ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУЛАРДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУЛАРДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ
Өткен апта өзгерістерге толы апта болды. Өзгеріске тола болды деуіміздің де өзіндік сыры бар. Өйткені биліктің жоғарғы белдеуінде бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Себеп түсінікті де. Стратегиялық міндеттерді кілтипансыз орындау – Үкіметтің жаңарған құрамына жүктелмек. Елбасымыз айтқандай, кадрлық ауыс-түйіс стратегиялық құжатты тиянақтылықпен іске асыру міндетінен туындайды.
Сонымен… Елдегі ең мықты идеологтардың бірі саналатын Марат Тәжин – Мемлекет басшысының Жарлығымен Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды. Азулы саясаткер соңғы 20 жылда Қазақстанның саяси сахнасынан түскен жоқ. Әсіресе, халықаралық саяси ойындардың жүріс-тұрысын алыстан аңдып отыратын білгір сарапшы маман.
Бұған дейін Мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне қайта жайғасты.
Өткен аптада тағы бір ауыс-түйіс «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясында болды. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Аталмыш жиында «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауына және содан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыруға байланысты құрылымдық және кадрлық өзгерістер болып жатыр», – деді «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. «Сіздер жақсы білесіздер, Үкіметте өңірлермен айналысатын Өңірлік даму министрлігі құрылды. Бақытжан Сағынтаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі болып тағайындалды. Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаевты «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатуға тура келді».
Бақытжан Сағынтаев еліміздің Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі қызметін атқаратын болады. Айта кету керек, бұл ел тарихында алғаш құрылып отырған министрлік. Сонымен бірге, еліміздің бас идеологиялық институтын Бауыржан Байбек басқаратын болды. Оған дейін «Нұр Отан» партиясына Амангелді Ермегияев, Бақытжан Жұмағұлов, Дархан Қалетаев, Нұрлан Нығматуллин, Бақытжан Сағынтаев жетекшілік еткені естеріңізде шығар. Бақытжан Сағынтаев партия тізгінін 3 айдай ғана ұстағанымен, аз ғана уақыттың ішінде білікті басшы бірқатар игілікті шараны өткізуге мұрындық болды.
Бауыржан Байбектің есімі – отандық саяси кеңістікте соңғы 4-5 жылда таныла бастады. «Болашақтың» стипендианты. Ана тілін еркін меңгерген. Орыс, неміс, ағылшын тілінде сөйлейді. 2 баланың әкесі. Осыған дейін Бауыржан Байбек «Болашақ» қауымдастығын басқара жүріп, Голливудтың өнімдерін қазақша сөйлеткенін де білеміз. Бауыржан Байбектің мұрындық болуымен, әлемдік кино өндірісінің озық туындылары қазақ тіліне аударылды.
Елбасы партиядағы өзінің жаңа орынбасарын тағайындау барысында: «Ол біздің партиямызға Қазақстан жастарын тартуға ықпалын тигізеді деген үміттемін. Сонымен қатар, ол еліміз жастарының алдыңғы қатары саналатын «Болашақ» стипендиясы түлектерінің қауымдастығын басқарады. Бұл біздің партияның болашағы үшін және еліміз үшін өте маңызды» деп атап өткен еді.
Сондай-ақ, Қызылорда облысын енді Қырымбек Көшербаев басқаратын болды. Қырымбек Көшербаевқа бұл қызмет таңсық емес. Бұған дейін ол Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарын басқарды. Қазақстанның Ресейдегі Елшісі болып қызмет атқарды.
Ауыс-түйіс мұнымен шектеліп қалған жоқ. Апта соңында Маңғыстау облысының әкімі болып, Алик Айдарбаев тағайындалды. «Еңбек жолын Маңғыстау өңірінде мұнайшы болып бастаған Алик Айдарбаев аймақтың проблемаларын жақсы біледі, басшылық қызметтерде де тәжірибесі мол. Ол халықтың әл-ауқатын жақсартуға, өңірдің экономикасын дамытуға, Президент айқындаған міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады деп сенемін», – деді Үкімет басшысы жаңа әкімді таныстыру барысында. Мұнайшы мамандығын меңгерген Алик Айдарбаев бұған дейін «Құмкөл-Лукойл», «МаңғыстауМұнайГаз» және «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компанияларын басқарған.
Сонымен қатар, апта басында екі бірдей облыстың басшылығы ауысты. Ақмола облысының әкімі болып, Қосман Қайыртайұлы Айтмұхаметов тағайындалса, Солтүстік Қазақстан облысына Самат Сапарбекұлы Ескендіров келді.
Гүлзина Бектасова