Жаңалықтар

ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП ҚЫС КЕЛГЕНДЕ...

ашық дереккөзі

ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП ҚЫС КЕЛГЕНДЕ...

«Апат айтып келмейді» дейді қазақ. Дегенмен айтып келмейтін апат Оңтүстікте бір емес, екі емес, бірнеше жыл қата­рынан қайталанып отыр. Көктем шығып, жаз басталғанша толастамайтын су тасқыны, жолдарды қар басу секілді табиғи апаттардан халықтың осы күні ығыры шыққан. Елдің көкейінде биліктің табиғи апаттың алдын алу үшін жасаған шараларының қауқары жоқ деген пікір қалыптасқан. Нақтылап айтсақ, соңғы оншақты жылдың ішінде су тасқыны Оңтүстік өңірінде жыл сайын қайталанып отырған. Басым көпшілігі сол Сарығаш, Ордабасы, Отырар аудандарының территориясында. Дегенмен мемлекет миллиондаған қаржы бөліп, су тасқынының алдын аламыз деп қанша жанталасқанымен бәз-баяғы, Байқожаның таяғы. Жылда су тасқыны, жылда қар басу. Халықтың түсінбейтіні де осы. Осыншама шаруа жасалса да, неге су таси береді, күре жолдарды жауып қалған қар неге дереу тазаланбайды, мемлекеттің осы үшін бөлген қыруар қаржысы қайда кетіп жатыр?

Болған іс болып, бояуы сіңгеннен кейінгі ахуал да жетісіп тұрған жоқ. Су тасқынынан зардап шеккен, баспанасыз қалғандарға үй салып береміз деп қаншама қаражат жиналса да, халықтың көңілі тоқ емес. Салынған үйлер сапасыз, оның үстіне қыста болған апаттың өтемақысын күзге салым зорға береді. Онда да алалап. Былтырғы жылы Ордабасы ауданының орталығы Темірланда болған су тасқынынан кейін осындай жағдайға куә болғандар көп. Тіпті билікте таныс-тамыры барлар үйін су баспаса да, өтемақы алғанын темірландықтар шуласып әлі айтып жүр.

Биыл, жаңа жыл бастала салысымен, қаңтардың 11-і күні жауын шашын мен желдің салдарынан Сарыағаш ауданына қарасты Қарақалпақ елді мекенінде 38 үйді су басып, екі үй құлап қалды. Алдымен қар жауып, арты жаңбырға ұласқан. Тоң жерге сіңіп кете алмаған сайдағы су деңгейі көтеріліп, ауылға қарай аққан.

Осы ауданға қарасты Жылға ауылының тұрғындары да түннің бір уағында абыр-сабыр күйге түсті. 50 үй мен қора-қопсыны су шайып кеткен. Көргендердің айтуынша, су адамның бойындай деңгейге көтеріліпті. Судың ағысына төтеп бере алмаған екі үй тас-талқан боп құлап қалған.

Тосыннан келген тілсіз жаудан абдырап қалған тұрғындар қорадағы малын да құтқарып үлгермепті. Салдарынан, қорадан шыға алмаған 200-дей уақ мал қырылып қалған. Топан су алған ауыл тұрғындары тағы да туыстарын жағалап, тентіреп қалды. Төтенше жағдайдың жылда қайталанып, жұрттың жиі жапа шегуін жылғалықтар «жергілікті атқанімерлердің шала тірлігінен» деп отыр. Белгілі болғандай, су тасқыны салдарынан 186 ұсақ мал мен 8 сиыр өлген.

Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия таяуда осы аталған су тасқынына байланысты апаттың себебін анықтап берді. Әзірге белгілісі, каналдар мен қашыртқылардың жалпы ұзындығы 2674 метр келетін көтермелерін су шайып кеткен. Жалпы ұзындығы 21 шақырым келетін Ошақты ауылдық округіндегі «Саңырау», «Теріс» каналдарының арнасына лай толып, су өткізу қабілеті 60 пайызға дейін кеміген көрінеді.«Тартылу» каналындағы «Акведук» гидроқұрылымы, «Саңырау» каналының үш жеріндегі су түсіргі гидроқұрылымы бұзылып, жарамсыз жағдайға жеткен.Аудан әкімінің өкімімен штаб құрылып, табиғи апат салдарынан келтірілген зардаптарды жою мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Бір таңданарлығы апаттың қай жерде болатынын соған қатысты мамандардың білмеуі мүмкін емес. Егер су тасқынының алдын алу шаралары уақытылы және сапалы жасалғанда халық мұншама шығынға батып, қыстың ортасында дірдектеп далада қалмас еді.

Облыс әкімі А.Мырзахметов орын алған табиғи апаттарға байланысты еңбек демалысын үзіп, Сарыағаш ауданының Тасқұдық, Қарақалпақ елді мекендерін аралады, жергілікті тұрғындармен де кездесіп қайтты. А.Мырзахметовтың айтуынша, апат аймағында арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасап жатыр екен, оның қорытындысы арқылы келтірілген шығын есептелінбек. Зардап шеккен ауыл тұрғындарына бюджет есебінен көмек берілетіндігін де айты. Ол үшін тұрғын үйлердің құжаттары дұрыс рәсімделуі керек. Ал Қарақалпақ ауылындағы құлаған 2 үйдің құжаттары жоқ болып шықты. Олардың шығындары ауданда құрылған көмек қоры арқылы өтелмекші. Облыс басшысы топан су салдарынан қырылған малға да өтемақы төленетінін айтты.

