«АДАМЗАТ ШӨЛДЕН ҚАТАЛАМАСЫН» ДЕП...
«АДАМЗАТ ШӨЛДЕН ҚАТАЛАМАСЫН» ДЕП...
Тіршіліктің үштағаны – ауа, су және күннің нұры. Мұндай ретпен келтіріп отыруымыздың себебі: адам баласы ауасыз бірнеше секунд қана, сусыз – 3-4-ақ күн, ал күннің жарығынсыз, бәлкім бірнеше ай өмір сүре алар. «Су– тіршілік көзі» дейді қазақ.
ХХ-ХХІ ғасырда әлем ғалымдары судың химиялық, физикалық және биологиялық қасиеттерін аса жетілген жабдықтардың көмегімен зерттей бастады. Олар су қасиетінің әрбір жаңа қырын ашқан са-йын-тамсанысады, қайран қалысады. Су аспан мен жерден бұрын жаратылған екен. Оның жер бетіндегі барлық жанды нәрселерге қатысты келесі қасиеті жайлы қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 30-аятында нақты баяндалған. «Аспан мен жердің біртұтас болғанын, оны Біздің бөлгенімізді, барлық тіршілік иелерін судан жаратқанымызды иман келтірмегендер расында көрмей ме? Олар шынымен иман келтірмей ме?» Демек, бүкіл мақұлық атаулы судан жаратылған екен.
Енді сіз бен біз адам бойындағы толып жатқан нығметтердің кейбірін ғана одан әрі санамалап көрсек… Мысалы, Алла жұмыр басты пендесінің мынау жарық жалғанда аман-есен жүруі үшін оның бойына қажетті деген барлық заттарды мөлшерлеп қана беріп қойған екен. Соның бірі – су.
Біздің негізіміз судан жаратылған, ендеше ол элемент ағзамызда басымдылыққа ие болуы керек. Сонымен, ғалымдардың сөзіне қарағанда, үлкен кісілер ағзасының 70 пайыздайы судан тұрады. Ал, нәрестелер бойында 85-90 пайызға жетеді екен. Демек, су – адам ағзасындағы талай-талай зат алмасу үдерістеріне қатысып, онда басты «рөл» атқаратыны күмәнсіз. Айта кеткен жөн болар, бір тәуліктің ішінде несеп жолдары арқылы адам ағзасынан бір немесе бір жарым литрдей сұйық сыртқа шығарылып отырады. Демек, адам ағзасынан сыртқа қанша сұйықтық шығарылса, сонша көлемде сусын ішілуі керек. Бұл тепе-теңдік бұзылса, кісінің денсаулығына едәуір қатер төнеді. Тамақ ішпеген адам 30-40 күндей шыдап, ал сусыз екі-үш-ақ күн өмір сүретінін білгеннен кейін суды «маңызсыз бір сұйық» деп қалай айтарсыз!?
Сарапшылар былай деп дабыл қағуда: алдағы 25 жылда ғаламшарымыздағы су тапшылығы тағы екі есеге көбеюі ықтимал. Әлеуметтану саласы деректеріне қарағанда, алдағы онжылдықтарда әлемдегі еларалық қақтығыстар осы ауыз су үшін болмақшы. Жер бетінде қазір әрбір үшінші адам ауыз су тапшылығынан зардап шегуде. Жердегі тұщы су қоры өте шектеулі. Ол су көздерінің тек үш пайызын ғана құрайтын көрінеді. Таяу болашақта судың өзінен гөрі сол судың қатысуымен өндірілетін өнімдердің бағасы әлемдік нарықта көтерілетін болады. Оның себебі: мысалы, мақта-мата бұйымдарының бір тоннасын өндіру үшін 300-1100 текше метр су жұмсалса, ал синтетикалық өнімдердің бір тоннасы үшін 1000 текше метр су керек. Осылайша жалғаса береді.
