда Интернеттің, заманауи ақпараттық технологияның тиімділігі мен жетістігін жоққа шығару – жаңсақтық, әрине. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ: «Кез келген нәрсенің күнгейі мен көлеңкесі болады ғой. Сол сияқты бұл мәселенің де екі жағы бар. Интернет ақпаратты жедел алуға, ақпарат алмасуға, бір-бірімізбен байланысуға таптырмас құрал. Бірақ Интернеттен алған ақпаратты ешқандай тексерусіз жариялау – Қазақ қоғамында хаос жасау. Яғни, демократия емес, анархия пайда болады. Қазақстан – жас мемлекет, бізге сол керек пе? Егемендікке қол жеткізгелі аз-ақ уақыт өтті, Тәуелсіздікті тұғырлы етуде бізге өте сақ болу керек. Конференция барысында контент қалыптастыру жағы бірнеше рет көтерілді. Сіздер «контент жоқ», «контент сапасыз» дейсіздер. Оның басқа да себебі бар. Өйткені контент қалыптастыруға үлес қосатындардың еңбегі ешқашан бағаланған емес, қаламақы қарастырылмаған. Бір ғана мысал, Францияға барған сапарымда бір радиоға сұхбат беруге шақырды, сұхбаттан кейін «мынау – қаламақыңыз» деп қолыма ақша ұстатты. Ал бізде сағаттап әңгіме өткіземіз, ол Интернетке салынады, бірақ көк тиын қаламақы берілмейді. Осындай жайттар авторлардың құлшынысын төмендетеді. Екіншіден, авторлық құқық сақталмаса, шет елдерде бірнеше миллиондап өндіріп алады. Ал Қазақстанда авторлық құқықты таптау күнделікті үйреншікті жайтқа айналған. Сондықтан Интернет журналистиканы дамыту барысында осы мәселеге де баса назар аудару қажет. Меніңше, авторлық құқықты сақтауды ең бірінші кезекке қойған жөн. Ал қаламақы тағайындауды сайт, портал басшылары ойланғаны абзал. Алғашқы кезеңде Қазақ интернеті енді қалыптасып келеді» деп аса мән бермеуге тырыстық. Бірақ қазір жағдай басқаша», – деп ағынан жарылуы сондықтан. Осы орайда, «Google журналистикаға» байланысты өз пікірін білдірген «Мінбер» қоғамдық қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы: «Интернетті ең алдымен ақпаратты таратушы ретінде пайдалануымыз керек. Ал мерзімді басылымдарды Интернеттен алынған ақпарат шынайы ма, дереккөзін қайдан алды? деген сауалдарды сараптау үшін қолданған дұрыс»,– деді.

Интернеттің арқасында журналистердің жүгі жеңілдеп кеткенін көлденең тартқан Қазақстан баспасөз клубының өкілі Назгүл Қожабекова: «Әлеуметтік желілерге кіреміз де, қалаған спикерімізден қалаған сұрағымызға жауап аламыз. Оны апарамыз да, сайтымызға іліп қоямыз. Алайда журналистің кәсіби тұрғыда дамуына, шыңдалуына бұл әдіс қаншалықты игі ықпал етеді?» деп, ортаға сауал тастады. Оның пікірінше, «Интернет журналистика дегеніміз – мәтін емес, ол – жаңа медиа. Контент қалыптастырудың жаңа түрлері, видео, подкаст… Қазір Қазақстандағы журналистика факультетінің студенттері осылардың барлығын меңгеруде, алайда олардың қазақша сауаты төмен. Мәселен, «студенттермен жасалған газет» деген сияқты. Анығында студенттер шығарған басылым болуы тиіс. Осындай келеңсіздіктердің кесірінен олар тұрақты оқырмандарынан айырылып қалатыны анық».

«Журналистика – жазушылық өнер емес»

Конференция барысында қазақша Интернет журналистиканың ақпарат тарату міндетінен ауытқып, көркем шығармашылыққа бет бұрғаны жайлы да айтылды. Яғни әдеби тілмен дерек, ақпаратты өңдеймін деп отырып, айтылуы тиіс басты мәселе қызыл тілдің көлеңкесінде қалып қояды. Негізі осы мәселені екінші бөлімдегі Қазақ сайттарының жарнамадан пайда табу мәселесі көтерілгенде «Сұрақ-жауап» сайтының жетекшісі әрі редакторы Ербол Серікбай да тілге тиек еткен. Ол: «Қазақ сайттары мерзімді басылымдарда жарияланған дүниелерді дәл сол қалпында Интернетке көшіре салады. Бұл дұрыс емес, кез келген мақаланы Интернеттің табиғатына сай өңдеу қажет. Өйткені оқырман, яғни, ақпаратты тұтынушы өзіне керекті деректі Интернеттен іздегенде негізгі сөз бойынша оңай табуы тиіс»,– деді.

