«Сыбаға» сәтті жалғасса
«Сыбаға» сәтті жалғасса
2016 жылы Ресейге 60 мың тонна ет сатамыз
Экспортқа шығарылатын тауарлардың көш басында әзірге шикізаттық металдар мен қазба байлықтар тұр. Соңғы жылдары Қазақстанның экспорттық әлеуетін жақсарту үшін дайын өнімдерді де нарыққа шығару көзделуде. Ірі қара малдың етін экспорттау мәселесі жуырда Премьер-министр Серік Ахметовтың басшылығымен өткен селекторлық кеңесте кеңінен тарқатылды. «Мал шаруашылығын дамытуға барынша қолдау көрсету үшін, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. «2020 жылға дейінгі Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасының аясында қолдаудың бұрын-соңды болмаған шаралары қарастырылған. Бірыңғай экономикалық кеңістікте, Кедендік одаққа мүше болып, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік алыс емес. Өнімнің бағасы бойынша ғана емес, сапасы бойынша да бәсекеге қабілетті болуы керек», – деді Премьер-министр. Осы тұрғыда ҚР Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу институтының Мал өнімдерін өндіру технологиясы және сараптау бөлімінің меңгерушісі Қыдырбай Аманжоловтан ет экспортын дамыту мәселелерін сұраған едік.
– Еліміздің ет өнімдері нарығының бүгінгі таңдағы жай-күйі…
– Қазақстанда ет экспортын дамыту мәселесі Үкіметте арнайы қаралды. Бұл бағдарлама Елбасымыздың тікелей қамқорлығымен қолдау табуда. Қазіргі таңда еттің экспорттық әлеуетін арттыруға толық мүмкіндік бар. Атап айтар болсақ, табиғаттың бағымызға берген 183 миллион гектар жайылымы орасан байлық. Кейінгі жылдары мал саны күрт азайды, бетбұрыс заманында біз көптеген малдан айрылып қалдық. Малдың саны 12-13 есеге кеміп кетті. Ал 2000 жылдан бастап мал санының күрт азаюы тоқтап, тұрақтана бастады. Мәселен 2000 жылы адам басына шаққанда жылына 21 кг ет өндірдік. Бұл өте төмен көрсеткіш. Қазір сиыр етін қоса есептегенде бір адамға 51 кг ет өндіріледі. Ал Қазақстанның медициналық зерттеулерінің бекітуі бойынша, еліміздегі әрбір азамат жылына 67 кг ет жеуі керек. Бұл – табиғи қажеттілік.
Алғаш өнім азайған жылдары ет өнімдерін шетелдерден көптеп тасыдық. АҚШ, Қытай, Польшадан ет импортталды. Қай мемлекет бізге майлы ет ұсынса, содан тоқтаусыз таси бердік. Әрине, соңғы кездері еліміз Кедендік одаққа мүше болғалы бері шетелден таситын өнімдердің бәріне квота берілді, яғни шектеу қойылды. Көрсетілген мөлшерден артық импорттай алмаймыз. Сөйтіп отандық өнімнің экспортын тұрақты дамытуға мүмкіндік туа бастады. Ондаған жыл бойы отандық өнімді өндіруге аса мән берілген жоқ. Енді шектелген өнімнен артық ала алмайтын болған соң, отандық өндірісті қолға алдық. 1990 жылы – 9 миллион 757 мың бас мал болды. Ал оның ішінде етті ірі қараның саны 2 миллион 200 мың болатын. Кезінде Қазақстан Кеңес одағында еттің 28 пайызын өндіріп отырды. Біз Мәскеу мен Ленинградты толықтай етпен қамтамасыз еттік. Кеңес одағы орнамай тұрған кезде де, өмір бақи қазақ жерінің еті өте дәмді болып есептелген. Өйткені біздің мал таза жайылымда өседі. Мал өз биологиялық қажеттілігіне байланысты түрлі өсімдіктерді жеп өсетін, құдықтың мөлдір, экологиялық таза суынан ішетін. Сол кездегі орыстың патшалары қазақ даласында өскен ірі қараның етімен тамақтанатын.
– Ет өнімдерін көбейту үшін асылтұқымды малдың ықпалы қандай?
