Жаңалықтар

САРЫАҒАШТА ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ

ашық дереккөзі

САРЫАҒАШТА ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ

Қаңтардағы қатты дауыл мен тасқыннан кейін екі бірдей облыста бірнеше ауданның зардап шеккендігі туралы өткен нөмірімізде баяндаған едік. Құдайға шүкір, жұрт болып жұмыла кіріскен дүниенің нәтижесі де болады. Жамбыл облысындағы Талас ауданы мен Сарысу аудандарындағы зардап шеккен аймақтарда құрылыс қарқынды жүргізілуде.

Дүлей дауылдан Оңтүстік Қазақстан облысы да зардап шеккені белгілі. Созақ ауданына қарасты Таукент елді мекенінің жұртшылығы көп зардап шекті. Созақ және Сарыағаш аудандарында болған дүлей дауыл мен топан судың салдарынан орын алған апатты жағдай ешкімді бей-жай қалдырмады. Бұған мақтаралдық жұртшылықтың да қабырғасы қайысып отыр. Теріскейдегі Таукент елді мекеніндегі зардап шеккен тұрғындарға Мақтаарал ауданынан қол ұшын беруге 16 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен коммуналдық мекемелерден құрылған 150 адам арнайы бекітілген автокөліктерімен жеткізіліп, құрылыс жұмыстарына бел шеше кірісіп кетіпті. «Көп түкірсе көл болады» демекші, апаттың орнын қайта қалпына келтіру үшін жергілікті тұрғындар аянбай еңбек етуде. Бірі – құрылыс жұмыстарына белсене араласса, енді бірі – азық-түлігін тасып, әлек болып жүр. Мұның бәрі «жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын» дәлелдегендей. Әрі мақтаралдықтар апаттың салдарын жою үшін 15 млн. теңге көлемінде қаржылай және заттай көмек қолын созыпты. Сарыағаш ауданында топан су салдарынан асфальт жолдар бойындағы 1 көпір, 12 өткелді су шайып кеткен еді. Сонымен бірге, қосымша 3 көпір, 8 тюбинг, 1 құбыр салу қажет. Қазір 9 өткелге 127,3 млн. теңге шығын сметасы дайындалып отыр. Ал төрт көпірге ЖСҚ дайындалуда. Барлық бағытқа уақытша көлік қозғалысына жол ашылды. Сондай-ақ, өткелдерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 22 қаңтарға дейін 1,4 шақырым қашыртқы механикалық тазалаудан өткізілді. Арнайы құрылған комиссия аймақтарға келген шығын көлемін шамамен анықтады – 209 млн. 114 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында ауданда арнайы қор құрылды. Бүгінгі таңға қорға көмек ретінде 5 млн. теңге қаржы түсті. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арнайы есеп шот ашылған болатын. Облыс әкімінде өткен селекторлық жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Созақ және Сарыағаш аудандарында зардап шеккен тұрғын үйлер мен нысандардың құрылыс жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Соңғы деректерге сүйенсек, Созақ ауданындағы 1949 тұрғын үйдің 1171-нің құрылысы толық біткен екен. Ал қалған 778 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталудың алдында тұр. Сондай-ақ аудандағы 42 әлеуметтік нысанның 31-нің құрылысы аяқталып, қалған 11 нысанның құрылысы екі-үш күнде бітетін болады. Ал 20 мектептің 9-ның құрылысы аяқталған. Сонымен қатар 8 аурухананың 7-уі аяқталып, қалған 1-уі ертең бітеді. Созақ ауданы бойынша құрылыс материалдары бүгінде жеткілікті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов күнде селекторлық отырыс өткізіп, апат салдарын жою жұмыстарын өз бақылауында ұстауда. Бүгінде Созақ ауданына облыстың барлық аудандарынан жиналған 1184 жұмысшы көмек көрсетіп, құрылыстың басы-қасында жүр. Ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстарды арнайы комиссия қадағалауда. Ең бастысы, құрылыс жұмыстары толы­ғымен аяқталып, апаттан зардап шеккен тұрғындар «өз үйі, өлең төсегіне» тезірек оралса екен. Қыстың күні қырауда баспанасыз, далада жүру кез келген отбасына оңай тимесі анық. Табиғаттан келген апатқа ешкім қарсы шыға алмайтыны тағы белгілі. Сондықтан табиғат тосын мінез танытпасын деп тілейік.

Гүлзина Бектасова