ШЕКАРАДА АТЫЛҒАН ОҚ
ШЕКАРАДА АТЫЛҒАН ОҚ
мемлекетаралық жанжалға ұласуы мүмкін
Посткеңестік кеңістіктегі бауырлас әрі көршілес үш мемлекеттің – Қырғызстан-Өзбекстан, Қырғызстан-Тәжікстан, Тәжікстан-Өзбекстан арасындағы шекара дауына нүкте қойылар емес. Даудың басы Кеңестік кезеңнен қалған таласты территориялар.
Әлі күнге дейін өзара келісілмеген шекара зоналарының салдарынан аталған елдердің шекараларында төтенше жағдай жиі орын алатын болды. Биыл жыл басталмай жатып, өзбек-қырғыз шекарасында атыс болды. www.12.uz өзбекстандық порталдың мәлімдеуі бойынша, «2013 жылдың 5 қаңтарында Қырғызстан аумағындағы Баткендегі «Шарбақ» шекара заставасында келісілген үкіметаралық келісімдер мен халықаралық ережелер бұзылған. Онда Өзбекстан Республикасының территориясындағы Ферғана облысының Сох ауданы Хушъяр селосында ешкімге мәлімдеместен өз беттерімен «Шарбақ» шекара аумағын энергиямен қамтамасыз ету мақсатында электр бағаналарын орнату жүргізілген. Бұның салдары, қырғыз шекарашыларының бейбіт тұрғынға оқ атып, бес өзбек азаматының жаралануымен аяқталып отыр».
Алайда, Қырғызстанның отставкадағы офицері, 2010-2011 жылдары Бас жедел басқарма бастығы, Қырғыз Республикасының ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара әскерилері бас штабы бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарған Сайтжан Эратов шекарадағы бұл инцидент Өзбекстан тарапының арандатуынан туындап отыр деп есептейді. «Мен Баткенде шекара отрядының бастығы қызметін атқарып тұрған кезде тура осындай жағдай орын алған еді. Бұл инцидент өзбек тарапының арандатуынан болып отыр. Олар біздің шекара қызметіне орай кездесейік деген бастамамызды қолдамайды. Былтыр жыл басынан Баткен облысының губернаторы Фергана облысының губернаторына үш рет хат жолдады, бізге жауап қатпады. Оларда проблеманы шешу қажет деген түсінік жоқ. Онда тек қана Ташкент басқарып отыр. Ал бізде ондай өкілеттілік төменгі дистанцияның адамдарында бар. Біздің үкімет 2012 жылы шекараны қымтау ісіне ерекше назар аудара бастады. Бұл мәселе өзбектердің қытығына тиген болу керек. Біз Шарбақта жаңа шекара заставасын орнаттық, инженерлік құрылғылар қойдық, бағаналар орнаттық, Хущьяр халқының біздің елді мекендерде емін-еркін малын жаюына жол бермеу мақсатында бөгеттер салдық. Жаңа заставаның пайда болуы – Өзбекстанның көңіліне келді. Олар тұрғындарды әртүрлі арандатушылыққа итермеледі. 6 қаңтарда болған оқиға жоспарланған арандатушылық. Алты бағана жайлы әңгіме қалай шекаралық инцидентке бастайды. Өзбекстан Ноокен ауданында әлі келісілмеген аумаққа 58 гектар жерге жоғары вольтты бағаналар жүргізді. Біздің жіберген нотамызға, егер делимитация кезінде бұл бағаналар Қырғызстан территориясына тұрғызылғаны анықталса, онда оларды алып тастаймыз деген жауап берді», – дейді «Фергана» агенттігіне берген сұхбатында. Қырғызстандық АКИpress агенттігі Қырғызстанның Қорғаныс кеңесінің ресми мәлімдемесін жариялады.
«Кеңес хатшылығының мәлімдемелеріне орай, Қырғызстан аумағында «Шарбақ» шекара бекетінде Баткен шекара отряды электртасымалдағыш желілердің темірбетон бағаналарын орнату жұмыстарын жүргізіп жатқан болатын. Мемлекеттік шекара сызығының қайдан өтетінінің анық еместігі және мәселенің өзара келісілмеуі Өзбекстанның Фергана облысының Сох ауданының Хущьяр селосының (Сох анклавы) тұрғындарының ашу-ызасын туғызған. Олар жұмыс жүріп жатқан жерге топ-тобымен келе бастады. Өзбекстан азаматтарының өздерін-өздері ұстай алмауы, Қырғызстан шекара әскерлеріне қарсы күш қолдануы Қырғыз әскерилерін ауаға оқ атуға мәжбүрлеген» делінген онда.