– 1928-30 жылдары халық саны өсіп, өндіріс орындары жаппай ашыла бастады. Сондықтан қазақтың жайылымын тиянақты пайдалану үшін асылтұқымды ірі қараның етін өндіру шұғыл қолға алынды. Бұл соғыстан бұрынғы жылдар еді. Мал тұқымын будандастыру белгілі ғалымдардың еңбегімен жүзеге аса бастады. Бұл туралы КСРО көсемі И.В.Сталин әлі білмейтін. 1937 жылы менің ғылыми жетекшім, ауыл шаруашылығының докторы С.Я.Дулиннің «Проблемы животноводство» деген журналға тұңғыш рет «Етті ірі қараның тұқымын асылдандыру жолдары» деген мақаласы жарияланыпты. Содан Сталиннің құлағына жетіп, ол Дулинді өзіне шақыртады. «Біздің одақтағы кәрі кісілерге, балаларға бір стақан сүт жетпей жатқанда ет туралы неге әңгіме қозғайсыз?», – деп дүрсе қоя береді. Сонда ғалым етті ірі қарамен бұдан былай айналыспаймыз деп уәде береді. Бірақ басқа да ғалымдар келешекте ет тапшылығы болатынын алдын ала болжап, бұл істі тоқтатпаған. Сөйтіп бұл ғылыми жұмысты Оңтүстік Оралға, яғни қазақ даласына көшіріп әкетеді. Сол кездері асылтұқымды мал алу үшін еркек мал ғана әкелінген. Солардың негізінде жергілікті малмен будандастыру нәтижесінде қазақтың ақбас сиыры дүниеге келді. Оның дүниеге келуінің тағы бір себебі – 1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін де Сталин баяғы мақаланы ұмытпаған екен. Сталин Мемлекеттік жоспарлау бөлімінде қызмет атқаратын Дулинді қайтадан шақырып алады. «Баяғы соғыстың алдында сіздер бастаған жұмыс жүріп жатыр ма?» деп сұрайды. «Иә, біз оны тоқтатқан жоқпыз. Оңтүстік Оралда жалғастырдық. Бұл мемлекет үшін өте қажет», – дейді Дулин. Сонда Сталин: «Халықтың жағдайын қалпына келтіру үшін ет қажет екен. Ауылшаруашылығын қалпына келтіру үшін мал тұқымын асылдандыру қажет. Мен қателестім. Етті сиыр алу үшін қанша жыл қажет?», – дейді. Басында ғалым 15-20 жыл қажет, бірақ 10 жылда нәтиже шығаруға болар деп болжайды. «Мен қажетті қаражатты бергіземін, 5 жылдың ішінде малдың асыл тұқымын шығарасыз», – деп Сталин қатаң бұйрық береді. Сөйтіп 1950 жылы қазақтың ақбас сиыры алынды. 1990 жылы Қазақстанда қазақтың ақбас сиырының саны 2 миллион 200 мың бас болды.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік құшағын жайғанда мал шаруашылығындағы техника мен жанармай құны өсіп, мал өнімдерінің бағасы артқан жоқ. Содан малды «көди-сөдиге» айырбастай бастадық. Нәтижесінде, алмастыру арқылы қолдағы бар малдан айрылдық десек болады. Он жылдың ішінде құлдилап кеткен көрсеткішті енді қалпына келтірудеміз. Елімізде бүгін 6 миллионға жуық малдың бары шындық. Сол 2 миллион бастан қазір етті ірі қараның тонын киген 600-700 мың мал бар. Бірақ олардың барлығы асылтұқымды емес. Асылтұқымды етті ірі қараның саны – 75 600 бас. Оның ішінде Әулиекөл етті тұқымы да бар, ол да өзіміздің шығарған будан. Бірақ шетелден 70 мыңға жуық асылтұқымды мал алдыру жоспарлануда, оның 30 мыңға жуығы елге әкелінген.
– Мал шаруашылығын дамытуда жеке қожалықтардың үлесі қаншалықты?
– Кезінде елдегі малдың 70 пайызы ірі шаруашылықтардың қолында болатын. Олар – колхоз, совхоздар. Ал 30 пайызы ғана жеке шаруашылықтардың қолында еді. Қазір жағдай керісінше өзгерді. 82 пайызы жеке меншікте, 18 пайызы ірі шаруашылықтарда. Жеке шаруа қожалықтары көптеп ашылып жатыр, оны ашқан кәсіпкерлер өте сауатты. Бас-аяғы 5-8 жылдың ішінде өнімді екі еселеу үшін, бізге келіп ақыл сұрап, асылтұқымды малға қол жеткізуге тырысады. Мал жағдайын шетелге барып оқып, ағылшын тілін үйреніп, етті малды осында алып келуге құштар.