Жиында сапа мәселесіне де баса назар аударылды. Интернет төңірегінде жүргендердің кітап оқудан алыстап кеткен ұрпақ екендігіне қынжылған Қайрат Сақ: «Конвергентті журналистиканы меңгеріп жатқандар – кейінгі буын өкілдері. Олар кітап оқуды қойды, таңертеңнен кешке дейін компьютердің алдында отырады. Интернеттен алған өте таяз, сапасыз ақпаратын таратады. Егер қазақтың халық ауыз әдебиетін жақсы білсе, олардың қазақ тіліне деген көзқарасы, сауаттылық деңгейі мүлде басқаша қалыптасар еді. Қазір журналистиканың жанрын білмейтіндер журналист боп жүр. Бүгінде ең өзекті жанр – репортаж басылым беттерінен жоғалып барады. Болған оқиғаның қақ ортасынан табылуды міндеттейтін репортажға кейбір журналистің мойны жар бермейді. Екіншіден, репортажға кететін шығынды бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі бөлгісі келмейді. Сондықтан журналистер Интернеттен алған ақпаратпен шектелуге мәжбүр» – деп отандық журналистиканың басты түйткілдерін ортаға салды. «Shyn.kz» порталының редакторы Ардабек Солдатбайдың пікірінше, қазақ журналистері әлі күнге жайбасар, орыстілді әріптестерге қарағанда қазақ журналистері есе жіберіп алады: «Ақпаратты беруде біз орыс сайттарынан кем дегенде 1-2 сағатқа кешігіп жүреміз. Мұның бәрі қаржыға кеп тірелетін мәселе. Егер редакциядағы қызметкерлер саны көп болса, жеделдік болары белгілі. Сайттарға жарияланған кез келген бір мақалаға орай пікір білдіруге қатысты айтсақ, жалпы бізде пікір білдіру мәдениеті қалыптаспаған. Сайтқа ілінетін кез келген мақаланы біз рейтинг жинау үшін, пікір тудыру үшін қоямыз шын мәнінде. Егер пікір қалдыру үшін сайтқа тіркеуді міндеттесек, оқырмандар басқа сайттарға кетіп қалады. Меніңше, барлық сайттар тіркелмеген оқырманға пікір жазуға тыйым салуы қажет. Меніңше, кейде Қазақ интернеті ұлтты тұтастыққа үндеуге емес, арасына іріткі салуға жұмыс жасап жатқан сияқты. Ойыңда арам ой жоқ, біреуді мақтайсың не даттайсың, біраздан кейін топтар арасында төбелес басталып кетеді. Осы кемшіліктен арылу керек. Онсыз бізде ауызбірлік болмайды». Интернеттегі авторлық құқықтың тапталуы, «жиендік жасау» мәселесін конференцияның бірінші бөлімінде «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым да көтерген еді. Баспасөзде, Интернет басылымдарда жарияланған өз пікірін кейбір аймақтық БАҚ көшіріп басып, сілтеме жасауға, авторлық құқықты сақтауға немқұрайдылықпен қарайтынын көлденең тартқан: «Кейде «Алматыдан Айдос Сарым хабарлайды», «Астанадан Дәурен Қуат хабарлайды» деген тіркестермен республикалық БАҚ-қа шыққан пікір не мақалаңды көшіріп басады. Сосын жүргенің аудандық не облыстық газеттің Алматы не Астанадағы меншікті тілшісі «болып». Бастапқыда біз бұған кешіріммен қарадық, Қазақ интернеті дамысын дедік. Бірақ енді олай көзжұмбайлық жасауға болмайды».

