Жаңалықтар

Алыстағы бауырға бізден көмек бола ма?!.

ашық дереккөзі

Алыстағы бауырға бізден көмек бола ма?!.

Әлемнің қырықтан астам елінде 5 миллионнан астам қазақ тұрады. Біздің алыстағы ағайынға көмектесіп жатырмыз деп жиырма жыл бойы жар салғанымыз тек қана олардың өсімдік пайызын көшіріп әкелумен ғана шектеліп отыр. Ал енді жиырма жылда тағы да бір миллион қазақты көшіріп аламыз десек те, одан ары бәрібір тағы да 5 миллион қазақ жәудірей қарап қала береді.

Бүгінде сол «жақында болса алыс, алыста болса жақын отырған» қандастарымыздың хал-күйіне үңілер болсақ ойланып-толғанатын мәселе әлі де болса шаш-етектен. Бітіргенімізден қолға алатын қомақты жұмысымыз тіпті де көп.

Бір миллионнан астам этникалық қазағы бар ежелгі көршіміз Ресей мемлекетінде бір ғана қазақ мектебінің болуы да қабырғаны қайыстырады. Тіпті ендігі жерде біз латын әліпбиіне көшкенде Ресейде отырған бауырларымызбен рухани бірлігіміз тіпті де алыс­тай береді деген сөз.

Ресми деректер бойынша, соңғы жиырма жылдың ішінде ішкі Қытайдан 45 миллион халық Шыңжанға қоныс аударыпты. Осы өлкедегі 400-ге жуық таза қазақ мектебінде 2008-2009 оқу жылынан бастап сабақтар жаппай қытай тілінде оқытыла бастаған. Өздерінің оқу жүйесі бойынша аты «қос тілді» оқыту деп аталғанымен, шын мәнінде, «Қазақ тілі» мен «Әдебиет» пәнінен басқа пәндердің бәрінде сабақ бір ғана тілде (қытайша) жүргізіледі. Қазақ тілінде бірде-бір бала бақшаның болмауына байланысты қытайша оқу үрдісі қазақ мектептерінің табиғи түрде жабылу жағдайын туғызды. Бұрын қазақ мектептері ұлттық денешынықтыру және ұлттық ән-би, күй, айтыс, ою-өрнек секілді көркемөнер сабақтарына айрықша мән беріп, ұлттық салт-дәстүр, наным-таным, киім-кешек, ұлт тарихы жөніндегі білім жастардың бойына дарып жататын еді. Ал қазір мектептердің бірігуімен бұл үрдіс жойылып, аты-жөні қазақ болғанмен, киім-кешегі, ойлау жүйесі өзгеше жаңа буын пайда болды. Қазіргі таңда мұндай оқу орындарында домбыра ойнап, күй тарта білетін баланы табу түгілі ұрпақтар арасындағы байланыстың үзілуі, қазақы болмыс пен салт-дәстүрдің өзгеруі, ана тілінің өшуі секілді ұлттың жойылу факторлары қалыптасып үлгірді.

Көрші бауырлас Өзбекстанда 500-ге жуық қазақ мектебінің жартысы жабылды, қалғандары аралас мектептерге айналды. Мұның өзі бұл елдердегі қазақ этносы он бес-жиырма жылдың айналасында толығымен тілінен де, ділінен айырылады дегенді білдіреді.

Ал салт-дәстүр, тілі қазақша сақталып, соны өздерінің үлкен мерейі санап келген Моңғолиядағы қазақтардың басына да тұман үйірілді. Жақыннан бері моңғолданған қазақ жастарының «білім жүйесі бірыңғай – моңғол елінің тесттік жүйесіне бағынуы керек» деген өтінішін оп-оңай қабылдауға бейімделген ондағы оқу басқармалары ендігі жерде оқулықтарын тек қана моңғол тілінде басып шығаруды қолға ала бастады. Олай болса, ондағы қазақтардың да өзгермеске шарасы жоқ.

Ал Еуропа елдеріне шашылған қазақтар онсызда күн санап алыстап бара жатыр.

Ендеше, аз ғана адам емес, 5 миллион бауырларымыздың жанына шипа боларлық дәруменді қайдан табамыз? Оларға қалай көмектесе аламыз?

