Жаңалықтар

Тұманда құлаған ұшақ

ашық дереккөзі

Тұманда құлаған ұшақ

Бүгін – Жалпыұлттық аза тұту күні

Соңғы кездері қазақтың аспанынан қайғы бұлты сейілмей тұр. Айналдырған екі айдың ішінде ұшақ апаты салдарынан елу жеті адам көз жұмыпты. Өткен жылдың соңында апатқа ұшыраған «Ми-8» тікұшағында – 8 адам, «АН -72» әскери ұшағында – 27 адам, ал күні кеше ғана Алматы маңында құлаған «Як-42» жолаушылар ұшағында 21 адам ажал құшты. Осылайша, қазақ елі үшін әуе жолы қайғылы хабарларды жиі естіртетін болып алды. Бірі – ізім-қайым жоғалса, енді бірі – жарға соғылады. Ал күні кешегі ұшақтың құлауына қалың тұман себепкер болған деседі.

Алматы әуежайына ұшақтың қонуына тұманның салдарынан рұқсат берілмеген екен. Әуежайға табан тірей ұшақ айналып жүріп, қалың тұманнан бағдарды жоғалтып алады да, әуежайдан жеті шақырым жерге құлайды. Бұл жөнінде Алматы қалалық ТЖД-нің өкілдері мәлімдеді. Жедел тергеу және апаттық-құтқару шараларын жүргізу үшін оқиға орнына Бас көлік прокуратурасының және Ішкі істер министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері шыққан еді.

Алматы облысы, Қызылту елді мекеніне таяу жазықта құлаған әуекемесі екіге жарылып, өртке оранады. Ұшақта шамамен жиырма бір адам болған көрінеді. Оның он алтысы жолаушылар болса, қалған бесеуі экипаж мүшелері.

Жиырмадан астам адамның өмірін қиған ұшақ апатының себеп-салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияға Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жетекшілік етеді. Комиссияның құрамына Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев, Бас прокуратура, Бас көлік прокуратурасы және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері кіріп отыр.

Құлаған «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ-ның №760 авиарейсін орындаушы «Challenger-200» ұшағы (борт.нөмірі: UP-CJ006), зауыт нөмірі – 7413. Соңғы рет 2011 жылдың 26 маусымында жөндеуден өткізіліпті. Ұшақтың ұшу жарамдылығы сертификатының мерзімі – 20.09.2013 дейін екен.

CRJ 200LR ұшағы 2000 жылы Канадада шығарылған. Қазақстанда ұшу жарамдылығының сертификаты аталған әуе кемесіне оның қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіні дәлелденген соң, 2012 жылы беріліпті.

Аталған ұшақ техникалық қызметін 2011 жылдың маусымында Данияның Копенгаген қаласында өтеді, апат кезінде Қазақстанда ұшу уақыты 884 сағатты құрады, 588 қону жасалды.

1997 жылы құрылған «СКАТ» әуе компаниясы пайдаланушының кезекті куәлігін 2012 жылдың маусым айында алды. Пайдалану мерзімі – 14.06.2014 жылға дейін. Аталған құжат әуе компанияларына 2 жылдан көп емес уақытқа беріледі, одан кейін әуе тасымалдаушысы сертификаттаудың қайта процедурасынан өтуі тиіс.

Қайғылы жағдайдан кейін, көп ұзамай «Скат» әуе компаниясы Алматы маңында апатқа ұшыраған CRJ 200 LR ұшағының бортында болған адамдардың тізімін жариялады. Көкшетау – Алматы бағытында қатынаған ұшақ ішінде 15 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болыпты. Олардың қатарында:

Фейст Владимир, 1956 ж.т.

Рубас Александр Васильевич, 1960 ж.т.

Жүзбаев Дүйсенхан, 1949 ж.т.

Құсайынов Асқар Еркінұлы, 1989 ж.т.

Лотков Николай Николаевич, 1981 ж.т.

Малғаждаров Қайсар Мағжанұлы, 1969 ж.т.

Низамов Акрам Мухумдинович, 1977 ж.т.

Омаров Әбілжан Кәрімұлы, 1968 ж.т.

Оразбаев Марат Берлікұлы, 1969 ж.т.

