Жаңалықтар

Швейцариядағы қысқы басқосу

ашық дереккөзі

Швейцариядағы қысқы басқосу

Швейцария табиғатын қыстың күні тамашалауға әркім құмар. Бірақ бұл бақыт жыл сайын әлемнің беткеұстар экономистері мен сарапшыларына бұйырған. Давос қаласындағы экономикалық форум биыл да әдеттегісінен танған жоқ. Форум Ресей федерациясының жай-күйімен танысып, талқылаудан басталды. РФ Премьер-министрі Дмитрий Медведев бұл басқосуда Ресейдің күш-қауқарын тағы бір айбындатып қайтқандай болды.

Жалпы, федерацияның былтыр жағдайы жаман болған жоқ. Өсім деңгейі – 3,5 пайыз. Давос форумына қатысушы көптеген елдері мен салыстырғанда Ресейдің экономикасы тәуір күйде. Мұны премьер форумда мақтанышпен жариялады: «Ашығын айтқанда, экономикамыз қанағаттанарлық деңгейде, Еуроодақ елдерімен, болмаса АҚШ экономикасымен салыстыруға келмейді», – деді. Десе де бұл көрсеткішпен көлгірсудің реті жоқ, өйткені шешімін таппаған ішкі мәселелер бастан асады.

Биылғы пікірталастардың басты тақырыбы – «Тұрақты динамизм». Қатысушылар ұлттық экономикалық жүйелер мен олардың ғаламдық қиындықтарға қарсы тұру мүмкіндіктерін талқылады. Алайда дебаттардың ең маңыздысы – Еуроаймақтағы дағдарыс пен банк жүйесінің болашағын сарапшылар сан-саққа жүгіртті. Сонымен қатар Малидегі жанжалдар мен араб көктемі, Құрама Штаттардың қазыналық құлдырауы да назардан тыс қалмады. Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов бастады.

«Еуропалық одақ жылдамдықпен әрі икемділікпен іс-қимыл жасауға қабілетті болуы керек», – деді Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмерон. Ол қандай жағдайда да Ұлыбритания еуровалюта айналымы аумағына қосылмайтындығын қадап айтты. Бұл мәлімдеме американдық және еуропалық іскерлік әлем өкілдері тарапынан алаңдаушылық туындатып отыр. Бірақ олардың басым бөлігі Премьер-министрдің бұл сөздері 2015 жылы өтетін парламенттік сайлауда өз партиясын жеңіске сүйреу мақсаты екеніне күмән келтірмейді. Бірақ келесі күні-ақ Халықаралық валюта қоры мамандары тарапынан пессимистік мәлімдеме жасалды. ХВҚ мамандары өткен жылы Еуропада басталған рецессия ағымдағы жылы да өз жалғасын табады деді. Қордың жаңа мәліметтеріне сәйкес, әлемдік экономикадағы ЖІӨ қарқыны ағымдағы жылы бұған дейін күтілген 3,6 пайыз емес, 3,5 пайызды құрауы мүмкін. Өйткені әлемдік экономиканың тұрақты дамуын дәл осы еуроаймақ бәсеңдетуі ықтимал.

2012 жылы Давос форумы «капитализмнің күні санаулы» деген ұранымен есте қалған. Қаржыгерлер мен экономистер капитализмді тығырыққа тіреп, Еуроодақтың қуаты бітті деп жариялаған. Жалпы Еуроодақ экономикасының әлсірегені барлық басқосулардың өзекті тақырыбына айналғалы қашан. Давос қаласында 5 күн бойы өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аяқталды. Әлем қауымдастығы АҚШ пен Еуропадағы экономикалық ахуалды түзеу жолдарын қарастырды. Соңғы 4 жылда Ресей мен Грузия Премьер-министрлері дипломатиялық қатынастарын қысқартса да, бұл жолы алғаш рет пікір алмасып, бір-бірімен ой бөлісті. Бидзина Иванишвили Мәскеумен қарым-қатынасты қалпына келтіруді және ресейлік кәсіпкерлермен байланыс­ты қайта жаңғыртуды ұсынды. Қытай экономиканы интернационалдандыру үшін Еуроаймақ елдерімен келіссөздер жүргізіп бағуда.

Ақниет ОСПАНБАЙ