Қылышынан қан тамған Кеңес Одағы заманында қазақтың қазақтығын аман алып қалғаны – олардың әні, күйі, кітабы, сахналық шығармалары мен кино, театры, радио-телевизиясы және де сөнбеген ұлттық рухы еді. Ол тұста қазақ мектептері бүтіндей жабылмағанымен, уақыт өте келе қазақтардың өз ана мектебін менсінбей, табиғи түрде «мемлекеттің иесі, мәдениеттің көкесі» саналған орыс мектептеріне бүйрек бұруы қалыптасқан-ды. Осындай қиын күнде де жоғарыда аталған өнер және мәдениет саласындағы ұлтымыздың жанын сақтап қалды. Ал Еуропа қазақтары жалғыз Алладан ғана медет сұрады. Тілім аман қалмаса да, дінім аман болсыншы дегенді рухани тірекке айналдырды. Көзі тірі көне қарттар балаларын қарашығындай қорғады. Қазақ мектептері жоқ демесең, алғаш ат басын тіреген бауырмал түрік халқы олардың өмір сүру ортасынан шуағын аяған жоқ. Басқа мұсылман елдерінде де тілден басқа өгейлігі аз болды. Шет жұрттағы шер көкірек қандастарымыз ұрпақ тағдырынан алаңдай бастағанда, кіндік жұртта тәуелсіз шаңырағы бой көтерді.

Ал мына бейбіт күнде енді оларға қол ұшын қалай береміз? Қиын заманда сақтап келген алтынның сынығы, асылдың қиығы келешек ұрпаққа қалай аманатталады?

Бәріне де сенімсіздік пен үмітсіздікке толы жауап бергеннен гөрі өзімізде бар мүмкіндіктерді қарастырсақ, қазақ халқы өзінің алтын дәуіріне қадам басқан бүгінгі күнде жүректен шешсе, қолынан келер теңдессіз күш-қуатқа ие.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жерде алыстағы ағайынның рухани қажетін қанағаттандырады деген сеніммен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы біраз игі шараларға мұрындық болып еді. Әсіресе марқұм Қалдарбек Найманбаевтың тұсында дәуірлеген бұл ұйым өзінің тарих алдындағы қарыз бен парызын да өтегендей болды. Дегенмен соңғы жылдары аталған ұйым замана ағымынан кейін қалған сияқты шеттегі қазақпен рухани байланыс мейлінше құлдырағандай. Тіпті шеттегі қазақты жылына бір барып-қайтатын «курорт аймағы» санаушылардың кесірінен аталған ұйымның жұмысы күйбең күйге түсті. Сөйтіп рухани кеңістігіміздің өрісін өз қолымызбен тарылттық. Енді не істеу керек?

Әуелі әлемдік тәжірибелерге зер салсақ, өркениетті елдер репатрианттардың өз елдеріне қоныс аударуын ең алдымен шет елдерде ұйымдастырады. Отанына көшіп келгісі келетіндердің барлығы алдын ала тізімделеді. Орналастыру мәселелерін толықтай шешіп алып барып қана тұрақты қонысқа шақырады.

Ал, өзге жұртта отырған өз туысқандарына көмектесудің де әлемдік тәжірибесі аз емес. Қандастарына қол ұшын беруді парыз санаған бауырмал елдер шет елдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасау арқылы өзгенің құшағындағы өз ұлтының өкілдеріне белсенді көмектер көрсете алады. Мысалы, Оңтүстік Корея Алматыдағы баяғы үй құрылысы комбинатының мәдениет сарайын сатып алып, Корей мәдени орталығына айналдырды. Ал Солтүстік Корея болса, Қытай мемлекетімен еңбек келісім шарты арқылы әр жылы өз қандастарын топ-тобымен елдеріне әкеліп, мерзімді еңбек еттіреді. Сол арқылы олардың ұлттық болмысын сақтауына, тіпті аздап қоныс аударуына да белгілі дәрежеде ықпал ете алады. Германия елі де Қазақстандағы неміс мәдени орталықтарына нақты қаржылай көмек көрсетіп келеді. Тіпті ұйғыр түріктерінің де әр елде (біздің елде де) мәдени орталықтары бар. Израиль мен Германияның озық тәжірибесіне сүйенер болсақ, олар мемлекетке алақан жайғаннан гөрі ұлт патриоттары арқылы «Ұлттық көші-қон қорын» құру жолымен де өз қандастарының мүддесіне тиімді біраз мәселені шешіп отыр. Қытай ұлты да өз топырағындағы халық санының қауырт артуына байланысты хан ұлты жұмыскерлерін өзге елдерге апарып, жұмыс зерттеушілерге әр түрлі қаржылық қолдау білдіріп отырады.