18 қаңтардан бастап, қырғыз-өзбек шекарасындағы Баткен облысында 3 өткізу пункті – «Қызыл-қия – автожолы», «Достық – автожолы», «Маданият – автожолы» мемлекеттік шекарасында жекелеген адамдар мен автокөліктерді өткізу тоқтатылды. Бұндай шара Өзбекстан тарапынан Қырғызстанға ресми хабарламай қабылданған. Бүгінде Өзбекстанға тек өзбек паспорты барлар ғана енгізілсе, Қырғызстанға тек қырғыз паспортымен ғана шығуға рұқсат берілген. Демек, Өзбекстан екі елдің қарым-қатынасына шектеу қойып отыр. Қырғыз шенеуніктері бұл шектеу екі ел қарым-қатынасына сызат түсіреді деп есептейді. Қырғызстан бұған дейін Өзбекстанмен арадағы жеті шекара бекетін жауып тастаған еді.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы шекараның ұзақтығы – 1378 шақырым. Оның 315 шақырымына немесе 58 бөлігіне делимитация жасау қалып отыр. Бұл бөліктердің барлығында өзбек анклавтары орналасқан. Анклав – аумағын басқа мемлекеттің аумағы жан-жағынан қоршап тұрған мемлекет не соның бір бөлігі. Өзбекстан тарапы осы анклавтарды өз аумағына қосып алуды көздейді. Қырғызстан өз аумағындағы барлық этникалық анклавтардың дәрежесін жойып, қырғыз аумағында қалдыруды мақсат етіп отыр.
Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара ұзындығы – 970 шақырым. Олардың 567 шақырымының (60 участок) шекарасы айқындалып, мемлекеттік делегация деңгейінде 519 шақырымы нақтыланған.
«Фергана» ақпарат агенттігіне сұхбат берген Қырғызстанның шекаралас мемлекеттермен делимитация және демаркация жөніндегі мемлекеттік делегациясының бастығы, Үкімет аппаратының шекараларды делимитациялау, шекара аймақтарды дамыту бөлімінің меңгерушісі Курбанбай Искандаров мәселені созып келе жатқан Өзбекстан тарапы дегенді айтады. Біріншіден олардың мемлекеттік делегациясының құрамы үш рет өзгертілген. Екіншіден, әрбір делегация құжатпен танысып шыққанша, қаншама уақыт өтеді. Үшіншіден, Өзбекстан тарапы бұған дейінгі келісілген шекара актілерін басшылыққа алудан бас тартып отыр. Олар өздерінің қалағандарымен шекара бөлісін жасауды қалайды. Алайда Қырғызстан 1 метр жерін беруге құлықты емес.
Делимитация аяқталмай, екі жақ та шекара бағандарын тұрғызуға құқылы емес. Алайда Өзбекстан тарапы әлі айқындалмаған аумақтарға шекара қорғаныстарын салуда. 1999 жылғы «Баткен оқиғасынан» кейін, (Өзбекстанның Ислам қозғалысының өкілдері Өзбекстанға Ауғанстаннан Қырғызстан арқылы өтуге әрекет еткен) Ташкент Бішкектің келісімінсіз шекара қорғаныстарын тұрғыза бастаған. Ол Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош, Жалалабад, Баткен облыстарымен өтетін шекара. Қырғызстан тарапының нотасына олар өз аумағын бандиттерден қорғау үшін осындай әрекетке баруға мәжбүр болғандығын айтқан. Өзбекстанға қазір төніп тұрған қауіптің жоқтығына қарамастан әлі күнге дейін шекарада бағаналар тұрғызу үрдісі жалғасуда.
Бүгінде өзбек анклавтары орналасқан Баткен облысында төтенше жағдай жарияланған. Қырғыз-өзбек шекарасының жабылуы салдарынан Қырғызстанның үш елді мекені қоршауда қалды. Оларға қажетті азық-түлік тікұшақтар арқылы жеткізілуде. Мәселені зерттеу үшін қырғыз-өзбек үкіметаралық комиссиясы құрылған.
Басты түйткіл шекараның әлі күнге дейін делимитацияланбағандығында және демаркация жүргізілмегендігінде екендігін айттық. Екіншіден, бұл жағдаятқа геосаясаттың да әсері мол көрінеді. Сарапшылар көршілес екі елдің шекара мәселесіне Ресейдің қатысы болуын жоққа шығармайды. Біріншіден, Қырғызстан «Манас» әуежайынан Америка әскери базасын 2014 жылы шығару жайлы шешімінен бас тартты. Ал Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік ұйымынан шықты. Екі мемлекеттің де интеграциялық бағытта АҚШ-қа басымдық беруі – Ресейдің шамына тиюі мүмкін. Ресей ақпарат құралдарындағы сарапшылардың «Қырғызстан Ресейсіз күн көре алмайды, оның ендігі таңдауы Кедендік одақ пен Еуразиялық одақ болмай, күн жоқ» деп жазуы да осы болжамның растығын айқындай түсетін сияқты. Қырғызстан мәселенің 2010 жылғыдай ұлтаралық жанжалға ұласуынан қауіптенеді.
Есенгүл Кәпқызы