Бір айта кететін мәселе, бұрынғы Кеңес үкіметі құрамында болған елдерге тән су ысырабының басты себебі – қырсыздықта. Сол қызыл империя кезінде біздің кең байтақ еліміздің қалаларында ауыз суымыз да, жуынып-шайынуға, әжетханаға қолданылатын су да бір құбырмен келіп тұратын еді. Сол үдеріс әлі сол күйінде жалғасуда. Ал, суды үнемдеуге үйренген дамыған елдерде ауыз су ас үйге ғана арнайы құбырмен кеп тұрады да, басқадай қажеттіліктерге жұмсалатын техникалық су мүлдем басқа құбырмен жеткізіледі. Бұл ауыз суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
Осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын, Алматы қаласында әрбір пәтерге су өлшегіш құралдардың қойылғанын көріп қуанғанбыз. Пәтер иелері:
– Өлшегіштің қойылғаны жақсы болды. Әрі суды үнемдеп пайдаланамыз. Әрі оған төлейтін ақшамыз бұрынғыдан едәуір азайып, жақсы боп қалды, – дескен еді. Арада бірер жыл өтпестен сол құралдар кейбір аудандарда алынып тасталған екен. Себебін сұрастырсақ:
–Тұрғын үй басқармаларына суды тұтынушылардан түсетін ақша азайып кеткендіктен, олар құралдарды алғызып тастады, – деген жауап алдық. Мұндайды атам қазақ «Өзі отырған бұтағын өзі кесу» дейтін еді!
БІР МӘРТЕ ТІС ЖУҒАНЫҢЫЗ – БІР ШЕЛЕК СУ
Адамдардың басым бөлігі жаңсақтықпен «тегін» деп есептеп жүрген судың шынайы қадіріне қаншалықты жете алып жүрміз!? Айналаңызға, замандастарыңыздың іс-әрекеттеріне сәл ғана сәтке көз тоқтатып көріңізші. Нендей жағдайлардың куәсі болар екенсіз?! Әсіресе, үйінің ішіне ыстық және суық сулары кіргізіліп қойылған қалалықтар Алланың берген осынау «су» атты нығметін қалай пайдалануда, нендей тәсілмен кәдесіне жаратуда. Бір ғана мысал: тіс шөткелерімен тістерін тазалап тұрған қалалықтардың, сол мезет аралығында, судың шүмегін жауып қойғандарын өз басым сирек көремін. Суды сарқыратып, бостан-босқа ағызып қоятын кейбір сөзім өтетін замандастарыма өз басым дәл сол жерде, ең қарапайым деген «экспериментті» дереу жасап көрсететінім бар. Қалай дейсіз ғой? Шүмектің астына бір үлкен шелекті қоямын да:
Ал енді сіз күндегі әдетіңізбен асықпай тісіңізді ысқылай беріңіз, әдеттегідей су шүмегін ашып қойыңыз. Ысқылап біткен кезіңізде тоқтатарсыз. Содан соң көрейік, –деймін.
Нәтижесінде, дәу шелек тола шүпілдеп тұрған суды көріп, таныстарымның таң қалғаннан көзі шарасынан шыға жаздайтыны бар. Бір ғана Алматы қаласында ресми түрде тіркелген екі миллионнан аса тұрғын бар екен. Бұған қоса, тіршілік қамымен еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, заңды тіркеуге қолдары жете алмай өмір сүріп жатқандар саны тағы соншама боп қалар. Ол дегеніңіз, осыншама кісі тістерін күніне бір-ақ мезгіл шөткелеп жуған кездің өзінде үш-төрт миллион шелек су ысырап болып, босқа кетеді дегенді білдірмей ме?! Осы арифметикалық қорытындыға суды аямастан ағызып, күніне бірнеше мәрте жуынатыныңызды, аптасына әлденеше рет түсетін ваннаңыз бен су себезгісі арқылы шомылатыныңызды, ерке келіншектің әңгімесін айта тұрып, тоқтаусыз ағып жатқан суға асықпастан ыдыстарын жуатынын, осы сияқты тағысын-тағы себептерді қоса беріңіз. Сонда деймін-ау: «Теңіздің жанында болсаң да – суды үнемде!» – деген бұйрық қайда қалды, біз қайда қалдық?!
