Жаңалықтар

ЖАСТАРҒА СЕНІМ АРТҚАНДА...

ашық дереккөзі

ЖАСТАРҒА СЕНІМ АРТҚАНДА...

Еліміздің болашағы үшін ең алдымен халықтың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы, денсаулығы мықты болуы керек екені Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауында қадап-қадап айтылып келеді. Осындай қадағалаудың, бағыт-бағдардың арқасында еліміздің 2030 бағдарламасымен жүзеге асуға тиіс біраз тірліктің атқарылып қалғаны да таяуда анықталды.

«Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер»,– деп мемлекеттік Жастар саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеп, жаңа бағыт-бағдар сілтеуі, болашағымыз – жастарға арналған Елбасымыздың құнды пікірлері бойында намысы бар әрбір жасты жігерлендіре түсетіндей. «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Ал болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Сондықтан да өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыру да жастардың міндеті болуға тиіс» дегені бүгінгі жастарды қамшылай түссе, қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз деуі, тіпті жастар түгілі, бүгінгі қазыналы қариялардың да жүрегіне үміт отын жандырғандай әсер ететіні тағы бар.

Елбасымыздың мызғымас жолға, үлкен мақсаттарға жетелейтін Жастар саясатына ерекше көзқарасы мен қамқорлығын бағалай отырып, еліміздің түкпір-түкпірінде осы бағдарлама негізінде жұмыс істеуге жастарымыздың белсенділігі күшейе түсті.

Таяуда Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мырзаның төрағалық етуімен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ғимаратында облыс әкімдігі жанындағы жастар саясаты мен патриоттық тәрбие беру жөніндегі Кеңестің бірінші отырысы болып өтті.

Басқосуға Ақтөбе қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің бастықтары, жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж директорлары, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері жиналды. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанындағы жастар саясаты мен патриоттық тәрбие беру жөніндегі кеңестің хатшылары қатысқан бұл жиында негізінен жастарды толғандыратын бес мәселе талқыланды. Оның бірі – жұмыспен қамту. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы С.Орынбаев «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына облыс жастарының қатысуы жайлы әңгімеледі. Өткен жылы 5000-ға жуық адамды жұмысқа тарту жоспарланған болса, нәтижесінде жүз адам артығымен қамтылған. Соның 3229-ы, яғни 63,2 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар. Еңбекақыны ішінара субсидиялау арқылы 2372 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылса, оның да 30 пайызы жастар. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып жүргендердің, әсіресе ауылда кәсіпкерлікті дамытуға шағын несие алған 145 адамның 24-і (17 пайызы) жас буын өкілдері. Колледждерде оқытуға және қайта даярлауға жіберілген 670 адамның 70 пайызы 14-29 жас аралығындағы жастар болса, олардың әрқайсысына оқу барысында ай сайын 12 мың теңгеден шәкіртақы беріледі.Сондай-ақ олардың жүріп-тұруына жылына 6472, ал қалада тұратындарға ай сайын 16 мың теңге төленеді.

Осыдан кейінгі әңгіме Қолжетімді баспана мәселесіне ауысты. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын шаралар жайлы облыстық құрылыс басқармасының бастығы Қ.Нұршин әңгімеледі.

– Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Ақтөбе қаласының әкімдігі Хромтау мен Орск трассаларының қиылысында 226 мың тұрғынға арналған қалашықтың, яғни «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінің құрылысын бастады. Көпқабатты үйлердің бірінші, екінші қабаттарын коммуналдық тұрғын үй бағыты бойынша беру қарастырылуда. Бұл бағдарламаға былтыр республикалық бюджеттен 1 938,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Биыл жалпы көлемі 47 860,1 мың шаршы метр болатын барлығы 684 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде коммуналдық баспана 138 пәтер, жалдамалы баспана 576, «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағыты бойынша жоспарланған пәтерлер саны 216, ал жалпы 2013-2020 жылдарға арналған тұрғын үй салу жоспарына сәйкес Ақтөбе қаласында 3089,0 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек,– деді басқарма бастығы өз сөзінде.

Кеңеске жиналғандардың пікірталасына түскен тағы бір мәселе – білім саласындағы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мен Жастар саясатын қаржыландыру болды. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы Д.Исмағамбетованың «ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жастар саясаты саласындағы тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспары» туралы баяндамасы тыңдалды.

– Елбасы «Қазақстан – 2050» Страте­гиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жастарға үндеу тастап, «Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер», деп нақты тапсырды. Сондықтан жастар саясаты саласында құрылған басқарма ретінде біз күш-жігерімізді 2 бағытқа жұмылдырамыз. Оның біріншісі – жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, екіншісі – жастардың азаматтық белсенділігін дамыту. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс тұрғындарының үштен бірі – жастар. Яғни облыста 241 мыңнан астам жас бар. Оның 107 мыңнан астамы – ауыл жастары. Мемлекеттік мекемелерде еңбек ететін жастардың саны (27 пайыз) мыңнан асады.

– Елбасының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға арналған Тұжырымдамасының жобасы дайындалды. Бүгінде Тұжырымдама жобасын ауыл, қала жастары мен жас­тар ұйымдары арасында таныстырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тұжырымдаманың ерекшелігі – табысты, толыққанды, бәсекеге қабілетті және патриот жас қазақстандықты қалыптастыру, – деді Дариға Исмағамбетова.

Шара барысында жастар күн тәртібінде қаралған барлық мәселені талқылауға белсене қатысты. Олар баяндамашыларға жатақхана, баспана мәселелері, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға еңбек етуге баратын жастар үшін тұрғын үй құрылысын салуға берілетін несие туралы сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Жиын соңын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қорытындылады. Ол кеңес отырысында көтерілген мәселелердің маңыздылығын сөз етіп, халқымыз қай кезде де жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырғандығын, жастар тәрбиесі – өткір тұрған мәселе екенін атап өтті.

Таңсұлу Алдабергенқызы