Жоғарыдағы тәжірибелерге қарағанда, қандастарымызды көшіріп әкелу мәселесінің ең алдымен сол елдегі елшіліктеріміз арқылы іске асатындығын бағамдаймыз. Ал тақырыбымызға орай айтар болсақ, сол елдердегі қандастарға көрсетілер рухани көмек, әрине, мәдени орталықтар арқылы жүзеге асады. Елшілік қызметі Сыртқы істер министрлігінің құзыреттілігінде болуына байланысты ол өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайды. Ал қазақ мәдени орталықтарының ұлт бірлігі арқылы атқарар жұмысының аясы кең.

Кеңестер Одағындағы қазақтардың тілін сақтап қалған ән, күй, кітап, кино, театр, радио-теледидар, қазақ мектептері… тағы басқалар дегенді жоғарыда айтып өттік. Бүгінгі біздің қолымызда бар ең бас­ты мүмкіндік осы өнер мен мәдениет саласындағы рухани тіректі пайдалануды еске салады. Әсіресе, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан секілді қанаттас-көршілес отырған елдердегі туысқандарымызбен тығыз рухани-мәдени қарым-қатынаста болуымыз қажет-ақ.

Бұл жұмысты атқарудың ең негізгі алғы шартының бірі ең әуелі ҚР үкіметі жанынан «Қазақ диаспорасы орталығын құруды қажет етеді. Кемінде Көші-қон комитетінің жанынан «қазақ диаспорасының мәдени орталығы» сынды арнайы бөлім жұмыс атқаруы керек. Осы құрылған ұйым өз еліміздің үкіметтік және қаржылық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, құзырлы министрліктермен тығыз байланыс орнатып, шеттегі қазақтармен рухани бірлік қалыптастыруы қажет.

Қазақстан тарапы байланыс жасаушы елмен екі жақты қарым-қатынастардың күшеюін және стратегиялық әріптестік қатынастарды пайдалана отырып, ондағы қазақтардың төл мүддесіне сай келетін және ұлттық рухын нығайтатын жүйелі, нысаналы және байыпты саясат жүргізуі қажет болады. Мұнда әсіресе Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің көмегіне көп зәрулік туады. Атап айтқанда, шетелдегі қазақтың рухани әлеміне тікелей әсер ететін – кітап, газет-журнал, кино, радио-телевизия, ән-күй, би, сурет сынды өнер туындылары, әр түрлі мәдени алмасулар, оқушылардың бір-біріне барыс-келісі арқылы өтетін олимпиадалары, спорттық бәсеке, тағысын тағылар.

Қазіргі заманның ең өткір ақпарат құралының бірі әрине, радио-телевизия. Олай болса, біріншіден, қандастар отырған көршілес елдердің «Қазақ радиосын» тыңдап, «Хабар», «Қазақстан» ұлттық телеарнасын» көретінін ескере отырып, радио-телевизияда шетел қазақтарына қатысты (немесе «Шетелдегі қазақтар» деген тақырыппен) арнайы бағдарлама ашу жөн секілді. Мүмкін болса, онда шетелдегі қазақтардың өткен тарихы, бүгінгі тірлігі, әйгілі адамдары, болашақтық бағыты көрсетіліп отыруы керек. Әрі қандастар тұрған сол елдегі қазақтардың радио-телевизия тарату орындарымен арнайы байланысқа шығып, қазақ елінде түсірілген фильмдерді («Қазақфильм» немесе басқа да студиялар) оларға сыйға беріп, тегін тарату ісін қолға алған жөн. Ән-күй жағынан да ондағы қазақ радио-телевизиясына бар болса үнемі тегін көмек көрсету керек.

Екіншіден, қазақ елінде өзге ұлт тіліндегі қаншама газет-журнал бар. Тіпті орыс басылымдарының қалың көпірі астында отырмыз десек те өтірік емес. Қытай Қазақстанда «Көрші» атты журнал шығарып, қытай елінің «ұлылығын» санамызға сіңіруге астыртын жұмыс істеп жатыр. Олай болса, біз қандастар тұратын сол елдерде, әсіресе Қытай, Ресей, Өзбекстан елдерінде Қазақстанды таныту, қазақ мәдениетін таныс­тыру мақсатында газет-журналдар шығару немесе тарату ісін неге қолға алмаймыз?! Салиқалы саясат арқылы сөзімізді өткізсек, бұған ешкім қарсы болмас еді.

Үшіншіден, Қазақстан тарапы үнемі шетел қазағына бағытталған іс-шаралар ұйымдастырып, оған әр елден өкілдер шақыруды жыл сайын емес, ай сайын орындап отыруы керек. Ол тек қана ақындар айтысы, мүшәйра, концерттік байқаулармен шектеліп қалмай, әр түрдегі, әр мамандықтағы, ғылым және өнердегі көп саланы қамтуы керек. Соның ішінде мектепаралық, университетаралық, өнер ұжымыаралық барыс-келістер көбейсе, ондағы қазақ жастары біздің ортамызға жиі келіп, ұттық болмысын сақтап қала алар еді. Бұл шаралар Қазақстанда ғана өткізілмей, кезі келгенде қандастар тұрған шетелдердің орталық қалаларын негіз етіп үнемі жүргізіліп отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Төртіншіден, қазақтар тұрған шетелдегі басылымдар мен қазақстандық басылымдар арасындағы және БАҚ өкілдері арасындағы, Жазушылар одағы арасындағы байланыстарды күшейту арқылы қазақ тіліндегі кітаптар мен басылымдардың сыртқа шығарылуын, өзара алмасуын, кітап көрмелері мен жаңа кітаптар тұсаукесерлерін өткізуін, түрліше түсіндірме сөздіктердің, энциклопедиялық еңбектердің дер кезінде жетіп тұруын, Қазақстанда қазақ басылымдарын пошта арқылы жазғызып оқуын қамтамасыз ету керек.

Бесіншіден, Қазақстан жағы латын әліпбиіне көшуді тездетіп, «Дүниежүзі қазағын біріктіретін» ортақтілді рухани тұтастық қалыптастыруы керек. Еуропа қазақтарының көбі латын әліпбиін қолданады. Ал қытайдағы қазақтар бізге қарайлап отыр. Олай болса, латынға көшіп үлгермеген елдердегі қандастар жазуын бізбен бір бағытқа бұра алсақ, мұнымыз ұлттық рухани тұтастығымызға ұланғайыр үлес болар еді.

Алтыншыдан, Қазақстан мен қазақтар тұратын елдер арасында еңбек шартымен жұмысшы қабылдау туралы келісім жасалып, оған тек қана қазақ жұмыскерлері тартылу керек. Қазақстан жеріне шет жұрттан келген қазақ жұмыскерлеріне тұрар жай, тіркелу, емделу, балаларының оқуы сияқты мәселелерде көптеген тиімділіктер жасалғаны жөн.

Жоғарыдағы талап-тілектер толықтай жүзеге аспаған күннің өзінде, басым пайызы іске асатын болса да, «сайда саны, құмда ізі жоқ» талай қазақ баласын тауып алатындығымызға шүбә жоқ. Екінің бірінде енесіне қарап кісінейтін құлындай таңдайын шөл қапқан сол ағайынға аналық мейірдің мекені болып қарар едік.

Шеттегі қазақтың Қазақстанға келу-келмеуі өз таңдауы. Алайда қазақ иістінің қазақ болып, өз болмысымен өмір сүруі үшін қамқорлық көрсету барлық қазақ азаматының ғана емес, қазақ мемлекетінің де басты парызы.

Олай болса, біздің рухани көмегімізге зәру болып отырған алыстағы ағайынның барын асырып, жоғын жасырып, бабалар өсиеттеген бағзы жолмен бауырымызға тартуымыз ұлттық ұжданымызға сын болмақ.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

жазушы