Соңғы онжылдықта «Тоқтағұл» су қоймасының деңгейі күрт төмендеп кеткендіктен, басын Қырғыз Алатауынан алып, еліміздің оңтүстік аймақтарына жететін өзен суларының мөлшері де жылдан-жылға азайып барады. Диқандардың ақ тер-көк тер боп еккен егіндері су тапшылығынан күйіп кетіп, кей жылдары кетпендерін ұстап, өнімсіз қалатын жағдайлары да бар. Еліміздің басқа аймақтарындағы өзен-көлдеріміздің де жағдайлары-осы шамалас. Қыстай жауған қалың қардың көбесі көктемде сөгіліп, одан пайда болған топан суларды қайда жіберерімізді білмей, абдырайтынымыз тағы бар. Қысқасын айтқанда, су мол кезде оны құйып ала қоятын тиісті «ыдысымыз» болмай бір зарлаймыз. Су қайтып кеткен соң, «ойбай, шөлден қаталап өлетін болдық» деп шулайтынымызды қайтерсіз. Айналып келгенде, кеңес дәуірінен қалған сол баяғы шаруаға қырсыздық… Мұның бәрін ойға алып отырған себебіміз, Қазақ бабам айтпақшы: «Судың да сұрауы бар» екенін еске сала кету ғана. Жер мен көктегі және олардың арасындағылардың барлығын да адамзат игілігі үшін жаратқан аса Қамқор Иеміз: «Қалам» сүресінің 30-аятында: «Айт: «Қалай ойлайсыңдар, егер суларың жерге сіңіп кетсе, сендерге бұлақ суын кім береді?» – деп бізге тікелей сауал тастайды.
Әлемдік деңгейде айтар болсақ, экологтар: «Тропикалық орман алқаптары қатты сирегендіктен, жауын-шашын мөлшері күрт төмендеп кетті»,– деп жүр. «Атмосфера» деген жердің қорғаныш «сауытына» да маза жоқ. Жер температурасы өзінің мөлшерлі деңгейінен гөрі ысып барады. Осы жағдайлардың барлығы жиыла келе, жер бетіндегі сіз бен біздің ағзамызға аса қажетті оттегін де, таза су мөлшерін де аяусыз азайтуда.
«Осының бәріне кім кінәлі?» – деген са-уал қойыла қалса бітті, әлгі сала өкілдері «біз емес, біз емес: біздің зауытымыздың түтіні- жібектей, ал біздің жерге төккен химиялық улы қоспаларымыз жер асты суларына тіпті де залалсыз, біз ұшырған зымырандар – құс сияқты бейкүнә, біз түбіне жеткен орман әшейін бір топ ағаш қана болатын…» деген тектес қисынсыз сылтауларын айтып, жандарын сала ақталып шыға келіседі. Нанбасаңыз, аталған салалардың мүддесін қорғайтын «жанашыр» ғалымдардың «тұжырымдамаларын» оқып көріңіз. Ал, экологтардың қаққан дабылдарының күн санап шындыққа айналып бара жатқанына бүгіндері саналы кез-келген жан көз жеткізіп отыр.
Адамдарды Өзінің айрықша махаббатымен жаратқан Алла сол нығметтерінің бағасына жетпей, дандайсығандардың қандай күйге ұшырайтынын да нақты ескерткен. Мысалы, «Әнғам» сүресінің 6-аятында: «Оларға дейін қаншалаған нәсілдерді жоқ еткенімізді көрмеді ме? Біз оларға жер жүзінде сендерге бермеген мүмкіншіліктерді берген едік. Оларға көктен нөсер жаңбырлар жіберіп, аяқтарының астынан өзендер ағызған едік. Біз оларды күнәлары үшін жойдық та, олардан кейін басқа ұрпақты дүниеге әкелдік»,– деп ескерткен. Алла мұндай тағдырды бізден аулақ қылғай. Ертерек есімізді жиып, біз үшін жаратылған ауа мен су және тағы басқа да тіршілік көздерін таза күйінде сақтап, өзіміздің де, келер ұрпақтарымыздың да қамын ойлайық!
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