Десек те халық топан судан шошып қалған. Қыс бітпей жатып су тасып жатыр, ертең көктем шыққанда күніміз не болар екен, күн жылығанда топан су одан сайын күшіне еніп келсе не істейміз деген үрей сарыағаштықтарды кезіп жүр. Бұл үрейдің де тектен-текке шығып отырмағаны түсінікті. Себебі жоғарыда айтылған ирригациялық жүйелердің, каналдардың ескіріп, жарамсыз халге жетуі, бұзылуы, алдын алу шараларының дер кезінде жасалмауы осындай ойға, үрейге еріксіз жетелейді.

Жергілікті билік көбіне апаттан кейін қимылдап жатады. Өткен жылғы Темірланда болған су тасқыны кезінде де соны байқаған едік. Биыл да сол сценарий қайталанып отыр. Су тасқынының қаупі үлкен болса да сарыағаштық жауапты мамандар алдын алуға асықпаған. Әйтпесе жыл сайын қайталанып жатқан су тасқындары каналдардың ақауын жөндеп, арық-атыздардың тазалануына түрткі болуы керек еді.

Қалай десек те бірқатар ауылдағы ағайыннан береке кетті. Тағы да су тасып кетпес пе екен деп жан жағына жалтақ-жалтақ қарап отыр. Бір қарағанда өзендеріміз Мысырдағы Ніл немесе Бразилиядағы Амазонка, АҚШ-тағы Миссисипи секілді аса үлкен емес. Біздің Сырдария солардың кішкентай бір сағасындай ғана орташа өзен. Бірақ сол ұлы өзендерге қарағанда жиі тасиды. Өзен былай тұрсын, кіп-кішкентай каналдардың өзі елді шулатып отыр. Ені бір аттам жерді құрайтын каналдарды жөндеуге, содан туатын қауіптің алдын алуға қауқарымыз болмай қиналып отырмыз. Әлгі Ніл немесе Амазонканың жағасында отырған ел болсақ не болар еді?!

Халық қашанда биліктен көмек күтеді. Билік соған сай қызмет көрсетуге міндетті де. Себебі сол халықтың арқасында ел болып отырмыз. Яғни, елдің жағдайын, оның қауіпсіздігін бірінші кезекке қоя білу керек. Ол үшін ішкі мәселелерді реттеп, қауіптің қайдан, қашан келетінін дер кезінде байқай білген жөн. Ал біз әлі күнге бейқамбыз. Су тасып, үй құлағаннан кейін ғана әрекет етеміз. Әрекет алдын ала жасалғанда сарыағаштықтар мұншама шығынға батып, ел әбігерге түспес еді. Дегенмен әлі де үмітіміз бар. Билік биылғы болған апаттардан кейін есін жиып, етегін жабар деген үміттеміз. Олай болмаған жағадайда халықтың да көңілі қалары сөзсіз.

Әбдібақыт Мақұлбаев, Сарыағаш ауданының әкімі:

Су тасқынының себебін дәл мынау деп айту қиын. Жоталардан ағып келген су көбейіп, күшейіп, ауылдарға қарай бет бұрған. Жылға ауылының маңындағы канал бір мезетте 20-25 текше метр су өткізуге ғана лайық болатын. Жауын-шашын мен еріген қардың суы көбейіп, 70 текше метрден асып кеткен. Соның салдарынан ауылды су басып қалды. Ошақты ауылында да осындай жағдай. Бұл маңда біраздан бері мұншалықты су тасқыны болмаған еді. Күтпеген жерден болды. Табиғаттың тосын мінезін түсіну қиын ғой. Каналдарды, арық-атыздарды тазалау, жөндеу жұмыстары былтыр да жасалынған болатын. Бірақ әлі біте қоймаған-ды. Сол да себеп болған ұқсайды. Егер тазалау, жөндеу жұмыстары жасалбағанда бұдан үлкен шығын болар еді. Шығындарға келсек, зардап шеккен 16 үйге аудандық қордан 23 млн. теңге, мүлік шығынына – 3млн. теңге, малға – 3 млн. теңге бөлініп отыр. Облыс әкімі А.Мырзахметов алдын-алу шараларын жасауға тапсырма берді. Соған сай каналдардың сызбаларын жасап, барлығын рет-ретімен жөндемекпіз.

Қорға 150 миллионнан астам қаржы түсті

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтің 17 қаңтардағы штаб отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Сарыағаш және Созақ аудандарында құрылған көмек қорларынан өзге облыстық қор табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында өз жұмысын бастаған болатын. Бүгіннің өзінде кәсіпкерлер облыстық қорға 40 млн. теңгеден астам қаржы құйып үлгеріпті.

Бұдан өзге облыс әкімі бастаған облыс басшылары мен аудан, қала әкімдері және басшылық қызметтегі мемлекеттік қызметшілер бес күндік, қатардағы мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік мекемелердің басшы қызметкерлері бір күндік жалақысын аударатын болды. Бұл қаржы шамамен 110 млн. теңгеден асады.

Сондай-ақ облыс әкімі көмек көрсету мақсатында құрылған қорға қатардағы қарапайым мұғалімдер мен медицина қызметкерлері ақша аудармасын деп тиісті басшыларға нақты тапсырма берді.

Айтпақшы…

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов мәслихат сессиясында апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету ретінде құрылған қорға өз атынан 1 миллион теңге қаржы аударатынын мәлімдеді. Осылайша халық қалаулысы өзінің азаматтығын көрсетіп, көпке үлгі болып отыр.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы