Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ БАҚ-ТЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?

ашық дереккөзі

ОТАНДЫҚ БАҚ-ТЫ ҚАЛАЙ ДАМЫТАМЫЗ?

Астанада «Нұр Отан» ХДП Жоғарғы партия мектебінің ұйымдастыруымен «Партияның БАҚ-пен тиімді өзара іс-қимылы» тақырыбында семинар басталды. Үш күнге созылатын шарада отандық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті болу жолында атқаратын жұмыстары жан-жақты сарапқа салынды.

Семинарда «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары Расул Оразқұлов «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын іске асыру туралы» тақырыбында сөз алса, «Ақпараттық Қазақ­стан 2020» мемлекеттік бағдарламасының міндеттері туралы» тақырыпта баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қальянбеков мырза соңғы кездегі отандық ақпарат құралдарының даму деңгейіне кеңінен тоқтала келе, сандық телеарнаны дамыту мен телеарналардың онлайн жүйесінде көрсетілуін қамтамасыз етудің кешенді қызметке жататындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Болат Серікұлы ақпарат құралдарына Үкімет тарапынан берілетін мемлекеттік тапсырыс туралы көптің көңілінде жүрген мәселені де ұмытқан жоқ. «Мемлекеттік тапсырыс 1998 жылдан бері беріліп келеді. Бұл мемлекеттік нарық аясында жасалады. Яғни, бұл нарық пен инфляцияны есептеу арқылы беріледі. Егер газеттің тиражы аз болса, мемлекеттік тапсырыс та аз. Бүгінде мемлекеттік тапсырысты мемлекеттік және мемлекеттік емес телеарналарға беруді қарастырып келеміз. Демек, тапсырыс аясында жоғары сапалы өнімді талап етуге болады», – дегенді жеткізді.

Айта кету керек, Ақпарат және мұрағат комитеті алдағы уақытта танымдық бағдарламаларды көбейтуді жоспарлап отырғанға ұқсайды. Сондай-ақ, алдағы уақытта көрерменнің сұранысын қанағаттандыратын жобаларды түсіруді жоспарлап жатқандығынан хабардар етті. Алайда, бір жоба кемінде 2-3 млн. теңгені қажет етеді екен.

Сол сияқты семинар барысында телеарна мен интернеттің бәсекелестігін дамыту да сөз болды. Отандық сериалдарды да көптеп түсіріп, телеарналардан көрсету мәселесін айтқан Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Қальянбеков: «2017 жылдан бастап жылына 10-12 телесериал түсірсек, басқа елдің телесериалдарын 80-90 пайызға ығыстыруға болады. Себебі, қазіргі таңда отандық телеарнаны ресейлік және түрік сериалдары жаулап алған. Ал сол мемлекеттердің өзі рейтингін отандық телесериалдары арқылы көтеріп отыр» дегенге екпін түсірді. Мұнымен қоса, пресс-қызметтің де сапасын көтеру мен олардың қызметін әлеуметтік желілерде дамыту, сондай-ақ мемлекеттік органдардың веб-сайтының жұмысын жақсарту жайы да әңгіме арқауына айналды.

«Партияның БАҚ-пен тиімді өзара іс-қимылы» тақырыбында өтіп жатқан семинарда баяндама жасаушыларға партияның Ақтөбе, Алматы, Өскемен қалаларындағы филиалдары тікелей онлайн режиміне шығып, тақырыпқа сәйкес сауалдарына жауап алып, өзара пікір алмасты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