Жаңалықтар

Мыс салтанат құрмақ

ашық дереккөзі

Мыс салтанат құрмақ

Бұған сарапшылардың күмәні жоқ

Қазба байлықтың қай-қайсысының да өз құны бар. Өзіндік қолданыс аясы бар. 2013 жылы инвестиция құюға тиімді металлдар тізімі анықталды. Оны құрастырған Goldman Sachs қаржы тобы. Тізімнің алдыңғы шебінде мыс, палладий және кокстік көмір.

Ал аллюминий мен никельге деген сұраныс тіпті жоқтың қасы деп болжайды сарапшылар.

Мыс – кабельдердің, электр қондыр­ғылары мен жылу алмас­тырғыштардың ток өткізгіш бөлігін жасау үшін пайдаланылады. Ендеше дүниежүзіндегі өндіріс орындарының мыссыз күні қараң. Инфрақұрлым мен өндіріс дамыған сайын мысқа деген сұраныс та жыл санап артып келеді. Тіпті әлемдік нарықта мыстың бағасы алтынға біртабан жақындап қалыпты. «Қазақмыс» тобының бас атқарушы директоры Олег Новачуктың айтуынша, «алдағы он жылда – мыс салтанат құрмақшы». Расында, құрамы мен қолданыс аясы жағынан алтыннан кейінгі орынды иеленеді.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай республикасы сатып алынатын мыс көлемін ұлғайтып отыр. Елімізде қазып алынатын мыстың 60-70 пайызы Қытайға экспортталады, қалған 30 пайызы Еуропа елдеріне тасымалданады. Ал ішкі нарықты қанағаттандыруға өндірілетін мыстың 3-5 пайызы жетіп артылады. Мыс – алтыннан кейінгі қымбат металлға айналады деп болжаған еді сарапшылар. Алтынның өзін артта қалдыруы мүмкін, мысқа деген сұраныс жыл өткен сайын жоғарылай бермек. Goldman Sachs тобы бір тонна мыстың орташа бағасы болашақта жылына 8 мың 458 долларды құрайды дейді нық сеніммен. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 7 мың 250 долларға тұрақтауы мүмкін. Сарапшылардың пайымдауынша, мыстың ірі тұтынушысы Қытайда металлдың бұл түріне деген сұраныс 8 пайызға артуы мүмкін. 2012 жылы әлемде мысқа сұраныс 3 пайызға артып, Қытай биржадағы мыстың басым бөлігін сатып алды.

Лондон биржасында 16 қаңтарда мыстың бір тоннасының бағасы – 7945 доллар. Ал өткен жылдың желтоқсан айында мыс бағасы бар болғаны 7 мың 962 долларды құраған еді.

Жетекшілер қатарынан көрінгендердің бірі – палладий. Автомобиль концерндерінің арқасында палладий биыл платинаны артта қалдыруы мүмкін. Платина унциясының орташа бағасы – 1575 доллар, ал палладий – 781 доллар.

Алтын бағасы қашан да жоғары. Алтынның бір унциясы – 1 мың 900 долларды құрайды, бағалы металлдың бағасын орталық банктер назарында ұстап отыр. Бірінші жартыжылдықта алтынның бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бұл жорамалды «Қазақмыс» компаниясының сарапшылары да нақтылауда. Былтыр дәл осы уақытта бұл металлдың бағасы күрт көтеріліп барып, тұрақты бағасына тоқтаған.

АҚШ экономикасының әлсіз ахуалы мен долларға деген қысымнан алтын бағасы 2013 жылы ең жоғарғы бағасына жетпек. Әлемдік нарықтағы алтын бағасы бүгінгі деңгейіне жету үшін талай кезеңнен өтті. Мәселен, 2000 жылдары бір унция – 600 долларға бағаланса, 2008-2009 жылдары 850 доллар аралығында толқып тұрған. Бертінде әлемдік қор биржаларында өткен саудада алтын фьючерсінің бір унциясының бағасы – 1160 долларды құрап, аталмыш металл жыл басынан бері 10 пайызға өскен.

Әлемдік қор биржаларында бағаны айқындайтын қорлардың қожайындары алтынды мейлінше қымбат бағаға сатуды жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта құнды металдардың өтімділігі жоғары деңгейден түскен жоқ. Долларға сенімсіздігі күшейген Қытай, Жапония, Араб елдері өз қорларындағы қазыналарын доллармен сақтауды азайтып, оның орнына құндылығын жоғалтпайтын алтынмен толтыруға әуестенген. Бүгінде айналымдағы алтыннан доллар массасының басым екені жиі айтылып жүр.

Ақниет ОСПАНБАЙ