Жеке шаруашылықтардың бір кемшілігі, ауыл, қала маңайынан алыстамайды. Соның кесірінен 183 миллион гектар жайылымның 26 миллион гектары құлазып жатыр. Ауыл тұрғындарын да түсінуге болады, айналдырған 4-5 сиырды жайлауға апарып бақпайды ғой. Үкімет жеке меншіктегі малды бақылауға ала алмайды. Шаруа қазір сиырын сауып ішіп отыр, ертең баласын оқуға түсіру үшін малын сатып жібереді немесе соғымға сояды. Оған Үкімет: «сен малды бағасың, салмағы 300 кг болғанда сатасың», – деп нұсқау бере алмайды. Мұны айтып отырған себебім, ауылдағы малды Үкімет есепке ала алмайды.
Малдың жеке меншікте болуына байланысты күрделі ғылыми жұмыстар жүргізу өте қиын. Бір отбасында төрт-бес сиыр, 5-6 қой бар, біз оған ғылыми жұмыс жүргізе алмаймыз. Өйткені барлық тәжірибе бір орталықта жүзеге асуы тиіс. Ол үшін ірілендірілген бір орталық керек. Қазіргі инновациялық технологияны оңтайлы пайдаланып, өндіріске енгізу үшін қуатты орталық керек. Мәселен, мал семірту алаңы жеке болуы керек. АҚШ-та 10-80 мыңға дейін мал бордақылау алаңдары бар. Бізде ондай алаң көп деп айта алмаймын. Негізінен 2-3 мың орталық бар. Қазір бір мезетте 35 мың мал басын бордақылай алатын кешен салынды. Етті ірі қараны көбейтіп, ет экспортын дамыту күн тәртібіне қойылған. Қол қусырып отыратын жағдай жоқ. Қазақ «ұрыста тұрыс жоқ» дейді. Ет экспортының әлеуетін арттыру үшін шетелден асыл тұқымды 72 мың ірі қараны алдыртуды жоспарладық. Қазір соның 30 мыңы елге жеткізілді. Әркім оны әр саққа жүгіртті, бірақ ғалымдар талай елге барып, тәжірибе алмасты, тиімділігіне көз жеткізді. Мысалы, мен ғылыми тәжірибе алмасуға Австралияға дейін бардым. Австралияда 20 миллион халық бар, ал етті ірі қараның саны – 27 миллион бас. Еттің 65 пайызын шетелге экспорттайды. Қазақстаннан экологиялық таза өнімді алуға барлық мемлекет құштар. Бізде 36 миллион қой, 10 миллион ірі қара болды. Соны қалпына келтіруіміз керек. Алыс жайылымдағы мал шаруашылығын дамытуды Президент өзі тапсырып отыр.
– «Сыбаға» бағдарламасының қандай пайдасы бар?
– Ет өндірісі мәселесін дамытуда аталмыш бағдарламаның маңызы зор.
– Мемлекеттен қазір субсидия, шағын несие беріліп жатыр. Ал енді 4-5 сиырға кім несие алады? Бұл бағдарлама бойынша ет өнімін жоғарылату үшін өзіңнің 10 сиырың болып, үстіне 30 сиыр сатып алуға арзандатылған несие береді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өнімділігі төмен ірі қара малды асылтұқымды етті ірі қарамен будандастыру арқылы ет өнімділігін арттыру, әрі биологиялық заңдылықты «гетеразисті» пайдалану мал өнімін арттырудың бірден-бір кепілі. Малды асылдандыру бағытындағы жұмыстар ғалымдардың қарауынсыз жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл Ауылшаруашылығы министрлігінің тікелей нұсқасымен жүзеге асып жатқан жұмыс екендігін атап өту керек. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 мыңнан астам өнімділігі төмен сиырлар етті ірі қара малының асылтұқымды бұқаларымен будандастырылуда. Келешекте 240 мыңға жеткізу көзделуде. Бұл үшін аз қаражат бөлініп жатқан жоқ. Агроөнеркәсіп кешенінің (АӨК) қызметкерлері осы бағытта тиянақты жұмыс істеуде. Межелі көрсеткішке жетерміз деген үміттеміз. «Сыбаға» бағдарламасына облыстардың барлығы дерлік белсене атсалысуда. Оған 2012 жылдың қорытындысы дәлел бола алады. Алматы, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары үздік деп танылды. Дәл осы аймақтарда мал өсіру мен ет өнімдерін шығару жақсы дамып келеді, оған себеп жеке шаруа қожалықтары мен кәсіпкерліктің дамуы. Республикада экспортқа бағытталған мал бордақылау алаңдарының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.
– Ет экспортын дамытуда облыстардың үлес салмағы қандай?
