Жаңалықтар

ЖУРНАЛ ОҚЫРМАНДАРҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

ашық дереккөзі

ЖУРНАЛ ОҚЫРМАНДАРҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Астана. №6

Жылдың соңғы нөмірі өткенді қорытын­ды­лауға және болашақта болатын жаңалықтарға арналды. «Шаһар» блогынан келесі жылы елорданың қоғамдық көліктерінде енгізілетін электронды билет жүйесі туралы оқып біле аласыздар («E-tiсket түбі – этикет»).

Астанадағы тіл ахуалы туралы «Бірін­ші жақтан» қалалық Тілдерді дамыту бас­қар­масының бастығы Ербол Тілешов сөз алады. («Тілін біле тұра сөйлемейтіндер, білмейтін қазақтардан басымырақ»)

Былтыр жазушы, тарихшы Әнес Сарай 75-ке толды. Жазушы түркі тарихындағы ақтаңдақтар мен кейбір даулы мәселелер туралы ойларын Мақсат Тәж-Мұратпен сұхбатында бөлісті. («Арқа – елдің арқауы»)

Журнал жанындағы «А-клуб» жобасы қазірдің өзінде 43 адамды біріктіреді. Желтоқсан айында «А-клуб» мүшелері Ризашылық күніне орай Балалар үйінде ұйымдастырылған қайырымдылық акциясына, «Не? Қайда? Қашан?» интелектуалдық-танымдық викторинасына, «Барыс-2» хоккей командасымен бірлескен фотосессия және ойынға, Оқушылар сарайында өткен суретші Армат Бектасовтың шеберлік-класына қатысты.

Бұл нөмірде «А-клуб» жобасының жаңа мүшелері Астана қаласындағы №60 мектеп-лицейдің директоры Эльмира Суханбердиева, кинорежиссер Ардақ Әмірқұлов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Армат Бектасов таныстырылады.

«Боямасыз болмыс» блогында «Қыс суреттері» ортақ тақырыбымен оқиғасы қыста өрбитін бірнеше әңгіме-хикаялар топтастырылып беріліп отыр. Талғат Кеңесбаевтың «Ах, Мона» әңгімесі ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың нәзік иірімдерін арқау қылса, Нұрлан Қабдайдың «Құрбандық» әңгімесінен әшейінде «малым жанымның садағасы» дейтін халықтың оғаш қылығын аңдайсыз.

Осы орайда халқымыздың қонақжайлығына сыналап сын айтатын Өркен Жоямергенұлының «Қазақ тойы. Есік ашық па?» атты журналистік зерттеуін де оқи отырыңыз.

«Топ-5» айдары аясында «Астана» журналы «Біз жоғалтқан тұлғалар», «Жаңа есімдер», «Біз жоғалтқан тарихи-сәулет нышандары» деген аталымдар бойынша өз нұсқасын ұсынады.

«Мінкен ер» айдарымен біздің көзімізден таса бола бастаған екі мемлекетшіл тұлға – Жақсылық Досқалиев пен Жақсыбек Құлекеев туралы очерк жарияланды. («Жақсы адамға бір кісілік орын бар».

Ал осындай қайраткерлерді үлгі тұтпайтын, керісінше жастайынан сыптай боп кәстөм-шалбар киіп, «көкелердің» портфелін көтеріп жүруге бейім келетін әсіребелсенді жастар – өз замандастары туралы жас журналист Роза Әрен ой қозғайды («Балабилер»)

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