Жаңалықтар

Дін тазасын ой табар

ашық дереккөзі

Дін тазасын ой табар

«Таблиғ жамағат» туралы тарқатып айтқан жөн

Әлемдердің Раббысы Аллаға сансыз мадақтар мен мақтаулар және Пайғамбарына (с.ғ.с) салауаттар, оның отбасы мен сахабаларына сәлемдер болғай.

Қазіргі кезде еліміздің барлық аумақтарына тарап, танымал болып қалған «Таблиғ жамағаты» деп аталатын топтардың болмысы, олардың ұстанымдарының дұрыс немесе бұрыс екендігі жайлы сұрақтар көп. Бұл сұрақтарға жауап беруден бұрын түрлі ақпарат құралдарында осы жамағат туралы жарияланған мәліметтермен таныстық. Олардың кейбірінде: «Таблиғ жамағаты Ислам дінінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, дін үшін көптеген жақсылықтар жасап жүрген жамағат. Көптеген адамдар солардың септігімен дінге бет бұрып, Ислам дінін қабылдады», – деп алғыс айтса, сопылармен жұлдызы теріс кейбір ағымдардың серкелері: «Таблиғ жамағатының» ұстанымы сопылардың ұстанымына жақын. Сондықтан олар адасқан бидғатшы, тіпті ширк жасайтын азғындаған топ. Оларға мүлде жақындауға болмайды», – деп даттайды.

Дегенмен, осы қарсы пікір айтқан жақтардың әрқайсысының дәлел ретінде алға тартқан уәждерін қарастырып көргенімізде, олардың уәждері Құран мен сүннетке емес, өздерінің қалаулары мен жеке көзқарастарына негізделген екендігінің куәсі боламыз. Бірақ пенденің қалауы мен оның жеке көзқарастары үнемі Құран мен сүннеттің талаптарына сай келе бермейді. Сондықтан біз бұл сұрақтардың жауабын Құран мен сүннетке негіздеп қарастыруымыз қажет. Біз алдымен «Таблиғ жамағаты» деген сөз қайдан шықты? Құран мен сүннетке негізделген бе, жоқ па, оған таблиғшылардың өздері қандай дәлелдер келтіреді?» деген сауалдардан бастағымыз келеді.

«Таблиғ» сөзінің мағынасы «жеткізу, хабарландыру, ескерту» деген мағынаны білдіреді. «Таблиғ жамағаты» өздерінің осылайша аталуының себебін «Сахих Әл-Бұхари» кітабындағы Абдулла ибн Омар (р.а.) келтірген хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Менен бір аят болса да (адамдарға) жеткізіңдер!» – деген сөзімен байланыстырады. «Хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «жеткізіңдер», яғни «таблиғ жасаңдар» – деп әмір еткен. Ендеше, Аллаға шақырушы әрбір адам «мүбәллиғ»-«жеткізуші» болып табылады. Міне, осыдан біздің жамағатымыз «Таблиғ жамағаты», яғни, «аяттарды жеткізушілердің жамағаты» деп аталады. Бұл атаудың негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерінде бар болғандықтан бидғат болып саналмайды», – деп тұжырымдап уәж айтады. Үстірт қараған адамға таблиғшылардың бұл уәждері орынды сияқты көрінеді. Бірақ зерделеп қарағанға оның шикі тұстары бар екендігі мәлім болады. Хазіреті Абдулла ибн Омардың (р.а.) келтірген хадисі «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни, хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «жеткізіңдер» – деген сөзі жалпылама айтылып, «жеткізу» қажет екендігін аңғартқанымен, «жалғыз өзі жеткізуі керек пе, әлде жамағат болып па?», «қашан, кімдерге жеткізу керек» екендігі нақты, таратылып айтылмаған. Сондай-ақ хадисте «аяттарды жеткізуші жамағаттың болуы қажет екендігі» туралы ешқандай нұсқау да, тіпті оған сілтеу болатын мағына да келтірілмеген. Сондықтан бұл хадис «Таблиғ жамағаты» сияқты жамағаттың болуына шариғи тұрғыдан дәлел бола алмайды. Ал шариғи дәлел болмаған жерде осындай жамағаттың болуы қажет деп тұжырымдау – шариғат тұрғысынан бидғатқа жол ашу болып табылады.

Хадистегі аса бір мән беретін мәселе Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаға: «Саған мұсылмандардың жамағаты мен олардың имамы лазым (яғни мұсылмандар жамағатын іздеп тауып, олардың имамына ілесуің қажет!)» деп нұсқау берді. Міне, осы үкімге сай шеттен келген адам жергілікті жамағатқа қосылып, оның имамы ұстанған жолын ұстануы уәжіп. Сондықтан шеттен келген адам жергілікті имамның ұстанған жолына қайшылық жасауы дұрыс емес. Егер қайшылық жасаса, бүлік шығарған болып табылады. Бұл қағида «Таблиғ жамағатының» өкілдеріне де қатысты. Бұл қағидаға бойұсынбаса, онда олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауларына қайшы келген болып табылады.

Шариғат үкімдеріне бойұсынудың және жамағаттың ұстанған жолын ұстанудың уәжіп екендігін мына бір хадис те дәлелдейді. Онда Абдуллах ибн Омар (р.а.): «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алла тағаланың тағатынан қолын тартса (Құран мен сүннеттің үкімдеріне бойұсынбаса), онда ақирет күні оның үшін ақталатын ешқандай құжаты болмайды және кімде-кім жамағатқа қарсылық жасап жүріп, өмірден өтсе, әлбетте ол адам жахилият өлімімен дүниеден өтеді» дегенін есіттім», – деген.

Міне, осы келтірілген хадистерде жергілікті жамағат – «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылатындығы, сондықтан оның имамының ұстанған жолын ұстану баршаға бірдей уәжіп болғандығы, оған қайшылық жасау пендені жахилиятқа ұшырататындығы туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анық нұсқаулар берген. Соған қарамастан өзін білгіш санайтын кейбіреулер жамағаттың немесе жамағат имамының кейбір істеген амалдарын ұнатпай, өз бетімен жол ұстанғылары және соны басқаларға тықпыштағылары келеді. Жұрттың назарын өздеріне аудару үшін жамағаттың адамдарына қайшы келетін амалдар жасайды.

«Таблиғ жамағаты» да осындай топтардың қатарына жатады. Олар имамдардың қарсылық жасағандарына қарамай өздері дағуатқа барған елді мекендердегі мешіттерге адамдар жинайды, содан мешіттің имамына емес, өздеріне құлақ астыруға тырысады. Сөйтіп, мешіт жамағатымен немесе олардың имамдарымен пікірталасқа түсіп, кейде текетіреске салынып жатады. Барған жерінде аралап жүріп дағуат жасайды, олар мұны «баян» немесе «хұтба» деп атайды. «Баян» кезінде адамдарды дағуат тыңдауға жинап, оларды бірнеше топқа бөліп, әрқайсысына жетекші тағайындайды. Оларға Фатиха сүресі мен бірнеше қысқа сүрелер үйретіледі. Осылайша, бірнеше күн өткеннен кейін сол адамдарды өздерімен бірге «дағуатқа» шығуға міндеттейді. Бұдан олар «Сапарға шығып дағуат жасау, дағуатшының санасын тәрбиелейді. Сендер енді дағуатшысыңдар, адамдарға ненің халал, ненің харам екендігін» түсіндіріп берушісіңдер, адамдардың Исламға келуіне жауаптысыңдар», – деп үгіт жүргізеді. Содан әрбір адам өзінің шамасына қарай олармен бірге бір күн, яки, үш күн жылына қырық күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығуы қажет болады. Таблиғшылар мұндай дағуатқа шығуды «хуруж» дейді. Олар өздерінің ойдан шығарған бұл бидғат істерін құптау үшін «Әлі Имран» сүресінің 110-аятындағы: «Сендер адамдар үшін (яғни, адамдардың арасынан қанша үмбет) шығарылған үмбеттің ең жақсысы болдыңдар. Сендер Аллаға иман келтіріп, игілікке әмір етесіңдер және мүнкәр істерден тыясыңдар» деген үкімді алға тартып: «Міне, аятта «Сендер (адамдарда тура жолға шақыру үшін) әср мағруф жасайсыңдар, мүнкәр істерден бөгейсіңдер» – делінген. Сондықтан біздер дағуатқа шығып адамдарды тура жолға шақыру үшін әмр мағруф жасаймыз және оларды мүнкәр істерден бөгейміз» деп уәж айтпақ болады. Бірақ бұл аят олардың бидғаттарын ақтауға дәлел болмайды. Сондай-ақ дінге дағуат ету, оны елге өз деңгейінде түсіндіре білу кез келген адамның қолынан келе беретін шаруа емес, оған қажетті деңгейде діни сауат керек. Бұл туралы аяттарда да, хадистерде де нақты нұсқаулар келген.

Егер біреу-міреу олардың мұндай істерінің дұрыс немесе бұрыс екендігі жайлы сұраса, олар: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде сахабалар күндіз де, түнде де мешітте жатып, тіршілік жасай беретін, сондықтан біздің бұл тіршілігіміз сүннетке қайшы емес», –деп жауап айтады. Бұл мәселенің ақиқатын білмейтін адамдар олардың айтқан уәжіне қарсы пікір айта алмайды. Содан олар өз білгендерін істеп жүре береді. Негізінде олардың мұндай әрекеттері шариғатқа сай емес, мұны таблиғшылардың өздері де біле бермейді.

Міне, куәсі болғаныңыздай, «Таблиғ жамағатының» ұстанымында көптеген қате­ліктер мен бұрмалаушылықтардың бар екені мәлім болды. Ендеше, осындай адасушылыққа ұшырамаудың ең тура, әрі сенімді жолы – түрлі күдікті топтарға немесе жамағаттарға ілесуден аулақ болып, ең тура, ең сенімді «Сәуадүл ағзам» жамағатын ұстану. «Сәуадүл ағзам» дегеніміз – «ең үлкен топ». Бұл жайлы «Сүнән ибн Мажә» кітабында Әнес бин Маликтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әлбетте, менің үмбетім адасу (қателесу, жолдан таю) сияқты істердің үстінде жиналмайды. Сондықтан егер ихтилафқа (қайшылықтарға) кездессеңдер, сендерге «Әс-сәуадүл-ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады», – деген.

Бұл хадисте екі бірдей үкім бар. Оның бірі Пайғам­барымыздың (с.ғ.с.): «Менің үмбетім адасу (қателесу, жолдан таю) сияқты істердің үстінде жиналмайды» деген үкім. Осы үкімге байланысты қазіргі мұсылман жамағатының ұстанған жолы – дұрыс жол болып табылады. Өйткені, бұл жол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бері қарай жалғасып үзілмей, мұсылман жама­ғаты ұстанып келе жатқан ұлы жол. Сондықтан мұның тура жол екендігіне күмән жоқ.

Екінші үкім: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер ихтилафқа кездессеңдер, сендерге «Сәуадүл ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады» деп нұсқау берді. Бұл түрлі топтар пайда болған дәуірлерде, олардың қайсысының жолын ұстану уәжіп екендігін айқындайтын үкім. Яғни, түрлі топтар мен жамағаттар пайда болып, олардың арасында ихтилафтар шыққан дәуірлерде мұсылмандарға «Сәуадүл ағзам» жамағатының ұстанған жолын ұстану уәжіп болады. Бұл – басым көпшілік, аса көп жамағат дегенді білдіреді. Ал шариғи мағынасы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзінен бастау алып, сахабаларының басым бөлігі ұстанған және олардың кейінгі табиғиндердің де, табиғиндерге ілескендердің де басым көпшілігі ұстанған, сөйтіп, өздерінен кейінгі келген үмбетке қолма-қол өтіп, үзіліссіз жалғасып, мұсылмандардың басым көпшілігі ұстанып келе жатқан «әхлүс сүннә уәл жамаға» деген жолды көрсетеді. «Әхлүс сүннә уәл жамаға» жолын ұстанатын адамы көп жамағат – «Сәуадүл ағзам» жамағаты болып табылады. Демек мұсылмандар қай елде өмір сүретіндігіне қарамай, өз елінде ең көп санды жамағат ұстанатын жолды ұстануы уәжіп болады.

Енді «Таблиғ жамағатының» тағы бір уәжін қарастырып көрелік. Олар өздерінің дағуатқа шығуларының қажет екендігіне «Сахих Әл-Бухари» және «Сахих Мүслим» кітаптарында келтірілген мына бір хадисті де дәлел ретінде алға тартып: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазреті Әлиді (р.а.) Хайбар шайқасына жібере тұрып: «Алла тағала сенің себебіңнен бір адамды хидаят етуі (тура жолға түсіру), сенің қызыл түсті түйелерің болғанынан абзал, жақсырақ» деген. Сондықтан Алла тағала біздің себебімізден адамдарды хидаят етуі үшін дағуатқа шығуымыз керек. Үйіңде отыра берсең, «мені тура жолға дағуат ет» деп ешкім сені іздеп келмейді. Сол себептен біз өзіміз дағуатқа шығамыз» деп уәж айтады.

Сырттай қарағанда олардың бұл уәжі жөн сияқты көрінеді. Бірақ үңіліп қараған адам ондағы бірқатар қиындықтарды байқайды. Таблиғшылар келтірген бұл хадис те, олардың жоғарыда уәжге тартқан хадис сияқты «ұмуми» (жалпылама мағына беруші) хадистердің санатына жатады. Яғни, хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла тағала сенің себебіңнен бір адамды хидаят етуі» деген сөзде қандай тәсілмен себепші болуы ашып айтылмаған. Ал дағуатқа жамағат болып шығу қажет екендігі туралы хадисте мүлде сөз жоқ. Бұл хадис те жоғарыда келтірілген хадис сияқты, «Таблиғ жамағатына» ұқсаған жамағаттың болуына және олардың дағуат қылуы үшін арнайы мезгіл белгіленіп, әр ай сайын, әр жыл сайын, т.б. ел аралап дағуат етулерінің шарт болуына шариғи тұрғыдан дәлел бола алмайды. Бұл бидғат болып саналады.

Міне, осы атап көрсетілген дәлелдердң өзі таблиғ жамағатының ұстанымы мен олардың амал-әрекеттерінде шариғатқа сай келмейтін көптеген олқылықтар бар екендігін дәлелдейді. Сондықтан олардан аулақ жүру – адасудан аулақ болу деген сөз. Лайым, Жаратқанның өзі бізді адасудан сақтағай, әумин!

Талас Құлнияз

Алматы облысы