– Қостанай, Қарағанды және Алматы облыстарында жеке шаруа қожалықтарының есебіндегі мал айтарлықтай көп. Республика аумағындағы 60 репродукторлық шаруашылыққа шетелден әкелінген асылтұқымды құнажындар жайғастырылды. Шортанды, Мамай елді мекендерінде технологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Асылтұқымды малды бордақыламайды, олар зауыттық күйінде болуы керек. Осы күйде олар тәулігіне 900 гр салмақ қосады. Еттің шығымы 63-65 пайызға жоғары. Ал салмағы 430 кг болса, 230 кг ет береді. Халықаралық дәрежедегі стандартқа сай ұша салмағы 250 кг-нан төмен болмауы керек. Ауылшаруашылығы осы мәселені жоспарлап отыр. Мал шаруашылығы және мал азығы институты ең негізгі методикалық орталық. 2016 жылы Ресей 60 мың тонна ет экспорттаймыз. Қазақстан бұрын-соңды мұндай ет көлемін экспорттап көрген жоқ. Бұл көрсеткішке жету үшін АҚШ (Солтүстік Дакота), Канада, Австралия, Ирландия және тағы басқа елдерден асылтұқымды құнажындар алынды. Асылтұқымды бір құнажынның бағасы – 4500 АҚШ доллары. Біз шетелден әкелінген малды таратып бермейміз ғой, олардың санын көбейтіп, өнімділікті арттыру үшін ұдайы жұмыс істеп отырамыз. Ол үшін репродукторлық орталықтар көп болуы тиіс. 2014 жылы жоспар бойынша ірі қара басын 7 миллион 150 мыңға жеткіземіз. 2020 жылы етті 180 мың тоннаға жеткіземіз деп отырмыз. Ал менің өз ойым осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 300-500 мың бас асылтұқымды мал сатып алуымыз керек. Қаншама малды жоғалтқанымызды білесіз. Мал – қазақтың байлығы, қазақтың рухы, абыройы. Мал бар жерде – береке бар. Ауылда малды төңіректеп қалған 47 пайыз тұрғынның қолына мал беруіміз керек. Өндіріп жатқан еттің экспорты ары кетсе – 2-3 пайыз. Қазақстан қазір қой етін Иран мен Түркияға экспорттап отыр. Ішкі сұранысқа да ет жетпейді. 2014 жылы мал басын 7 миллионға жеткізсек, ішкі сұраныс толығымен қамтылып, экспортқа шығаратын ет артылады.
Әрине, «Піскен асқа жеуші көп, біткен іске сыншы көп» деген ғой. Сондықтан бұл іске үлкен түсіністікпен қарағанымыз жөн деп есептеймін. Қол қусырып қарап отыра бергенмен малдың саны өзінен өзі көбеймейді. Осыған байланысты малды ұдайы көбейтуді қолға алған абзал. Шет елге 60 мың тонна етті экспорттау 7 млн. тонна бидайды шет елге экспорттаумен бірдей екендігін Елбасы қадап айтқан болатын. Қазіргі кезде осы бағытта игілікті істер жүзеге асырылып жатыр.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ақниет ОСПАНБАЙ
2010 жылы әлемдегі етті ірі қараның саны – 967,6 миллион басқа жеткен. Оның басым бөлігі – Бразилия, Қытай, АҚШ, Еуроодақ және Аргентина мен Австралия елдеріне келеді. 2011 жылы әлемде өндірілген еттің салмағы 294 миллион тонна, ал бір адам басына – 42 кг. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 78,4 кг. Ал ең ірі сұраныс пен өндіріс – Қытайда екені айтпаса да белгілі. Өйткені 2 миллиардқа жуық халықты тамақпен қамтамасыз ету оңай емес. Ет экспортын дамыту үшін – мал бағу мәдениетін қалыптастыру керек. Мәселен, Австралияда – мал өсіру мәдениеті қалыптасқан. Ол елде – 8 миллион жабайы түйе, 50-60 миллион кенгуру, 80 миллион – шошқа, 127 миллион – қой бар, бізде бар болғаны 18 миллион бас қой бар. Ол елге барғанда бір фермердің шаруашылығымен таныстық. Бір өзінде 22 мың ірі қарасы бар. Кезінде 3-4 мың ірі қарасы болса, бір совхоз болып құрылатын еді. Сол фермердің отбасында төрт адам, 22 мың ірі қараны екі-ақ қыз бағады. Қоршалған жайылымға жіберіп қойып, сыртынан анда-санда қарап қояды. Сосын малды кілең қыздар бағады екен. Олар шабан атқа мінбейді, асылтұқымды сәйгүліктерді мал бағуға мініп жүр. Бұл ірі шаруашылықтың жергілікті Үкіметке пайдасы зор.
Қыдырбай АМАНЖОЛОВ,
ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы