Жаңалықтар

МӘДЕНИЕТ СЕРІСІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ

ашық дереккөзі

МӘДЕНИЕТ СЕРІСІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ

Белгілі мәдениеттанушы ғалым, дипломат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Мұхтарұлы Әуезов биылғы жылы 70 жасқа толды. Мұрат Әуезов Жамбыл облысы Меркі кентінде дүние есігін ашты. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша оқып бітірді.

«Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқаның басшысы, Ұлттық саясат, мәдениет және тіл дамыту комитетінің мүшесі, Сыртқы қатынастар және парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы, «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі, Қытай Төтенше және Өкілетті Елшісі, Алматы облысы әкімдігінің Ақпарат және қоғамдық келісім департаментінің басшысы, «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бері «Мұхтар Әуезов қоры» қоғамдық қорының Президенті. Мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейтойына орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі – мерейтой иесіне арналған «Мәдениет серісі» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстел. Шараға белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен әдебиеттанушылар қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысқан С.Жансүгіров, У.Қалижан, С.Елубай, Е.Аманшаев, Д.Амантай, Ұ.Есдәулет, С.Нарымбетов, С.Азимов, Т.Теменов сынды зиялы қауым өкілдері Мұрат Мұхтарұлы Әуезовті 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Аталған шара барысында қазақ зиялылары Мұрат Мұхтарұлы жайында тамаша лебіздерімен бөлісті.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын:

– Мұрат ағамыздың қазақ киносы саласында атқарған еңбегі жайлы жақсы ойлар айтылды. Мен бұл кісінің әдебиетке сіңірген еңбегі жайлы айтсам деп отырмын. Мұрат Мұхтарұлының әдебиетке сіңірген еңбегі бір белес. Өз шығармаларымен әдебиетке қосқан зор үлесін атап айту керек. Олжас Сүлейменовпен бірге аударма мәселесіне үлкен көңіл бөлді. Қазақ әдебиетінде орны бар авторлардың шығармаларын өзге тілге аударды. «Абай жолының» орыс тіліне қайтадан аударылуы үшін де көп еңбектенді. Осы уақыттар аралығында көптеген мықты, білімді аудармашы қыз-жігіттердің басын біріктірді. Әдебиет саласында біршама еңбек жасады. «Әлем» деп аталатын альманах шығарды. Онда біздің ақталмай келген ақтаңдақтарымыздың шығармаларын жариялады. Бірнеше нөмірі шығып барып, тоқталды. Өйткені, қоғам өзгерді, заман өзгерді. Мұрат Мұхтарұлының да қызметі ауысып кетті. Бұл кісінің сол уақытта жасаған жұмыстары әдебиетте үлкен бір серпіліс тудырғаны жасырын емес.

Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, режиссер:

– Жақын күндері теледидар көріп отырсам, Мүкең (Мұрат Әуезов) көгілдір экраннан жарқ ете қалды. Қазақ тілінде 40 минуттай тамаша сөйледі. Бұрын қазақша сөйлейтінін сирек еститін едік. Біраз таңырқап, қуанып қалдым. Кейінгі уақытта Мүкең отырған жерде қазақша сөйлеу бізге қиын болып қалды. Мен 1965 жылға дейін Қазақ Мемлекеттік Университетінде оқыдым да, содан кейін Мәскеуге кететін болдым. Менің мұндай шешім шығаруыма септігін тигізген Асқар Сүлейменов ағамыз болды. Осылайша Мәскеуде бір курсты оқып, қысқы демалысқа келдім. Сонда Асқар аға ең алдымен: «Қалай? Мұратты көрдің бе?» деп сұрады. Мен «қай Мұратты?» деп қоямын. Асқар аға «Мұрат Әуезовті көрдің бе?» дейді. «Көрмедім, бірақ «Жас тұлпар» дегенді естідім» дегенімде, «сен ең алдымен сол жігіттерді тауып ал» деді. Содан кейін менде Мұрат Мұхтарұлымен кездесуге деген қызығушылық пайда болды. Осыдан кейін бір жазда Асқар аға Мүкеңмен өз үйінде таныстырды. Асқар аға Мәскеуден әр келгенімде «не бітіріп келдің?» деп сұрайды. Мен Мұраттармен анда-санда кездесіп тұратындығымды айтамын. «Сонда не түсіндің?» деп сұрақты жаудыратын Асқар аға. Сөйтсем, ол кісі Мұрат Мұхтарұлын жоғары бағалайды екен ғой. Қазақтар жылқыны бәйгеге дайындағанда қазық қағып, жылқыны соны айналдыра жаяды ғой. Мүкең мен үшін үлкен бір қазық болды. Мәскеуде кездескенде де, Алматыда да, киностудияда жұмыс істегенде де ол кісі мен үшін ақылшы болды. Кейде қазықты айналып жүріп, жақындап кеткен кезім де кездесті. Еркелеп жақындай бастаған кезімде, әлгі қазық дір еткізетін еді. Мен мұның сырын енді түсініп жатырмын. Күнделігін оқығаннан кейін Мұрат ағаны 10 пайызға ғана түсіндім. Адам тіпті өзін-өзі 100 пайызға түсіне алмайды ғой. Мен бұл кісіні түсіну үшін көп еңбектендім. Асқар аға арқылы қырқылып кеткен кітаптарын да тауып оқыдым. Асқар аға, Әбіш аға, Мұрат ағалар сирек кісілер мен үшін.

Әсел ӘНУАРБЕК