Жаңалықтар

«ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, экраныңды түзе»

ашық дереккөзі

«ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, экраныңды түзе»

Алматыда қарадомалақтарға арналған қазақ тіліндегі мультфильмдер жинағының тұсаукесері өтті. Жинақ балақайлардың рухани тұрғыда өсуіне, білім көкжиегін кеңейтуіне сеп.

Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қазақ ертегілерінің желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағының тұсаукесер рәсімін жасады. Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетовтің айтуынша, жинақ еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді дамытуға сеп болмақ, әрі қазақтың қарадомалақтарын рухани тұрғыда өсіруге көп көмек.

Қазақ халық ертегілерінің желісі бойын­ша «Azia animation» компаниясы түсірген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасының негізінде түзіліпті. Ауыз әдебиетін ертегі арқылы бүлдіршіндерге оңай әрі жеңіл үйретуді көздейтін жинақта балақайлар есту, көру, қайталау арқылы сөздерді дұрыс айтуға жаттығады. Заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, 3D-үлгісінде жасалған мульт­фильмдер балалардың тіл үйренуге деген құлшынысын да арттырады екен. Жинаққа «Алдар көсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильмі, әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізіліпті.

Жобаны қолға алған отандастар – Игорь Краус пен Артур Краус келешекте жаңа бір жобаны жүзеге асырмақ. Балақайларға арналған мемлекеттік тілде­гі дүниелер көбейген сайын отандық өнер қайраткерлерінің қосар үлесі де молая бермек. Бүгінде сондай азаматтардың алдыңғы қатарында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Бекжан Тұрыс бар. Бұл орайда Мамай Ахетов: «Әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары анимациялық фильмдерге түсуді өздеріне үлкен мәртебе санайды. Біздің Қазақстанда да солай. Осы орайда қазақ мультфильмдеріне үлес қосып жүрген Бекжан Тұрыстың орны бөлек»,– деді. «Алдаркөсенің көңілді оқиғалары» ертегісінде Алдардың рөлін сомдайтын Бекжан Тұрысты кей балақай Алдар аға атап кетіпті: «Кейде үйге хабарласып, «Алдар аға, сізге көп рахмет» деп алғыстарын білдіріп жатады. Оған мен ренжімеймін. Қазір Алдарлар мен Шығайбайлардың заманы болды ғой», – деп ағынан жарылған актер мультфильм авторларының бірі болуға не себепті келіскенін түсіндірді: «Смағұл Елубай ағамыздың «Ел болам десең, экраныңды түзе» деген сөзі ұнайды. Экран арқылы балалар Шварценнегер де болды, Ван Дамм да болды, шет елдердің мультфильмдегі кейіпкерлерге еліктеді. Өнер – тұтас бір мемлекеттің бетпердесі. Кеше қасиетті қара шаңырақта бізге сара жолды салып берген аға буынның аманатына қиянат жасамауды өмірлік қағидама айналдырғам. Жаным – қазақ, рухым – қазақ. Қазақы дүниелерді жасауға үлес қосумен келемін. «Алдаркөсенің» аудармасын қолыма алғаш алғанда келіспейтін тұстарым болды. Сондықтан қазақтың қарадомалақтарының табиғатына жақын етіп жасадым. Рух жоқ жерде ұлт болмайды». Негізі қазақ ертегілерінің мультфильмін жасағандарға көрермен тарапынан да сын айтылды. Мәселен, мультфильмдердегі кейіпкерлер түрлерінің жағымсыз болуы, кейбір батырлардың қарны қампиған, өз денелерін әрең көтеретін жатыпішерлерге келуі т.б. Бұл орайда «жағымсыз кейіпкерлерді әдейі солай сомдадық» деген уәж айтылғанмен, келешекте айтылған сынды ескеруге келісті.

Мультфильмдердің тұсаукесерінде ұйымдастырушылар басқарма тапсырысымен жасалған «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешенін таныстырды. Мектеп жасына дейінгі балаларға Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, әнұран, қазақтың ою-өрнектері, әндер мен тақпақтардан тұратын кешеннің пайдасы сол, баланың жан-дүниесін қазақы дәстүрмен байытады, мемлекеттік маңызы бар нәрселерді көкейге тоқып өседі әрі тілек айту, өз ойын еркін жеткізуге жаттығады. Тіл үйрету құралының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшеліктеріне сай жасақталған. Инновациялық кешеннің тиімділігі сол, кез келген теледидарға немесе компьютерге оңай қосылады. Бұдан кез келген нәрсені білуге құмар, күніне мың-сан сұрақ қоюға жалықпайтын негештер қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсерде болады. Мамай Ахетовтің айтуынша, құны 100 мың теңге көлеміндегі «Сиқырлы қалам» Алматы қаласындағы балабақшаларға тегін таратылуда. Келешекте «Сиқырлы қаламды» сатып алуға кез келген қазақ отбасының қалтасы көтеретіндей деңгейге жеткізу көзделуде. Ол үшін мемлекеттің көмегі мен қолдауы керек, әрине.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