Дүйсенов Ғалымжан Бақытжанұлы, 1974 ж.т.

Рахымбек Индира Рахымбекқызы, 1974 ж.т.

Бақытжан Бекжан 2011 ж.т.

Сериков Александр Иванович, 1980 ж.т.

Шутиков Арсен Айтказиевич, 1974 ж.т.

Ескендіров Асқар, 1975 г.р.

Жаворонков Иван Викторович, 1968 г.р.

Экипаж мүшелері:

Евдокимов Владимир Николаевич — командир

Шарапов Александр Владимирович — екінші пилот

Бабаян Святослав Артурович — екінші пилот

Кривоносова Ирина Николаевна

Аспандиярова Дина болған екен.

Барлығы 21 адам. Оның біреуі – екі жасар бүлдіршін. Жиырма бір адамның өмірі бір сәтте қыршынынан қиылды. Жиырма бір адамның өлімі қабырғамызды қайыстырып кетті.

Қайғылы апат болған күні ұшақ апатына байланысты ҚР Бас көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеу жұмыстары басталып кетті. Әзірге, ұшақтың құлауына тұманның себеп болғандығын айтуда. Апат болған аймақта тергеу жұмыстары жүргізілуде. Әртүрлі саланың өкілдерінен құралған топ апаттың нақты қандай жағдайда туындағанын анықтау үшін жұмыс жасауда.

Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Қызылту кенті маңында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

«Алматы облысының Қызылту кенті маңында адам құрбандығына душар еткен «СКАТ» әуе компаниясы жолаушылар ұшағының апатқа ұшырағаны туралы қаралы хабарды күйзеле отырып қабылдадым. Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Мен тиісті мемлекеттік органдарға ұшақтың апатқа ұшырауының себептерін анықтап, қайтыс болғандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырдым», – делінген көңіл айту хатында.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі де қаза болғандардың қайғысына ортақтасып, туған-туыстарына көңіл айтты. Бас мүфти: «Үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында түс ауа Көкшетау-Алматы бағыты бойынша қатынайтын «СКАТ» әуекомпаниясы жолаушылар ұшағының Алматы маңында апатқа ұшырағаны туралы суық хабар тарады. Әуе кемесінде болған 20-22 отандас бауырларымыздың қаза болғанын естіп, қабырғамыз қайысып, барша халқымыз қасырет шегуде. Опат болғандардың туған-туыстарына, жақын-жұрағаттарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Бір Алла жар болсын!

Қайғылы оқиға жетісімен, еліміздегі барлық мешіт имамдарына бақилық болғандарға Алладан медет, пайғамбардан шапағат тілеп, дұға етуге пәрмен бердім.

Жаратушы Иеміз елімізді, жерімізді тосыннан келетін апаттардан сақтағай! Алла Тағала қазаның артын қайырлы еткей!» – деді.

Апат ешқашан айтып келмейді. Адамның өлшеулі ғұмырының қай кезде дәм-тұзы таусылатыны бір Аллаға ғана аян. Алайда, айтып келмейтін апаттардың жиілеп кеткені де жанды жабырқатады. Азаматтарымыздың мезгілсіз келген апаттың салдарынан көз жұмып жатқаны жанға қайғы. Келешекте әуе жолы арқылы ұшатын ұшақтардың кем-кетігін анықтап, техникалық ақауларын мұқият қадағалап отырған жөн шығар. Сонда ғана табиғи апаттардың алдын алуға мүмкіндік туар еді деген алдамшы ой мазалайды кейде. Қалай десек те, тосыннан келген дерттен құтқарудың себептерін қоғам болып іздегеніміз абзал.

Ұшақтың неден апатқа ұшыраға­ны­ның себептерін анықтайтын да болармыз. Бірақ соңғы екі ай ішінде ұшақ апаты салдарынан қаза тапқан 57 азаматымызды қайтара аламыз ба?! Басты мәселе осында. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп берер қауқарымыз жоқ десек те, қазақтың басына қайғы бұлты енді келмесін деп тілейік! Басымыз аман, бауырымыз бүтін болғанға не жетсін?! Елімізді Алла зілзала мен тосыннан келген апаттан сақтасын!

Гүлзина Бектасова