Байқоңыр мәселесі шешілер емес
Байқоңыр мәселесі шешілер емес
Ресей «Протондардың» санын 17-ге жеткізуді көздейді
Кеше Ресей Астанасы Мәскеуде Қазақстан мен Ресей арасындағы Байқоңырға қатысты үкіметаралық комиссия төрағалары екі елдің вице-премьерлері Қайрат Келімбетов пен Игорь Шувалов арнайы кездесу өткізді. Ал, ақпанның басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге ресми сапары жоспарлануда. Ал 25 қаңтарда Мәскеуге Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов жол тартқан болатын.
Бұның барлығы Ресей мен Қазақстан арасындағы Байқоңыр төңірегіндегі әңгімелердің қарқынын басу мақсатында жасалып отырған қадамдар сияқты. Ерлан Ыдырысов Келімбетовтің Мәскеуге сапарын Байқоңыр төңірегіндегі Қазақстан тарапынан жасалған реакция деп қабылдамауларын атап өткен еді.
«Келімбетов Ресейге біршама мәселелер кешенін талқылау үшін келеді. Оның бастылары – екі елдің Еуразиялық экономикалық интеграциясын және Байқоңыр мәселесін талқылау болмақ. Бұл ертеректе жоспарланған сапар», – деген ол осы сапар барысында. «КоммерсантЪ» газетіндегі мақалада газеттің дерек көздері екі ел арасындағы Байқоңыр мәселесінің ушығып тұрғандығын және түйткілдің тереңдеп бара жатқанын айтыпты. Ресейдің Сыртқы істер министрі С.Лавров та мәселені саясиландырмау қажеттігін айтудан жалығар емес.
Аталған келіссөз жабық түрде өткізілді. Ресей ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, күн тәртібінде әртүрлі мәселелер қарастырылған. Солардың ең бастысы – 2013 жылдың наурыз айында өтеді деп жоспарланған Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағы жөніндегі мемлекетаралық комиссияның отырысына дайындық жөнінде сөйлесу болмақ. Ресей ақпарат көздері Қазақстан үкіметі 12-ге дейін азайтқан Байқоңырдан ұшырылатын «Протондардың» санын бұған дейін келісілгендей 17-ге қайта жеткізуді көздеп отырғанын жазады.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Мәскеуге ресми сапары барысында, Ресей 18 қаңтарда Байқоңырға қатысты Қазақстанға ресми нота жолдағаны жайында мақала жариялаған «Известия» газеті ресейлік дерек көзінің сілтемесіне сүйене отырып, Кремльдің Қазақстаннан 500 миллион долларлық өтемақы талап ететіндігін жария еткен болатын. (Иван Чеберко, «Россия выдвинула ультиматум Казахстану на $500 млн», 24.01.13).
«Ресейдің бұл нотадағы негізгі реніші – Қазақстан үкіметінің Байқоңырдан ұшырылуы тиіс «Протондардың» санын 12-ге дейін азайтқаны болып отыр. 2012 жылғы келісім бойынша, Байқоңырдан ұшырылатын «Протон» зымыран-тасығыштарының саны 17 болған. Сонымен қатар, Қазақстан үкіметінің Қаулысында «Союз» зымыран-тасығыштарының бөліктері құлайтын жаңа аймақтарды пайдалану, қажетті халықаралық келіссөздерге қол қойылып, күшіне енгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Қазақстан тарапы ұшырылуы жалға беру келіссөздеріне қайшы келмейтін, жалға алушының келісілген құқықтары аясынан шықпайтын ұшыруларға да тыйым салып отыр. Ресей бұл шешімді Қазақстан тарапының Байқоңыр кешенін жалға беру шарттарынан бас тартуы деп есептейді» делінген аталған нотада. «Известия» газетіне мәселеге өз көзқарасын танытқан ресейлік ғарыш мамандары:
«2013 жылы «Протон-М» зымыранымен ғарыштық аппараттарды ұшыруды шектеу – бес коммерциялық бағдарлама бойынша, келісілген міндеттемелерді орындамау. Бұл өз кезегінде халықаралық келіссөздердің бұзылуына бастайды және тапсырыс берушілерге 500 миллион долларға дейін өтемақы төлеуіне мәжбүрлейді», – деген екен.
Дәл осы мәселе қазақстандық және ресейлік БАҚ-тың әңгіме өзегіне айналды. Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Мәскеуге сапары кезінде ҚР СІМ бұл мәліметтің жалған екендігін таратты.
ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Үсенов:
«Ресей тарапының бізге жіберген нотасында ешқандай өтемақы туралы, 500 миллион доллар туралы әңгіме жоқ. Мен нотаны оқып шықтым. Ол жұмыс процесінің бір бөлігі ғана. Онда Байқоңырға қатысты келісімі бойынша Қазақстан тарапы ұсынған мәселеге орай Ресей тарапының көзқарасы баяндалған», – деген ол.
Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрі С. Лавровпен кездесуден бұрын ресейлік «КоммерсантЪ» газетіне сұхбат берген Ерлан Ыдырысов та, «Қазақғарыш» агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың 10 желтоқсанда (2012 ж). ҚР Парламент палаталары отырысындағы мәлімдемесін журналистер бұрмалап жіберген деп ақталыпты. Оның пікірінше, Байқоңыр жайында Ресеймен арадағы келіссөздерден бас тарту жөнінде сөз болмаған. Дәл осындай мәлімдемені Ресей Сыртқы істер министрі Лавров та жасаған екен. Екі ел министрлерінің кездесуінде Лавров:
«Дабырайта қоятындай ешқандай түйткіл болған жоқ. Қазақстан тарапы Байқоңырдан ұшырылатын зымыран тасығыштардың бөліктерінің жаңа аудандарға құлауынан секемденуі, бұл процестердің экологиялық зардаптарына қатысты. Қазақстан «Протон» зымырандарының ұшуын мүлде тоқтатты. Өйткені одан улы қалдықтар төгіледі. Ал Ресей тарапы ұшырып жатқан обьектілерінің экологиялық зардаптарын жақсарту үшін қажеттінің бәрін жасауда», – деген.
Зымыран-тасығыштардың бөлшектерінің Ақтөбе және Қостанай облыстарының аумағына түсетіні бұған дейін де талай әңгіменің өзегі болған. Соңғы нүктені былтыр жазда ресми кездесу өткізген екі елдің мемлекет басшылары қойған секілді еді. Қазақстан 2007 жылы зымыран-тасығыштар бөлшегі түсетін жаңа аумақтардың экологиялық проблемаларына орай жеке мемлекетаралық келіссөз жасауды талап еткен. Бұған қатысты мәселелер ертеректе келісіліп те қойған. Ресей жаңа аудандарды жалға алу үшін жылына 460 мың доллар төлеуге келісімін берген де болатын. Бұл жөнінде былтыр маусым айында РФ президенті В. Путиннің Астанаға ресми сапары барысында да арнайы келіссөздер жүргізілді. Қазақстан Үкіметінің желтоқсандағы Қаулысында бұл келісімнің әлі күнге дейін ресми түрде жүзеге асырылмағаны, қол қойылмағандығы айтылады. «Роскосмостың» мәлімдеуіне қарағанда «Ресурс-П» жер серігінің ұшырылуы белгісіз мерзімге ұзартылған.
Есенгүл Кәпқызы