Дүние-жалған
Дүние-жалған
Қажытай ІЛИЯСҰЛЫ
Қазақтың белгілі ақыны, журналист Қажытай Ілиясұлы 74 жасқа қараған шағында дүние салды.
Қ.Ілиясұлы 1939 жылы Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағындағы Дөрбілжін ауданында туған. Шыңжаң Тіл институтының қытай тілі факультетін бітіріп, «Шыңжаң» газетінің редакциясында аудармашы, сол газеттің Іле, Тарбағатай аймағындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеді. 1962 жылы атамекені – Қазақстанға оралып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.
Қ.Ілиясұлы мәдениет және ақпарат саласында көптеген жылдар бойы жемісті қызмет етті. «Ара» – «Шмель» журналында, «Лениншіл жас» газетінде фельетонист, бөлім меңгерушісі, Қазақ телевизиясында аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің Бас редакциясында, «Жазушы» баспасында редактор, «Азамат», «Астана дауысы» – «Голос Азии» газеттерінде бас редактор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. Еліне сіңірген ерен еңбегі үшін оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Қажытай ақын бойына біткен біртума дарынының арқасында «Алаш» сыйлығының лауреаты атанып, республикалық жыр мүшәйраларының алты мәрте жүлдегері болды.
Қ.Ілиясұлы қазақ поэзиясының дамуына сүбелі үлес қосты. Оның әр жылдарда жарық көрген «Қайран жастық», «Усойқы», «Маймылдың мәдениеті», «Қалақай қамшы», «Тасжарған» атты сатиралық және лирикалық өлең-мысалдары мен поэмаларының жинағы соның дәлелі. Ол сондай-ақ, 20-дан астам ән мен бірнеше күйдің авторы.
Абзал азамат, белгілі мәдениет және қоғам қайраткері Қажытай Ілиясұлының бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы
center>Тұла бойы тұнған талант еді
Қайран Қажытай аға!
Сен де дүниеден оздың-ау!
Мәңгілік ештеңе жоқ. Ең өкініштісі, сенің бойыңдағы қазақ халқына тән қасиеттердің бәрі бірге кетті-ау. Ата-бабамыздың салты мен дәстүрін берік ұстаған, атбегілік, құсбегілік жөнінде көл дария әңгімелерің көмулі күйінде қалды. Оны көзі тірі кезінде қазып тұрып, жаза алмай қалғанымыз қандай қасірет?! Тұла бойың тұнған талант, таза табиғи талант, туабітті әдебиет, мәдениет, өнер үшін жаралған Қажекең едің-ау! Үш жиырма бес жасадың. Біздің елімізде «пәлен жылы дүниеге келіп, пәлен жылы қайтты» деп, құлпытасқа қашап жазып қояды. «Адамның жасаған жасы ұзақтығында емес, көрген қызығында», – дейді шығыс халқы. Жапон халқы: «Сіз өзіңізді неше жастағыдай сезініп тұрсыз?» деп сұрайды екен. Қажеке, сен өзіңді қашанда жиырма бес жастағы жігіттей сезініп өттің. Қай жерде де, қашанда, қай кезде де ұшырасқанда, қайран жиырма бестегі қалпыңды бұзбай, әңгіменің тиегін ағытушы едің. Бүкіл қазақтың, Еуропаның музыкалық аспаптарының бәрін ат құлағында ойнағандай керемет меңгерген өнерпаз едің-ау. «Әдебиет – ардың ісі» деп, әдебиетке имене кіріп, иба сақтап, иманды қалпыңды бұзбай өттің. Жатқан жерің жәннатта болсын, Қажеке! Иманың жолдас болсын!
Көпен Әмірбек,
сатирик
Көкірегі толы асқақ ән еді
Екі-үш күн ойын-күлкіні қоя тұралық. Ел қадірлі ақсақалынан айырылды.
«Жақсы адам ба еді?». «Жақсы адам еді. Көкірегі толы асқақ ән еді. Жақсы адам деген әншейін сөз ғой, Ол кісі мүлде басқа адам еді.»
Басыңа бұлт үйірмек болғандардың өзінің езуіне күлкі үйіріп жіберетін қайран Қажыға… Сіз қайтты дегенге сену қиын. Әзіл сияқты. Кеңпейіл жұртыңды осынау орынсыз қалжыңыңмен қорқытып алу үшін өп-өтірік көз жұмып жатып алғандайсыз. «Өлген адам сөйлемейді…» деп.
Қандай адам, қанша жасында көз жұмса да, қазаның аты қаза… Сіздің поэзияңыз, сіздің сатираңыз қандай еді?! Сөзді ойнатқанда, сөзді құтыртқанда, сөзді еркелеткенде алдыңызға жан салмайтын ерен жүйрік едіңіз-ау. Қадірлі қария едіңіз. «Алашыңыз ақсақалсыз қалады» деп қорқып отырғам жоқ. Құдайға шүкір, атын айтып мақтанарлық асылдарымыз бар. Бірақ олардың бет-әлпеті, дидары, жүзі заманауиланған, қалалық тип қой. Сіздің түріңіз кәдімгі қазақы қарияның түрі болатын. Қалада қанша жыл тұрсаңыз да, ауылдық тұрпатыңыздан арылмадыңыз. Мамыр мен маусымның аралығындай жып-жылы едіңіз ғой. Осы елдің жасы да, кәрісі де сіздің құрдасыңыз еді. Еркелей білуші едіңіз, еркелете білуші едіңіз. Одақтың сахнасы сіз шыққанда құлпырып сала беруші еді-ау… Елдер екі минут сөйлеп езіп жіберсе, сіз жарты сағат тұрсаңыз да, жұртыңызды жалықтырмаушы едіңіз. «Күлкі күнінде» еркіндеу кеткеніңіздің өзі де жарасып тұратын. Көре алмайтын адамдар соны да сөз қылмақ еді, олардан гөрі сізді қолдаушылардың саны басымдау болды.
Енді, міне қалжыңыңызбен қағытып жүретін Теміршеңіздің соңын ала бере күй тартып, ән салып отырған күйі кете барыпсыз… Мына жұрттың жадында сіздің бір ғана елесіңіз қалады. Көзіңізді сығырайтып күліп тұрған кейпіңіз… Қара кастюм-шалбарыңыз, сарғыш жейдеңіз, ортасында сарғыш суреті бар қара галстугыңыз, басыңыздағы қазақы тақияңыз… Жазушылар одағы ғимаратының екінші қабатындағы фойедегі сары диванда немесе бірінші қабаттағы қоңыр креслода отырып алып ары өткен, бері өткенімде қағытып қалатынсыз. Байлық пен мансап бедел болып тұрған заманда ешқандай қызмет істемей-ақ, жаяу-жалпы жүріп-ақ абыройыңыз асқақтап тұрушы еді, ә, тұрпатты көке. Және өзгелер болмашыға тымырайып, күңіреніп жүргенде, сіз мұңы жоқ, қайғысы жоқ адамға ұқсап, жүзіңіз жып-жылы болып отырушы едіңіз. Өз мінезіңізге салып, қанша ауыр қайғы болса да өзіңізбен күңіренбей қоштасайық. Сіздің әзілдерді еске алайық.Сіз де біраз елдің жүрегін «быт-шыт» қылдыңыз, қариям! Бақұл болыңыз!
Бейбіт Сарыбай