Конференцияға қатысушыларды толғандырған тағы бір сұрақ: «Интернеттің зияны мен пайдасы қайсы?» Бұл орайда, Есенгүл Кәпқызының пікірінше, Интернеттің пайдалы да, зиян жағы да бар: «Мысалы, Интернетті ойын ойнауға, порнографиялық дүниелерді көруге қолданатындар бар. Екіншіден, Интернеттің пайдалы тұсы – жастар білім көкжиегін кеңейтудің құралы ретінде қарастырады. Біз өскелең ұрпақтың зиянды жаққа бұрылмауын қадағалауымыз қажет». Ал шәкірт тәрбиелеуді басты міндеті санайтын ұстаз Қайрат Сақ: «Интернеттің зиянды жағы: ұлттық құндылықтарымыздан айрылып қалмаймыз ба деген қауіп бар. Меніңше, соған жол бермес үшін жиналып отырмыз. Интернетке шектеу жоқ, бүкіл әлемде жүріп жатқан үдеріс. Оның жалғыз жолы: сайттар ұлттық құндылықтарды сақтауға жұмылып, осы бағытта жұмыс жасауы тиіс. Батыстың жалаң, жылтырақ дүниелерінен бойды аулақ салуға және ұлттық құндылықтарымызға ден қоюға үндеу керек. Екіншіден, егер Интернетті дұрыс пайдаланбасақ, алауыздық жікке бөліну, қоғамда түрлі дағдарыс тууына әкеп соғады», – дейді.

Интернетке Көркемдік

кеңес керек пе?

Қазақ қоғамының қауіпсіздігі туралы мәселе көтерілгенде модератор Ақберен Елгезектің «Соңғы кездері діни сайттар көбейіп кетті. Олар қадағалана ма?» деген сауалына «Жақсы» ұлттық порталының үйлестірушісі Өркен Кенжебек: «Дінтанушы емеспін, бірақ сырттай қарағанда, жалпы көрініс – Қазақстандағы діни сайттардың біразы Діни басқармамен келісе отырып, жұмыс жасамайды. Мысалы, Ринат Займуллин деген еліміздің батыс өңірге өте беделді азаматтың бейресми 8 сайты бар екен. Ондағы ақпараттарға тыйым салынған немесе лаңкестік бағыттағы дүниелер деуге келмейді. Бірақ олар Қазақстан халқының дүниетанымына, менталитетіне лайықталған ба, жоқ па? Бұл белгісіз. Жаңағы тізімге антисунна, антиидол, рух.kz сияқты сайттарды да қосуға болады», – деп жауап берді.

Конференция барысында дәстүрлі журналистика мен Интернет журналистика саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың арасында ерекшеліктер мен кемшін тұстар да сараланды. Ақпаратты таратудағы жауапкершілік мәселесінде ой бөліскен ұстаз Қайрат Сақ: «Бірінші кезекке журналистердің жауапкершілігі деген мәселені шығаруымыз қажет. Мұны бірнеше рет айттым. Журналист жауапкершіліктен ада болса, қоғамға төндіретін қатері көп. Сонымен қатар журналистің табиғатына цензура тән болуы тиіс. Бұл жоғары жақтан келетін қысым не тыйым емес, керісінше, ақпараттың шынайылығы тексерілді ме, жоқ па деген жауапкершілік. Сана әзір дайын болмағандықтан, бәлкім, журналистерден жауапкершілікті талап ету дұрыс та шығар. Бір кездері телеарналар мен радиода Көркемдік кеңес деген ұйым болды. Кез келген туынды осы кеңестің рұқсатымен жарыққа шығарылатын. Меніңше, сайттар мен порталдарда да осындай кеңестер құрып, ақпараттың шынайылығы тексеріліп отырғаны жөн. Өздеріңіз білесіздер, Интернетті АҚШ-тың қорғаныс министрлігі қорғаныс саласы үшін ойлап тапқан. Бұл жерде ақпараттық соғыс мәселесі де бар. Сондықтан отандық ақпараттық кеңістікті қорғау мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс», – деген пікір айтты. Бұл орайда Есенгүл Кәпқызы: «Әр редакцияның жанынан ақпараттардың шынайылығын қадағалап отыратын бөлім керек. Редакторлардың басты міндеті – осы. Қазір ақпарат құралдарына деген сенім өте аз. Мысалы, мен BBC агенттігінің Қазақстандағы бөлімінде жұмыс істеп жүргенде бізге сенімді ақпарат алуға болатындардың тізімі берілетін»,– деді.

Қазақ сайттары редакторларының тұңғыш рет өткізілген басқосуында бірқатар қиындық анықталды, тығырықтан шығар жол ізделді, түйткілдерді шешудің жолдары қарастырылды. Осылайша, ортақ мүддеге жұмылған әріптестер Қазақ интернетін дамытудың жаңа белесіне көз жібереді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